Ойдың ет өнімділігіне әсер ететін факторлар
Қойдың ет өнімділігіне мына сияқты бірнеше факторлар әсер етеді—тұқымы, жынысы, жасы, денсаулығы, қондылығы, азықтандырып күтіп-бағу жағдайы және тағы басқалары ықпалын тигізеді.
Қойдың тұқымы.Дүние жүзінде қазіргі уақытта алты жүзге жақын, ал біздің елімізде 50-ден аса қой тұқымы өсіріледі. Орналасу жер жағдайына қарай олардың өнімінің басты түрі жүнді-етті, етті-жүнді және сүтті, етті-майлы және т.б.
Қой шаруашылығының интенсивтендіру кезіндегі қажетті шарттардың бірі, қойдың тез өсіп - жетілуі. Мұндай қасиет құйрықты қойда, әсіресе еділбай қойында бар. Сондай-ақ қойдың еттік-жүндік бағытындағы биязылау жүнді тұқымдарында байқалады. Мәселен, еділбай қойының 4 айлық еркек қозылары 40 кг тартса, биязы жүнді қой тұқымдарынікі 30-33 кг-нан аспайды.Осыған сәйкес 1 кг салмаққа жұмсалатын қоректік заттардың шығыны да еділбай қойында едәуір төмен, ал бұның өзі экономикалық жағынан маңызды мәселе.
Қойдың жынысы. Америка Құрама Штаттарының ғалымдары жүргізген бір тәжірибеде бордақылау еркек тоқтылардың, сондай жағдайдағы ұрғашы және піштірілген тоқтыларға қарағанда тәуліктік салмағы 15 пайызға жоғары, ал бір өнім өлшеміне жұмсалған азық шығыны 7 пайызға төмен болған. Бірақ, 1 ұрғашы немесе 1 піштірілген тоқтыны сақтағандағы пайда, 1 еркек тоқтыға қарағанда, 20 пайызға жоғары болған. Бұны ұрғашы және піштірілген тоқтылардың етінің мейлінше сапалы болуынан, ұшадағы бұлшық ет пен майдың жақсы дамымағандығынан деп түсіндіреді. С. В. Буйлов т.б. жүргізген бір тәжірибеде, жайып семіртілген Куйбышев тұқымының ерекек қозыларының ұшасы піштірілген қозылардыкіне қарағанда 4-5 % ауыр болған, ал бірақ піштірілген қозылардікі еті сапалы келген. Піштірілменегендерге қарағанда, піштірілген қозылардың сойыс шығымы 1,4 пайызға, етінің калориялығы 64 ккал жоғары болған. Ет пен сүйектің ара – қатынасы піштірілмеген қозыларда 3,00:1, піштірілгендерде –3,22:1 болып келген.
Қорыта келгенде, қозыларды етке арнап өсіргенде, піштірілмеген еркек қозылар тез салмақтанып, піштірілгендерге қарағанда етті едәуір көп береді, бірақ етінің сапасы жағынан піштірілген қозылар артық бағаланады. Бұл айырмашылық күн өтіп, жасы асқан сайын айқындала түседі.
Қойдың жасы. Қозының жасы асқан сайын өсу қарқыны бәсеңдейді. Мәселен, қозының салмағы туғаннан кейінгі бірінші айда 3-4 рет жоғарыласа, енесінен бөлгеннен кейінгі үш айда өсу қарқыны 2 есеге дейін түседі және төмендеуі жалғаса береді. Сонымен бірге бұлшық еттің сыбағалы салмағы сүйекке қарағанда туғаннан үш айлығына дейін 2,5-2,7 есе, 3-тен 5 айлығына дейін 1,3 есе және 5 айлығынан өсу кезеңінің аяғына дейін 1,2 есе өседі. Қозының жасы асқан сайын бұлшық еттің талшықтары жуандайды, коллаген талшықтары қысқарып, иленгіш талшықтарының саны көбейеді, соның әсерінен еті қаттылау болып келеді.
Қойдың өсу қарқыны бәсеңдеген сайын бір өнім өлшеміне жұмсалатын азық шығыны жоғарылай түседі. Қойдың бір кг салмақ алу үшін 6 айлығына дейін 4-5 азық өлшемі, бір жасына дейін 7-9 және ересек қойларда 10-12 азық өлшемі қажет. Сондықтан қозыларды жедел бордақылап 6-8 айлығында етке өткізу – ет өндірудің тиімділігін арттырып, сапасын жоғарылата түседі.
Азықтандыру жағдайы. Бордақылаудағы қойлардың азықтандыру деңгейі жоғарылаған сайын, бір өнім өлшеміне жұмсалатын азық шығыны төмендей түседі де, 1 кг салмаққа еңбек пен қаржы аз жұмсалады. Егер қозылардың орташа тірі салмағын 27 кг етіп бордақылауға қойып, 35 кг-ға жеткізіп етке өткізу керек болса, осы көрсеткішке жету үшін бірінші топқа 62 күн, бесінші топқа 27-ақ күн керек екен. Яғни қозыларға азықты мол беріп, жедел бордақылау әдісін қолдану, бордақылау мерзімін едәуір қысқартады.
Азықтандыру жағдайы бордақылау процесінің экономикалық көрсеткішіне ғана әсер етіп қоймайды, сонымен қатар, еттің сапасына да әсерін тигізеді. Мысалы, көп уақыт бойы азыққа жарымаған арық малды бордақылауға қойса, онда оның салмағының басым бөлігі май болып кетеді де, ет (белокты ет) аз болады.
Ұшаның төменгі сапалы болып келуі, қойды бордақылаудың басты кезеңіне жақсы азықтандырып, сонынан азықтандыру деңгейін төмендетіп жіберуден де болады. Сондықтан да, биологиялық жағынан бағалы ет алу үшін қойды әр уақытта жақсы азықтандырып, дұрыс күтіп-бағу керек.
Өнеркәсіптік будандастыру әдісін қолдану.Сапасы жоғары қозы етін өндіруде шаруашылыққа пайдалы бірқатар белгілері, ең алдымен, жетілгіштігі, одан соң еттілігі және қосымша салмағы мен азықты өтеу көрсеткіштері бойынша будандарда гетерозис құбылысын пайдалану мақсатымен тұқымдарды жай және күрделі будандастыру маңызды орын алады.
Қазақ технологиялық қой шаруашылығы ғылыми зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері А. Г. Племянниковтың жүргізген бір тәжірибиесінде — қазақтың құйрықты тұсақ саулықтары (орташа тірідей салмағы – 58 кг, көктемде қырқылған жүн 1,8кг) гемпшир типіндегі етті биязылау жүнді және жақсартылған жартылай қылшық жүнді етті - майлы қарғалы және еділбай қойларының жоғары өнімді тұқымдық қошқарларымен будандастырылады.
Тәжірибиенің нәтижесінде етті - майлы еділбай, қарғалы және гемпшир типіндегі етті жартылай биязы жүнді қошқарларының орташа тәуліктік қосымша салмағы бір жарым айға толғанға дейін тиісінше 437, 452 және 426 грамм, саулықтардан бөлген кезде, яғни 4,0 – 4,5 айға толғанда 292, 309 және 286 грамм болды.
Тәжірибелік топтағы будан қозыларды 4,5 – 5 айға толғанда бөлген кездегі еттілік сапасы мынадай көрсеткіштермен сипатталады: еділбай қошқарларының будан қозыларының тірідей салмағы орта есеппен – 37,7, қарғалы қошқарларының будан тоқтыларынікі 40 және гемпшир типті қошқарлардың будан тоқтыларының салмағы 36,5 кг болды.
Будан қозылардың барлық тобынан сойғанда алынған ет көп болды – 50,1 – 51,7% қозылардың ұшасын сорттап шаққанда және мүшелегенде 1 сортты ет 72,0 – 73,5%, сүйексіз ет 75,3 – 76,3%, сүйек 23,7 - 24,7% болды. Салыстырылып отырған будан қозылардың барлығының да ұшасы жоғары сапалы болды.
Қазақ қой шаруашылығы институтының басқа тәжірибелерінде де осыған сәйкес нәтижелер алынды. Соларды қорыта келгенде, аз өнімді саулықтарды тез жетілгіш, биязылау қысқа жүнді, ұяң жүнді және қылшық жүнді етті–майлы тұқымдардың қошқарларымен будастандыру, қой етін өндіруді арттыру мен оның сапасын жақсартудың тиімді тәсілі болып табылады.
Бордақыдағы қозылар мен сақа қойды азықтандыру межесі.Казіргі кезде қой шаруашылығы практикасында қой бордақылаудың әртүрлі әдістері бар (27 – кесте).
1) қозыларды 5—6 айлығына дейін тірілей салмағы 40-46 кг-ға жеткенше жедел бордақылап, жас қозы етін алу. Ол үшін қозыларға еміп жүрген кезде үстемелеп құрама жем беріп, жақсы азықтандырады да төрт айлығында енесінен айырады. Тәулігіне берілетін жемнің мөлшерін бордақылау аяқ кезінде 600—700 граммға дейін арттырады. Рациондағы бір азық өлшеміне келетін қорытылатын протеиннің мөлшері 100-150 граммға жеткізіледі. Сонда ғана майы аз белокты жас қозы етін алуға болады. Ол әрі дәмді, әрі сапалы келеді.
2) қозыларды 8-9 айлығына дейін, тірідей салмағы 50-55 кг-ға жеткенше орташа түрде бордақылап, сапалы қой етін алу. Ол үшін қысқа, ерте көктемде туған қозылар алынады. Бұл қозыларды 4 айлығында енесінен ажыратқаннан кейін жайылымда бағып, үстеме азық ретінде жем береді. Күзгі жайылым жеткіліксіз болса, қозыларды қолда бағып, бордақылауға көшіреді.
3) ересек малды бордақылау үшін бракқа шыққан саулық пен бойдақ қой алынады. Оларды негізінен жайып семіртеді. Қолайлы жағдай болған кезде қолда сүрлеме, жем, толық рационды түйіршік азықпен бордақылауға да болады.
Осы айтылған қой бордақылаудың әдістері үшін төмендегі азық нормасы ұсынылады.