Мәңгілік өмір мен өмірдің мәні туралы Қорқыт Атаның толғаныстары
Қорқыт Ата – түркі халықтарына ортақ ұлы ойшыл, жырау, қобызшы. Қорқыт Ата өмірде ізі, артында әдеби-музыка мұрасы қалған тарихи тұлға ретінде белгілі. Қорқыт Атаның өмір сүрген кезеңі туралы ғылымда әр түрлі болжамдар қалыптасқан. Алайда зерттеулердің көпшілігі Қорқыт Ата Сырдария бойында өмір сүрген оғыз-қыпшақ тайпалық бірлестігінде 10 ғасырдың басында дүниеге келген деген тұжырымға саяды.
Тарихи жазба мәліметтер мен халық шежіресі бойынша: Қорқыттың әкесі Қарақожа оғыз тайпасына жататын Баят дейтін рудан шыққан, ал шешесі қазақ құрамына кіретін қыпшақ қызы болған.
Оғыздар этникалық топ ретінде алғаш рет көне түрік жазба ескерткіштерінде (Орхон өзені бойында) кездеседі. Тарихшылардың зерттеуіне қарағанда олар VII-IX ғасырларда оңтүстік Сібірден біртіндеп Сыр бойына, Қазақстан өңірінің оңтүстік-батыс аймақтарына қоныс аударған.
IX-X ғасырларда Арал және Каспий теңізі маңындағы аймақ пен Сырдарияның төменгі ағысындағы алқапты мекендеген оғыздар үлкен мемлекет құрды. Мемлекеттің орталығы – Жанкент болды.
Қазақ философиясы тарихында Қорқыт Ата– ел бірлігін нығайтқан кемеңгер қайраткер, түркі дүниетанымының негізін жасаған ғұлама ойшыл, әлемдік ақыл-ой мәдениетінде өзіндік орны бар философ-гуманист ретінде көрінеді. Қорқыт Ата жайындағы аңыздардан оның бойындағы үш түрлі өнер ерекше айқындалады. Біріншіден, ол оғыз-қыпшақ ұлысынан шыққан айтулы бақсы, абыз. Екіншіден – күйші, қобыз сарынын алғаш туындатушы өнерпаз. Үшіншіден – әйгілі жырау, оның жырлары оғыз-қыпшақ өмірін бейнелеген әдеби-тарихи мұра.
Қорқыт атаның тарихи тұлға екенін растайтын жазба ескерткіш – “Қорқыт Ата кітабы” (“Китаби дәдәм Корқуд”). Онда Қорқыт Ата жырау, ақылгөй, данышпан, көсем, бақсы, күйші ретінде көрінеді. Кітаптың басында Қорқыт атаның нақыл сөздері келтіріледі.
Тарихи деректер, «Қорқыт ата кітабы» оғыз мемлекеті толық нығайғаннан кейін, яғни IX ғасыр ішінде Сыр бойында, оғыз тілінде жазылғанын дәйектейді. «Қорқыт ата кітабы» оғыз мемлекетіне біріктірілген, соған бағынған тайпаларды жырлаған. Олай болса, бұл шығарма оғыз мемлекеті берік орнаған, дәуірлеп тұрған тұста жазылған мұра болып табылады. Осы келтірілген деректерге сүйенсек «Қорқыт ата кітабы» оғыз мемлекеті толық нығайғаннан кейін, ислам діні енбей тұрғанда, яғни IX ғасыр ішінде Сыр бойында жазылған шығарма. «Қорқыт ата кітабы» он екі жырдан, басқаша айтқанда он екі оғыз-немеден тұрады.
Қорқыт Ата кітабы (“Китаб-и дәдем Коркут ғали лисан таифа оғузан”) – қаһармандық эпос үлгісі, оғыз-қыпшақ дәуірінің жазба мұрасы. Ғылымда оның он екі нұсқасы мәлім: Дрезденде (12 нұсқа) және Ватиканда (6 нұсқа) сақталған. Жазбада оғыз тайпаларының этникалық тегі, этнографиясы, мекені, әлеуметтік жағдайы, т.б. мәліметтер көп сақталған. Осы деректерден оғыздардың бірде Сыр бойындағы қыпшақтармен, бірде Кавказ шегіндегі гәуірлермен жауласқаны баяндалады.
Қорқыт Ата жырларының философиялық мән-мағынасының алтын діңгегі – әлемді, табиғат заңдарын көркемдік таным тұрғысынан игеру. Оның өмір сүйгіштік дүниетанымы күнделікті күйкі тірліктің шеңберінен шыға білу және адамзат үшін әрбір тіршілік сәтінің құнды екенін ескерту, қайталанбас уақытты қадірлеуге шақыру, сол арқылы өмірді мәңгілік ету идеясы Қорқыт философиясының іргетасын құрайды.
1999 жылы осы Қорқыт Ата кітабының негізінде Қорқыт Ата – энциклопедиялық жинағы шығарылды. Негізінен 5 бөлімнен тұратын бұл күрделі еңбекке Қорқыт Ата туралы ел аузында сақталған аңыздар мен күйлер, әфсаналар, ата мұрасын зерттеу, әулиенің әдебиет пен өнердегі бейнесі мәселелеріне арналған отандық және шетел ғалымдарының мақалалары топтастырылған. Бұл материалдарда Қорқыт Атаның әлем тарихы мен философиясындағы орны, оның ұлы мұрасының көркемдік ерекшеліктері мен мазмұны, тілдік, түрлік айшықтары, тарихи белгілер мен жәдігерлік деректер хақында жан-жақты мағлұмат беріліп, талдау жасалады. “Қорқыт Ата кітабының” Дрезден кітапханасында (Германия) сақталған толық нұсқасының фотокөшірмесі, орыс және қазақ тілдеріндегі аудармаларының таңдаулы үлгілері берілген.
«Қорқыт ата кітабындағы» аңыз-әңгімелер құрғақ қиялдан емес, тарихи оқиғалар негізінде туған. Сол көне заман адамдарының достық, қастық, жақсылық, жамандық, ар-намыс, адамгершілік т.б. толып жатқан мәселелер төңірегіндегі түсінік-ұғымын бұл жырлар бүгінгі ұрпаққа айна қатесіз, бұлжытпай жеткізіп отыр. Әсіресе, сол кездегі оғыз-қыпшақ жұртының дәстүрлі салт-санасын, әдет-ғұрпын, моральдық-этикалық пайымдаулары баяндалған.
Бүкіл түркі халықтарының ата мекеніңде қалған қазақтың екі танымал ерлік эпосы бар. Бірі-«Алпамыс батыр», екіншісі-«Қобыланды батыр». Ғалымдардың айтуынша, «Қарақыпшақ Қобыланды» жырының негізінде XIV ғасырдағы ноғай- қазақ арасының ажырауы, яғни «ел айырылған» күйінің сарыны жатыр. Ал VII ғасырдан жеткен Қорқыт Ата жырының дерегіне сүйенсек, «Алпамыс» жырының негізіне де біртұтас түркі ұлысының ыдырау оқиғасы арқау болған. Демек, халық жады бауырынан айырылған оқиғаны мәңгі –бақи ұмытпай, жүрегіндегі жараны Қорқыт сынды кемеңгерлердің аузымен болашаққа жеткізген.
Бұл құбылыс бүгінгі күні қайта табысқан барша түркі халықтарының ынтымағы мен бауырластығын көзінің қарашығындай сақтау қажеттігін тағы да ұғындыра түседі. Қорқыт Ата өсиетінен алар басты тағылым- осы.
Қорқыт Ата жырларынан туындайтын тарихи тағылымдардың бірі- жерді жаудан қорғау, ерлікке, батырлыққа, адалдыққа тәрбиелеу және барша түркі жұртына өсиет айту.
Қорқыт жырларындағы отаншылдық пен ерлік, ізгілік пен әдептілік, сабырлық пен төзімділік- біздің бәріміздің ата-бабаларымызды қандай қиын сыннан да алып шыққан түркілік қанымызда бар қасиеттер. Осы болмысымыз бен дүниетанымымызды келер ұрпақтарымызда мәңгілікке жалғастырып, адамзат өркениетінің тарихында лайықты орнымызды иелену үшін біз Қорқыт Ата мұрасын ұқыптылықпен жинап, жан – жақты зерделеп, өскелең буынға үнемі үлгі- өнеге етуіміз қажет.
Қорқыт мұрасының ұлттық тарихымызға қатысты мәселелерінің бірі- осы жырды тарихи деректер, сол кезеңдегі өмірде болған оғыздардан шыққан ірі тұлғалар, шешен билер, ақылды, данышпан сұлтанда, батырлар атап көрсетілген.
Қорқыт Ата мұрасындағы адам мәселесі, оның өмір сүру қағидалары, мақсат-мұраттары және қоғам мен ұлттық болмыс хақындағы әлеуметтік-тұрмыстық толғаныстарына алып келеді. Онда халқының болашағы, жалпы адамгершілік құндылықтар мен қасиеттерді сақтау, тәлім-тәрбие, ата салтын, дәстүрін құрметтеу мен қастерлеу туралы кеңінен айтылған. Қорқыт атаны қазақ, жалпы түркі халықтарының мәдени-дәстүрінің негізін салушылардың бірі деп қарастыруға болады.
Қорқыт Ата дана-ақылшы ретінде оның тағылымдық көзқарастары ең алдымен даналық тұжырымдар арқылы берілетін өсиетнамалардан, ғибратнамалардан тұрады. Әрбір жыр соңындағы қорытынды сөздерінің ақыл-кеңес пен батасы, тәлімдік-тәрбиелік ой толғаныстарынан байқалады.
Оның дидактикалық тұрғыдан берілетін нақыл сөздерінің, оның ішінде ата-салтын қастерлеу, жалпы адамзаттық, адамгершілік құндылықтар туралы айтқан қағидалары бүгін де өз мәнін жойған жоқ. Нақыл сөздердің тәрбиелік мәні теренде жатыр.
Қорқыт атадан қалған нақыл сөздерінен мысал келтірсек:
«Тәңірге сиынбаған адамның тілегі қабыл болмайды»
«Тәңірі пендесінің маңдайына не жазса, сол болады”.
“Менмен, тәкаппар адамды тәңірі сүймейді».
Басқалардың өзін жоғары ұстаған адамға тәңірі бақ бермейді”.
“Өзіңнен тумаса ұл өгей: қаншама бағып, қаққанмен ол саған ұл болмайды».
Ер жетіп, ат жалын тартып мінген соң өз жөніне кетеді, бәлки ол тәрбиелеген адамға көрдім-білдім деген де сөзді айтпас”.
“Анадан өнеге көрмеген қыз жаман, атадан тағылым алмаған ұл жаман. Ондай бала ел басы құрап, үйінен дәм беруге де жарымайды”.
“Ананың көңілі балада болар”.
“Ақылсыз баладан ата дәулетінен қайран жоқ”.
Қорқыт Ата өзінің ел-жұртына тағы мынадай өсиет айтқан:
“Батыр туған жігіттің садағының оғы да қылыштай кесіп түседі”
“Атаның атын былғаған ақылсыз баланың әке омыртқасынан жаралып, ана құрсағында шырланып, тумағаны жақсы”
“Ата даңқын шығарып, өзінің тегін қуған балаға ешкім жетпейді”
“Өтірік сөз өрге баспайды, өтірікші болғаннан, жарық көріп, өмір сүрмеген көп артық”.
Біріншіден, Қорқыт — шамандық дін өкілі.
Екіншіден, бұл аңызда адам баласының мәңгілік өмір жөніндегі арманы жатыр.
Үшіншіден, өмірді ұзартса, артында қалатын өнері ғана ұзартады деген идея жатыр.
Осы аңыздан Қорқыт атаның өмір сүйгіштік дүниетанымы күнделікті күйкі тірліктің шеңберінен шыға білу және адамзат үшін әрбір тіршілік сәтінің құнды екенін ескерту, қайталанбас уақытты қадірлеуге шақыру, сол арқылы өмірді мәңгілік етуді ансағандығын білеміз.
Қорқыт ата өзінің жырлары арқылы ұрпақтарын алауыздықтан аулақ болуға, еңбекті құрметтеуге, ерліктің қадірін біліп, батырлыққа бейімдейді.
Қорқыт ата- халық ұстазы болды.
Ол әйелдің түрлерін салыстыра сипаттап, әйел-ананың қоғам дамуына негіз болатындай ұлағатты болуын уағыздайды.
Қорқыт жырларында әйел ананың ақыл-ойы, ерге беріліп, ел үшін ерлік жасауы, ана абыройы қастерлене баяндалады.
Сондықтан ананы құрметтеу, ананы аялау, ананың абыройын ардақтау - кісіліктің белгісі, ердің инабаты, ұлттың ұлағатты қасиеті деп айтқан. Осы ойын жырларына өзек етіп, ұрпағын ананы ардақтауға баурайды.
Қорыта айтқанда, Қорқыт Ата мұраларының Қазақстанның тарихы мен мәдениетінде алатын орны зор. Қорқыт мұраларынан тағылым ала отырып, өткен замандағы тарихи құндылықтардың мәнін жоғалтпай сақтай білу, ұлттық тарихымызды жаңаша зерделеу, ұлттық сана мен рухани дүниені кеңейту - XXI ғасыр ұрпағының парызы.