Шаруа (фермер) қожалықтарының жер пайдалануының құрылуы
Қазақстан азаматтарына жер келесі мақсаттар мен қажеттіліктерге беріледі: шаруа (фермер) қожалығын, жеке меншікті қосалқы шаруашылық жүргізу үшін, бау-бақшаға, мал өсіруге, құрылысқа, тұрғын үй шаруашылығын жүргізу және саяжай салу үшін.
Қазақстан Республикасы азаматтарына шаруа (фермер) қожалығын жүргізу үшін жер учаскелері жеке меншік құқығымен немесе өтеулі уақытша жер пайдалану құқығымен 49 жылға дейін, ал шалғайдағы мал шаруашылығын жүргізу үшін, маусымдық жайылым уақытша өтеусіз жер пайдалану құқығымен Жер кодексіне және Қазақстан Республикасының шаруа (фермер) қожалығы туралы заңдарына сәйкес беріледі [1, 101 бап].
Жаңадан жер иелігін немесе жер пайдалануды құрғанда жер алушының алдына қойған мақсатына байланысты жерге орналастыру жұмыстарының көлемі мен мазмұны әртүрлі болады. Мысалы шаруа қожалығы құрылғанда жерге орналастыру жұмыстарының барлық кезеңдері орындалады: жерге орналастыру мәселесін көтеру; дайындық жұмыстары; жобаны жасау; жобаны қарау, бекіту; жобаның шешімін жер бетіне көшіру, тиісті құжаттарды тағайындап иесіне тапсыру.
Шаруа қожалығын құру, ол үшін жер бөліп беру және басқа жер пайдаланулардың және жер иеліктерінің құрылу заңдық және теориялық негіздері келесі құжаттар болады: «Жер кодексі» 20.06.2003ж. №442-ІІ, «Жер реформасы жайында», «Шаруа (фермер) қожалығы туралы» ҚР заңы» 31.03.98ж. N 214-I., ҚР Президентінің заң күшіне ие Үкімдері: «Жер қатынастарын жақсарту жайында» 5.04.94ж. №1639, «Жер жайында» 22.12.95ж. және т.б.[19, 20, 21, 22].
Қазіргі заңдылық бойынша шаруа қожалықтарына үлестері мына жерлерден беріледі: бұрынғы мемлекеттік ауылшаруашылық жұмысшыларына және ұжымшар мүшелеріне сол шаруашылықтардың жерлерінен; ҚР басқа азаматтарына - аудандық арнайы жер қорынан немесе жер қорынан беріледі; босқындарға, эмигранттарға - арнайы жер қорынан немесе эмигранттық қордан беріледі.
Шаруа қожалығына жер иелікке және арендаға беріледі. Бұл екі жағдайда да жерге орналастыру жұмыстары бірдей болады, тек қана пайдалану құжаты бірінші жағдайда - мемлекеттік Акт, ал екінші жағдайда - арендалық келісім. Арендалық келісімде арендаға берілушілер мен алушылардың құқықтары және міндеттері беріледі және олардың арасындағы экономикалық келісім-шарттар көрсетіледі.
Шаруа-фермерлік қожалықтарының үйлері елді мекенде орналасса үй қасындағы учаске иелікке беріледі. Ол жер шаруа қожалығының жер пайдалануына кірмейді, оның мөлшері: 0,25га - телімі, 0,15га - суарылатын жерлерде.
Шаруа қожалығының жер телімі үй қасындағы және далалық (бірнеше далалық) бөліктерден тұрады. Шаруа қожалығы жер телімін қай жерден алса да өз еркі:
- далалық (бір,екі немесе бірнеше бөлек жерлерде беріледі, үй қасындағы жер бөлігі - ауылда, селода орналасады);
- хуторлық (үйі жер телімінде орналасады);
- кооперативтік (бірнеше жер телімі біріктіріледі, жұмыстарын бірігіп істейді.
Жердің топырағының құндылығына, рельефке, ауыл шаруашылық алқаптардың бытыраңқы орналасуына, сумен қамтамасыз етілуіне қарай, егістік, мал азықтық және басқа алқап түрлерінен тұратын далалық жер бөлігі бір немесе бірнеше жерде, басқа жер пайдаланулармен жолақтана орналасуы мүмкін.
Бірақ әр шаруа қожалығының жер бөлігінің неғұрлым біртұтас болуына немесе бірнеше шаруа қожалықтарының жер бөліктерінің қатар орналасуына тырысу керек. Бірнеше шаруа қожалықтары жер өңдеу жұмыстарын бірігіп істеуге, өндірістік және әлеуметтік проблемаларын бірігіп шешуге жер бөліктерінің іргелес болғаны өте ыңғайлы. Мысалы: эрозияға қарсы шаралар жүргізу; тыңайтқыштар, гербицидтер және пестицидтер енгізу; жол және басқа инженерлік коммуникацияларды салу.
Кооператив мүшелері мүшеліктен шығып, жеке шаруа қожалығын құрғысы келсе, сол шаруашылықтан бөлініп алынған жерлер беріледі. Ол жерлердің кадастрлық құны осы шаруашылық бойынша орташа кадастрлық құнға сәйкес болуы керек. Ал жер бөлімінің көлемі ұжымның бекіткен мөлшерімен немесе өкіметтің аудандық органымен бекітіледі.
Басқа адамдардың жер үлесінің мөлшері орташа аудандық жер қамтамасыздығына және жанұяның құрамына байланысты болады.
Жер телімі берілу үшін мына құжаттар керек:
1) шаруа қожалығымен айналысқысы келген адамның өтініші. Бұл өтініште сұралған жер бөлігінің орны, көлемі, шаруа қожалығының құрамы және шаруа қожалығының айналысатын ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізудің қысқаша бағдарламасы және сол бағдарламадағы жерді тиімді пайдалану дәлелі;
2) аудан әкімшілігінің шаруа қожалығына жер беруі және сол жердің көлемі жайында шешімі;
3) аудандық әкімшіліктің шаруашылық бойынша орташа жер бөлігінің көлемі жайында шешімі;
4) селолық әкімшіліктің шаруа қожалығының жанұясы жайында анықтамасы: онда әр мүшесінің тегі, аты, әкесінің аты көрсетілген.
Дайындық жұмыстары жалпы жаңа жер иеліктерін және жер пайдалануларды құру жобаларын жасағандағыдай орындалады. Оларға қосымша келесі жерге орналастыру жұмыстарын орындау қажет:
1) шаруашылық бойынша топырақ бонитеттеу материалдарын зерттей отырып, ауылшаруашылық алқаптарының орташа бонитет балын анықтау керек;
2) шаруа қожалығының сұраған жер телімі бойынша көшірме жасалып, оның бонитет балы есептелінеді және ол жер берілетін шаруашылық бойынша орташа балмен салыстырылады;
3) дала ізденіс жұмыстарын жүргізу арқылы шаруа қожалығы сұраған жерлердің, олардың ауылшаруашылық алқаптары бойынша құрамының, орналасуының шаруа қожалығының шаруашылық жүргізу бағдарламаларына сәйкес келуі тексеріледі, трансформациялау, ауыл шаруашылық алқаптарын жақсарту мүмкіншіліктері анықталады;
4) шаруа қожалығының үй жанындағы және дала жер бөліктерінің көлемі, сапасы, орналасатын орны жайында тілектері анықталады.