Ресейдің саяси ойлары

Ресейдің көп ғасырлық тарихында бірегей саяси идеялар, ілімдер болды. Ресейдегі саяси ойдың дамуы Ресей мемлекетінің дамуымен қатар жүрді. Ресей саяси ойының Батыс Еуропаның саяси ойымен және Солтүстік Американың қоғамдық-саяси дәстүрімен салыстырғанда өзіндік ерекшелігі бар. Ол Ресей мемлекетінің табиғатын және оның ерекшелігін түсінуге ұмтылудан, оның мәдени-тарихи болмысын және ұлттық ерекшелігін сақтау мен нығайту талабына тырысудан пайда болды. Ресей саяси ойшылдарының негізгі күші мемлекеттің мәнін анықтауға және Ресей үшін саяси құрылыстың қолайлы формасын іздестіруге жұмылдырылды. Ресейдің саяси ойы батыс еуропалық саяси ойдың белгілі бір ықпалымен дамыды, бірақ оның дамуының басты қайнар көздері мемлекеттіліктің дамуының нақты проблемаларынан, идеялық және рухани дәстүрлер ерекшеліктерінен, отандық саяси тарихтың иректерінен (бұлталақтарынан) бастау алды.

Ресей саяси ойының дамуының негізгі кезеңдері орыс мемлекеттілігінің қалыптасуы мен дамуының негізгі кезеңдеріне сәйкес келеді. Ресей саяси ойының дамуының келесі кезеңдерін бөліп көрсетуге болады: Ежелгі Русь кезеңі, бір орталыққа бағынған Ресей мемлекетінің пайда болуы мен нығаю кезеңі; абсолютизмнің пайда болуы мен нығаю кезеңі; феодализмнің ыдырауы мен капиталистік укладтың қалыптасуының басталуы (XVIIІ ғасырдың екінші жартысы) кезеңі; XIX ғасырдағы Ресейдегі саяси ой; XX ғасырдағы саяси ой.

Орыс саяси ойының пайда болуы X-XI ғасырларда орыс жерлерін біріктіру, орыс мемлекеттілігін қалыптастыру және нығайту міндеттерін шешумен байланысты іске асты. Бұл процеске 988 жылы христиан дінін қабылдау шешуші ықпал етті. Византиядан Ежелгі Руське христиандық іліммен қатар жаңа саяси ұғымдар ене бастады, солардың көмегімен қоғамдық өмірдің өзек жарды мәселелері пайымдаудан өтті.

Мемлекеттің шығуы, билеуші әулеттің үстемдігінің заңдылығы, князьдік билікті нығайтудың жолдары, зайырлы және діни биліктің арасындағы қатынас және т.б. сияқты проблемалар саяси пайымдаудың тақырыбы болды. Бұл мәселелер ежелгі орыс әдебиетінің мұралары саналатын Киев метрополиті Илларионның «Береке заңы туралы сөз» (1094 ж.), «Уақытша жылдар повесі» (1123 ж) атты жылнамалар жинағында, «Владимир Мономахтың өнегелері» (1125 ж), «Игорь полкі туралы сөз» (XII ғасырдың соңы), «Данил Заточниктің жалбарынуы» (1229 ж.) және т.б. өзіндік көрініс тапты.

ХІV- ХVІ ғасырларда Русьте орталықтанған мемлекет қалыптасады. Осы кезеңде самодержавияны нығайту проблемасы және орыс мемлекетінің дүние жүзілік державалар арасындағы рөлі туралы мәселе маңызды болды. Сол тұста Псков монахы Филофейдің Москваны Үшінші Рим ретінде көру жөніндегі теориясы негізделді, онда Ресей Византияның рухани мұрагері ретінде бүкіл православия халықтарын әлемдік туыстыққа біріктіру тарихи миссиясын атқаруға тиісті деген идея жарияланды. Осылайша Филофей дүниежүзілік тарихтағы Ресейдің өмір сүруінің мәні туралы мәселені бірінші болып қойды, ол белгілі бір дәрежеде шешімін тапты да, кейін бұл идеяны көптеген орыс ойшылдары дамытты.

ХVІІ ғасырдың екінші жартысында бүкіл орыс жерлерінің бірігуі болды және сословиялық өкілетті монархияның абсолюттік монархияға ауысуы бірге жүзеге асты. Бұл Ресей саяси ойынан көрінісін тапты. Саяси трактаттарда жетекші орынды патша билігінің жоғарылығының негізделуі алды. Сол уақыттағы көрнекті саяси ойшылдар Феофан Прокопович (1681-1736), В.Н.Татищев (1686-1750), И.Г.Посошков (1652-1726) болды. Прокопович патшаның шексіз билігін, бір жағынан оның құдайлық шығу тегімен, екінші жағынан – ортақ игілікке жетуді көздеп бағынушылардың билеушіге абсолютті билікті беріп, өз құқықтары мен бостандықтарынан саналы бас тартуымен негіздейді. Прокопович басқарудың жақсы формасы деп абсолютті монархияны мойындаған. Ол мұрагерлікке қалдырылады немесе сайлау арқылы болуы мүмкін. Оның пікірінше мұрагерлік форма аса тиімді, өйткені билеуші монарх өзінің мұрагеріне гүлденген мемлекет қалдыруға тырысады.

Күшті атқарушы биліктің жақтаушысы Татищев Прокоповичке қарағанда басқару формасына таңдау немесе жаңа монархты сайлау табиғи заңға сәйкес келуі тиіс және «барлық қол астындағылардың келісімімен» жүзеге асуы керек деп есептеді. Татищев мемлекет құру процесіне тарихи бастау беруге тырысты, оның пікірінше, бүкіл белгілі адамзат қауымдастығы тарихи тұрғыда пайда болған. Осымен байланысты Татищев басқару формасын аумақтың көлемімен және халықтың даму деңгейімен байланыстырғанын айтуымыз керек. Демократия, оның пікірінше, бүкіл «үй иелері» жинала алатын тек шағын елде ғана іске асады. Кең аумақты алып жатқан елдерде және білімі төмен халқы бар елдерде патшалық басқару болуы тиіс. Сондықтан ұлы мемлекет ретіндегі Ресей үшін, Татищевтің көзқарасы бойынша, «білімді монархия» басқарудың аса қолайлы формасы болып табылады.

Посошков «Байлық пен тапшылық туралы кітапта» халықтың кедейшілігінің себептерін және мемлекетте қалыптасқан заңсыздықтың себептерін анықтауға тырысқан. Посошков қоғамдық байлықты арттыру мақсатында қоғамдық өмірді мемлекеттің жаппай реттеуін қолдады. Парасатты басқаруға сенім артқан ол патша жарғысымен өндірісті ұйымдастыру тәртібін анықтауды, сауда істерін жүргізу, тауар бағалары мен жердің өз құнын анықтау тәртібін енгізуді ұсынды. Сонымен қатар ол барлық сословияға қолайлы болу үшін сот реформасын жүргізуді ұсынды.

ХVІІІ ғасырдың екінші жартысынан бастап феодалдық басыбайлылық жүйенің ауқымында капиталистік шаруашылық уклады дами бастады. Сол мезгілде саяси ойда қалыптасқан құрылысқа қарсы оппозициялық ағарту идеологиясы қалыптаса бастайды. Басыбайлылық құқықты жою, оның экономикадағы, әлеуметтік және саяси саладағы барлық көріністерін жою, ағартуды, өзін-өзі басқаруды, бостандықты және жалпы еуропалық өмір формаларын белсенді қорғау талаптары оның мәнді белгілері болып табылады. Ресейдегі саяси ойдың осы бағыттағы көрнекті өкілі А.Н.Радищев (1749-1802) болды. Оның «Петербургтен Москваға саяхат» атты басты шығармасында басыбайлылық құқықтың экономикалық, әлеуметтік, моральдық қауіптілігі, сонымен қатар самодержавияның бүлдірушілік рөлі көрсетілді. Ол қос «құбыжық» бірге өмір сүреді және бірін-бірі қолдап отырады деп есептеді. Кітаптағы басыбайлылық пен самодержавияға қарсы шаруалар көтерілісіне шақыру орыс революциялық радикализм идеологиясының қалыптасуының бастауы болды.

Радищевтің әлеуметтік идеалы – еркін және тең құқықты меншік иелерінің қоғамы. Ресейдің болашақ мемлекеттік құрылысын ол астанасы Төменгі Новгородта орналасқан вече жиналыстары бар еркін және ерікті қалалар федерациясы формасында, ал сотты – республика азаматтары сайлайтын земстволық соттар жүйесі түрінде көрді.

ХІХ ғасырда Ресейде капиталистік қатынастардың дамуы жалғасты. Наполеонмен соғыс кезеңінде Батыс Еуропаның қоғамдық-саяси құрылысымен және идеяларымен аса жақын танысу жүрді. Бұл қоғамда либералдық көңіл-күйдің, әсіресе оның дворяндар арасында тарауына ықпал етті. Осы кезеңде Ресейде қоғамдық қатынастар мен мемлекеттік билікті құру саласында либералдық реформаның бірқатар жобалары жасалды. ХІХ ғасырдағы Ресейдегі саяси ой – бұл негізінен М.М.Сперанскийдің, Н.А.Карамзиннің либералдық-дворяндық идеологиясынан, дворян революционерлер-декабристер М.П.Бестужев-Рюминнің, П.И.Пестелдің, Н.М.Муравьевтың, ойшыл П.Я.Чаадаевтың және басқаларының көзқарастарынан тұрғандығын айтуымыз керек.

М.М.Сперанский (1772-1839) басыбайлылық құқықты біртіндеп, жоғарыдан жою идеясын ұсынды. Сперанский Ресейдегі құқықтық мемлекеттің бірінші теоретигі. Билікті жүзеге асырудың заңды формасын Сперанский билікті бөлу қажеттілігімен байланыстырады. Сперанский оған бірегей түсініктеме береді. Заң шығарушы, атқарушы және сот билігін ол біртұтас «державалық ерік-жігердің» көрінісі ретінде қарастырады. Осыған орай император – «жоғарғы заң шығарушы», «атқарушылықтың жоғарыға бастау күші» және «соттың жоғарғы қорғаушысы». Заң шығарушы орган, Сперанскийдің жобасы бойынша, сословиялық ценза бойынша емес, мүліктік негізде жоғарыдан төменге дейін сайланатын (орталықтан губернияға, уезге және болысқа шейін) Мемлекеттік Дума болуы тиіс. Атқарушы орган император тағайындайтын Министрлер Кеңесі. Сот билігі де жоғарыдан төменге дейін сайланады. Сот билігінің басында Сот сенаты тұрады, оны губерния думасы ұсынған адамдардан император тағайындайды. «Жалпы бүкіл мемлекеттік күштерді біріктірудің» құрамын император тағайындауға тиісті болған мемлекеттік Кеңес жүзеге асырады. Осылайша Ресей империясы, Сперанскийдің ойы бойынша, конституциялық монархияға айналуға тиісті болды. Алайда бұл жоба, мемлекеттік органдарды қайта құрудың басқа да жобалары сияқты крепостнойлық дворяндардың қарсы болуымен жүзеге асыруға қабылданбады.

Өзінің саяси тұжырымдамаларын Н.А.Карамзин (1766-1826) «Ресей мемлекетінің тарихында», «Ежелгі және жаңа Ресейдің саяси және азаматтық қатынастары туралы жазбасында» қалыптастырды.

IV Иванның басқаруын сараптау негізінде Карамзин тиранияны дәлелді сынға алды, оны табиғи, жағымды және өнегелік заңдарды бұзатын басқарудың бейнесі ретінде сипаттады. Карамзин билікті бөлуге қарсы шықты. Бүкіл әлеуметтік-саяси жүйені ол «Дворяндар, Дін басылары, Сенат және Синод заңдардың сақтаушысы сияқты, бәрінің үстінен өзі заң шығаратын, биліктің бір ғана көзі болатын патша тұрады» деген формуламен бейнеледі. Өзінің қызметінде заңдарға арқа сүйейтін және өз елі халқының өнегелік тәрбиесі мен саяси ағартушылығына шаралар қолданатын күшті монарх (мұрагерлік болуы міндетті емес) Карамзиннің идеалы болды.

Жоғарғы биліктің асыра сілтеуіне тосқауылды ол монархтың ар-ұяты мен мемлекетті басқаруда орныққан дәстүрлерден көрді.

П.И.Пестель (1793-1826) өзінің саяси көзқарастарын «Конституция. Мемлекеттік өсиет» және «Орыс шындығы» еңбектерінде баяндады. Мемлекетті ол азаматтық қоғаммен ұқсастырды.

Пестель орыстың саяси ой тарихына табанды республикашыл ретінде кірді. Ол конституциялық монархияны Ресейдің болашақ мемлекеттік құрылысы ретінде мойындамады, ол демократиялық республиканы жақтады. Тергеу кезіндегі өзінің жауап беруінде ол «Ресей үшін республикалық басқарудан басқа ешбір үлкен шаттықты көре алмадым» дегенді айтты. «Орыс шындығы» деген еңбегінде халық үкіметтің игілігі үшін емес, жеке өзінің игілігі үшін өмір сүретінін атап көрсетті. Осымен байланысты Ресей халқы қайсыбір адамның немесе отбасының меншігі немесе иелігі бола алмайды. Ресейде монархия әскери төңкеріс жолымен жойылуы тиіс. Сонымен қатар ол басыбайлылық құқыққа қарсы шықты.

Ол билікті бөлу теориясын қолдаушы болды. Оның теориясы бойынша Ресейге маңызды саяси құқықтар мен бостандықтар енгізу, тұлғаның дербес құқықтылығына құқықтық кепілдік беру, соттың жаңа органдарын құру, қысқа мерзімді қызметті әскер құру қарастырылды.

Монархияны демократияландыру туралы ойды Н.М.Муравьев (1795-1843) дамытты. Ресейдің мемлекеттік құрылысы федеративтік болуы тиіс (13 держава және 2 облыс). Жоғарғы өкілетті және заң шығарушы орган – екі палаталы Халық жиналысы (Вече), ол халық өкілдері Палатасынан және аумақтың атынан сөйлейтін орган ретіндегі Жоғары Думадан турады. Муравьев көтеріліс жеңіске жеткен соң Конституция қабылдау үшін құрылтай жиналысын шақыруды ұсынды.

ХІХ ғасырдың бірінші жартысында Ресейде саяси ойдың дамуындағы айтулы оқиғалардың бірі П.Я.Чаадаевтың (1794-1853) «Философиялық хаттарының» жарыққа шығуы еді. Бұл «Хаттарда» Ресей қоғамының тарихына және оның сол тұстағы жағдайына қатты сыни баға берілді әрі Ресейдің бүкіл дүниежүзілік тарихтағы орны мен ролі анықталды. Ресей, Чаадаевтың пікірінше «Батысқа да, Шығысқа да жатпайды, онда олардың дәстүрлері жоқ. Ол туралы айтқанда біз басқа халықтардың арасында ерекшеміз. Біз олардың адамзаттың құрамды бөліміне кірмейтін, әлемге тек ұлы сабақ беру үшін өмір сүретіндердің қатарына жатамыз. Әрине, біз беруге тиісті сабақтардың із қалдырмай кетуі мүмкін емес, бірақ біз өзімізді адамзат арасында табатын және біз тағдырымызды тәлкек еткен апатты өлшейтін күннің туарын кім біледі?».

Батыс елдерімен салыстырғанда Ресейдің артта қалуының басты себептерінің бірі ретінде Чаадаев византиялық (православиялық) формада христиандықты қабылдауды санайды. Бұл Ресейді католицизм үстемдік еткен Еуропа елдерінен оқшаулауға әкеп соқты.

Кейін Чаадаев Ресейдің болашағына қатысты мейлінше оптимистік көзқарасын да білдірді. Ол қарт Филофейдің орыс халқының дүниежүзілік-тарихи миссиясы туралы дәстүрін жалғастырды. «Менің ойымша, біздің басқалардан жақсы жасау үшін, олардың қателіктеріне ұрынбас үшін, олардың адасулары мен нанымдарына түспеу үшін басқалардан кейін келдік. Сонымен бірге менің терең сенімім: біз әлеуметтік саладағы проблеманың үлкен бөлігін шешуге ескі қоғамдарда пайда болған идеялардың үлкен бөлігін аяқтауға, адамзатты ойландырған маңызды мәселерге жауап қайтаруға тиістіміз»[17].

Чаадаевтың идеялары ресейлік интеллигенцияның Ресейдің даму жолы туралы, оның қабілеттілігі мен тарихи тағдыры жөніндегі: Ресей батыстық қоғамдық өмір құндылықтары мен формаларын қабылдауы керек пе, немесе ол өзіндік дербес жолымен жүруі керек пе деген ертеден келе жатқан талас-айтысын шиеленістіріп жіберді. ХІХ ғасырдың 30-60 жылдары осы проблеманы шешу кезінде Ресейдің қоғамдық-саяси ойында батыстықтар және славянофилдер деп аталатын екі ағым қалыптасты.

Батыстықтар (П.В.Анненков, Т.М.Грановский, И.В.Вернадский, Н.В. Станкович, Б.Н.Чичерин) адамзат өркениетінің біртұтастығына сенді және оның басында Батыс Еуропа келеді, ол бүкіл адамзатқа дұрыс жол көрсетеді деп есептеді, ал Ресей болса Батыстан үйреніп, соның даму жолына өтуі тиіс деді. Славянофилдер (К.С.Аксаков, Н.Я.Данилевский, К.Н.Леонтьев, Ю.Ф.Самарин, А.С. Хомяков), керісінше бірыңғай жалпы адамзаттық өркениет болмайды, демек бәрі үшін бірыңғай даму жолы да болмайды және орыстың қоғамдық және саяси өмірі өзінің жеке жолымен дамыған және дами береді деген ойды бекітті.

В.С.Соловьевтың (1853-1900) «бүкілтұтастық философиясына» негізделген оның қоғамдық-саяси теориясы батыстықтар мен славянофилдердің арасындағы даму жолы туралы талас-айтыстың өзіндік бітістірушісі болып табылады. Соловьев христиандықтың және иудаизмнің барлық конфессияларын біріктіру негізінде ғаламдық теократиялық мемлекет құруды ұсынады, онда басты рөлді Ресей атқаруы тиісті болды. Соловьев осы утопиялық жобасымен қатар құқықтық мемлекет тұжырымдамасын жасады, онда ол еуропалық ойдың алғашқыларының бірі болып «лайықты өмір сүруге әр адамның құқығы» идеясын қалыптастырды. Соловьевтың «әділетті» мемлекет тұжырымдамасы өнегелік, тұлға бостандығы, теңдік, әділеттік, құқық, билік, мемлекет категорияларының өзара байланысына құрылған. Саясат, оның пікірінше өнегеліксіз мүмкін емес, «өнегелік пен саясаттың арасын бөлу біздің ғасырымыздағы адасулардың және жауыздықтың бірі». Құқық, Соловьев үшін, өнегеліксіз болмайды (құқық – өнегеліктің төменгі шегі, жақсылықтың белгілі бір минимумын жүзеге асыруды күштеп талап ету). Сонымен қатар ол бостандықты, теңдікті және әділеттілікті жүзеге асыруды болжайды. («Құқық деген теңдікке себепші болған бостандық», ал әділеттілік әркім және бәрі үшін өнегеліктің – тиістінің орындалуы теңдік). Жақсылық ұғымына сәйкес келмейтін заңдар құқықтыққа жатпайды және олар жойылуы қажет.

Мемлекет, Соловьевтың ойынша, құқықты жүзеге асырушы болуы тиіс. Ол рухани қоғамды жоққа шығаратын «Цезарепапизм», «Қазыналық православия», «Экономикалық социализм» сияқты құқықсыз және өнегесіз биліктің кез келген формасын сынайды. Билік «заңдылыққа қабілетті» болуы тиіс. Соловьевтың пікірінше, биліктің үш тармаққа бөлінуі «әділетті» мемлекеттің шарты болып табылады. Мұндайда жоғарғы билік заң шығарушы функцияны атқарады, ал сот билігі – әкімшілік –атқарушы билікті бақылайды және соңғыдан ол жоғары болады.

Ресейдегі революциялық-демократиялық саяси ойды В.Г.Белинский (1811-1848), А.И.Герцен (1812-1870), Н.Г.Чернышевский (1828-1889), Н.А.Добролюбов (1836-1861) дамытты. Олардың пікірінше қоғамның басты қозғаушы күшін бұқара халық құрайды, ал тарихи үрдістің өзі қаналушы таптардың өз қанаушыларымен күресінен тұрады. Ресей капиталистік даму жолына соқпай, шаруалар қауымдары арқылы болашақ қоғамның үлгісі социализмге өте алады.

Болашақ саяси қоғам – бұл бостандық пен теңдіктің шынайы демократиялық принциптері жүзеге асатын «әлеуметтік республика». Барлық адамдар тең жерде ғана адамды жан-жақты және дұрыс тәрбиелеуге мүмкіндік болады. Басыбайлылық құқық жойылғаннан кейін ғана және басқа да үкіметтік реформалардан кейін Ресей конституциялық өзгерістер жолына түседі, өйткені, тұлға екендігі – ұлы іс, тек сонда ғана халықтың еркі өсіп жетіледі, – деді Герцен. Ресейдің болашағын ол «патриархальды-ұжымдық тұрмысқа», қауымға негізделген «орыстың шаруа социализмінен» көрді.

Чернышевскийдің ілімі бойынша мемлекеттің мәнін экономикалық фактор анықтайды және «мемлекеттік биліктің әрбір әрекеті, қандай салаға қатысты болса да... міндетті түрде экономикалық қатынастардағы өзгерістерге әкеліп соғады». Чернышевский абсолюттік монархияны теріске шығарды, ал республиканы басқарудың алдыңғы қатарлы формасына балады.

Халықшылдық ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы Ресейдегі саяси ойдың елеулі бағыттырының бірі болып табылды, оның көрнекті өкілдері П.Л.Лавров, П.Н. Ткачев, Н.К.Михайловский және т.б. болды.

Халықшылдар тарихтың басты қозғаушы күші сыни ойлайтын тұлғалар деп есептеді. Олардың бәрі Ресейдің социализмге өтетін ерекшелікті жолы туралы сенімде болды. Олардың пікірінше Ресей социализмге шаруа революциясы жолымен өте алады.

Философ, әлеуметтанушы, публицист П.Л.Лавров (1832-1900) халықшыл-насихатшыларға басшылық етті. «Тарихи хаттар» еңбегінде ол табиғат құбылыстарын заңды, қайталанатын құбылыстар дей келіп, қоғамдық өмірдегі құбылыстарды өзгеретін, қайталанбас құбылыстар деп есептеді. Оның пікірінше тарихтың мәні дәстүрлі, тоқырауға бейім қоғамдық форманы «сынап ойлайтын тұлғалардың» өркениетіне өзгертуден тұрады. Тек осы тұлғалар ғана адамзатты теңдік пен әділеттілікке жеткізе алады деп пайымдады. Өздерінің мақсаттарын жүзеге асыру үшін сыни ойлайтын тұлғалар күреске «бағыт пен бірлік» беретін партияға бірігуі қажет.

Лавровтың пікірінше, социализмге жеткізетін, шаруа революциясы, мұқият әзірленуі тиіс. Бұған халықпен бірге оның жетекшілері – саналы революционерлер де дайын болуы керек.

П.Н. Ткачев (1844-1886) халықшыл қастандық жасаушыларды басқарды. Оның саяси көзқарасы К.Маркстың идеясының анық ықпалымен жасалған «экономикалық материализм» тұжырымдамасында көрініс тапты. «Мен бүкіл саяси, өнегелік және интеллектуалдық әлемнің құбылыстары соңғы сараптауда экономикалық дүниенің құбылыстарына және «қоғамның экономикалық құралымына» саяды деп топшылаймын»[18], – деп жазды ол. Оның пікірінше, қоғамдық прогресті қоғамдық таптардың экономикалық мүддесі үшін күреспен, адамдардың жеке мүдделерін, олардың жеке бақытқа жетуге тырысу үшін болған күресімен қамтамасыз етуге болады.

Н.К.Михайловский (1842-1904) либералды халықшылдардың теоретигі болды. Ол қоғамның заңдылықпен дамитынына күмәнданбады. «Қоғам өзінің дамуында белгілі заңдарға бағынады, бұл шүбәсіз, – деп жазды Н.К.Михайловский, – бірақ адамның санасына қызметті таңдау бостандығының тән екені одан да шүбәсіз»[19]. Тұлға, индивидуальдық, тұлғаның жан-жақты дамуы идеясы оның әлеуметтік-саяси көзқарастарының алдыңғы қатарында тұр. Тұлға, Михайловскийдің пікірінше, қоғамдағы бүкіл құбылыстардың жоғары құндылық өлшемі. Ол («кейіпкер») тарихтың басты жасаушысы. Тұлға өзіне тең кооперацияларда жан-жақты («әртекті») дами алады. Ол тұлғаның мұндай даму проблемасын «қауымдық бастаудың қатысуымен жеке адамның бастауының салтанат құруын көрсететін тек социализм ғана қаматамасыз ете алады деп есептеді. Мұндай дамуды адамзат дамуының өткен кезеңдері қамтамасыз ете алмады, өйткені тарих «әртекті» бағыт бойынша, яғни қоғамның жіктелуі, еңбек бөлінісі негізінде жүрді.

Қазіргі қоғамның өмір жағдайы, – деп атап көрсетті Михайловский, – халықты қайыршылық жағдайында тіршілік етуге мәжбүр етуде. Осындай өмірдің нәтижесінде халық «тобырға» айналады. Ол халықтың езгідегі жағдайына шын көңіл білдірді, әсіресе шаруаларды есіркеді. Алайда, көптеген басқа да халықшылдарға қарағанда Михайловский халық көтерілісінің қоғамдық құрылысты өзгертетініне сенбеді.

ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басындағы Ресейдің саяси ойында саяси билікті жоққа шығаратын, мемлекетті жоюды өзінің мақсаты етіп жариялаған ағым – анархизм елеулі құбылыс болып табылды. Идеялық ағым ретінде анархизм Батыс Еуропа елдерінде пайда болды. Ресейде М.А.Бакунин, П.А.Кропоткин анархизмнің көрнекті теоретиктері болып табылады.

М.А.Бакунин (1814-1876) ұжымшыл анархизмнің теоретигі болды. Адамзат тарихын ол эволюциялық процесс ретінде, адамзаттың «жануарлар патшалығынан» «бостандық патшалығына» көшу үрдісі ретінде көре білді. Оның пікірінше, дін мен мемлекет дамудың төменгі деңгейінің рәміздері. Бакуниннің әлеуметтік-саяси анархизм тұжырымдамасы адамның, қоғамның және ғаламның бірлігін философиялық дүниетанымдық, органикалық, өмірді тұтас күйінде қабылдау принципіне негізделген. Бұл үйлесімділіктің әлеуметтік-саяси салада бұзылуы, оның пікірінше, билік аппаратының орталықтануына, мемлекеттің қалыптасуына әкеп соғады.

Мемлекет, оның ойынша, барлық әлеуметтік бақытсыздықтың, бұқара халықты езудің негізгі қайнар көзі, сондықтан мемлекет жойылуы тиіс. Оның пікірінше, мемлекеттің жойылуы революциялық жолмен жүзеге асуы керек. Мемлекетті жоюдың нәтижесінде бостандығы ештеңемен шектелмеген, адамдары саяси биліктен тәуелсіз қоғам құрылуы керек. Мұндай қоғамды Бакунин шаруалар мен жұмысшы ұжымдарының «ерікті федерациясы» ретінде көрді.

Бакуниннің идеялары коммунистік анархизмнің өкілі болған П.А.Крапоткиннің (1842-1921) шығармашылығында одан әрі дамытылды. Крапоткин қоғамдық өмірдің барлық құбылыстарын «биоәлеуметтік өзара көмек заңына» бағындырды. Бұл заң адамадарды қоғамдық өмірге біріктіреді деп есептеді ол. Осы заңға сәйкес, оның ойынша, адамдар бір-бірімен күреспей, ынтымақтастыққа ұмтылады. Сондықтан адамдардың ерікті коммуналар федерациясына өтуі заңды деп тұжырымдады Крапоткин. Мұндай федерацияға өту, оның пікірінше, тек революциялық жолмен болады. Революция ғана адамдардың ынтымақтастығына, ерікті өндірістік қауымдар (коммуналар) федерацияларын құруға кедергі келтіретін факторларды жоя алады. Осындай факторлардың қатарына жеке меншікті, мемлекеттік билікті жатқызды.

Оның тұжырымдамасының қысқаша түрдегі мәні мынаған саяды: «Өндірушіні капиталдың езгісінен босату. Коммуналдық өндіріс пен ортақ еңбектің бүкіл өнімін еркін тұтыну. Оны үкіметтің бұғауынан босату. Индивидтердің топтарда және топтардың федерацияларда еркін дамуы. Діни моральдан босау. Қысымсыз және жазалаусыз еркін мораль – әдет-ғұрыптың өтпелі күйі»[20].

Ресей саяси ғылымында Н.А.Бердяев (1874-1948) көрнекті рөл атқарды. Бердяев өзінің элитарлық «сапалы демократия» тұжырымдамасында мемлекеттік құрылыстың белгілі бір принциптерін қалыптастырды. Бұл тұжырымдама иерархизм принципінде құрылған және самодержавиені де қабылдамайды, формальді абсолюттік халықтық билігі бар буржуазиялық демократияны да мойындамайды. Ол үшін демократия «көпшілік дауыс немесе сан механикасы» ретінде жақсылардың патшалығын орнаттырмай, жамандардың билігіне, басқарылмайтын және жауапкершіліксіз «тобырдың, бұқараның» билігіне әкеп соқтырады. Шынайы демократия, оның пікірінше, бұл ең алдымен тұлғаның өзіне билігі, «өзіндік тәртібі мен өзіндік тәрбиесі». Ол алғашқылардың бірі болып саясаттануда демократия мен тоталитаризмнің ықтимал байланысын көрді және тоталитаризмнің жалпы негізделуі мен белгілерін анықтады: 1) жекенің және бөліктің (жеке идеяның, ұлттың, таптың, топтардың, тұлғалардың) жалпыға талабы; 2) бәрін жұтқыш биліктік құрылым; 3) жүйенің бұқаралығы; 4) тұлғаның рухын қирататын машина.

Бердяевтің шығармашылығындағы басты нәрсе саяси құрылыстың нақты моделін жасау емес және тоталитаризмді әшкерелеу де емес, керісінше, қоғамдық өмірдің барлық саласында адамның бостандық принципін орнату. Бердяев бостандықты адам сипатының мәні деп санады. Адами бостандықты, тұлға еркіндігін жүзеге асыру немесе оған кедергі келтіру барлық саяси жүйенің критерийі болып табылады. Алайда, Бердяевтің пікірінше, өмірді ұйымдастырудың әлеуметтік-саяси формалары қайсыбір деңгейде адам бостандығына тосқауыл қояды. Сондықтан ол «саясаттың жыртқышын өлтіруге» және адами қатынастардың саяси емес формаларына көшуге шақырады. «Саясатты өмір орталығы деп мойындау заңсыз, адами тәнді ештеңемен рухтандыра алмайды, оған болмыстың бүкіл байлығын бағындырады. Өмір орталығынан, оның мағынасынан қол үзген саяси партиялардың күрес жолы заңсыз. Саясатты ең минимум деңгейіне шейін, саясаттың аяқталуына, оның мәдениет пен дінге сіңіп кетуіне дейін жеткізу біздің реттеушіміз болуы керек, бізге керегі де осы, шынайы азат болу да осы. Саясаттан саяси азат болу. Жаңа мемлекеттілікпен саясаттың жыртқышын өлтіруге, ескі мемлекеттің бір «ұзын-сонар» саясатының жамандығын жоюға болмайды. Мемлекеттілік керек, биліктің зорлық-зомбылығына, ұзын-сонар саясатқа өзге бастауды, мемлекеттен тыс, өзгені, зорлықсыз қоғамдастықты, жаңа саяси шешуді емес, басқа жолмен бостандықты қарсы қою керек»[21].

ХІХ ғасырдың соңы ХХ ғасырдағы Ресейдің саяси ойында Г.В.Плеханов, В.И.Ленин, П.Б.Струве, С.Н.Булгаков және т.б. өкілі болған маркстік бағыт ерекше орын алды.

Г.В.Плеханов (1856-1919) орыс марксизмінің атасы. Ол үлкен интелектуалдық мұра қалдырды, соның ішінде «Социализм және саяси күрес», «Біздің таластарымыз», «Тарихқа монистік көзқарастың дамуы туралы мәселе» және басқа да көптеген еңбектерін атауға болады. Өзінің шығармашылығында Плеханов саяси өмірдің көптеген проблемаларына көңіл аударады. Ол тарихи процестегі бұқара халық пен тұлғаның рөлі туралы маркстік ілімді жалғастырып дамытты, экономика мен саясаттың өзара байланысын ашты. «Экономика, – деп жазды ол, – ешқашанда өзінен өзі салтанат құрмайды..., әрдайым тек белгілі саяси мекемелердің тікелей қатысуы арқылы ғана ...»[22] салтанат құрады. Плеханов саяси идеологияның қалыптасуы мен дамуына терең талдау жасады, идеология мен саясаттың өзара байланысын ашты.

Плеханов қастандықшылдыққа, якобиндық революцияға, төңкерісшіл социалистік партияның билікті тез басып алуына қарсы болды, Қазан революциясын принциптік пікірімен қабылдамады және В.И.Ленинмен, большевиктермен ара жігін ашты.

1917 жылдан кейін Ресей қоғамының рухани өміріндегі жетекші орын В.И.Ленинге және оның ілімі – ленинизмге тиесілі болды.

Ленинизмді оның жақтастары «империализм дәуіріндегі марксизм» деп атайды. Классикалық марксизм дәстүрлі капитализм дәуірінде қалыптасты. Капитализмнің өзінің жаңа даму фазасы – империализм сатысына өтуі марксизмнің бірқатар маңызды қағидаларын ой елегінен өткізу қажеттігіне себепші болды. Марксизмнің классиктері сияқты, Ленин дүниежүзілік революцияның сөзсіз болатынына, соның негізінде капитализмнен социализмге және коммунизмге өтудің іске асатынына сенді. Алайда марксизм классиктері революция аса дамыған капиталистік елдерде бір мезгілде болуға тиіс деп есептесе, Ленин классикалық марксизмнің осы аса маңызды қағидасынан бас тартып, «империализм бұғауындағы әлсіз буын» туралы идеяны ұсынады. Экономикалық және саяси дамудың теңсіздігі капитализмнің сөзсіз заңы. Осыдан келіп, социализм алғашқыда бірнеше немесе жекелеген бір елде жеңуі мүмкін[23]. Осы идеяға сәйкес социалистік революция бастапқыда «әлсіз буында», әлеуметтік-экономикалық және саяси қарама-қайшылықтардың түйінінде – Ресейде болуы тиіс.

Лениннің идеясы өмірде жүзеге асты. Социалистік революция алғашқыда Ресейде болды, одан кейін бірқатар экономикалық жағынан дамымаған елдер социализм құру жолына түсті. Алайда дамыған капиталистік елдер оларға қару-жарақпен жасақтануды таңды. Бұл елдер тұрақты түрде қарулы қақтығыстарға тартылды. Соның нәтижесінде бұл елдердің экономикасы милитаристік сипат алды. Сыртқы қауіптен қорғанудың қажеттігі тоталитарлық режимдердің орнауына ықпал етті. Экономикалық жарыс, түптеп келгенде жеңіліс тапты. Бұл жағдай жалпы социалистік жүйенің және Кеңес Одағының күйреуінің басты себептерінің бірі болды.

Сайып келгенде, осы аса маңызды мәселе бойынша классикалық марксизмнің лениндік ревизиясы Ресейдің тағдырында да, жалпы социалистік идеологияның тағдырында да өте күрделі салдарларға соқтырған қателік болды деген қорытынды жасауға болады.

Марксизмнің басқа да саяси идеяларын түсіндіруде Ленин шектен тыс ортодоксальды позиция ұстады, бұл таптық тұрғыдан қарауды абсолюттендіруден көрінді. Социал-демократиядағы әртүрлі бағыттағы күресте ол «марксизмнің тазалығы үшін» күрескер. Атап айтқанда, өзінің «Мемлекет және революция» атты еңбегінің басты мақсатын Маркстің мемлекет туралы шынайы ілімін қалпына келтіру деп жариялады. Марксизмнің саяси тұжырымдамаларына Лениннің қосқан үлесі, ең алдымен оған ерекше көңіл қоюында жатыр. «Мемлекет және революцияның» 1-ші тарауында ол мемлекеттің тарихи рөлі мен маңызы жөніндегі марксизмнің негізгі идеясы – бұл мемлекет бітіспес таптық қарама-қайшылықтардың жемісі және көрінісі екендігін көрсетуде – деп дәлелдейді. Осы жұмыста Ленин таптық күресті пролетариат диктатурасына дейін мойындап таратқан ғана марксист болатынын атап көрсетті. Осы және басқа жұмыстарында Ленин капитализмнен коммунизмге өтудің бір ғана мүмкін формасы ретінде пролетариат диктатурасы мемлекетін құрудың қажеттілігіне көп көңіл аударылады. Капитализмнен коммунизмге өту аса үлкен байлық және саяси формалардың алуан түрін бермеуі мүмкін емес, бірақ олардың мәні біреу: пролетариат диктатурасы[24].

Ленин пролетариат диктатурасы мемлекетін «жаңа типті мемлекет» деп атайды. Ол пролетариат диктатурасы мемлекетінің өмір сүру механизмдері мен принциптерін капиталистік мемлекеттің антиподы ретінде жасады. Осындай көзқарастың салдарынан буржуазиялық демократия мен либералдық саяси ойдың жетістіктері: қоғамдық келісім идеясы, билікті бөлу принциптері, саясатты өмірдің басқа салаларынан бөлу, азаматтық қоғам қалыптастыру және т.б. жоққа шығарылды.

Лениннің саясаттанулық мұрасында саяси партиялар туралы ілім де елеулі орын алады. Алайда бұл ілімде таптық тұрғыдан келу принципі басым. Ленин өзінің еңбектерінде пролетариаттың таптық ұйымның жоғарғы формасы ретіндегі, оның алдыңғы қатарлы отряды ретіндегі жаңа типті партия туралы ілімді жасауға негізінен көп көңіл аударады, партияның ұйымдық құрылымының принциптерін қалыптастырады, солардың ішінде демократиялық центризмді жетекші деп санайды (мұнда демократиядан гөрі централизмге акцент жасайды).

Ленин, сөз жоқ, ірі саяси ойшыл, дарынды саяси практик болды. Оның теориялық және практикалық қызметі Ресейдің және әлемнің басқа да елдерінің дамуына зор ықпал етті. Алайда оның қызметін бір жақты қара түске немесе ақ түске бағалауға болмайды. Лениннің қызметіне және оның ғылыми жұмыстарына біз объективтік баға беруге тиіспіз.

Түптеп келгенде, Ресей ойшылдары Ресей мемлекеттілігіне, мәдениетке, идеологияға, саясатқа және жалпы саяси өмірге терең сараптама жасады, билік, бостандық, құқық, тұлға мен мемлекеттің өзара қарым-қатынастары, қоғамның революциялық және эволюциялық даму жолдары және т.б. туралы байыпты ой-пікірлер қалдырды. Ресейдегі саяси ой батыс еуропалық ғылым деңгейіне барынша жақын тұрды. Сонымен қатар ол Қазақстандағы саяси ойлардың қалыптасуы мен дамуына ықпал етті.

Наши рекомендации