ЛттыҚ киім
Қазақ халқының ұлттық киімдері – этникалық, экономиялық және климаттық жағдайлар ескеріліп, ежелгі дәстүрлер бойынша тігіледі. Қазақтарда ішкі, сырттық, сулық, бір киер, сәндік және кейбірінде салтанат-ғұрып киімдері болады. Бір киер киім деп қымбат маталардан әшекейлеп тігілген, той-думандарға, жиындарға барғанда, жат елге сапарға шыққанда киетін сәнді киімдерді атаған. Қазақ салтында ер жігіт соғысқа барарда киімдердің ең жақсы, таңдаулысын киген.
Ішкі киімдері: көйлек, дамбал, желетке, кәзекей; сырт киімдерге: шапан, күпі, кеудеше, тон, шидем; сулық киімдерге: шекпен, қаптал шапан, кебенек кенеп, сырттық жатады.
Қазақтың ұлттық киімдері мәуітіден, жүн және жібек матадан, киізден, аң терісінен тігіледі. Қазақтар құланның, ақбөкеннің, жолбарыстың, жанаттың, бұлғынның, сусардың, ақ тышқанның терілерін ерекше қымбат бағалайды. Бұл аңдардың терілерінен тондар тігілді. Астарына құнды аң терісі салынған тон – ішік деп аталды. Осы аң терісіне сәйкес бұлғын ішік, жанат ішік, қасқыр ішік, күзен ішік болып бөлінеді. Ішіктердің сыртын шұға, мәуті, барқыт, атлас, торғын сияқты бағалы маталармен тыстаған. Ішіктер кейде әдепті, оқалы, қайырма жағалы болып тігілген.
Қазақ шапандары алдыңғы екі өңірі, екі жең және жағасын ойып пішіледі. Ұлы жүз қазақтарының шапандары көбінесе жолақты, сырмалы, етек-жеңдері ұзын, әшекейлі келсе, Орта жүз тұрғындарының шапандары көбінесе бір беткей матадан, сырусыз, жеңдері кең, жағалары шолақ оймалы немесе түймелі болған. Кіші жүздің шапандары жеңдері ұзын және кең, жүн тартқан, қалың, қайырма жағалы болып тігілген.
Қазақ әйелдерінің ұлттық киімі, негізінен, көйлек, кимешек, жаулық, сәукеле, желек, тақия, камзол, кәзекей, кебіс-мәсі, көкірекшеден тұрады. Әшекей, ажар жағынан төрт топқа арналып тігіледі. Олар қыз киімдері, келіншек киімдері, орта жастағы әйелдер мен бәйбішелердің киімдері. Қыз киімдері кеуделері тар, қынамалы, жаға, жең, кеудесі, өңірі кестелі, әшекейлі келсе, жас ұлғайған сайын неғұрлым етекті, кең, мол қаусырмалы бола түседі.
Еркектер мен әйелдер бас киімі әр түрлілігімен ерекшеленді. Еркектердің ежелден келе жатқан дәстүрлі бас киімі – қалпақ жұқа ақ киізден тігілді. Бұлардың ақ киізден төбесі биік етіліп жасалғаны "ақ қалпақ”, ал жалпақ күнқағары жоғары бүктеліп қайырылғаны “айыр қалпақ” деп аталды. Көктем мен күзде қазақтар дөңгелек пішінді, төбесі биік, міндетті түрде аң терісімен жиектелген бөрік киген. Қыста киетін бас киім “тымақ” деп аталды.
Қыздардың бөріктері алқалармен және төбесіне үкінің қауырсындары тағылып сәндендіріледі. Қыздардың құндыз, кәмшат терісімен жиектелген бас киімдері “кәмшат бөрік” деп, алтынмен кестеленгені “алтын бөрік”, маржандармен әшекейленгені “маржан бөрік” деп аталды.
Барқыттан немесе қамқадан тігілген жаздық жеңіл бас киім – “тақия” үкінің қауырсынымен, күміс және алтын кестелермен әшекейленді. Әйелдердің бас киімдері арасынан неғұрлым өзіндік сән-салтанатымен ерекшеленетін қыздардың тұрмысқа шығардағы бас киімі – сәукеле болды. Төбесі үшкірленіп, биік етіліп тігілетін ол алтын және күміс тиындармен, інжу-маржандармен, алқалармен безендірілді. Алғашқы нәрестесі дүниеге келісімен жас әйел ақ матадан тігілетін бас киім – кимешек киген.