Ой бордақылау және жайып семірту
Қой бордақылау және жайып семірту - етті көп өндірудегі елеулі резервтердің бірі. Бордақыланбаған қойдың таза еті мен майының шығымы 38-40% болса, жақсы бордақыланған қойдікі 60 пайызға дейін жетеді. Ет өнімін молайту мақсатында жас малдың биологиялық ерекшілігін - тез өсіп-жетілуі қарқыны мен сақа мал организміне майды көп жинау қасиетін дұрыс пайдалана білген жөн.
Қазіргі кезде қой шаруашылығы практикасында қой бордақылаудың мынадай әдістері белгілі: қозыларды 7-8 айлығына дейін тірілей салмағы 40-46 килограмға жеткенше жедел бордақылап, жас қозы етін алу; тоқтыларды 8-11 айлығына дейін тірілей салмағы 50-55килограмға жеткенше орташа түрде бордақылап, сапалы қой етін алу; сақа қойды бордақылап, семіз, майы көп ет алу.
Жедел бордақылау үшін қыста немесе көктемде туған қозылар алынады. Оларды енесін еміп жүрген кезінен бастап жақсы азықтандырады да, 4 айлығында енесінен айырады. Тәулігіне берілетін жемнің мөлшерін бордақылаудың аяқ кезінде 600-700 грамға дейін арттырады. Рациондағы бір азық өлшеміне келетін қорытылатын протеиннің мөлшері 100-150 грамға жеткізіледі. Сонда майы ғана аз, белокты жас қозы етін алуға болады. Ол әрі дәмді, әрі сапалы болып келеді.
Қазақстанда арзан қой етін өндірудің елеулі көзі - етті-майлы қой шаруашылығын өркендету. Республикамызда етті-майлы қойдың тәуір тұқымының бірі - еділбай қойы. Ол өскелең, семіріп, жетілуі жағынан ағылшынның етті-жүнді қойынан кем түспейді. Бұл қой жергілікті жердің табиғи ауа райына және таулы, қуаң дала, шөлді және шөлейт жерлердің өсімдігіне жақсы бейімделген. Бірақ бұл тұқымның бойдақ қойын 2-3 жылға дейін қолда ұстау тиімсіз.
Еділбай қойларының тоқтылары 4,5-5 айлығында 40 кг және одан да көп тартады, сондықтан оларды осы кезінде етке сойған пайдалы. Жүргізілген тәжірибелердің қорытындыларына қарағанда, 5 айлығында етке сойылған тоқтылырдың таза еті мен майының шығымы 53,7 пайызға жеткен. Осыған сәйкес отардағы саулық қойдың үлес салмағы 70-75 пайызға дейін көтерілген.
Сонымен экономикалық жағынан алып қарағанда, қозыларды етке өткізуге - етті-майлы қой шаруашылығында 4,5-5 айлығында, яғни енесінен ажыратқаннан кейін; ал етті-жүнді биязылау және биязы жүнді қой шаруашылығында - 7-10 айлығында бордақылағаннан немесе жайып семірткеннен кейін. Егер жақсы табиғи немесе екпе жайылым болса, қозыларды тәулігіне әр басына 0,3-0,5 кг жем беріп, жайып семірткен пайдалы; ал жайылым нашар болса, сүрлем, пішен, жем беріп бордақылаған тиімді. Бірақ қазіргі уақытта қолданылып жүрген көп компонентті рацион өте көлемді екенін, жемшөп үлестіру жұмысын механикаландыруды едәуір қиындататынын, оның үстіне жемшөптің көп ысырап болатынын айта кеткен жөн.
Кезінде қазақ мал шаруашылығы технологиясы ғылыми-зерттеу институтының азық қоспаларын пайдалану жөнінде жүргізілген тәжірибелері мынаны көрсетті: 50% бидай сабаны және 50% құрама жем, бүкіл азық қоспасын түйірлеп беру, сол азық қоспасын ұсақтап, түйірленбеген күйінде жегізумен салыстырғанда, азық пайдалануды орта есеппен 9,4% және қосымша салмақты 17,3% арттырады. Сондай азық табиғи күйінде берілген осындай мал тобында, түйірленген азық берілген мал тобымен салыстырғанда, қозылардың орташа тәуліктік қосымша салмағы 30,4% төмен, ал 1 кг қосқан салмағына жұмсалған азық шығыны 40% жоғары болады.
Сақа қой бордақылау үшін келешекке жарамсыз саулықтар мен ірі ісек қой алынады. Оларды көбінесе жайып семіртеді. Қолайлы жағдай туса, оларды сүрлем, жем беріп бордақылауға да болады. Сақа қойды бордақылау 2-3 айға созылады және ол үшін бағасы арзан азық қолданады. Қой бордақылағанда ірі және сулы азықтың барлық түрін қолдануға болады. Қозылар мен тоқтыларға мал азығындық бұршақ пен астық-бұршақ тұқымдас шөптер қолайлы. Сақа қой бордақылағанда алғашқы кезде шөптің бір бөлігін жаздық дақылдың сабанымен алмастыруға болады. Шырынды азықтардан жүгері сүрлемі жақсы, тек ондағы қанттың кемшілігін толықтыру үшін қант қызылшасын қосса өте тиімді. Жемнен қолайлы: жүгері, арпа, күнжара мен шрот және бұршақ дәндерінің қоспасы. Бордақылаған қойға жем тәулігіне екі рет беріледі.
Сақа қойға пішен мен жемді аз беріп, сүрлеммен бордақылағанда, төмендегідей үлгі рацион ұсынылады: жаздық дақыл сабаны - 0,6 кг, жүгері-сабан сүрлемі -5,0, қант қызылшасы -1,0, астық тұқымдастардың дәні -0,20 , бұршақ тұқымдастардың дәні -0,10кг. Бұл рационда 1,70 азық өлшемі, 115 г қорытылатын протейн, 10,8 г кальций, 5,0 г фосфор, 77 мг каротин бар. Бордақылау ұзақтығы 70 күн, тәулігіне қосатын салмағы - 140 г; бордақылаудың алғашқы кезеңіндегі тірілей салмағы - 55 кг, соңғы кезеңінде - 65 кг.
Бордақыдағы қой үшін жылы қораның керегі жоқ. Күздігүні ауа райы құрғақ жылы кезде бордақыланғанда қорасыз-ақ жабық шарбақты пайдалануға болады: қыс айларында қораның температурасы 3-5 шамасында болса жеткілікті. Әсіресе қой тынығатын орынның құрғақ болуы керек.
Қазақстанның оңтүстік және оңтүстік-шығыс облыстарында қойды жайып семірту ісі әрі арзан, әрі шаруашылыққа көп пайда келтіреді. Тәжірибелі қой өсірушілердің айтуына қарағанда, жаз айларында жайып семіртуді мұқият ұйымдастырса әр қой салмағы 10-12 кг-нан өскен. Жайып семірткенде сақа қой тәулігіне100-150 г, жас қой 150-200 грамға дейін салмақ қосады. Тамыз, қыркүйек және қазан айларында қой тез семіре бастайды. Жайып семіртілетін қойды тұқымына, жасына, жынысына және қоңдылығына қарай жеке отарларға қой біркелкі болса, жайып семірту де нәтижелі болады.
Етке тапсыратын ісектерді жаз шығысымен, ал кәрі саулықтарды қозыларынан айырып, суалтқаннан кейін жайылымда семірту жұмысы ұйымдастырылады. Семірту маусымында қойдың семіруін бақылауға алу үшін әр отарды 50-60 қойды бояумен белгілеп, 20-30 күн сайын салмағын өлшеп отырады. Жайылым оты жетіспей, қой күнделікті салмағын азайтқан жағдайда, оларға қосымша жемшөп, әсіресе түйіршіктелген қоспалар берген тиімді. Қойды жайып семірту жұмысы жыл сайын жасалып отыратын айлық жоспарға сәйкес жүргізіледі. Бұл жоспарда семіртілетін қойдың жалпы саны мен оның семіртер алдындағы және семіртіліп болғаннан кейінгі салмағы көрсетіледі. Қойды әуелі шөбі сұйылған жерге жайып, содан кейін бірте-бірте жаңа өріске көшіріп отырған дұрыс. Оларды ыстық күндері өргізгенде немесе өрістен қотаңға айдап әкелерде, бұрын мал жүріп кеткен жермен, шаңды жолмен немесе ақтаңдақ, сортаң жермен жүргізбеген жөн. Жаздыгүні қойды жиі-жиі тоғытып, бойын сергітіп, үстін тазартып тұру керек, сонда тез еттейеді.