Оғамның саяси жүйесінің құрылымы мен функциялары

Кез келген қоғамның саяси жүйесі қоғамның тұрақтылығы мен өміршеңдігін кепілдендіре алатын белгілі бір тетіктердің болуы арқылы сипатталады. Әлеуметтік саяси принциптер мен нормалардың жүйесі, сондай-ақ саяси тұрмыс-тіршіліктің дәстүрлері, моралі, этикасы осы тетіктің аса маңызды буыны болып саналады. Бұл ретте қоғамның саяси жүйесі ұзақ уақыт бойы эволюциялық өрлеу кезеңдерінен өтуі мүмкін. Алайда, бұл жетілу кезеңдері тез, төңкеріс жағдайында жан-жақты өзгеруі де ықтимал[56]. Бұл қоғам мүшелерінің белсенді әлеуметтік-саяси деңгейіне және олардың саяси мәдениетіне де байланысты болады.

Осыған байланысты қоғамның әрбір саяси жүйесінің сан қырлы және көп өлшемді болатындығын атап өткен жөн. Онда әдеттегідей әртүрлі құрылымдар, функциялар мен қатынастардың бір-бірімен үйлесуі жиі кездеседі. Бұдан саяси институттар мен үрдістер және басқа да жағдайлар тысқары қалмайды. Қазір жұмыс істеп жүрген көптеген саяси институттар мен үрдістер сонау ерте кездің өзінде пайда болған еді және олар әр түрлі тарихи кезеңдер мен құрылымдық жүйелерге жатқызылады.

Қоғамның саяси жүйесі сан қырлы өлшемді екендігі рас. Өйткені олар бірнеше қат-қабат қыртыстардан тұрады. Алайда мұндай қыртыстар уақыт өткен сайын өзін мүлде жойып жібермейді. Қазір де олар біршама өзгергенімен, сол қалпында, заман ағымына орай жұмыс істеп келеді. Кейбір жағдайларда бәз-баяғы кейбір саяси институттар елеусіз, тіпті белгісіз баяу қимылдайтындай болып көрінгенімен олар әлі де өзінің күшін жоя қойған жоқ. Ал кейбір жағдайларда олар сонау тереңнен қопарыла өніп шыққандай көрінеді де, бірінші орынға көтеріледі. Сөйтіп кейіннен пайда болған саяси институттарды шетке ысырып тастап, бүгінгі жағдайды белгілеуге кіріседі.

Саясатты нақты іс жүзіне асыру кезінде осының барлығы жаңаша көзқарасты қалыптастыруды талап етеді. Сондықтан «өткен заманның қалдықтарын» дер кезінде анықтау проблемаларын тұрақты түрде зерттеп білуге назар аударған жөн. Сонда ғана белгілі бір елдегі әлеуметтік-саяси прогресс жолына осындай ескіліктің бірқатар сарқыншақтарының кедергі келтіре алатындығын немесе олардың қоғамның саяси жүйесін дамытуға тежеу жасауы мүмкін екенін анықтап, оларды дер кезінде жоюдың жолдарын қарастыруға мүмкіндік туады.

Осыған байланысты мыналарды да ескере кеткен жөн секілді. Өткен кездердегі қатпарлы қыртыстармен бірге біз осы заманға лайық пайда болған жаңа тұғырнамалардың да алдымыздан кездесетінін ұмытпауға тиіспіз. Қазіргі таңда пайда бола бастаған саяси институттар өздерінің орасан зор түрлері арқылы ерекшеленеді. Өйткені оларды тудыратын себептер де тым әрқилы болады. Үнемі алға жылжу дегеніміздің өзі қоғамның кез келген саяси жүйесіне тән өзіндік сипаттама екендігін есте ұстағанымыз лазым. Сондықтан қазіргі таңда пайда бола бастаған саяси институттардың аса ауқымды әрқилы формалары арқылы бір-бірінен ерекшеленетіндігін атап көрсеткен жөн. Өйткені оларды тудыратын себептердің өздері де әрқилы болады. Кез келген қоғамның саяси жүйесінің өзіне тән сипаты оның алға қарай қадам басуына әсер етеді. Сондықтан да қазіргі таңда пайда бола бастаған саяси институттардың бір бөлігі бүгінгі күннің талаптарына сәйкес келеді, алайда олардың, қалай дегенмен де, сонау алыстағы болашақты көксейтіндігі рас.

Сонымен әрбір елде, қоғамның әрбір саяси жүйесінде өткендегіге, қазіргіге және болашаққа қатысты саяси институттар мен құрылымдарды байқауға болады.

Қоғамның әрбір саяси жүйесінің бірқатар шеңберлері, шекаралары болатыны рас, қоғамның саяси жүйесінің шекаралары көп жағдайда нақты айқындалмайды, көмескі болып көрінеді, әр түрлі бағынысты ішкі жүйелер бір-бірімен тоқайласып тұрады. Кейде олар бірін-бірі қайталайды. Қоғамның саяси жүйесінің шеңбері сол жүйенің міндетті шешімдерінің, іс-әрекеттерінің шекаралары арқылы айқындалады.

Сондықтан да қоғамның саяси жүйесі тиісті саяси құрылымдарды, үрдістер мен ішкі жүйелерді қамтиды деп айтуға болады. Олардың арасында өзара байланыс орнатылады. Олар соның шеңберінде, ал кейбір жағдайларда өз шеңберінен асып түсетін ауқымда жұмыс істейді. Бұл ретте қоғамның саяси жүйесінің әрқилы элементтері арасында тікелей және кері байланыс пен өзара әрекеттестік орнығады.

Міне, осыған байланысты саяси өмірдің сан алуандығы мен сан қырлылығы, әр түрлі тұрғыда оларды талдау мүмкіндіктері қоғамнын саяси жүйесінің негізгі құрылымдары болып саналады.

Қоғамның саяси жүйесі дегеніміз бұл өз бетінше күрделі институционалды ұйымдасқан құрылым болып есептелінеді. Ғылыми әдебиеттерде қоғамның саяси жүйесін құруға әр түрлі әдістердің қолданылатыны сөз болады. Оның құрылымында ең көп тарағандары мына компоненттер (ішкі жүйелер): институционалды, нормативті-реттеуші, ақпараттық-коммуникативті, функционалды, мәдени және идеологиялық. Қоғамның саяси жүйесінің институционалды компоненті қоғамның саяси институттарының бүкіл жиынтығын қамтиды және қоғамның саяси өмірінің құрылымын құрайды. Бұл – қоғамның саяси жүйесінің орталық компоненті. Ол адамдар арасындағы биліктік қарым-қатынастарға «объективті орнығу» сипатын береді. Институциялық компонент – бұл «өлшеуге көнетін», бақылау мен зерттеуге аса қолайлы қоғамның саяси жүйесінің бір бөлігі. Бұған тармақталған басқару және бақылау органдары, саяси партиялар, қоғамдық саяси қозғалыстар, бірлестіктер, мүдделілер топтары және басқа ұйымдары бар мемлекет жатқызылады. Осы жерде қоғамдық пікірді қалыптастыру үрдісіне елеулі түрде ықпал етуге қабілетті компоненттер ғана елеулі мәнге ие болатынын атап өткен жөн.

Институционалды компонент – бұл қоғамның саяси организмінің саяси ұйымын құратын аса маңызды «органдарының» жиынтығы.

Қоғамның саяси жүйесі құрылымының нормативті реттеуші компоненті қоғамда үстемдік етуші саяси қызметтің ережелерін айқындайды. Ол мемлекеттік органдар бекітетін және адамдардың қарым-қатынасы мен саяси жүйедегі солардың таптарын реттейтін тиісті құқықтық нормалар секілді мораль, саяси дәстүрлер мен салттардың жиынтығын қамтиды. Егер алғашқысы мемлекеттің жазалаушы аппаратының қуаты арқылы қолдау табатын болса, онда соңғысы қоғамдық пікірдің күшімен және тәртіп бұзушыларды қоғамдық кепілдікке алу, сондай-ақ қоғамның саяси жүйесіндегі жекелеген элементтер арасындағы қалыптасқан қатынастардың селқостығы арқылы ғана қорғалады. Алайда, саяси қатынастардың барысын реттейтін құқықтық нормалар да, салт-дәстүрлер де бір-бірімен тығыз байланыста болып бір-біріне өзара ықпал етеді. Мәселен, бірқатар замана ағымы арқылы тұжырымдаған саяси жүйедегі мінез-құлықтың моральдық нормалары уақыт өте келе заңдылықтар арқылы бекітіледі, олар мемлекет арқылы қорғауға ие болады да, құқықтық нормалары қатарына жатқызылады.

Қоғамның саяси жүйесі құрылымдарының нормативті-реттеуші компоненті – бұл конституция, партиялардың жарғылары мен бағдарламалары, саяси тұрмыс-тіршілікті анықтайтын және реттейтін дәстүрлер мен процедуралар түрінде өмір сүріп келе жатқан және қолданылып отырған саяси-құқықтық нормалардың, ережелердің жиынтығы. Бұл ретте қоғамдық қатынастардың жалпы мүдделер мен тұрақтылығын сақтауды қамтамасыз етуге тиісті адамдардың, топтардың, ұйымдардың іс-әрекеттері мен қызмет тәсілдерін орнықтыру, солардың мемлекетпен екі арадағы өзара қарым-қатынасын жөнге келтіру түрлері екендігін ескеру керек.

Қоғамның саяси жүйесі құрылымының ақпараттық-коммуникативті компоненті – саяси жүйенің әрқилы элементтері арасындағы байланысты және ақпараттар алмасуды қамтамасыз етеді. Бұған үкіметтің, тұтастай қоғамның жағдайы және оның жекелеген жүйелері туралы қажетті ақпараттар жинаудың әртүрлі формалары, сондай-ақ, мемлекеттің жүргізіп отырған саяси бағытына ықпал ету мақсатында әрқилы мүдделі қоғамдық топтардың, саяси партиялар мен қозғалыстардың мемлекеттік органдармен байланыс орнату құралдары жатқызылады. Ақпараттық-коммуникативті компонент сенімді және қоғам мен мемлекеттің жағдайына бара-бар сәйкес келетін, қоғамның саяси жүйесінің жұмыс істеуін қамтамасыз етеді. Ақпараттық-коммуникативті компоненттердің құрамында бұқаралық ақпарат құралдары маңызды рөл атқарады. Олар аса кең ауқымда саяси ақпараттарды тез таратуға мүмкіндік алады, сөйтіп халықты жаппай қамтуды қамтамасыз етеді. Бұқаралық ақпарат құралдары қоғамдағы саяси сананы қалыптастыру мен өзгертуге, сонымен бірге қоғамды дамытуға елеулі деңгейде ықпал етеді. Осының барлығы азаматтардың саяси институттарды қабылдауы және олардың құрылымдарын өзгерту мәселесіне қатысуы арқылы сипатталады.

Қоғамның саяси жүйесі құрылымының ақпараттық-коммуникативті компоненті – бұл саяси тыныс-тіршіліктің «күретамыры» және партиялар мен мемлекеттің арасында, саяси және экономикалық қосалқы ішкі жүйелердің арасында, таптардың, әлеуметтік топтардың, ұлттардың, елдегі жеке адамдардың арасында белгілі бір саясатты талдауға және өмірге енгізуге байланысты саяси билікті ұйымдастыруға, жүзеге асыруға және дамытуға қатысты қалыптасқан өзара әрекет етудің әрқилы қарым-қатынастары мен түрлерінің жиынтығы. Сонымен бірге ол әрқилы елдердің саяси жүйелері арасындағы байланыстардан да тұрады.

Қоғамның саяси жүйесі құрылымының функционалдық компоненті саяси қызметтің түрлері мен бағыттарында, әрқилы саяси үрдістерде, саяси билікті жүзеге асырудың әдістері мен тәсілдерінде көрініс табады. Сондықтан қоғамның саяси жүйесі құрылымындағы функционалдық компоненті жекелеген әлеуметтік, әлеуметтік саяси институттар секілді, олардың топтары арқылы да жүзеге асырылуға тиісті рөлдер мен функциялардың жиынтығынан құралады. Бұл ретте ол саяси режимнің негізін құрайды.

Қоғамның саяси жүйесі құрылымының мәдени компоненті – бұл саяси жүйені жетілдірудің факторы, белгілі бір қоғам үшін қалыптасқан саяси көзқарастардың (стереотиптердің) үлгілерін жоюға арналған белгілі бір үлгідегі кешендер. Бұл ретте ол азаматтардың саяси өмірге араласуына ықпал ететін субъективті факторлардың –саяси мәдениет, саяси психология, менталитет, ұлттық мінез-құлық және басқадай жиынтығын көрсетіп береді.

Қоғамның саяси жүйесі құрылымының идеологиялық компоненті – бұл қоғамның саяси өміріне қатысушылардың саяси көзқарастарының, идеяларының, теорияларының, тұжырымдамаларының, түсініктерінің өз мазмұны бойынша әр түрлі жиынтығы.

Саясаттану әдебиеттерінде қоғамның саяси жүйесі құрылымдарының компоненттері (элементтері) жөнінде басқа да нұсқалар (варианттар), үлгілер және көзқарастар бар екендігін айта кеткеніміз жөн. Мәселен, кейбір саясаттану әдебиеттерінде саяси жүйенің негізгі компоненттері ретінде: саяси ұйымдарды; саяси қатынастарды; саяси және құқықтық нормаларды; саяси саналарды және басқаларды келтіреді.

Қоғамның саяси жүйесі компоненттерінің әрқайсысы өзінің дербес ерекше құрылымдары, сыртқы және ішкі ұйымдастырушылық түрлері мен мүдделерді білдіру әдістері болады. Осы элементтердің дұрыс жұмыс істеуі тұтастай қоғамның саяси жүйелерінің барлық кызметтері үшін бірінші кезектегі маңызы болады.

Осыған байланысты мынаны атап өткен жөн – Қазақстанның осы заманғы саяси жүйесі аса күрделі өтпелі (ауыспалық) кезеңді бастан өткізіп отыр. Осы жүйенің барлық негізгі элементтері әлі де болса қалыптасып біткен жоқ. Оның үстіне барлық элементтердің сипаттары мен формаларының қандай болатындығы да әзірше белгісіз. Сондай-ақ жаңа саяси жүйелердің қоғаммен екі арадағы өзара қарым-қатынасының кандай болатындығы да нақты айқындалмаған.

Қоғамның саяси жүйесінің аса мәнді сипаттамаларының бірі – оның өміршеңдігі. Бұл оның белгілі бір функцияларын орындау үрдісінде көрініс табатын болады. Осыған байланысты қоғамның саяси жүйесінің функцияларын түсіндіруде саясаттануда әлі де болса пікірлердің шашырап, бір жерге тоғыспай келе жатқандығын атап өткен орынды. Қоғамның саяси жүйесінің бүгінгі таңдағы қызметі әлі де болса тұрақты түрде қалыптаса қойған жоқ. Әлгінде айтылған пікірлердін әрқилы болуы да осыған байланысты секілді. Саяси жүйе тарихи-саяси жағдайлардың және қоғамның саяси жүйесінің дамуына орай өз түрін өзгерту үстінде. Қоғамның саяси өмірінің қызмет істеуі бір-бірімен тығыз байланысты болады, олар бір-бірін толықтырып отырады. Алайда, қалай дегенмен де олар дербес дамиды.

Қоғамның саяси жүйесінің функциялары қоғамдық организмнің біртұтастығын сақтауды және оның ішкі және сыртқы тәртіптерге, өзгерістерге орай бейімделуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Тұрақты, қалыптасқан саяси жүйелер үшін мынандай функциялардың сипаты болуы тиіс: қоғамды дамытудың мақсаттарын, міндеттері мен жолдарын анықтау; мақсаттармен бағдарламаларды орындау; материалдық және рухани құндылықтарды бөлу; мемлекеттің әрқилы мүдделерін әлеуметтік қауымдастықтармен келісу; қоғамдағы адамдар мен топтардың ережелерін және заңдарын талдап жасау; саяси құрылыстың ішкі және сыртқа қауіпсіздігі мен тұрақтылығын қамтамасыз ету; саяси сананы қалыптастыру, қоғамның мүшелерін саяси қызметке қатыстыру; заңдар мен ережелерді орындауға, сақтауға бақылау орнату, саяси нормаларды бұзатын әрекеттердің алдын алу. Осыдан көріп отырғанымыздай, қоғамның саяси жүйесі қоғамның жалпы қоғамдық жүйесінің анағұрлым қосалқы жүйесі ретінде өзіне тән функцияларды орындайды. Оның негізгі өзіндік функцияларын: интеграциялық, мақсаткерлік, ұйымдастырушылық, реттеушілік және бақылау орнатушылыққа бөлуге болады деп ойлаймын. Жалпы сипатта ол былайша тұжырымдалады. Саяси жүйе қоғамның тұрмыс-тіршілігінің экономикалық негіздерін, әлеуметтік және ұлттық құрылымдарын, демографиялық және экологиялық үрдістерді, халықтың білім деңгейін, қоғамдық сананың жағдайын, рухани-идеологиялық өмірді, халықаралық жағдайды қоса алғанда қоғамның жай-күйін көрсетеді. Әлеуметтік мүдделердің негізгі топтары саяси жүйе арқылы бір ортаға шоғырландырылады, әлеуметтік артықшылықтар тізбектеліп қойылады. Міне, осыдан соң ол саясаттағы өз көрінісін табады. Мәселен, қазіргі таңда саяси билік құрылымының аса маңызды міндеті болып мыналар саналатын нарыққа қатысты бұрынғы үрейлі көзқарасымызды жеңуге, сөйтіп тек нарыққа өту кезеңінде ғана емес, нарықтық экономикадағы әлеуметтік бағыт ұстаушылығымызды табу кезінде әлеуметтік мүдделердің тепе-тендігін таба білуге тиіспіз. Қоғамның саяси жүйесінің, функцияларындағы аса маңызды міндеттердің бірі міне, осылар.

Қоғамның саяси жүйесіндегі негізгі функциялардың бірі – интеграциялық функция болып саналады. Қоғамдағы саяси жүйенің интеграциялық функциясының мәні мынада – ол интеграцияда негізгі құндылықтарды орнықтыру негізінде әлеуметтік және мәдени құрылымдардың барлық элементтерін біртұтас қоғамдық игіліктерге біріктіру болып табылады. Қоғамдағы саяси жүйенің мақсаткерлік функциясы да ерекше маңызға ие болады. Мақсаткерлік функция қоғамды дамытудың мақсаттары мен міндеттерін анықтаудан тұрады.

Қоғамның саяси жүйесінің ұйымдастырушылық функциясы дегеніміз – адам, материалдық және рухани ресурстарды қоғамның алдында тұрған мақсаттар мен міндеттерді орындауға арналған міндетке жұмылдыру болып саналады.

Қоғамның саяси жүйесінің реттеуші функциясы дегеніміз – бұл ең алдымен саясатты жария ету, яғни саясат пен билікті қоғамның мойындауын; азаматтардың саясатқа қатысуын қамтамасыз ету. Сонымен бірге ол қажетті білім беру мен іс-тәжірибелерді кең түрде таратуға бағытталады. Қалың бұқараның саяси шешімдерді дайындауға және оларды қабылдау үрдісіне қатысуының тиімділігін осындай жолдар арқылы қамтамасыз етуге болады. Міне, осының барлығы саяси жүйенің қоғамның нақты жағдайында, бара-бара сол жағдайда әрекет етуіне мүмкіндік тудырады.

Реттеуші функция жоғары деңгейдегі басқару субъектісі ретіндегі саяси жүйенің мүмкіндіктерін көрсетіп береді. Қоғам мен оның жүйелері, экономика мен мәдениет салалары, аймақтар, әлеуметтік қауымдастықтар, сонымен бірге олардың даму үрдістері басқару объектілері болып саналады. Осы мақсат үшін басқару қалыптарының негізгі функциялары жүзеге асырылады. Оларды атап өткен: ақпараттар өңделеді және пайдаланылады, қаулылар қабылданады және жүзеге асырылады, кадр мәселелері шешіледі, бақылау жүзеге асырылады.

Қоғамның саяси жүйесінің бақылаушылық функциясы дегеніміз, бұл саяси жүйенің әрқилы әлеуметтік топтардың шиеленісін және қоғамның әлеуметтік тұтастығын бақылауы болып саналады. Осы функцияны орындаған кезде саяси жүйе тұрақты әлеуметтік ширығуды босаңсытады, өзара талас-тартысты жеңуі тиіс. Бұған материалдық және рухани ресурстарды, саяси артықшылықтарды, мәдени жетістіктерді, яғни барлық құндылықтарды бөлуге бақылау орнату арқылы, әр түрлі білім түрлері мен демалыстарға халық бұқарасының қатысуына жол ашу арқылы қол жеткізуге болады. Ал, бақылауға келсек, бүл әр түрлі болуы тиіс, бақылау кезінде құндылықтарды жалпыға ортақтастырып, тең бөлуге жол бермеген жөн.

Қоғамның саяси жүйесінің негізгі функцияларының міндеттеріне келсек, бұл ретте қоғамның тұтастығы мен тұрақтылығын қамтамасыз етуге, негізінен алғанда қоғамдық топтар арасындағы біртұтастыққа қол жеткізуге назар аудару керектігі дау тудырмауы тиіс. Өйткені кез келген қоғамда байлық, билік, артықшылық мәселелері бойынша бақталастықтар мен бәсекелестіктер бір мезгілде қалыптасып отырады. Сондықтан саяси жүйе осындай әлеуметтік бәсекелестіктің аса қолайлы жағдайда өтуін бақылауы тиіс. Бұл ретте осындай бәсекелестік қоғамның тұрақтылығы мен бірлігіне теріс әсер етпеуін қарастырған да жөн. Аса шиеленіскен және қауіпті әлеуметтік дау-жанжалдар туа қалған жағдайда саяси жүйе оны күшпен басып тастауы немесе белгілі бір ресурстарды қайта бөлудің көмегі арқылы реттеуі, сөйтіп кез келген талапты қанағаттандыруы тиіс.

Саяси жүйе тиімді немесе тиімсіз болуы да мүмкін. Бұл оны халықтың талаптарын қанағаттандыру қабілеті арқылы өлшенеді. Саяси жүйе тұтастай немесе жекелеген институттары арқылы өздерінің функцияларын қанағаттанарлық деңгейде орындауға қабілеті жетпеген кезде, әдетте мұны саяси дағдарыс деп атайды. Саяси жүйедегі әрқилы өзгерістер шиеленісе келе дағдарыстарға ұшыратады. Бұлар саяси бағыттың, үкіметтің өзгеруі немесе ауысуы, парламенттің мерзімінен бұрын сайлануы немесе саяси тәртіпті алмастыру кезіндегі терең дағдарыс жағдайында көрініс табуы мүмкін.

Саяси жүйе қоғамды ілгерілетіп дамытуға қабілеттілігі арқылы сипатталады. Оның түп тамыры сыртқы ортаның өзгерген талаптарына дер кезінде көңіл аударуға барып тіреледі. Саяси жүйе қайта жаңғыртулардың жаңа талаптарының ықпалы арқылы өзін-өзі игеруге қабілетті болуы тиіс. Бұл ретте оның қайта жаңғыруы қоғамның саяси жүйесінің түрлері мен жіктелуін анықтау кезінде аса маңызды болып саналады.

Наши рекомендации