Лекция №8. Ағымдағы активтердің есебі: Алынуға тиісті шоттар және басқадай дебиторлық борыштар
Алынуға тиісті шоттар дегеніміз мекеменің өндірістік қызметінде сатылған тауарлар мен қызметтер үшін клиенттердің қарызы. Алынуға тиісті шоттарға жыл ішінде немесе операциялық цикл ішінде алынуға тиісті сомалар жатады. Бұл шот-фактуралармен немесе басқада құжаттармен расталады.
Сатып алушылар мен тапсырыс берушілермен есептесу есебі 1210, 2110 «Сатып алушылар мен тапсырыс берушілердің берешегі» бөлімше шоттарында, «Дебиторлар және кредтиорлармен есептеуді есепке алу ведомосында» жүргізіледі.
Есеп жүргізу барысында сатылған өнім, тауарлар, жұмыс пен қызметтердің сату бағасына 1210, 2110 шотты дебеттеп, 6010 «Дайын өнімді /тауарларды, жұмыстарды, қызметтерді/ өткізуден түскен табыс» шотын кредиттейді. Қосымша құн салығы сомасына 1210, 2110 шот дебеттеліп, 3130 шот кредиттеледі.
Сатып алушылар мен тапсырыс берушілерге қойылған есептесу-төлем құжаттары бойынша төлем жасай отырып, ақшалы қаражаттар есебі бойынша шоттарды, дебеттеп, 1210, 2110 шотты кредиттейді.
Дебиторлық қарыз дегеніміз аталған кәсіпорын алдындағы мекемелердің, жеке тұлғалардың және басқа да дебиторлардың ақшалай түрде көрсетілген барлық міндеттемелері.
Бухгалтерлік есепте дебиторлық қарызбен байланысты негізгі тұс болып тану және бағалау саналады.
Басқа да дебиторлық қарыздар есебі «Басқа да дебиторлық берешек» бөлім шоттарында жүргізіледі: 1420 «Орнын толтыруға жататын қосылған құн салығы», 1270, 2170 «Есептелген сыйақылар», 1250, 2150 «Қызметкерлер мен басқа да тұлғалардың берешег».
Еншілес және тәуелді ұйымдардың, бірлесіп бақыланатын заңды тұлғалардың дебиторлық қарызы туралы мәліметті 1220, 2120, 1230, 2130 «Еншілес /тәуелді/ ұйымдардың дебиторлық берешегі» бөлімшесінен көруге болады.
Жабдықтаушылар мен мердігерлерге берілген аванстар бойынша есептесу есебі 1610, 2910 «Берілген аванстар» бөлімшесі шоттарында жүргізіледі. Бөлімше шоттарында тауарлы-материалдық құндылықтарды жеткізіп беруі үшін, тапсырып берушілерден дайындалып біткен дайын өнім, жұмыс, қызмет бөліктері үшін берілген аванстар көрсетіледі. Берілген авансқа 1610, 2910 шоттарын дебеттеп, ақша қаражаттары есебі бойынша шоттарды кредиттейді.
Жабдықтаушыларға және мердігерлерге қарызын өтеу үшін берілген авансқа 3310, 4110 «Төленетін шоттар» шоты дебеттеліп, 1610, 2910 шоттары кредиттеледі.
Тауарлар мен қызметтер уақытылы нақты ақшаға өткізілмей қалған жағдай болатын болса, онда сатып алушылар бойынша талаптардың бір бөлігі ғана өтеліп, қалған бөлігінің алынбай қалуы мүмкін.
Жалпы борышкедің белгіленген мерзім аралығында төлем жасай алмау фактісі осы берешек соманың жабылмай қалатындығын білдірмейді.
Егер күдікті қарыз деп төленбеген шоттар құны анықталатын болса, онда оларды бухгалтерлік есеп шоттарында көрсету қажет. Сәйкестік принципі күдікті дебиторлық қарыздардан шеккен зиян өткізу процесі болған есептік кезеңде танылу керектігін талап етеді.
Күдікті /күмәнді/ дебиторлық қарыз деп алдын-ала болжау ретінде есептелген қарыз күдікті қарыздарға шығын түрінде көрсетіледі. Бұл операциялық қызметтен шығын.
Сатып алушылардың келісім шартқа сәйкес белгіленген мерзімде төлемеген шоттары, сондай-ақ тиісті кепілдікпен қамтамасыз етілмеген қарыздары күдікті қарыздар деп аталады.
Өтелу өтелмеуі белгісіз, күмән тудыратын қарыздарды есепке алудың екі тәсілі бар: тікелей есептеп шығару әдісі және резервтік әдіс.
Тікелей есептеп шығару әдісі бойынша шығындар заңда қаралған төлемді талап ету мерзімі өткеннен кейін есептеп шығарылады. Қазіргі кезде көптеген мекемелер резервтік әдісті қолданады. Резервтік әдіс шығындарды өтеу үшін алдын-ала қор қарастырылатын әдіс.
Кәсіпорындар күдікті /күмәнді/ қарыздарды есептеу үшін өзінің Есептік саясатына қолданып жүрген бағалаудың бір әдісін таңдап алуға құқылы. Ол әдістер:
- сталыған өнімнің, орындалған жұмыстың, көрсетілген қызметтің пайыздық деңгейінен;
- төлемнің мерзімі бойынша шоттарды есептеу.
Сатылған өнімнің, орындалған жұмыстың, көрсетілген қызметтің пайыздық деңгейінен әдісі бойынша сатудың жалпы көлеміндегі күмәнді қарыздар пайызы анықталады. Күмәнді бойынша резерв құру пайызын анықтау үшін алдымен өткен үш жылдағы сатылған тауар, орындалған жұмыс, көрсетілген қызмет көлемін және төленбеген шоттар сомасын талдайды, күмәнді қарыздар сомасының сату көлеміне қатынасы арқылы орташа пайызын есептейді. Содан кейін орташа пайызды есепті кезеңдегі сату көлеміне көбейту арқылы резерв сомасын анықтайды.
Төлем мерзімі бойынша шоттарды есептеу әдісі негізінен жалпы дебиторлық қарыздың белгілі бір пайыздық бөлігінің күдікті деп танылуын көрсетеді. Бұл белгілі бір пайыздың бөлігін табу үшін алынуға тиісті шоттарын олардың категориясы бойынша жіктеуді ұсынады:
- төлеу мерзімі жетпеген шоттар;
- төлеу мерзімі 1-30 күннің аралығында жасалатын шоттар;
- төлеу мерзімі 31-60 күннің аралығында жасалатын шоттар;
- төлеу мерзімі 61-90 күннің аралығында жасалатын шоттар;
- төлеу мерзімі 90 күннен жоғары шоттар.
Әрбір категория үшін қарыздың болжамдық пайызы анықталады.
Күмәнді талаптар бойынша резерв құрылғанда 7210, 7440 «Жалпы және әкімшілік шығындары» шот дебеттеліп, 1290 «Күмәнді талаптар бойынша резерв» шоты кредиттеледі. Дебиторлық қарызды есептен шығару барысында дебет 1290 , кредит 1210, 2110 бухгалтерлік жазуы беріледі.
1290 шот бойынша аналитикалық есеп резерв құрылған әр күмәнді талаптар бойынша ведомосте немесе ведомость машинограммаларда жүргізіледі.
Егер резерв құрылған жылдан кейін жылдың соңына дейін резерв толық немесе жартылай қолданылмаса, онда жұмсалмаған сомаға «арнайы жазу» беріледі. 7210, 7440 шот дебеттеліп, 1290 шот кредиттеледі.
Егер күмәнді қарызға жатқызылған дебиторлық қарыз біраз уақыт өте, яғни сол есептік жылы келіп түссе, онда «арнайы жазу» /сторно/ беріледі: 1210, 1280 , 1610 кредит шоттары, 1290 дебет шоты. Сонымен бірге дебиторлық қарыздың өтелгені туралы мынадай жазу беріледі: ақшаны есепке алу шоттары дебетке жазылып, 1210, 1280 , 1610 есептесу шоттары кредитке жазылады.
Егер есептен шығарылған дебиторлық қарыз кейінгі есептік кезеңдерге төленіп жатса, онда бұл есептік кезеңнің табысы болып есепке алынады.
Алынған вексель белгіленген мерзім ішінде белгілі соманы төлеу бойынша жазбаша міндеттеме. Алынған векселдер сонымен бірге кәдімгі өткізудің, дебиторлық қарыздың өтелу мерзімін создырудың, ұзақ мерзімді активтерді айырбастаудың, сондай-ақ қызметкерлерге аванстық төлемнің нәтижесі болып табылады.