Кәсіпорынның қаржы ресурстары мен олардың көздері

Кәсіпорындардың, бірлестіктердің қарамағындағы ақшалай қаражат қорларының жиынтығы, олардың қаржы ресурстарын құрайды. Олар шаруашылық жүргізуші кәсіпорындар қарамағындағы және қаржы міндеттемелерін орындауға, ұлғаймалы ұдайы өндіріске, экономикалық ынталандыруға, жұмыс істеушілердің әлеуметтік және басқа да мұқтаждарды қанағаттандыруға қаражат жұмсауға арналған ақшалай табысы, қорланымы мен түсімі.

Субъектің қаржы ресурстары – меншікті қаражат пен соған теңестірілген қаражат есебінен, қаржы рыногіндегі ресурстарды жұмылдыру жолымен, қаржы-банк жүйесінен қайта бөлу тәртібімен түскен ақшалай қаражат түсімі есебінен құралады.

Әр шаруашылық қызметті ұйымдастыруға сәйкес, қаржымен қамтамасыз етуді талап етеді, яғни бастапқы капиталдың болуын тілейді. Қаржы ресурстарының қалыптастырылуы – кәсіпорынның құрылуы кезінде, жарғылық капитал құрастыру кезінде пайда болады. Оның негізгі көздері-акционерлік капитал, ұзақ мерзімді несие, бюджет қаражаттары болып саналады.

Кәсіпорынды құру кезінде жарғылық капитал қалыпты өндірістік-шаруашылық қызметті жүргізуге керекті негізгі қорларды сатып алуға және айналым қаражатты қалыптастыруға жұмсалады. Маңызды табыс құратын лицензиялар мен патенттерді сатып алуға жіберіледі. Сонымен, бастапқы капитал – өндіріске жұмсалады, сол процесте құн құрылады, ол өткізілген өнім бағасымен көрсетіледі. Өнім өткізілгеннен соң, ол кәсіпорының есеп-шотына ақшалай түсім түрінде түседі.

Түсім - бұл әлі табыс емес, бірақ өнім өндіруге жұмсалған қаражаттар мен шығындарды қалпына келтіру және кәсіпорынның ақша қорлары мен қаржы резервтерін құру көздері.

Шығарылатын тауардың материалдық негізі – материал мен оған теңестірілген шығындар құрамы болғандықтан, олардың құны негізгі өндірістік қорлардың тозуымен, қызметкерлердің жұмыс ақысымен қатар, кәсіпорынның өнім өндіруге жұмсалған шығындарын, яғни өнімнің өзіндік құнын құрастырады. Түсім түскенге дейін, осы шығындар кәсіпорынның айналым қаражаттары есебінен қаржыландырылады. Өнім өткізілгеннен кейін, айналым қаражаттар бұрынғы қалпына келтіріліп, кәсіпорынның өнім шығаруға жұмсалған шығындарының орны толтырылады.

Шығындардың өнімнің өзіндік құны түрінде жекеленуі — өнім өткізуден алынған түсім мен соған өндіруге жұмсалған шығындарды салыстыруға мүмкіндік береді. Егер түсім, өнімнің өзіндік құнының шамасынан асса, онда кәсіпорын пайда табады. Пайда өндіріске жұмсалған шығындар айналымының нәтижесі болып, кәсіпорынның меншікті қаржы ресурстарына жатады, онымен кәсіпорын дербес иелік істейді.

Едәуір қаржы ресурстары кәсіпорын шығаратын акциялар, облигациялар мен құнды қағаздарды қаржы рыногінде жұмылдыруы мүмкін. Құнды қағаздар – дивиденд және пайыз түрінде қосымша қаржы ресурстарын толықтырады.

Кәсіпорындардың қаржы ресурстарды пайдалануы, төмендегі бағыттар бойынша атқарылады, олардың ішінде маңыздылары мыналар:

- қаржы - банк жүйесі құрылымдарына төлемдер (бюджетке салықтарды төлеу, несие пайдалану үшін банктерге проценттерді төлеу, бұрын алынған несиені өтеу, сақтандыру төлемдері, т.б.);

- өндірісті ұлғайту мен оның техникалық жарақтауына байланысты меншікті қаражаттарды күрделі шығындарға инвестициялау;

- қаржы рыногінде сатып алынған құнды қағаздарға қаржы ресурстарын инвестициялау;

- көтермелеу және әлеуметтік сипаттағы ақша қорларының құрылуына қаржы ресурстарын жұмсау;

- қаржы ресурстарын қайырымдылық мақсаттар мен демеушілікке пайдалану.

Қаржы қатынастарының объективтік сипаты, мемлекеттік реттеуді жоймайды. Бұларға салық саясаты, амортизация есептеу тәртібі, шаруашылық қызметтің қаржы нәтижелерін қалыптастыру, кейбір қаржы резервтерінің құрылуы (жарғылық қор, пайда мен залалды бөлу тәртібі) жатады.

Кәсіпорынның шаруашылық қызметін жүргізу үшін, сәйкес қаржымен қамтамасыз ету керек. Қаржыландырудың негізгі көздерінің бірі – кәсіпорынның жарғылық капиталы болып саналады.

Басқа көзі таза пайда болып саналады, ал пайда арқылы қорлану қоры құрастырылады. Қорлану қорын өндірісті кеңейтуге, негізгі қормен айналым қаражатты сатып алуға пайдалануға болады. Кәсіпорын қарамағында қалған пайда — оның меншікті қаржы ресурстары болып, оны кәсіпорын дербес түрде басқарады.

Кәсіпорындар меншікті қаражаттан басқа, қарыз ресурстарын пайдаланады, яғни банктерден ұзақ мерзімді несие алады. Бірақ қарыз қаражатын, басқа фирмалардың қаражаттарын қайтару көзі – кәсіпорын иелігіндегі пайда болады.

Наши рекомендации