Таза тұқымды қой өсіру

Таза тұқымды қой өсіру - әдісінің мәні малдың әрбір ұрпағын алу үшін өзара бір тұқымның аталығымен аналығын жұптап шағылыстырады. Әдетте жұпталған мал біріне бірі фенотипі жөнінен де генотипі жөнінен де жақын, ұқсас болады. Фенотиптік ұқсастығы шаруашылыққа пайдалы көрсеткіштерменен, айталық меринос қойларында жүн сапасы ұқсас, қаракөлде – елтірі сапасы жөнінен өте жақын болып келеді. Сондықтан, бұл әдіс бір қалыпты, бір сапада өнім өндіру үшін өте пайдалы. Малдың аса қажет жақсы көрсеткіштерін ұрпақтан ұрпаққа жақсарта берудің айқын да, сара жолы.

Алайда, түбі бір, генотипі өте жақын қойларды көп ұрпақтар бойы өзара жұптап өсіре беру малдардың өміршеңдігін төмендетіп, өнімділігін азайтып, ауруға ұшыратып, әртүрлі кінәрәт - кемістікке дұшар етеді.

Өмірде, табиғатта қарама-қарсылық бірлігінің заңы жұмыс істейді. Әрбір малдың бойында осындай тепе-теңдік болуы қажет. Қарама-қарсылық, ішкі күрес, өмір сүру үшін ұмтылыс болмаса дене де шынықпайды. Ондай малдың денесі ұрпақтан-ұрпаққа бірте-бірте әлсірейді, нашарлайды, ауруға тап болады. Бұл – табиғат философиясы.

Сондықтан зоотехник-селекционер бір тұқымның ішінде, өсіріліп отырған бір табын малдың ішінде өмірлік күш беретін қасиеттерді сақтап, олардың әрбір ұрпағында табындағы, отарлардағы малдардың өзгеше – ерекшеліктерін сақтап, оларды дамытып, малдың өскен ортасынан, жеген мал азығының, өмір сүріп жүрген ортасынан қалыптасатын ерекшеліктерін сақтап пайдалану арқылы таза тұқымды тоқырауға ұшыратпай өсірудің жолдарын іздестіріп, тауып, қолданып жүруі керек. Зоотехния ғылымымен ашылып өндірісте қолданылып жүрген жолдары бар. Олар мыналар:

1. Қой табынының үлкен, мал басының көп болуы. Бұл жағдайда өте жақын малды өзара жұптаудан аулақ болуға, өз ерекшеліктері бар малдарды жұптауға мүмкіндік береді. Әсіресе бір асыл тұқымды зауытта кеңінен қолданылады. Мұндай шаруашылықта малдың асыл тұқымды есебі жүргізілген кезде сол зауытта 3-4 ата із шығарылып, гомогенді жұптауды гетерогенді жұптаумен кезек қолданылып отыруға мүмкіндік береді. Сол арқылы қан араластырмай, жоғары өнімді мал өсіре беруге әбден болады.

2. Дей тұрған мен бір табында, бір шаруашылықта бір тектес, бір тұқымды қойды жоғары сапада көп жылдар бойы (20-30) өсіріп, өнімін ұдайы жақсарта беру өте қиын. Сондықтан ол табынға (шаруашылыққа) басқа зауыттан алынған сол тұқымның аталық малын пайдалану қолданылады. Бұл тәсіл – “қан жақсарту” деп аталады. Бұл жұмысты жүргізгенде әкелінген қой қолда бар малдан өнімі де, генотипі де кем болмауы тиіс. Бұл талап міндетті түрде сақталуы керек.

Зоотехния ғылымының ғұламалары (П.Н. Кулешов, М.Ф. Иванов, В.А. Бальмонт т.б.) қан жақсарту тәсілін мына жағдайларда ғана қолдану керек деп есептеген:

1. Егер де табында немесе асыл тұқымды зауытта өте көп жылдар бойы өз ішіндегі бір-екі ата ізімен ғана жұмыс жүргізіліп, соның нәтижесінде малдың көбі өзара жақын туыс болып кеткен болса, ол зауытқа басқа жақтан өте жоғары сапалы сол тұқымның қошқарларын пайдалану керек. Ол табынның қанын жаңартып, малдың өміршеңдігін де өнімділігін де жақсартады.

2. Егер де, таза тұқым жаңа жерде өсіріліп, ол жерге нашар жерсініп, көндіге алмай, өнімдік сапасын жоғалтып, өміршеңдігін төмендетіп жатса, сол тұқымның аталықтарын жаңа, басқа жерден әкеліп ендіру арқылы жерсінуін жақсартуға болады. Бұл жұмысты жиі-жиі қолдану малдың жерсініп жақсы өнімді табынға айналуына жақсы ықпалын тигізеді.

3. Егер де, табынның немесе асыл тұқымды зауыттың қойлары өнімнің сапалық және сандық жағынан бір деңгейге жетіп, сол жерде тоқтап, тоқырай бастаса ол табынға, зауытқа басқа жерден өте жоғары сапалы, зауыттағы малдан артық болмаса кем емес аралықтарды әкеліп пайдаланып жеткен деңгейден өнімін жоғарылатуға болады. Бұл жерде жаңа генотиптердің және гетерозистердің әсерлері өз пайдасын береді.

Таза тұқымды мал өсірудің шеберлік шыңы – бұл жақын туысқан малдарды жұптап өсіру – инбридинг. Қойдың тұқымын өзгертпей жақсы көрсеткіштерін қанықтырып, тереңдете түсу үшін өте жақын, қан туыстығы малдарды (әкесімен қызын, баласымен анасын, ағайындас бірге туған төлдерді) өзара шағылысытырады. Бұл әдіс малдың гомогенділігін, ортақ қасиеттерінің нығая, арта түсуіне көмектеседі. Инбридинг ата-анасының қалаулы, ұнамды көрсеткіштерін ұрпаққа жақсы сіңіру, сондай жоғары өнімді малдарды көбейту үшін жүргізіледі. Инбридинг тәсілі: қан араластыру, өте тығыз туыс, орташа туыс, қашық туыс дәрежелерінде жүргізілуі мүмкін. Оны алға қойылған міндеттерге сәйкес селекционер шешеді.

Инбридинг тәсілінің қауіпті болу нәтижесі – инбридтік депрессия. Ол бола қалса малдың өміршеңдігі нашарлап, әр түрлі нышанды төлдер пайда болып, отардың өнімділігі күрт төмендеп ауруға ұшырайды. Сондай халге ұрындырмай зоотехникалық -селекциялық жұмысты шебер жүргізу керек. Ондай мүмкіндіктер бар.

Таза тұқымды мал өсірудің ендігі бір жақсы тәсілі – туысқан емес малдарды шағылысытырып өсіру – аутридинг. Бір тұқымның ішінде өзара туысқандығы жоқ қойларды шағылыстыру отардағы қойдың гетерогендік (ген алшақтығын) жоғарылатады. Осы әдіспен қажет болған кейбір көрсеткіштерді жақсартуға болады. Бұл тәсіл әсіресе таза тұқым өсіретін асыл тұқымды шаруашылықтарда кеңінен қолданылады, сонымен қатар өндірістік шаруашылықтарда да пайдалануға болады. Ол үшін бір қой тұқымының ішінде, немесе бір асыл тұқым мал шаруашылығында бірнеше ата іздер, аналық ұялар құралады. Көп тараған қой тұқымдарында (қазақ биязы жүнді қойы, оңтүстік қазақ мериносы) әрбір асыл тұқымды зауытта, шаруашылықтарда бірнеше ата із құралып шығарылды. Оларды зауыттық ата іздер деп атайды. Сол ата іздің малдарын басқа ата із малдарымен шағылыстырып таза қой тұқымын жетілдіре, жақсарта беруге болады. Іс жүзінде солай жасалады да. Осындай жұмыс бірнеше асыл тұқымды зауыттарда жүргізілгенде бір тұқым ішінде бірнеше биологиялық-өнімдік ерекшеліктері бар қойдың бір тұқымының типтері қалыптасады. Ол қой тұқымын әрі қарай жақсарта беруге, өзара құнды малдарды ауыстырып пайдалана беруге, сөйтіп тұқымды тоқыратпауға жол ашады.

Әрине, бір тұқымның ішінде өсіріп, ол қой тұқымына сақтап жақсарта берудің зоотехник-селекционерлер тапқан даңғыл жолы - қойды ата ізбен өсіру.

Бір тұқымда кемінде 6-8 ата із болуы дұрыс. Ата ізбен өсірудің мақсаты тұқымда кездесетін жақсы қасиеттер мен көрсеткіштерді дамыту. Барлық жақсылық бір баста, бір малда бола бермейді. Бір қойды жалпы ортақ қасиет көрсеткіштер бола тұрып кейбір көрсеткштері өте жақсы дамиды. Мысалы, жүн ұзындығы, басқа малда жүн қоюлығы, үшіншіде жүн шайыры, тірі салмағы т.б. Міне осы нақты көрсеткішті бір топ қой малының бойында сақтап оны дамыту үшін ата іздер салынады. Ол ерекшелігі маңыздырақ болуы малдың өсу ортасына байланысты. Сондықтан тұқым кең аймақта өсірілсе оларды өзара жұптағанда берері көбірек болды.

Қорытып келгенде, бір қой тұқымының ішінде таза өсіре беруге әбден болады. Алдағы мақсатқа қарай ата іздің ішінде туысқан малдарды жұптауға болады. 2 ата іздің малын жұптауға болады. Басқа аймақта (экологиялық өзгешелігі бар) жерде өсірілген сол тұқымның малын жұптауға (қан жаңартуға) болады.

Барлық әдістің түрлерінде де малды жақсы зерттеп оның көрсеткіштерімен қасиеттерін қарау керек. Жаңадан пайдаланылатын мал бұрынғы қолда бардан жан-жақты жақсы болуы шарт.

Будандастыру

Будандастыру – гендік қордың, малдың нәсілдік қасиеттерін байытудың үлкен құралы, басты жолы. Малды будандастыру әдісімен өсіргенде шағылыстыратын мал әр түрлі тұқымдарға, немесе таза тұқым мен буданға, немесе екі түрлі будандарға жататын болады. Будандастырудан алынған ұрпақта аталықтың да, аналықтың да нәсілдік (гендік) қасиеттері бар, оның үстіне екі нәсілдіктің қосылуынан бұрын жоқ нәсілдік гендер пайда болып, жаңа қасиеттермен көрсеткіштер туады.

Сонымен бірге, будандастыруды ойлап табу, оның әдістерін жасап шығару, өндіріске кеңінен таратудың өзі мал тұқымдарын шығару, оларды өз ретінде топқа бөлу нәтижесінде болып отырғанын ескеру қажет. Осыдан будандастыру әдісінің өзі таза тұқым өсіру әдісін қолдану, оны түрлендіріп жетілдірудің арқасында болып отырғанын мойындау керек. Сонан кейін тұқымдар мен топтардың әрқайсысының ерекшелігін біріктіре пайдалану үшін будандастыру әдісі ойлап табылды. Бұл екі әдіс біріне-бірі қарама-қарсы емес, керісінше бірімен бірі тығыз байланысты және бірін-бірі толықтыра, байыта түседі. Әр түрлі мал тұқымы болмаса будандастыру да болмас еді, будандастырмай жаңа таза тұқым шығару да мүмкін емес. Мал шаруашылығындағы даму, алға басу осы екі әдістің де жоспарлы түрде, білегендікпен пайдалану арқасында болып отыр. Екі әдістің қолданылуын схемаға салып көрсек мынадай болар еді: Дифференциация – консолидация – будандастыру – дифференциация және т.с.с. Бұл ықшамсызбаны түсіндіргенде мынаны айту керек. Бір популяцияның ішінен топқа, тұқымға бөліп, нәсіліне, қасиетіне, өнім көрсеткіштеріне қарай ерекшелендіргенде дифференциация құбылысы жүреді. Сол ерекшеліктерін тұрақтандырып, кемеліне жеткізу кезеңінде – консолидация құбылысы жүреді. Сол тұрақты топты, тұқымды жаңа тұқым алу үшін пайдаланғанда – будандастыру процесі басталады. Содан кейін қайтадан дифференциация құбылысы жүргізіледі. Осылайша өмірде селекциялық жұмыс жалғаса береді.

Сайып келгенде будандастырудың қолдану аясы өте кең. Ол жаңа тұқым шығару үшін, бар тұқымды жаңа жерге аударып, жерсіндіріп өсіру үшін, қолда бар тұқымның кейбір қасиеттерін жақсартып, жетілдіру үшін өндірісте кеңінен қолданылады. Мал шаруашылығында қолданылып жүрген будандастырудың барлық түрлерін мына төмендегі бес топқа бөлуге болады:

- қан араластыру немесе кіріспе будандастыру;

- сіңіре немесе өзгерте будандастыру;

- зауыттық немесе өсіре будандастыру;

- өндірістік будандастыру;

- кезек будандастыру.

Бұл жіктеу будандастырудың алдына қойылған мақсатқа байланысты негізделеді және мақсатқа жету үшін будандастыру жүйесі бірнеше жыл қатарына жүргізіледі.

Кіріспе будандастыру немесе қан араластыру. Будандастырудың бұл әдісінде алға қойылатын мақсат – тұқымның негізін өзгертпей кейбір қасиеттері мен көрсеткіштерін өзгерту, жақсарту. Ол үшін жақсартылуға тиісті тұқымға жақын, ұқсас бірақ жақсарту үшін қажетті қасиеттерімен көрсеткіштері жоғары тұқымның аталық малдары пайдаланылады. Бұл ретте жақсартушы тұқымның қанының ара салмағы аз, негізгі тұқымды басым кетпейтін болуы тиіс.

Әдетте, кіріспе будандастыруды мынадай жүйемен жүргізеді: негізгі, жақсартылуға тиісті тұқымның саулықтарын таңдап алған жақсартушы тұқымның қошқарымен шағылыстырады. Содан алынған будан ұрғашы тоқтыларды бұрынғы, негізгі тұқым қошқарымен шағылсытырып өсіре береді. Ал еркек будан қозылардан таңдап, оң жақсыларын, ұнамдыларын алып, өсіріп негізгі жақсартушы тұқымның саулықтарын ұрықтандыруға пайдаланады. Нәтижесінде негізгі тұқымның қаны 3/4 ал жақсартушы тұқымның қаны 1/4 болады. Келешекте осы алынған малдарды өзара шағылыстырып өсіреді. Бұл жерде селекционер басым көңілді малдың қан сапасына емес өнімдік көрсеткіштері мен нәсілдік сапасына аударуы тиіс. Қажет болған жағдайда жақсартушы тұқымды және бір-екі рет пайдалануға да болады.

М.Ф. Иванов кіріспе будандастыру әдісін өте сақтықпен және шеберлікпен қолдануды қажет екенін қатты ескерткен. Егер терең ойластырмай, таңдап жұптамаса бұл әдіс тобының көрсеткіштері мен қасиеттерін нашарлатып алуға, түзетілмес қателікке ұрындыруы мүмкін екендігін де айтқан. Сондықтан кіріспе будандастыру әдісін қолданғанда мына төмендегі негізгі талаптарды басшылыққа алу керек.

1. Жақсартушы тұқым өзінің негізгі өнімділігімен жақсартушы тұқымға ұқсас жақын болуы тиіс. Әдетте бұл жұмыс үшін бір бағыттағы қой тұқымдарын пайдаланады (етті-жүнді меринос қойға сол бағыттағы, жүнді-етті мериносқа да сол бағыттағы қой тұқымдары) пайдаланылатын аталық малдың қажетті көрсеткіштері өте жоғары болуы шарт.

2. Жақсартушы тұқымның қошқарымен шағылыстыруға тиісті жақсартылатын тұқымның саулықтары өте жоғары сапалы – элита класына жататын болуы шарт. Бұл шарттың орындалуы алға қойылған мақсатқа жетудің кепілі болады. Оның үстіне малдың бағым-күтімі де ең жоғары деңгейде болуы тиіс.

3. Бұл жұмысты жүргізгенде өте жоғары талап деңгейінде іріктеу, талдау және жұптау жұмысы жүргізіледі. Аталық мал ұрпақ сапалығы жөнінде тексеруден өткен, анық жақсартушы қошқарларды кеңінен пайдалану қажет.

Қой шаруашылығында кіріспе будандастыру әдісі жиі қолданылады. Әсіресе биязы және биязылау жүн беретін қой тұқымдарының кейбір қаситтерін жақсарту үшін барлық елдерде қолданылады. Мысалы, қазақтың биязы жүнді қой тұқымының жүнін қоюлату, құрғақтығын түзеу үшін Алтай қой тұқымын пайдаланып кіріспе будандастыру жүргізген. Соңғы кезде Қазақстанда барлық биязы жүнді қой тұқымдарының жүнділігін, оның шайырын жақсарту үшін Австралия мериносының қошқарларымен, немесе солардың будандарымен кіріспе будандастыру жүргізілуде.

Сіңіре (өзгерте) будандастыру. Бұл әдіс қой шаруашылығында жаңа тұқым шығару үшін кеңінен және жиі қолданылатын будандастыру түрі. Таңдап алынған қой тұқымының аталық қошқарларымен жергілікті өзгертілуге тиісті қой тұқымын дәйекті түрде, жылдан жылға жаңа тұқым шығып, қалыптасқанына дейін шағылыстыра береді.

Сіңіре будандастырудың мақсаты жақсартушы қой тұқымының типінде жаңа қой тұқымын өсіріп шығару. Оны мына төмендегі жүйемен жүргізеді. Жергілікті, жақсартылуға тиісті қой тұқымының аналығын жақсартушы қой тұқымының аталығымен шығаылыстырады. Одан алынған 1/2 қанды ұрғашы қойды және сол жақсартушы тұқымының қошқарларымен шағылыстырады, алынған 3/4 қанды қойды және солай 7/8, 15/16, бесінші ұрпаққа дейін 31/32 шағылыстырады. Содан кейінгі мал ұрпағы аталық жақсартушы тұқымға ұқсас, бірақ өзінше ерекшелігі бар жаңа қой тұқымы болып шығады.

Бірақ қалай болса солай шағылыстыруды қолдана беруге болмайды. Жақсы ойлағандай жоғары өнімді қой тұқымын шығару үшін бұл жұмысқа үлкен жауапкершілікпен, жан-жақты ойластырумен кірісу керек. Аталық қошқарлар да өте жоғары өнімді, дене бітімі мықты, ұрпақ жақсарту қасиеттері тексерілгені дұрыс. Ал аналық мал да ең сапалы, дені сау, дене бітімі мықты элита кемінде 1 класс қойлары болуы шарт. Оның үстіне малдың күтімі жақсы, жем-шөп қоры жеткілікті, қора–жайларымен қамтамасыз етілуі тиіс. Алынған әрбір ұрпақты сынақтан өткізіп, бонитировкалап қатаң іріктеу, жұптау жұмыстарын жүргізіп отыруы тиіс. Тек осындай жан-жақты ойластырылған дәйекті жоспарлы жүргізілген кезде ғана жұмыс жақсы нәтижеге жетеді.

Сіңіре будандастырудың жай және күрделі түрлері болады.

Жай сіңіре будандастыруда жаңа қой тұқымын шығару үшін жақсартушы қой тұқымы біреу-ақ болады. Мысалы, қазақтың құйрықты қой тұқымын шығару үшін бір ғана қаракөл қой тұқымының қошқарлары жергілікті қазақы қойларға қолданылады. Нәтижесінде құйрықты қаракөл қой тұқымы шығарылды. Сол сияқты прекос қошқарларымен шағылыстырып, қазақтың биязы қойын шығарған.

Күрделі сіңіре будандастыруда жақсартушы бірнеше қой тұқымы болады. Мысалы, оңтүстік қазақ меринос қой тұқымын шығаруда кавказ, алтай, кеңес-меринос, грозный қой тұқымдары қатынасқан.

Бұл сіңіре будандастыру әдісімен дүние жүзінде көп елде жаңа қой тұқымдары шығарылған, әлі де шығарылып келеді.

Өсіре (зауыттық) будандастыру. Бұл әдіс – пайдаланылған қой тұқымдарының барлығының да жағымды, жақсы қасиеттері мен көрсеткіштерін жаңа тұқымының бойына сіңіріп шығару үшін пайдаланылады. Сондықтан – бұл әдісті зауыттық будандастыру деп те атайды. Өсіре будандастыру да жәй және күрделі болады. Жай өсіре будандастыру әдісінде жаңа қой тұқымын шығаруға тек екі ғана тұқым қатынасады, ал күрделі өсіре будандастыруға үш немесе одан да көп қой тұқымдары қатынасады.

Зауыттық немесе өсіре будандастыру әдісі көбінше мынадай тәсілдерден құралады:

Бірінші ұрпақ буданын алу үшін екі тұқымды шағылыстырады;

Бірінші ұрпақ буданын қайтадан аталық болған тұқыммен шағылыстырады, қажет болса кейде, сіңіре будандастырудағыдай, үшіншісінде де осы тұқым аталығынан пайдаланылады.

Солардан алынған ұнамды малдарды (әр қошқардан, әр ұрпақтан болғанына қарамастан) өзара шағылыстырып өсіреді.

Алға қойылған мақсатқа байланысты және пайдалануға алынған қой тұқымдарының санына, сапасына қарай жоғарыда көрсетілген тәсілдер өзгеріп тұруы мүмкін. Мұнда ең маңыздысы да қажеті де жаңа қой тұқымының сапасы. Жаңа қой тұқымының сапасы алға қойылған мақсатқа қасиетімен де, өнімдік көрсеткіштері мен де толық жауап беруі тиіс. Осы мақсатқа жету үшін өсіре будандастыру барысында ұнамсыз малдарды ұдайы шектеп, брактап отыру жүргізіледі. Селекционер бойына барлық қажетті, жақсы генді жинаған, жақсы фенотипі бір қойды ғана алып қойып, оларды өзара жұптап өсіріп отырады.

Өсіре будандастыруды қолдана отырып Қазақстан селекционерлері биязы (солтүстік қазақ мериносы), биязылау (барлық кроссбред типтес биязылау жүнді қой тұқымдары) жүнді қой тұқымдарының жаңа түрлерін шығарып, жаңа аймақтарға таратып, жерсіндіріп өсіріп келеді.

Өндірістік будандастыру деп бірінші ұрпақтан алынған төлді түгелдей етке жарату, сою үшін қолданылатын будандастыруды айтамыз. Дегенмен де өмірдің өзгеруімен, сауда экономикасының талабына, бәсекелестікке байланысты қазір өндірістік будандастыруға да жаңалықтар мен өзгертулер ендірілуде. Сондықтан, өндірістік будандастырудың қазіргі кездегі түсінігі кеңейді, қазір өндірістік будандастыру дәйекті, жүйелі будандастырудың негізінде жоғары сапалы, көп өнімді союға пайдалы мал өсіру болып табылады. Сонымен қазір өндірістік будандастырудың да жәй және күрделі түрін ажырататын болды.

Жәй өндірістік будандастыруда екі тұқымды будандастырып одан алынған төлді түгелдей ет өндіруге жұмсайды.

Ал күрделі өндірістік будандастыруда үш-төрт, кейде бес мал тұқымын таңдап алып солардан алынған будандарын екі түрлі пайдаланылады. Бірінші екі тұқымның буданының еркек төлін өсіріп етке жаратып, ұрғашы төлін өсіріп үшінші тұқымының аталығымен шағылыстырады. Одан алынған будандардың еркегін етке жаратып, ұрғашысын тағы да өсіріп, төртінші тұқым аталығымен шағылыстырады. Осылай гетерозис құбылысын, қойдың төлшілдігін пайдаланып, біразға дейін жүргізе береді, немесе тоқтатады.

Кезек будандастыру. Бұл әдіс қойдың өнімділігін және өміршеңдігін арттыру үшін қолданылады. Кезек будандастыру әдісі 19 ғасырдың басында француз және ағылшын селекционерлері өмірге келтірілген. Олардың анықтауы бойынша кезек будандастыру деп екі тұқымның бір рет біреуінің, екінші рет екіншісінің аталығымен саулықтарды шағылыстыруды айтады. Осындай кезек будандастырудың жаңа тұқымы да шығарылуы мүмкін. Францияның англо-норман жылқы тұқымы осындай әдіспен шығарылған. Себебі, белгілі бір кезде будандардың ұнамдысын өзара өсіре бастаған. Содан тұқым алынған. Осындай жәйттер ірі қарада да, шошқа шаруашылығында да болған.

Осындай жұмыстар кезек будандастыруды өсіре (зауыттық) будандастырудың бір кезеңі деп кейбір селекционерлерге айтуға негіз болған. М.Ф. Ивановта кезек будандастыруды дербес әдіс ретінде мойындамаған. Ол бұл әдісті өсіре будандастырудың бір кезеңі ғана деп түсінген.

Бірақ селекционерлердің басым көпшілігі кезек будандастыруды жаңа тұқым шығару үшін емес, малды нақты бір іске жарату үшін қажетті қасиеттері бар мал өсіру үшін қажет әдіс деп біледі. Былай деуге негіз болған жағдай кезек будандастырудың нәтижесінде әр кезекті ұрпақта ерекше қасиетті, аса қажетті белгі-көрсеткіштері бар мал пайда болады, ол әр тұқымның гендерінің жақсы, үйлесімді қосылуынан пайда болады.

Әдебиеттерде бір қатар кезек будандастыру нәтижесінде алынған іске пайдалануға жарамды малдардың алынатыны жөнінде мағлұматтар баршылық.

Кезек будандастыру мал өсірушілерді өзінің екі негіз ерекшеліктерімен қызықтырады: 1) ол будандастыру екі және одан да көп тұқымдардың жақсы, қажетті көрсеткіштерін бір малдың бойына шоғырландыруға мүмкіндік береді. Егер пайдаланылатын тұқымдар жақсы болса, олардың будандары да жоғары өнімді, екі тұқымның өнімділігінен көп жоғары болады. 2) Кезек будандастыруда гетерозис құбылысының жақсы көрінуіне мүмкіндік мол болады. Ежелден белгілі гетерозис құбылысы бар малдар өміршең, өсімтал, ауруға бой бермейтін болады. Осының нәтижесінде ондай малдардан алынатын пайда мол болады.

Кезек будандастыруда да жай және күрделі түрлері болады. Осы кезге дейінгі әдебиеттерде кезек будандастырудан алынған жақсы қорытындылар көбінше биязы жүнді қой тұқымдарында болған. Әсіресе Қазақстанда да Ставрополь, Кавказ, Грозный, Алтай қойларының аталықтарын пайдаланып, жақсартқан кездері айтылады. Кезек будандастыру етті жүнді биязылау қой тұқымдарында, етті-майлы қойларда пайда беретініне күмән келтіруге болмайды. Керісінше ойластырып, безбендеп алынатын қой тұқымдарын таңдаса, бұл будандастырудың пайдалы жағы мол.

Гибридтеу

Әр түрлі мал түріне жататын жануарларды өзара будандастыру – гибридтеу деп аталады. Қой шаруашылығында кез келген қой тұқымын жабайы қойлармен шағылыстыруды да гибридтеу дейді.

Бұл жұмыстағы негізгі мақсат үй қойларына жабайы қойлардың кейбір қасиеттері мен көрсеткіштерін ендіру. Әсіресе нақты табиғат жағдайына жабайы қойдың бейімділігін, оның тауға–тасқа, суыққа шыдамдылығын, жем-шөп қорын талғамсыз сіңістіруін қарайды. Ұдайы, жүйелі түрде қолдан таңдау мен жұптаудың нәтижесінде үй қойларында көптеген табиғи қасиеттері жойылып кеткен немесе әлсіреген. Жабайы қойдың қатаң табиғат ортасына бейімділігін үй қойына дарыту қасиеті бар малдарды шөл-шөлейт, таулы, қатаң ауа райы жағдайында өсіруге мүмкіндік ашады. Көп жабайы қойлардың ішінде селекционерлерді муфлон мен арқар қызықтырады, себебі олар таулы, құмды шөлейт, жем-шөбі тапшы, табиғаты қатаң жерлерде өздерін жақсы сезінеді.

1925-1935 жылдарда М.Ф. Иванов қазіргі Украинаның “Аскания-Нова” деген қорығында муфлон мен меринос қойын шағылыстырып, биязы жүнді қой өсірген. Бірақ ол қойлар уақ болды және бізге, Алатауға әкеліп өсіруге қиын жерсінді. Сонан соң Қазақстан биологтары арқармен меринос қойын шағылыстырып, содан арқар-меринос қой тұқымын шығарды (Н.А. Бутарин және басқалар).

Өзбекстанда (А. Рахимов) қаракөл қойын жергілікті арқармен шағылыстырып қаракөл қойының аурушаңдығын жақсарту үшін жұмыс басталған болатын. Жап жақсы үмітті болғанмен кейін ол жұмыс тоқтап қалды.

Үй қойларын гибридтеу қан араластыру әдісімен жүргізілді. Жарты қанды гибридтер өте өнімі төмен болғандықтан оларды 1/4 қан деңгейінде пайдаланды. Үй қойларын жабайы қойлармен гибридтеу әдісі әлі кемеліне жетпеген, болашағы бар деп айтуға болады. Сондықтан болашақта Қазақстанның кең даласындағы, биік тауындағы жабайы қой аталықтарын пайдаланып берік, өнімді, қатал табиғатқа шыдамды небір қой тұқымдарын шығару міндеті болашақтың ісі.

Наши рекомендации