Азіргі әлемнің геосаяси құрылымын талдаңыз
Геосаясат – бұл саяси ғылымдар теориясының іргелі ұғымдарының бірі, ол мемлекеттердің немесе мемлекеттер блоктарының аумақтық – кеңістікте орналасу ерекшелікті жағдайының негізінде локальдық, аймақтық, құрлықтық және жаһандық халықаралық үрдістерге нақты тарихи ықпал етудің формасы мен орнын сипаттайды. Геосаясаттың тарихи қалыптасуы оның пәні мен анықтамасын зерттеулерге байланысты. Геосаясатқа арналған жарияланымдардың молдығына қарамастан, «геосаясат» ұғымына берілген анық анықтама бар деп айта алмаймыз. Қазіргі әлемнің геосаяси архитектурасы геосаясат субъектілерінің (әлем қауымдастығы субъектілерінің) жиынтығынан, өздерінің жеке және ортақ мүдделерін жүзеге асырудағы олардың стратегиясынан, әрекетінен және өзара қатынасынан тұрады. Ол әлемдік саясаттың, халықаралық қатынастардың мынандай субъектілерін – мемлекетті, үкіметаралық және халықаралық үкіметтік емес ұйымдарды, сондай – ақ геосаяси орталықтарды өзіне қосқан. Геосаяси орталықтардың негізгілеріне әлемдік саясаттағы ірі акторларды – Еуропаны ( Еуропа одағы келбетіндегі), АҚШ –ты, Азия –Тынық мұхиты аймағын және Ресейді жатқызуға болады. Еуропа Одағы ( ЕО) – федеративті мемлекет элементтерінен тұратын мемлекетаралық, аймақтық масштабтағы конфедеративтік бірлестік. Халқы 500 млн. адамнан асады. Еуроодақты құрудың бастамашысы- Франция мен Германия. ЕО 1992 жылы 12 еуропа мемлекеттері қол қойған Маастрих келісімшарты негізінде 1993 жылы құрылды. Қазір оның құрамында 28 ел бар. Еуроодаққа бірігудің мақсаты – саяси, экономикалық және валюта одағын құру, адамдардың, капиталдың, тауарлар мен қызмет көрсетудің еркін қозғалысы негізінде біртұтас экононмикалық кеңістік қалыптастыру. Еуроодаққа тән белгілерге келесілерді жатқызуға болады: біріншіден, ЕО – біртұтас геосаяси, экономикалық және әлеуметтік-мәдени кеңістік. Онда ортақ институттар, ортақ азаматтық, ортақ валюта – евро орнатылған. Ортақ саяси институттардың қатарына: Еуропалық Сот; Орталық экономикалық институттарға: Еуропаның валюта институты, Еуропаның орталық банкі жатады. Екіншіден, Еуропа біртұтас өркениет іспетті, дәлірек айтқанда Батыс өркениетінің еуропалық субмәдениеті. Ол біртұтатас географиялық кеңістік қана емес, сонымен қатар, еуропа халықтарының ұзақ бірге өмір сүруі мен дамуының нәтижесі ретіндегі тарихи – мәдени біртұтастық. Үшіншіден, ЕО Шығысқа қарай кеңейуі оның даму тенденциясы болып табылады. 2004 жылы Еуроодаққа қатысушы елдердің саны Орталық және Шығыс Еуропа және Балтика мемлекеттері есебінен 10 есе артты. Бұл Ресейдің есебінен Еуропаның геосаяси позициясының күшейгендігін білдіреді. ХХ ғасырдың соңына дейін аталмыш елдер Ресейдің геосаяси ықпалында болып келген еді. Төртіншіден, әлемде Еуропаның позициясын сақтау мен нығайтуға арналған ортақ жалпыеуропалық нарықты қалыптастыру келесі бір тенденция болып көрінеді. Еуроодақ өз мемлекеттерінің Дүниежүзілік Сауда Ұйымына (ДСҰ) қатысуы жағдайына орай өз тауарларын табысты қорғайды. Аса экономикалық дамыған мемлекеттердің, мысалы, АҚШ ДСҰ қатысуы оған қатысушы басқа елдердің ұлттық нарықтарына кіруге және еркін бәсеке жағдайында өз тауарларымен оларды басып алуға мүмкіндік алатыны белгілі. Бесіншіден, Еуроодақтың болашақта әлемнің ықтимал биполярлы геосаяси моделі болатын екі геосаяси полюстің біріне айналары жоққа шығарылмайды. Қазіргі уақытта бұған Еуропа ықпалдастық үрдістерінің аяқталмауы, келіспеушілік пен талас – тартыстың болуы, АҚШ тарапынан тосқауылдардың қойылуы кедергі келтіріп отыр. Алтыншыдан, Еуропаның болашақ құрылысы екі формада болуы мүмкін: мемлекеттердің тең құқылы одақтастығын білдіретін конфедерация формасы немесе болашақта Еуропа державасын құруға мүмкіндік беретін федерация формасы. Жетіншіден, Еуроодақ елдерінің басым көпшілігі батыс өркениетінің «әскери - саяси құралы» болып саналатын НАТО мүшесі, оны қалыптастыруда геосаяси классиктері Х. Маккиндердің, К. Хаусхофердің, А. Мэхэннің, Н.Спайкменнің және Коэннің идеялары жақсы қызмет етті. Еуроодақ көшбасшыларына келетін болсақ, онда олардың саясатында айтарлықтай өзгешеліктер бар. Франция өзінің АҚШ – тан тәуелсіздігін көрсетті. Аймақтық көшбасшы болып дамуға тырысады. ЕО құрудың есебінен біріккеннен кейін құрлықта айтарлықтай нығайған Германияның позициясын әлсіретуге қарсы емес. Өз кезегінде Германия, АҚШ-пен қатынасын өзгертпей – ақ, құрлықтағы өзінің ықпалын ең алдымен орталық Еуропа және Шығыс Еуропа, сонымен қатар Балтық мемлекеттер есебінен кеңейтуге тырысуда. Германия Еуропаның геосаяси осі болуы мүмкін. Англия толықтай АҚШ – тың қолтығының астында келеді. Еуропа Одағының өзіне тән геосаяси тұжырымдамасы бар. Ол 1970 жылы « ЕО геосаяси тұжырымдамасы» деген атпен дайындалған еді. Оның негізіне « азаматтық күштер» идеясы алынған, оған сәйкес сыртқы саяси міндеттер әскери күш позициясы тұрғысынан ( мұны АҚШ көбірек жасайды) шешілмеуі тиіс, керісінше ынтымақтасу арқылы, экономикалық тетіктердің әсерін қолдану арқылы ( соның ішінде, қажет болған жағдайда экономикалық санкция жасау), әр жақ өзіне қайсыбір функциялар мен міндеттерді алып жалпы құрылымды қолдану арқылы шешілуі қажет [7]. Күш қолдану немесе қауіп – қатер жасаудан бас тарту идеясы Хельсинкиде өткен Еуропа қауіпсіздігі мен ынтымақтастығы кеңесінің жұмысының барысында пайда болған еді. Еуроодақ елдері және АҚШ батыс өркениетінің ажырамас құрамдас бөлігі болып саналады. Алайда, олардың арасындағы қатынаста бірқатар қарама – қайшылықтың, айталық, Иракқа басып кіру сияқты орын алып отырғандығы сипаттады. Бұл қарама – қайшылықтар Еуропаның бірлігін бөліп жіберді және шоғырландырушы әлеуетін бұзды; Еуропа АҚШ – тың халықаралық институттарды мойындамауына қарсы ( мысалы, Югославияға қарсы агрессия кезінде БҰҰ мұндай оқиғаға кезікті); Еуропа сондай –ақ Құрама Штаттардың Американың стратегиялық мүдделерін шешуде басқа елдердің мүдделерін жоққа шығаруына қарсы, өйткені бұл антиамерикандық және антибатыстық көңіл – күйді және әлемнің өзге елдерінен АҚШ- тың және батыс елдерінің оқшаулану қаупін тудырады; Еуропа АҚШ –пен салыстырғанда әлемнің басқа аймақтарындағы орнықтылық пен тұрақтылықты қолдайды және аймақтық істерге араласпауды қолдайды. Осымен байланысты жарты ғасыр әлемде орнықтылық пен тұрақтылықты қамтамасыз еткен геосаяси биполярлы әлемдік құрылыс конструкциясы ыдырығаннан кейін «қырғи-қабақ соғыстың» басты жеңімпазы ретінде әлемді бірполюстікке өткізуге барынша тырысқан екі ұлы державадан бір ғана –АҚШ қалғанын айтуымыз қажет. Сөйтіп, АҚШ биполярлы жүйе ыдырағаннан кейін қалыптасқан вакуумды толтырды. АҚШ планетамыздағы бірден – бір негізгі геосаяси күштердің орталығы екені белгілі, оған келесі сипатты белгілер тән: біріншіден, әскери, экономикалық, технологиялық, ақпараттық қатынастарда және мәдени ойын – сауық салаларында әлемдегі ең қуатты держава. Сонымен бірге АҚШ – тың бас болу жағдайы оның халықаралық институттарда (ХВҚ, БСҰ, Бүкілдүниежүзілік Банк, Қайта құру және даму банкі), НАТО және т.б. басымдығымен түсіндіріледі. Екіншіден, әлемдегі жаһандану және жаңару үрдістері АҚШ – тың бақылауында. Үшіншіден, ол әлемде бірполярлы конструкция құруға тырысуда.