Лекция Мәңгілік ел концепциясының негізгі тұғырнамалары: Үлкен ел – үлкен отбасы

Лкен ел – үлкен отбасы» жалпыұлттық жобасының тұжырымдамалық бағыттары

Дәстүрлі отбасын дамытудағы азаматтық институттардың ролі

Біз өзіміздің тұрақтылық және келісім моделін дамытуда айтарлықтай табыстарға жеттік. Қазақстан Конституциясы нәсілдік, этностық, діни және әлеуметтік қатыстылығына қарамастан, барлық азаматтың құқықтық теңдігіне кепілдік береді» деп нақты атап өтті Елбасы «Нұр Отан» партиясының съезінде сөйлеген сөзінде.

Бағзы дәуірлерден әрбір қоғамның темірқазығы мен діңгегі саналатын отбасы институтының халқымыздың өміріндегі әлеуметтік рөлі мен асыл құндылығы ерекше. Ғасырлар бойы «Отан - отбасынан басталады» деген ұғым қазақ қоғамында бұлжымас тұжырым ретінде тамырын тереңдетіп, Ұлы Дала елінің мызғымас әлеуметтік тұғырнамасына айналды. Сондықтан, отбасылық әулеттің негізгі тіректері - қарияны қадірлеу мен әкені құрметтеу, ананы ардақтау және балаға жастайынан тәлімді тәрбие беру ұлтымыздың ұлағат мектебі және өнегелік салты ретінде бекіген. Ұрпағының бойына ұлттың салиқалы салт-санасын сіңіріп, ұлын имандылыққа, қызын инабаттылыққа тәрбиелеген, ақ адал еңбегімен ел-жұртқа еленген отбасы қашанда берекелі шаңырақ ретінде өз ауыл-аймағында ерекше беделге ие болған.

Президент Н.Назарбаев 5 инсти­туттық реформа негізінде жүзеге асырылатын мемлекетті әрі қарайғы дамытудың 100 нақты қадамынан құралған Ұлт жоспары Қазақстанның жаһандық және ішкі шақыртуларына, сондай-ақ, жаңа тарихи шарттар бойынша дүние жүзінің озық елдерінің қатарына қосылу жоспарына жауап беретіндігіне тоқталды.

«Біртектілік пен бірлік» реформасы – «Мәңгілік Ел» патриоттық актісі мен «Үлкен ел – үлкен отбасы» жобасын жүзеге асырады. 100 нақты қадамның 86-қадамы ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫНЫҢ «ҮЛКЕН ЕЛ - ҮЛКЕН ОТБАСЫ» КЕҢ КӨЛЕМДІ ЖОБАСЫН ӘЗІРЛЕУ ЖӘНЕ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ, ол қазақстандықтардың біртектілігін нығайтады және азаматтық қоғамның бүтіндігін қалыптастыру үшін жағдай туғызады. Бұл барлық жұмыстар Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасын (ішкі туризмді дамытуды қоса есептегенде) және «Астана - Еуразия жүрегі», «Алматы - Қазақстанның еркін мәдени аймағы», «Табиғат бірлігі және көшпелі мәдениеттер», «Алтай інжулері», «Ұлы Жібек жолын қайта жаңғырту», «Каспий қақпасы» өңірлік мәдени-туристік кластерлерін құруды жүзеге асырумен байланыстырылады.

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен арнайы брифингте мәлім болғандай, «Үлкен ел – үлкен отбасы» жалпыұлттық жобасы үш тұжырымдамалық бағытқа негізделетін болады. Жобаның бірінші тұжырымдамалық негізі қайырымдылыққа арналған. Қашаннан қайырымдылықты басты құндылығымыздың бірі санайтын қазақ халқы үшін мұқтаждарға қолұшын созып, қорғансызға қамқор пейіл таныту жат емес. Ендеше, осы асыл қасиетті әрбір азаматтың бойында дамыта отырып, «Қайырымды ел тұрғыны» болуға талпыну – құптарлық және қуана қолға алатын іс. Ал екінші тұжырымдамалық негіз – медиация институтын дамыту. Яғни, қазақ қазақ болғалы араағайындық жолмен араздасқан тараптарды ортақ мәмілеге келтіру. Жалпы, ел тәуелсіздік алғалы медиацияны дамытуға талпынып, осы бағытта талмай еңбектеніп жүрген бірді-екілі қоғамдық бірлестіктер мен ұйымдар бар. Алайда, «жалғыздың үні шықпайтыны» секілді, олардың бастамасы жаппай қолдау таппай жататын. Ендігі жерде бұл іс жалпыхалықтық сипат алып, туындаған мәселені ауызбіршілікпен шешуге ерекше ден қойылмақ. «Үлкен ел – үлкен отбасы» жобасының үшінші бағыты қоғамдық бақылаудың рөлін күшейту болып табылады.

«Үлкен ел – үлкен отбасы» жалпыұлттық жобасы – бүгінде белсенді түрде іске аса бастаған, Елбасы ұсынысымен қолға алынған тың бастаманың бірі. Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамымыздағы беделін арттыра отырып, еліміздегі ұлт, ұлыстардың ауызбіршілігін нығайтуды басты мақсаты еткен бұл жобаның берері мол.Именбей айтуға мүмкіндігіміз бар, болашағы біртұтас ұлт құру – біздің ең басты қаруымыз. Елбасы саясатының арқасында біз бірлігімізбен мақтана аламыз. Көпұлтты елімізде татулық, рухани келісім, бір-бірімен үндескен мүдде жасампаз болашаққа кедер­гісіз жетелеп келеді. Халықаралық қауымдастыққа үлгі болып отырған ел ішіндегі татулық, достық қарым-қатынас, діни түсіністік үлкен мәнге ие. «Бірлік – біздің барша табыстарымыздың кілті» деп Елбасы айтқандай, айрандай ұйып отырған елдің келешегі кемел болмақ. «Тілегі бірдің – жүрегі бір», мақсаты мен ісі бір жерден шыққан дүйім жұрт тосыннан келген қиындықты жеңіп, кез келген белесті бағындырары сөзсіз.

Қытайдың ұлы ғұламасы Конфу­цийдің «Қоғамды топтастыру үшін ең әуелі отбасын нығайту және қарттар мен ата-аналарға құрмет көрсету керек» деген сөзі бүгінгі қоғамда да өзі­нің мән-мазмұнын азайта қойған жоқ. Осы тұрғыдан алғанда, «Ме­рейлі отбасы» байқауы елдің өркенін өсірер өнегелі шаңырақтарды үлкен-кішіге үлгі етіп, Отанымызда отбасын ұлықтаудың мемлекеттік тұрғыдағы жаңа қадамы ретінде қалыптасуда. Бұл - мазмұны жағынан да, тәрбиелік-өнегелілік тұрғыдан да өзгеше іс-шара. Яғни, аға буынға «артымда қандай ұрпақ қалдырам?» деген ой салып, жас буынды әке салған жолды жай ғана жалғастырып қоймай, тың идеялармен байытып, жаңаша қарқынмен жетілдіруге жетелейтін, қоғамды ізгі­лендіріп, рухани байытатын «Мерейлі отбасының» мәні тереңде жатыр.

Елбасының мемлекет пен жеке-меншіктің серіктестігі негізінде жұмыс істейтін, жас отбасыларға, жалғызбасты аналарға, балаларға, қарттарға жан-жақты көмектесетін институттар желісін дамыту жөніндегі тапсырмасын іске асыруға «Отбасылық тәрбие институты», «Қазақ қызы», «Отбасым», «Жас отбасы мектебі», «Отбасылық тәрбиелеу» сияқты қоғам­дық бірлестіктер үлес қосуда. Олар қоғамда отбасы мен отбасылық құн­дылықтар мәртебесін нығайту, жұрт­шылықпен өткізілетін тиісті жұмыс­тарды жүргізуге әдістемелік көмек көрсету бойынша тиімді іс атқаруда.

Ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ерекше стратегиялық саясатының арқасында Қазақстан мемлекеті деген үлкен шаңырақтың уықтары - әрбір отбасының ортасы толып, рухани-әлеуметтік діңгегі беки түсуде. Мәселен, статистикаға жүгінсек, 1994 жылы елімізде дүниеге келген сәбилердің саны 305 мың 624 баланы құраса, арадағы жиырма жыл ішінде нәрестелердің дүниеге келуі сатылап өсіп, 2014 жылы 399 мың 951 бала дүниеге келді. Яғни, салыстырмалы көрсеткіш 100 мыңға жуық сәбиге артуын республикамызда ана мен балаға жасалып жатқан мемлекеттік қамқорлықтың шынайы үлгісінің елеулі нәтижесі деп бағалауға болады.

Әлбетте, қоғам болған соң отбасы және неке институтына қатысты күрделі мәселелер мен көкейкесті мәселелердің де бар екенін ашық айтуымыз керек. Бұл тұрғыда жас отбасылардың ажырасуы, тастанды балалардың тағдыры, тұрмыстағы зорлық-зомбылық сияқты келеңсіз фактілердің орын алып жататыны жұртшылыққа мәлім. Қоғамдағы мұндай қолайсыз оқиғалар тым етек алып кетпесе де, ел ішінде тарала бас­тауы алаңдатарлық жайт. Сондықтан, осындай кеселді құбылыстармен бүкіл халық болып күресіп, тұнығымызды лайламай таза ұстау баршамыздың ортақ парызымыз.

Мемлекет басшысының сарабдал саясатының нәтижесінде біз дағдарыстан дамуға, яғни қиын-қыстау уақытқа қарамастан көркейіп гүлденуге белді бекем будық. Біздің нысана – тек даму мен ұту тетігінде тұр. Біздің бірлігіміз баянды болса, біз үшін аса алмайтын асу жоқ. Елбасы Н. Назарбаевтың көшбасшылығымен жаңа Қазақстанның тарихын жазудың биік мәртебесі мен жауапкершілігі біздің ұрпақтың үлесіне тиді.

Елбасының маңына топтасу арқылы біз ұлы жетістіктерге толы жолдан өттік және бүгінде өзімізді Тәуелсіз Қазақстанның – қуатты әрі табысты мемлекеттің азаматымыз деп мақтанышпен айтамыз. Біз, Қазақстан азаматтары, Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи «Тәуелсіздік толғауын» негізге ала отырып, Болашағы Біртұтас Ел – Мәңгілік Елді құру жолында біргеміз.

Әдебиеттер:

1.ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауы -Қазақстан 2050 стратегиясы.

2.Н. Ә. Назарбаев: «Қазақстан жолы-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Астана, 2014 жылғы 17 қаңтар

3.Н. Ә. Назарбаев: « Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» Астана, 2015жылғы 30 қараша

4.«Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» мақала. Н. Ә. Назарбаев,Астана, 2016жыл 6 қаңтар

Наши рекомендации