Биязылау жүнді қой тұқымдары
Линкольн қой тұқымы. Бұдан екі ғасыр бұрын Англияда Линкольн графствосында шығарылған аса ірі қой тұқымдарының бірі. Салмағы жағынан гиссар, еділбай қойларына жақын, өте тез жетілгіш, етті-жүнді қой. Сондықтан да оны ағылшынның тез жетілгіш етті-ұзын жүнді қой тұқымы деп атайды. Қойдың тұрқы ұзын, арқасы түзу, тақтайдай жалпақ, қабырғасы дөңгеленіп, сан еттері толық, бөлектеніп тұрады. Жүнінің жіңішкелігі 40-44 сапада, ұзындығы 20-30 см.
Линкольн қойы жем-шөпке өте талапты, азық жетіспесе өнімділігі де саулығы да күрт төмендеп кетеді.
Қошқарлары 120-140 кг, саулықтары 70-90 кг. Бордақыланған тоқтыларының өзі 90 кг-ға дейін жетеді. Қошқарларынан 8-10 кг, саулығынан 6,0-6,5 кг жүн қырқылады. Таза шығымы 60-65%.
Линкольн көптеген елдерде, сондай-ақ Қазақстанда етті-биязылау жүнді қой тұқымдарын шығаруға пайдаланылып келеді.
Ромни-марш қой тұқымы Англияда шығарылған, ұзын да биязылау жүн беретін тұқым. Қазіргі кезде ромни-марш тұқымы Жаңа Зеландия, Аргентина, Уругвай елдерінде қойының жартысынан көбін құрайды. Басқа елдерде де өсіріледі.
Ромни-марш қойы ірі, конституциясы берік, дене бітімі линкольнға ұқсас, бірақ ұсақтау. Қошқарлары 120-140 кг, саулықтары 70-80 кг. Жүні биязылау, жіңішкелігі 44-56 сапада, қошқарлары 6-8 кг, саулықтары 4-5 кг жүн береді, ұзындығы 10-20 см. Ромни-марш Қазақстанда жаңа тұқымдар шығару үшін қолданылған.
Фин ландрасы қой тұқымы – Аты айтып тұрғандай шығарылған отаны – Финляндия. Кеңес одағының кезінде Мәскеудің қасына бүкілодақтық мал шаруашылығы ғылыми зерттеу институтына біраз мал әкелініп өсірілген. Сол жерде Қазақстанда ғалым-селекционерлері де қойдың төлшілдігін арттыру үшін пайдаланған.
Фин ландрасының ерекше жақсы қасиеті – төлшілдігі. Әр 100 аналықтан 250-270 қозы өсіруге болады. Жақсы бағып-күтілген жағдайда қошқары 80-90 кг, аналықтары 55-60 кг тартады. Жүні ақ, биязылау, сапасы 58-48 арасында, ұзындығы 10-12 см. Орта есеппен әр қойдан 2,5-3,0 кг, қошқарларынан 4-6 кг жүн қырқылады, таза талшық шығымы 60-65%. Бұл қойлардың ерекшелігі - құйрығы қысқа және жүнсіз келеді, құлақтары да қысқа (шұнақ) өте қимылдағыш.
Фин ландрасы әр жерге жақсы жерсінеді. Жер жүзінде қой төлшілдігін арттыру үшін кеңінен пайдаланылады. Қазақстанда қой шаруашылығы ғылыми зерттеу институтында осы тұқымды пайдаланып (академик Қ.У. Медеубеков, профессор К.М. Қасымов) 170-175 қозы беретін қой тобын шығарып жүр.
45-Сурет. Ромни-марш қойының қошқары
Сараджы қой тұқымы жартылай қылшық жүнді қой тұқымдарына жатады. Түркменстанның қатал континентальды ауа райында, құм мен құмайт жайылымдарында және таңдау арқылы шығарылған түбіті көп жақсы ұяң жүн беретін қой тұқымы. 1950 жылдары жүн өнімділігін жақсарту үшін сараджы саулықтары дегерес қошқарларымен кіріспе будандастырылды. Нәтижесінде Сараджы қойының жүн түсімділігі артып сапасы жақсарды. Басқа табиғаты көп өзгерген жоқ. Қойлары қатаң жағдайларға өте көнбіс, жыл бойы жайылымда ұсталады, тек суық кезінде ғана аздап жем беріледі.
Сараджы қойының жүні әртекті болғанымен де басым көбі түбіт пен аралық талшықтан тұрады, тек 6-9% ғана өте ірі емес (60-65 мкм) қылшық жүнді болады. Құрғақ, өлі талшықтары өте сирек кездесуі мүмкін. Қырқылғанда жүн тұлымдарының ұзындығы 12-19 см, ал түбіті 8-9 см болады. Жүні ақ түсті, сусыған жібектей жұмсақ, күмістей жылтыр, жүн талшықтары біркелкі. Өте сирек те болса, кейбір қойларда қоңыр, қара талшықтары болуы мүмкін. Бүкіл әлемге әйгілі Түркмен кілемдері осы қойдың жүнінен тоқылады. Басқа да тоқыма кездемелерге трикотаж бұйымдарын жасауға пайдаланылады.
Сараджы қошқарлары 85-90 кг, саулықтары 55-60 кг, құйрығы 7-8 кг. Қошқарларынан 4-7 кг, саулықтарынан 3,0-4,5 кг жүн қырқылады, шығымы 65-70%.
Сараджы қой Орталық Азия республикаларының шөл мен шөлейт жерлерінде кеңінен пайдаланылып келеді. Қазақстанда көп пайдаланылып келді. Жергілікті құйрықты қойлармен будандастыру арқылы қазақтың ұяң жүнді қой тұқымы шығарылды. Сондай селекциялық жұмыстардың арқасында Тәжікстанда тәжік қойының, Қырғызстанда Алай қойының тұқымы шығарылды.
Тәжік ұяң жүнді қой тұқымы (1948-1963 ж.ж. шығарылған). Тәжікстанда ертеден ең ірі, еттілік-майлық өнімі ең жоғары сол жердің жайылымына әбден жерсінген гиссар қой тұқымы өсіріліп келеді. Оның жүн өнімділігі өте төмен, сапасы нашар. Сол өнімін жақсарту үшін академик Г.А. Алиевтің басшылығымен гиссар қойының саулығы сараджы тұқымының қошқарларымен будандасытырылды. Бірінші ұрпағынан бастап будандардың ұнамдыларын таңдап, “өзара” шағылыстырылған. Кейіннен алынған ұрпақтарды линкольн х гиссар будандарымен де шағылыстрған. Олардан алынған ұрпақтардың еркек қозыларын етке, ал ұрғашы қозыларын аналық ретінде пайдаланған. Осындай күрделі өсіру будандастыру жұмыстарының арқасында ірі, жоғары өнімді ұяң жүн беретін қой тұқымы шығарылған.
Тәжік қой тұқымының етті-майлы өнім беру қасиеттері өте жоғары, сонымен бірге ұяң жүн өнімі де жақсы.
Дене құрылысы сұлу, дене бітімі мықты, тез жетілген. Гиссар қой сияқты ірі, құйрығы жақсы дамыған. Қошқарлары 120-130 кг , саулықтары 70-80 кг. Жүні сараджы қойынікі сияқты ұяң, түсі ақ, жылтырлығы жақсы, тұлымының ұзындығы 20 см, түбіті 10 см, ал аналықтарында тиісінше 16 см және 7,5-8 см. Қошқарлардан 4,5-4,85 кг, саулығынан 2,9-3,1 кг жүн қырқылады. Шығымы 68-72%. Жүнінің жалпы бағасы жақсы, кілем тоқу үшін өте құнды шикізат болып есептеледі.
Тәжік қой басқа жерлердегі қой тұқымдарын жақсарту үшін де пайдаланылады. Сол мақсатпен Қазақстанда да пайдаланып келеді. Ол тұқым қазақ құйрықты ұяң жүнді қойын шығаруда, өндірістік будандастыру үшін көптеп пайдаланылды.
46-Сурет. Сараджа қой тұқымының қошқары
47-Сурет. Тәжік ұяң жүнді қой тұқымының қошқары
Алай қой тұқымы – 1954-1981 жылдары Қырғызстанда Алай алқабында шығарылған. Жергілікті қойларды Прекос қошқарларымен будандастырып отырып сараджа қошқарларын пайдаланған. Алай қойы етті-майлылығымен және жақсы ұяң жүнділігімен ерекшеленеді. Сүйегі мықты, денесі жақсы біткен, құйрығы орташа. Қошқарлары 85-105 кг, аналықтары 55-62 кг тартады. Қошқарлары 4,5-5,5 кг, аналықтары 2,5-3,0 кг жүн береді. Ұзындығы 17-30 см, түбіті 8-12 см. Таза жүн шығымы 65-70%.
Алай қойы басқа қойлардың өнімділігін жақсарту үшін пайдаланылып жүрген қой тұқымы. Қазақстанда да қазақ ұяң жүнді қойын шығаруға қатысты, сонымен қатар өндірістік будандастырып, ет өндіру үшін де кеңінен пайдаланылып келеді.