Тұқымдар туралы түсінік
Басқа мал (жануар) түрлері сияқты қазіргі қолда бар қой тұқымдары жабайы қой тектерін қолға үйрету оны селекциялау арқылы шығарылған. Мал тұқымы жабайы түрлерде кездеспейді. Мал тұқымы зоологиялық емес, зоотехникалық ұғым. Жалпы, мал тұқымы деген ұғым алғаш ХІІ-ші ғасырда малдың жекелеген тобы шығарылып, соларды басқа мал тобын жақсартуға пайдалануға байланысты қалыптаса бастаған.
П.Н. Кулешов (1926) ауыл шаруашылық мал тұқымдарының дамуына байланысты тарихи шолу жасады. Д.А. Кисловский дүние жүзі мал шаруашылығының теориясы мен тәжірибесі жөніндегі кең көлемді деректерді жинақтап, қорытып және П.Н. Кулешовтың пікірлерін құптай отырып, «үй малы адам еңбегінің жемісі болып табылады» деген ғылыми тұжырымды жақтады. Ол тұқымдардың пайда болуына сыртқы ортаның әсер ететінін мойындаса да шешуші шарт адамның еңбегі мен техникасы деп санады.
Сонымен мал тұқымын адам өзінің белгілі бір қажеттілігін қанағаттандыру үшін көп жылғы ізденіс еңбегі нәтижесінде шығарады. Мал тұқымының басты қасиеттері: шыққан тегінің бірлігі, белгілі бір табиғи және технологиялық жағдайда өсіп-өнуге бейімділігі, тұқымның өзіне тән, шаруашылыққа белгілі болған тиімді қасиеттерінің болуы, сол қасиеттерінің тұқым қуалаушылығы мен белгілерінің өзгергіштігі және қажетті мөлшерде сандық құрамының болуы. Мал тұқымының бұл қасиеттері бір-бірімен тығыз байланысты және себепші, бірін-бірі толықтырып отырады. Жалпы мал тұқымының қалыптасып, талапқа сай дамып отыруының шарттары осы.
Мал тұқымы туралы ғалымдардың берген анықтамалары өте көп. Бірақ, олардың көбі мал тұқымы ұғымының мәнін толық қамтымайды. Бірі оның бірлігіне, тұрақтылығына мән берсе, екіншілері ұқсастығына, үшіншілері біртектілігіне мән беріп жатады.
Көптеген анықтамаларды негізге ала отырып, мал тұқымы деп белгілі әлеуметтік – экономикалық жағдайда адам еңбегі нәтижесінде қалыптасқан, шығу тегі мен тарихы ортақ, тіршілік ортасында талғам – талабы бір, дене құрылысы мен өнімділік ерекшеліктері ұқсас ұрпағына тұрақты түліктің үлкен тобын айтуға болады.
Анықталған тұқымға қажетті малдың саны оның құндылығына, бейімділігіне, өсімталдығына байланысты. Д. А. Кисловскийдің есептеуінше, тұқымның сандық құрамында кем дегенде 4500 аналық, 150 аталық мал басы болуы керек. Қазіргі уақытта тұқымның сандық құрамы әр түлік бойынша, жаңа мал тұқымын бекіткен нұсқауда көрсетіледі.
Тұқым малы, шаруашылықтың негізгі өндіріс құралы болып саналады. Сондықтан мал өнімін молайту, оның сапасын жақсарту қазіргі заман талабына сай озық, мал шаруашылығын ұйымдастырудың алғы шарттары оның тұқымын асылдандыру жұмысын жүйелеу және жоғары өнімді мал тұқымын өсіру болып табылады. Бұл үшін шаруашылықта селекция жұмысын ұйымдастыру тиімді мал тұқымын таңдап алу және олардың нәтижелілігін нақты мал шаруашылығының саласын жоғары дәрежеде тиімді жүргізуді жолға қою.
Қой тұқымы еңбек құралы. Басқа өндіріс салалары сияқты қой шаруашылығында да шикізат бар. Бұл салада шикізат мал азығы: дайындалған жем-шөп, жайылым шөбі, ал еңбек құралы – қой және оның нақты тұқымдары.
Қой шаруашылығында оның алдына қойылып тұрған мақсатқа сай шикізаттан қажетті өнім алу үшін қандай еңбек құралын қолдану керектігін шешу керек. Жоғары сапалы өнімді күш-қуатты, шикізатті аз жұмсай отырып, көп өнім алу үшін ең таңдаулы еңбек құралын пайдалану керек. Мысалы, ет өндіруге қойдың бір тұқымы жақсы болса, ал жүн өндіруге ол тұқым аса тиімді болмауы мүмкін. Міне, сондықтан адамзат еңбек құралдарының сан түрлерін шығарып, оларды ұдайы жетілдіре беруге тырысады. Техника, машина, өсімдік сорты, мал тұқымы болсын бәрібір, осы нәтижеде ізденіс, білім, ғылым, техника дамып, қоғам ілгері өсе береді.
Өндірістің, өнеркәсіптің дамуы қой малының әртүрлі өнімдеріне сұраныс тудырып отырады. Соның нәтижесінде жаңа тұқым шығару ізденісі басталады. Осы мақсатта жұмыстың нәтижесінде ХІХ-ХХ ғасырларда бір ғана Ұлыбританияда 30-дан астам жоғары өнімді қой тұқымдары шығарылған. Ал біздің елімізде тек қана ХХ ғасырдың 50-60-шы жылдарында 20 қой тұқымдары шығарылды. Жаңа қой тұқымын шығару жұмысы ешқашан тоқталған емес.
Жер бетіндегі әртүрлі өнімділік бағытытында 600 - ден астам қой тұқымдары өсіріледі. Экономикалық жағынан дамыған мемлекеттерде биязы, жартылай биязы және жоғары сапалы ет алынатын тұқымдар ұстайды.
Мейлінше дамыған елдерде қылшық жүнді қойлар таралған.
Еуропада әлемдік генофондтың 50% құрайтын, 300 тұқым түрі өсіріледі. Көптеген еуропа елдерінде көп тұқымдық мал өсіру өздеріне тән сипат болып табылады. Мысалы, Ұлыбританияда – 50, Италияда – 37, Францияда - 36, Грецияда – 24, Югославия мен Болгарияда – 22 тұқым өсіріледі.
Мал басы сандары тұқымдар бойынша, жартылай биязы жүнді қойлар (49,5%) қылшық жүнді қойлар (38,9%), ал биязы жүнді қойлар тек оншақты ғана елде өсіріледі (11,6%).
Азия елдерінде әлемдік қой бас саны бойынша 39 % көрсетеді. Мұнда 155 қой тұқымы өсіріледі, негізінен (77,8%) жергілікті қылшықты жүнді қойлар, биязы жүнділер 4%, жартылай биязы жүнді – 5 %, жүнсіздер – 10,1% және жартылай қылшық жүнді– 1,4%.
Африка континентінде биязы жүнді қойлар6,4%, негізгі сандық мөлшер жүнсіздер болып табылады (37,6%), қылшық жүнді (47,4%) және жартылай биязы жүнді қой тұқымдары.
Осы Америка континентінде жартылай биязы жүнді қойларды өсірумен айналысады (59,4%), сосын қылшық жүнді қойлар (21,9%), ал биязы жүнді қойлар - 12,5%. Жүнді шет елдерге шығаратын ірі елдер Аргентина, Уругвай, Бразилия және АҚШ.
Солтүстік және Оңтүстік Америкада 25 тұқым түрі оның ішінде 6 биязы жүнді, 16 жартылай биязы жүнді, 1 қылшық жүнді және 2 жүнсіз тұқым түрлері өсіріледі.
Қойдың саны жағынан ең көп өсіретін ел – Қытай (135,0 млн. бас). Онда өсірілетіндер – қылшық жүнді қой шаруашылығы мен қазақ және монғол құйрықты қойлары. Биязы жүнділерден синьцзян мериносы австралия мериносының генотипін қолдану арқылы алған.
Австралия мен Океанияда да жоғары өнімді койлардың жері.Мұнда 24 тұқым өсіріледі, оның 37% биязы жүнді, 42% жартылай биязы, 17% кілемдік бағытта өсірілетін қойлар және 4% жүнсіз тұқымдар өсіріледі.
Австралия жүн өндіруден Қытайдан кейінгі орынды алады. Мал саны 100,0 млн. бас. Мұнда сонымен бірге мериностардың 70% өсіріледі.
Жаңа Зеландия Австралия сияқты жоғары көрсеткіште тұр, себебі тез жетілетін етті-жүнді жартылай биязы жүнді тұқымды қойлар көп өсіріледі. Қазіргі кезде 2% жуық мериностар, қалғаны тез жетілетін етті-жүнді жартылай биязы жүнді тұқымдар, негізгі өнімі кроссбредті жүн және ет береді.
Испанияда 21,1млн. бас қой бар, оның 30% мериностар және 55% ет, жүн және сүт бағытындағы қой тұқымдары.
Ресей Федерациясында - 14,3 млн. бас, биязы жүнді қойлардың асыл тұқымдарының базалары сақталған.