Халыкаралык жүйе. Әлемдік саяси процестегі халықаралық ұйымдар. Қазіргі әлемдік тәртіп.
Әлемдік саясат деп мемлекеттердің және басқа халықаралық субъектілердің әлемдік саханадағы іс-әрекетінің жиынтығын айтамыз. Ол әлемдік қауымдастықтың өміріне қатысты шешімдерді шығару, қабылдау және оларды жүзеге асыруды, мемлекеттердің түбегейлі мүдделеріне сәйкес ұстанымдар мен мақсаттарды қамтиды.
Халықаралық қатынастар тақырыбында жиі қолданылатынұғымдар- сыртқы саясат, халықаралық саясат, халықаралық қатынастар. Сыртқы саясатқа жеке мемлекеттердің дүниежүзілік дәрежеде жүргізген іс-әрекеттері жатады. Халықаралық саясатқа мемлекеттік не топтық мүдделерді жүзеге асыруға бағытталған мемлекеттер, жеке адамдар және т.б. арасындағы қоғамдық қатынастар кіреді. Халықаралық қатынастар деп халықтар, мемлекеттер, мемлекеттік жүйелер арасындағы дүниежүзілік деңгейде жүргізілген саяси, экономикалық, саяси күштер мен ұйымдардың өзара қатынастарының жиынтығын айтады.
Бұл ұғымдардың айырмашылықтары, біріншіден, халықаралық қатынас субъектілерінің саны көбеюімен байланысты. Мысалы, сыртқы саясатты жеке мемлекеттер жүргізеді. Ал, халықаралық саясатқа мемлекеттік ұйымдармен бірге саяси партиялар мен қозғалыстар, әлеуметтік топтар мен жеке адамдар және т.б. мемлекеттік емес ұйымдар қатысады. Екіншіден, халықаралық қатынастарда сыртқы және халықаралық саясаттардың негізгі, түпкі бастамасы, принциптері қаланады.
Мемлекеттің халықаралық қатынастардағы жағдайы, ондағы орны көптеген себептерге байланысты. Олардың ішіндегі ең маңыздысы- мемлекеттің күшінің арақатынасы, арасалмағы. Көптеген жылдар бойы мемлекеттің күші оның әскери қуатында деп саналды. Сонымен бірге, қазіргі таңда мемлекеттің күші көптеген көрсеткіштермен бағаланады. Оған мемлекеттің жер көлемі, адам саны, табиғи байлығы, өнеркәсіп және ауыл шаруашылық өндірісінің мөлшері мен сапасы, мемлекет құрылысының сипаты, әлеуметтік-саяси, ғылыми-техникалық, рухани, мәдени даму дәрежесі және т.б. кіреді.
Халықаралық саясатта әр түрлі теориялар мен тұжырымдар қалыптасқан. Мәселен, идеализм, саяси реализм, модернизм, жаһандану, неомарксизм теориялары.
Идеализмнің идеалық тамыры Э. Канттың философиясында, ол адамзат бейбіт өзара әрекеттесуге жетеді деп санады. Кант адамның моралдық жетілуі әлемдік қауымдастықтың моралдық саяси тұтастығы сезімін тудырады деп санады. Идеализм теориясының жақтастары мемлекеттер арасындағы әлемдік соғыстар мен әскери қақтығыстарды құқықтық реттеу мен халықаралық қатынастарды демократияландыру, адамгершілік пен әділеттілік нормалар, халықаралық ұйымдардың рөлі мен халықаралық әріптестікті күшейту арқылы тоқтату қажет және мүмкін деп санады. Бұл мақсатқа ерікті қарусыздану мен соғыстан бастартуға негізделген ұжымдық қауіпсіздік жүйесін құру арқылы жетуге болады деп санады. Идеализм бірінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі АҚШ президенті Вудро Вильсонның Ұлттар Лигасын құру бағдарламасында бейнеленді. Идеализм идеясы ұзақ уақыт бойы үмітсіз болды, ақиқат өмірден алыста болды. Оның дәлелі ХХ ғасырдың 30 жылдарындағы Еуропадағы оқиғалар болды, фашизмнің саясаты, Ұлттар Лигасының құлауы мен ІІ д.ж.соғыс.
Бұл халықаралық қатынастар теориясында жаңа ағым реализмнің пайда болуына алып келді. Бұл бағыт жақтастары «күш», «күштер теңдігі», «шиеленіс» деген ұғымдарды ендірді. Реализмнің идеалық қайнар көзі ХVII ғ. ағылшын философы Т.Гоббстың саясаттың мәні жауласушы қоршаған ортада қауіпсіздік үшін күрес деген пікірі болды.
Реализм ІІ ші д.ж. соғыс біткен соң АҚШ тың халықаралық саясатының жетекші теориясы болды және европалық кейбір елдерге де тарады. Бұл теорияның классиктері Г.Моргентау «Ұлттар арасындағы саяси қатынастар» (1948 ж.), Р.Арон «Бейбітшілік және соғыс», Дж.Херцтің «Ядролық ғасырдағы халықаралық қатынастар» болды. Реалистер халықаралық қатынастарды әскери күш арқылы өлшеуге көп назар аударды. «Суық соғыс» саясаты қалыптасты. ХХ ғ. 80-90-жылдары жаһандану жағдайында социализмнің құлауы халықаралық қатынастарға күшті ықпал етті. Кейбір реалистер өздерінің теориялары біржақты болғандығын түсінді. 1979 жылы Кеннет Уолтцтың «Халықаралық саясат теориясы» кітабы шықты, онда реализм теориясына кейбір өзгерістер енгізілді, бұл «неореализм» мектебінің қалыптасуының бастамасы болды. Неореалистер жаңа халықаралық қатынастар жүйесі көпжақты, әскеримен қатар экономикалық, саяси және әлеуметтік те қажеттіліктер де бар деп санады.
«Модернизм» теориясының өкілдері реализмді әлемдік саясатта әскери стратегиялық аспектіні шешуші деп санағаны үшін сынға алды. Бұл бағыт компьютерлік техника мен мәліметтерді жинау мен математикалық талдауды қолдануға жол ашты.
«Жаһандану» парадигмасы халықаралық қатынастарды талдауда халықаралық акторлар шеңберін ауқымды алды. Реалистерді халықаралық қатынастарды ұлттық мемлекеттер мен ұлттық қауіпсіздік арқылы қарастырады деп кінәлады.
«Неомарксизм» жақтастары әлсіз дамыған мемлекеттердің дамыған мемлекеттерге экономикалық тәуелділігін, олар арзан жұмыс күші мен экономикалық дағдарысқа ұшырамау үшін тауар өткізу көздері болып табылады деп санады. Бұл бағыт халықаралық қатынастарды кедейлер мен байлардың күресі негізінде талдады. Олар да модернистер сияқты көпұлтты бизнес пен трансұлттық коалициялар мен элитарлық топтар туралы айтты.
Соңғы жылдары мәдени-өркениеттер қақтығысы атты теория танымал, авторы С.Хантингтон. Ол қазіргі халықаралық қатынастар жүйесі бірнеше кезеңдерден: монархтар, ұлттық мемлекеттер, идеологияны алып жүрушілер арасындағы жанжалдардан өтті деп санады. Хантингтон «суық соғыс» аяқталған соң дін, философия, тарихи тәжірибе, тіл мен өмір сүру салтын бейнелейтін мәдени-өркениет ерекшелігі маңызды болады деп санады. Ол қазіргі әлемдегі негізгі мәдени-өркениеттің бірнеше блоктарын: батыстық, иудо- христиандық, конфуциандық, исламдық, индуистік, православяндық, латынамерикалық, африкалық атап өтті. Ол өркениеттер қақтығысының бірнеше себептерін атады:
1. Әр түрлі өркениеттерде адамдар құдай мен адам, жекелік пен қоғам, құқық пен міндет, бостандық пен билік, теңдік пен теңсіздік деген ұғымдарға түсініктері де әртүрлі.
2. Өркениеттік блоктар арасындағы алшақтық қысқаруда, әлем біршама жақындасуда, сондықтан бұл айырмашылықтар бір бірімен қақтығысуда;
3. Жаһандық экономикалық және техникалық модернизациялау процесі адамдарды ұлттан ажыратуда. Осыған жауап ретінде өркениеттік, көбіне діни сәйкестікті сақтау мен қалпына келтіруге деген талпыныс күшеюде.
Халықаралық қатынаспен байланысты тағы бір ұғым «ұлттық мүдде». Ұлттық мүдде деп өз халқыңның, мемлекеттің мақсат мүддесін сезіп, біліп оны іске асыруға тырысушылықты айтады. Оған ұлты еркін және тәуелсіз мемлекет ретінде ұстау, сыртқы қауіп-қатерден сақтау, ұлттың жақсы тұрмыс халін өрлетіп дамыту, халықаралық майданда мемлекеттің экономикалық және саяси бағытын қорғау, әлемдік саясатта өз ықпалын кеңейту жатады.
Американ ғалымы Г.Моргентау 1969 жылы «Америка Құрама Штаттары үшін сыртқы саясат»деген еңбегінде АҚШ сыртқы саясатта ең алдымен ұлттық мүддесін бірінші кезекке қоюы керек деп есептейді. АҚШ-тың сыртқы саясатының екінші қатардағы мүддесі- жер шарының қай жерінде болмасын бейбітшілік пен қауіпсіздік, басқарудың демократиялық тәсілдерін қорғау және бекіту.
Бірақ оларды іске асыру төмендегідей екі шартқа байланысты. Олар:
1. қатардағы үлттық қауіпсіздікке нұқсан келтірмеуі керек;
2. қатардағы мүдделер ақылға сыйымды болуы керек.
Сонымен бірге, Г.Моргентаудыңойынша «АҚШ басқа елдерге еліктерліктей үлгі болуы, өз ұлтын одан да жоғары дәрежеге көтеріп, экономикалық жүйенің өміршеңдігін қамтамасыз етуі тиіс. Ол үшін қымбат және пайда келтірмейтін бөтен бір елдің өміріне зорлықпен қол сұрудың бағдарламасын жобалағаннан гөрі өз үйінде тіртіп орнатуға бар күш-жігерін жұмсаған жөн» - дейді.
Геосаясат.Кез келген мемлекеттің геосаяси жағдайы − саяси күштердің орналасуымен және олардың аумақтық үйлесуімен, сондай-ақ осы факторлардың қоғамның саяси өмірінің кеңістікте ұйымдастырылуының өзара байланысымен белгіленеді. Геосаясаттан дәстүрлі түрде географиялық детерменизм принципін негізге алып, мүмкіндікті айқындауға жағдай жасайтын сыртқы саясаттың қүралын көреді. «География мемлекеттердің сыртқы саясатындағы анағұрлым іргелі факторы, өйткені ол мейлінше тұрақты, өзгеріссіз сипатымен ерекшелінеді. Министрлер келеді және кетеді, тіпті диктаторлар да қайтыс болады, ал тау тізбектері өзгеріссіз қалады» − деп жазады американдық геосаясаткер Спайкмен.
Осы заманға түсініктегі геосаясат – негізінен ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұрғысында халықаралық қатынастардағы және сыртқы саясаттағы қисынға байланысты.
Чжень Кунь Фу геосаясат туралы ойын былай білдіреді: «геосаяси тұрғыда ойлау − өркениеттің гүлденуімен бірге туындады және географиялық аумақ пен жұтаң ресурстарға бақылау жасау жолында ғаламдық жарыс тұрғысында дамып отырды».
Геосаясаттын негізін салушының бірі - неміс ғалымы Фридрих Ратцель.Ол өзінің «Саяси география» атты еңбегінде, мемлекет - бұл топыраққа тамырландырылған тірі организм деп жазады. Мемлекет - бұл кеңістіктік құбылыс, сол кеңістікпен басқарылады және тіршілік етеді, оны сипаттайтын, салыстыратын, өлшейтін география деп жазады. Ол бірінші болып ірі елдерде географиялық экспансия тенденциясы пайда болатындығын айтты. Нағыз әлемдік держава оның ойынша теңізге ие елдер − Рим, Испания, Англия болады. Мемлекеттің кеңеюі немесе тарылуы − табиғи процесс,өмірлік циклмен байланысты. Ф. Ратцель мемлекеттің кеңістіктік дамуының мына жеті принципін атап көрсетті:
· мемлекет кеңістігі оның мәдениеті дамуымен бірге өседі;
· мемлекет өсуі сауда мен қоғам өмірінің барлық саласы дамуын қажет етеді;
· мемлекет өсуі ұзақ мемлекеттерді қосып алу арқылы жүзеге асады;
· шекара - бұл мемлекеттің перифериялық органы, ол оның өсуінің, күші мен әлсіздігінің белгісі, ол оның организміне өзгеріс әкелу мүмкіндігі;
· мемлекет өзіне қоршаған ортаның ең құнды элементтерін иеленуге тырысады: жағалау аймағын, өзен аңғарын, ресурсқа бай ауданды;
· территориялық даму дамыған өркениеттен келеді;
· бірігу тенденциясы − мемлекеттің өзіндік сипаты, барлық уақытта өз күшінде болады.
Р. Челлен алғаш рет «геосаясат» ұғымын енгізген швед ғалымы болып табылады. Ол «геосаясат» ұғымы бұл мемлекет кеңістікке енгізілген географиялық организм ретінде қарастыратын ғылым деп түсіндірді. Оның негізгі тезисі, мемлекет тірі организм, оны өзінің «Мемлекет өмір формасы ретінде» деген кітабында дамытты. Ф. Ратцель мемлкетті өзінің биологиялық жүйесінде организмнің төменгі типіне теңесі, ал Р. Челлен мемлекет тарихтан байқағанымыздай адам сияқты, сезетін және ойлайтын жәндік деді. Осында ол барлық организмнің мәні «өмір сүру үшін күрес», сондықтан да мемлекет те «өмір сүру үшін күреседі» деп тұжырым жасайды. Оның «өмір сүру үшін күресі» кеңістік үшін күрес. Үлкен мемлекеттер өз кеңістігін ұзату негізінде кеңейтіп отырады деп санады. Басқа сөзбен айтқанда, мемлекет организмінің өсуі соғыс арқылы өтеді, бұл фактілер жанында адамдар әлсіз деп айтады.
Челлен автаркия заңын енгізді. Мемлекеттің өмір сүруі үшін күш маңызды фактор, ол заңнан да күшті деп санады. Оның ойынша, заңның өзі күш арқылы сақталынады. Егер заң мемлекетке адамгершілік-рационалды элементтерді енгізсе, ал күш табиғи органикалық импульстерді береді деп санады. Ол жаһандану геосаясатында үш негізгі географиялық фактор шешуші рөл атқарады: олар кеңею, территориялық монолиттілік, еркін қозғалу.
Географиялық орналасу ерекшелігі Қазақстанға белгілі бір геосаяси артықшылықтар береді, сонымен бірге геоэкономикалық көзқарасы тұрғысынан елеулі қиындықтар туғызады. Екі ірі державалар арасында ұлан-байтақ аумақта орналасқан біздің еліміз белсенді саясат жүргізудің қосымша мүмкіндігін алады. Мұндай саясат ұзақ мерзімді мүдделерді қамтамасыз етудегі табандылықпен қатар жоғары деңгейдегі ептілік пен табандылықты талап етеді. Әлемдік теңіз комуникацияларына тікелей жолдың жоқтығы, халықтың шашырап орналасуы, аумақтың көлемімен салыстырғанда қазақстандық экономиканың ауқымының аздаға сияқты әлсіз тұстарымыз баршылық. Бір жағынан географиялық жағдайдың өзгермейтіндігі экономикалық және саяси ахуалдың тұрақтылығын білдірмейді.