Еңбек уақыты және демалыс уақыты
Жұмыс уақыты - қызметкер жұмыс берушінің актілеріне және еңбек шартының талаптарына сәйкес еңбек міндеттерін орындайтын уақыт, сондай-ақ Еңбек кодексіне сәйкес жұмыс уақытына жатқызылған өзге де уақыт кезеңдері.
Жұмыс уақытының заңдық ұғымының нышандары:
- еңбектің заңда, жұмыс берушінің актілерінде, ұжымдық немесе жекеше белгіленген ұзақтығы ретінде сипатталады;
- кәсіпорынның ішкі еңбек тәртібіне сәйкес жұмыскердің өз еңбек міндеттерін орындауға міндетті уақыт аралығы;
- еңбек ұзақтығын және жұмыс бойынша міндеттерді реттейтін норма ретінде сипатталады;
Еңбек жағдайларын, оның ішінде жұмыс уақытының ұзақтығын негізінен жұмыскер мен жұмыс беруші арасындағы келісім анықтайды. Мемлекет заң жүзінде тек жұмыс уақытының ең көп ұзақтығын белгіленген ұзақтығын сақтауға, жұмыс уақытын түгелдей еңбек өнімділігіне жұмсауға міндеттейді. Жұмыс беруші өз кезегінде барлық қызметкерлердің жұмыс уақытын толық және өнімді пайдалануға демалу құқығын бұзбауға міндеттейді.
Жұмыс уақытының түрлері:
1) қалыпты жұмыс уақыты - еңбектің күн, апта, жыл бойғы, адамның дамуна және өмір сүруіне зиянын тигізбейтін ұзақтығы қалыпты деп танылады.
2) жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығы - Еңбек туралы заңға сәйкес жұмыскерлердің жұмыс уақытының ұзақтығы аптасына 40 сағаттан аспауы тиіс.
3) толық емес жұмыс уақыты - 16 дан 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер үшін аптасына 24 сағаттан аспайтын жұмыс уақыты белгіленген.
Еңбек заңында жұмыс уақытына есеп жүргізудің екі түрі белгіленген. Оларға:
- күнделікті;
- жиынтықты.
Демалыс уақыты дегеніміз - қызметкердің өз еңбек міндетін орындаудан босаған және оны өз қалауынша пайдалана алатын уақыт.
«Еңбек туралы» заңда демалыс уақытының мынандай түрлері белгіленген:
- күнделікті жұмыс процесіндегі үзілістер;
- апта сайынғы демалыс күндер;
- мереке күндердегі демалыс күндер.
Демалуға және тамақтануға арналған үзіліс - күнделікті жұмыс ішінде қызметкерге демалу және тамақтану үшін ұзақтығы бір сағаттан аспайтын не кем болмайтын үзіліс. Бұл жерде үзілістің тек ең аз уақыты көрсетілген. Ал демалуға және тамақтануға көп уақыт тек графиктермен істелінетін жұмыстарда белгіленеді.
Арнаулы үзілістер - жылдың суық мезгілінде ашық далада, жылу берілмейтін жабық үй-жайларда жұмыс істейтін, жүк тиеу-түсіру жұмыстарымен айналысатын қызметкерлерге жылыну мен демалуға арнаулы үзілістер беріледі, мұндай үзілістер жұмыс уақытына қосылады.
Еңбек заңына енгізілген толықтырулар мен өзгертулерге сай:
- бір жарым жасқа толмаған баласы бар жұмыс істейтін әйелдерге демалу мен тамақтану үшін берілетін үзілістен басқа, баланы тамақтандыру үшін кемінде жұмыстың әрбір 3 сағаты сайын ұзақтығы 30 минуттан аспайтын қосымша үзіліс беріледі.
- бір жарым жасқа толмаған екі не одан көп баласы болған жағдайда қосымша үзілістің ұзақтығы кемінде 1 сағат болып бөлінеді. Баланы тамақтандыру үшін берілетін үзілістер жұмыс уақытына қосылады және ақы төлеуге жатады.
Заңда күн сайынғы демалыстың ең аз ұзақтығы белгіленген. Жұмыстың бітуі мен оның келесі күнде басталуы арасындағы қызметкерлердің күн сайынғы демалысының ұзақтығы 12 сағаттан кем болмауы тиіс.
Заңға сәйкес апта сайынғы үзіліссіз демалыс уақыты беріледі. 5 күндік жұмыс аптасына - 2 күн, 6 күндік жұмыс аптасына - 1 күн демалыс беріледі.
Жалпы ережелерге сай Қазақстан Республикасында белгіленген мереке күндері жұмыс істелмейді.
Еңбек ақы жүйесін қызметкердің белгілі бір көрсеткіштерге сәйкес өлшенетін жұмсаған еңбегі мен сол еңбекке төленетін ақы мөлшерінің арасындағы қатынасты белгілеу тәсілі деп түсінеміз. Қызметкердің еңбегіне ақы мерзімдік, келісімді түрде немесе еңбекке ақы төлеудің өзге де жүйелері бойынша төленеді. Ұйымдарда еңбекке ақы төлеу жүйесі ұжымдық шарттармен немесе жұмыс берушінің актісімен белгіленеді. Еңбекке ақы төлеудің мерзімдік жүйесінде - жалақы мөлшері нақты айлық, күндік немесе сағаттық тарифтік ставкалары бойынша істелген жұмыс уақытының ұзақтығына байланысты анықталады. Еңбекке ақы төлеудің мерзімдік жүйесі, негізінен қызметкердің айлық лауазымдық жалақысы формасында белгіленеді.
Еңбекке ақы төлеудің кесімді жүйесі жеке және ұжымдық болып бөлінеді.
Жеке жүйесінде әр жұмыскердің өндіргені өзінше ескеріледі.
Ұжымдық жүйе технологиялық жағдайлар бойынша бір жұмысшының жұмыс атқаруы мүмкін емес кезде немесе қызметкердің өзара алмасуын қамтамасыз ету үшін көптеген кәсіптердің үйлесімі қажет болған жағдайда қолданылады.
Еңбектің қалыпты жағдайынан ауытқығанда ақы төлеу өз алдында былайша бөлінеді:
1) мерзімнен тыс жұмысқа ақы төлеу;
2) мереке және демалыс күндегі жұмысқа ақы төлеу;
3) түнгі уақыттағы жұмысқа ақы төлеу;
4) қызметтерді қоса атқарғанда еңбекке ақы төлеу.
Қазіргі кезде тек атқарылған жұмысқа және шығарылған өнімге ғана ақы төленеді. Қызметкердің кінәсінен бос тұрып қалған уақытқа ақы төленбеуге тиіс.
Еңбек туралы заңда қызметкерге кепілдік берілген ақылар мен өтемақылар төленетін кейбір жағдайлар белгіленген.
Кепілдік дегеніміз - берілген төлемдерге заңнама дәлелді деп танитын себептермен қызметкер жұмыс істемеген кезде төленетін еңбекке ақы.
Өтемақы дегеніміз - жұмыс режимімен және жағдайларымен, қызметкердің жұмысты орындау кезінде көтерген, шығындарының орнын толтырумен байланысты ақшалай төлем.
Еңбек даулары
Еңбек даулары дегеніміз - «Еңбек туралы» заңға сәйкес жүзеге асырылатын, бұрын қызметкер болған және жұмыс беруші арасындағы келіспеушіліктерге байланысты туындайтын даулар.
Жеке еңбек дауларын келісім комиссиялары және соттар қарайды. Жеке еңбек дауларын шешу мақсатында арнайы комисся құрылады, егер ол онымен шешілмесе сот арқылы жүзеге асырылады. Жеке еңбек дауларын қарау жөніндегі органдарға жүгіну үшін мынадай мерзімдер белгіленеді:
- жұмысқа қайта алу туралы даулары бойынша - жұмыс берушінің еңбек шартын бұзу туралы актісінің көшірмесі табыс етілген күннен бастап үш ай ішінде;
- Басқа еңбек даулары бойынша - қызметкер немесе жұмыс беруші өз құқығының бұзылғаны туралы білген немесе білуге тиісті күннен бастап 1 жыл ішінде жүзеге асырылады.
Еңбек дауларына байланысты қызметкер белгіленген мерзім ішінде аудандық және облыстық маңызы бар қалалардағы соттарға арыз бере алады. Егер қызметкер арызы жұмыстан шығу себебіне байланысты сотқа жүгіну мерзімінен асып кетсе, онда ол істің ескіру мерзіміне жатады.
Жеке еңбек даулары:
- Сот тәртібімен;
- Ерекшетәртіппен шешіледі.
Егер қызметкердің жеке еңбек дауы туралы мәселесімен сотқа жүгінгенде сот комиссиялары бұл істің шешімі заңды тұрғыдан шығарылған десе, сот бұл істі қозғаудан бас тартуы туралы ұйғарым шығарылады.