Ндіріс шығындарын анықтаудың шетелдік тәжрибесі
Әрбір мемлекетте әр өнім өндіруші өнімнің өзіндік құнын есептеп, өндірістік шығындарды төмендетуге талпынуы қажет. Өткізетін өнімнің бағасы мен басқа да жағдайлар тұрақты болғанда, өнім бірлігіне қажетті шығындарды қысқарту табыс көлемін ұлғайтады.
Әр мемлекетте өндірістік шығындарды азайтудың әр түрлі жолдары қолданылады. Олардың барлығын төмендегідей етіп біріктіруге болады:
1. Өндірістік-техникалық деңгейін жоғарылату шаралары:
· өндірістік үрдістерді механизациялау мен автоматизациялауды басқарудың автоматизацияланған жүйелері мен жаңа технологияларды енгізу;
· қолданылатын техника мен технологиялардың эксплуатациясы;
· өнім сапасын жоғарылату, өнімдердің техникалық сипаты мен құрылымын өзгерту;
· еңбек құралдарын жетілдіру, яғни жетілдірілген шикізат пен материалдар;
· шикізат пен материалдарды ұтымды пайдалану;
· өндірістің техникалық деңгейін жоғарылатушы басқа да факторлар;
· амортизациялық аударымдарды көбейту арқылы өнімділікті жоғарылатушы құралдарды қолдану.
Жалпы, материалдар мен ресурстарды үнемдеудің түрлі жолдары бар, олардың негізгілері төмендегідей:
· материал, шикізат, отын, электроэнергияны рационалды пайдалану;
· бұрыс өнімді жою;
· экономикалық материалдардың жаңа түрін енгізу;
· шикізат пен материалдарды кешенді пайдалану.
2. Өндіріс пен еңбекті ұйымдастыруды жетілдіру шаралары:
· өндірісті басқаруды жетілдіру;
· еңбекті ұйымдастыруды жақсарту;
· материалдық-техникалық қамсыздандыруды жетілдіру;
· өндірістік емес шығындарды жою;
· өндірісті мамандандыру;
· шығындарды жақсарту;
· жұмысшылардың уақытын нәтижелі пайдалану;
· өндірісті ұйымдастыруды жетілдірудің басқа да факторлары.
3. Өндірілетін өнімнің көлемі мен құрылымын өзгерту шаралары:
· амортизациядан басқа, тұрақты шығындарды айтарлықтай қысқарту;
· өндірістік қорларды пайдалануды жақсарту, соған байланысты амортизациялық аударымдарды айтарлықтай қысқарту;
· өндірілетін өнімнің құнын өзгерту.
4. Пайдалы қорлар мен басқа да шикізаттарды қысқарту әдістері мен табиғи жағдайларды өзгерту.
Ескеретін жайт, өнімнің өзіндік құнын қысқарту – бір жолғы процесс емес, ол күнделікті кәсіпорын басшыларының алдындағы міндет болып табылады.
Өзіндік құнды төмендету дегеніміз – жүйелі әдіс-тәсілдерді және жалпы басқаруды талап ететін көп жоспарлы үрдіс.
Соңғы 34-40 жылдар ішінде дамыған мемлекеттер өндірілген өнімге кеткен шығындарды ескергенде, қысқартылған калькуляция әдісін қолданып келеді. Бұл әдіс тұрақты, ауыспалы, жалпы және шекті шығындарды анықтайды.
Шетелдік кәсіпорындарда өнімнің өзіндік құнын жоспарлағанда және бақылағанда, оның ішінде ауыспалы шығындарды зерттегенде «директ-костинг» әдісі қолданылады. Бұл әдісте негізгі қаржылық көрсеткіш ретінде маржиналды табыс және табыстың өзі алынады. Ол келесі 22 кестеде көрсетілген:
Кесте 22 - «Директ-костинг» жүйесі бойынша табыс жайында есеп беру
№ | Көрсеткіштер | Шартты белгіленуі |
Өнімді сатудан түскен түсім | В (табыс) | |
Ауыспалы шығындар | Зпер | |
Маржиналды табыс | Пм = В – Зпер | |
Тұрақты шығындар | Зпост | |
Табыс | П = Пм - Зпост |
Осы кестені ұсынған авторлардың көрсетуі бойынша «директ-костинг» әдісі өндіріс көлемі мен оған кеткен шығындар арасында, өндіріс көлемі бойынша ол өндіріс табысты болып жатыр ма, әлде шығындалып жатыр ма, өндіріс көлемін ұлғайтқанда немесе төмендеткенде өнімнің өзіндік құны қандай болатынын көрсетіп, осындай көрсеткіштер арасында байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Осы калькуляциялық әдісте тұрақты шығындардың көлемін ерекше қарау сол шығындардың табыс соммасына қаншалықты көлемде әсер ететінін көрсетеді. Маржиналды табыс көлемінің өзгеруі шығарылатын өнімнің ассортиментіне өзгерістер енгізуге мүмкіндік береді.
Қорытындылап айтатын болсақ, «директ-костинг» әдісі табыстың көлемін анықтайды және ауыспалы шығындардың өткізу бағасынан, шығаратын өнім құрылымының әсерінен табыс көлемінің ауытқуын, өзгерісін анықтауға мүмкіндік береді. Осындай талдаулар негізінде кәсіпорын мен шығындарды басқарудың керекті шараларын қабылдауға болады.
Мұндай жүйелерді қолдану, әсіресе, Қазақстанның нарықтық экономикасын жақсы білу үшін пайдалы.
Бүгінгі күнде табыстың өсуі – біздің негізгі мақсатымыз болып табылатындықтан, оған жету үшін өнімнің бағасын көтеруіміз керек. Керісінше, өндірілген өнімге жоғары емес бағаны қоя отырып, оны бәсеке қабілетті өнім ретінде ұсынуымыз керек.
Сонымен қатар, нарықты жаулап алу үшін және оны ұстап қалу үшін табыстың нормасын төмендету негізінде арзан әрі сапалы өнім сатуымыз қажет. Яғни, сату көлемін ұлғайта отырып, жоғарғы табысқа жетуімізге болады.
Сонымен, басқару шешімдерін қабылдаудағы негізгі көрсеткіш болып «шығынсыздық нүктесі» саналады. Оның негізі мынада – кәсіпорын пайда да көрмейді, шығынға да ұшырамайды.
Шетел кәсіпорындары мен фирмаларында «бәсекелестердің өндіріс шығындарының салыстырмалы талдаулары» жүзеге асырылады. Мұндай талдау өзінің өндірістік шығындарын бәсекелес кәсіпорынның өндірістік шығындарымен салыстыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, олардың артықшылықтарын біле аламыз, олардың өндірістік шығындарының көлемімен таныса аламыз. Олардың қателіктерін ескере отырып, өзіміздің өндіріс шығындарының құрылымын жақсартамыз және шығындарды төмендетеміз.
Бізге белгілі болғандай, жоғарғы сапалы өнім өндірісі жоғарғы деңгейлі шығындарды талап етеді. Бірақ, 70 жылдардың аяғы және 80 жылдардың басында бұл пастулат іс жүзінде Жапонияның машина жасау компанияларымен толық жоққа шығарылды. Себебі, жоғарғы сапалы өнімдерді шығаратын кәсіпорындарда еңбек өндірісі жоғары болып, өндірістік шығындар төмен болады. Жапониядағы автокөлік және электронды өндіріспен айналысатын кәсіпорындардың еңбек өндірісі сол өндіріспен айналысатын АҚШ кәсіпорындарынан 2 - 2,5 есе артық болды. Бұл айырмашылық «дәл уақыт» әдісін қолданғаны үшін ғана пайда болып тұр.
Сурет 22 - Табыстылық графигі
«Дәл уақыт» әдісі Жапониядағы «Тойота» атты автомобиль шығаратын фирманың басты басқару жүйесі болып табылады. Бұл жүйенің негізгі мақсаты – шығындарды қысқарту болып табылады. Шығындарды қысқарту үшін сұраныстың күнделікті өзгеруін, жоғарғы сапалы комплектілік бұйымдармен қамтамасыз етілуін, қызығушылықтың өсуін, жұмыскерлердің жұмыс белсенділігі мен өнімнің номенклатурасын және өнім өндірісінің көлемін үздіксіз бақылап отыру керек. «Дәл уақыт» әдісінің негізгі қағидасы болып автономизация және персоналды қолдану жүйесінің икемді болуы табылады. Бұл әдіс өндірісте қажет емес өнімді қажет емес уақытта және қажет емес көлемде талап етеді. Автономизация деген сөз ахуалды өз бетімен бақылау дегенді білдіреді, келешектегі қайта өндіріске ахуалы бар бұйымдарды болдырмау. Персоналды икемді пайдалану дегеніміз – ол өнімге деген сұраныстың өзгеруіне байланысты жұмысшылар көлемінің тербелісі, сонымен қатар серіктестікті марапаттау және ойларды жүзеге асыру. Жұмысшылар әр өнім өндірісін жақсарту жайлы және өнім сапасын жоғарылату туралы әр түрлі ойлар ұсына алады. Жұмысшылардың ұсынысы материалды түрде марапатталады.
«Тойота» фирмасының негізгі артықшылығы неде? «Дәл уақыт» әдісімен жұмыс істегенде белгілі бір аймаққа алдын-ала келісілген нақты уақытта қажетті бұйымдар жеткізіледі. Келесі кезең өткен кезеңнен өндіріске қажетті бұйымдарды суырып алған сияқты болады. Ал біздің немесе басқа да мемлекеттердің қолданатын календарлық әдісі бойынша, алдағы аймаққа өткен аймақ алдын-ала болжамдалған және өндірілген бұйымдарды итеріп тыққандай болады. «Тойота» жүйесі күнделікті шығаратын өнім көлемінің өзгеруін, яғни ұлғайғанын немесе қысқарғанын қарайды. Жалпы, бұл жүйе жұмыс күшіне және қорларға шығын шығармау арқылы оларды қысқартады. Нарық сұранысының құбылмалылығын әрқашан бақылап отыру арқылы өндірістік және ауыспалы шығындарды қысқартуға болады. Бірақ, нарық жағдайында бұндай жүйені қолдану тиімді емес, себебі онда дамыған маркетинг жүйесі, материалдарды жеткізу және өнімді өткізу жоқ.
Қазақстан үшін шығындарды басқарудың жапондық тәжірибесі қызықты. Оның үшбұрышты құраушы тастарына: «таргет-костинг», «кайдзен» және қалыптасқан өзіндік құнды қолдау функциясы жатады.
«Таргет-костинг» концепциясы жобаны жоспарлау мен жобалау кезінде қолданылса, «кайдзен» өндіріс барысында қолданылады. «Таргет-костинг» жүйесін шығарғанда жапондық менеджерлер дәстүрлі басқару функциясын мүлдем өзгертті:
Өзіндік құн + Пайда = Баға
«Таргет-костинг» жүйесінде формула төмендегідей болды:
Мақсатты баға – Мақсатты пайда = Мақсатты өзіндік құн
Ең алдымен, маркетингтік зерттеу арқылы өнімді өткізудің мүмкін бағасы анықталады. Содан кейін, өзіндік құнды анықтау үшін жобаны жүзеге асырудан кәсіпорынның көздеген табыс көлемі есептелінеді, ары қарай өндіріс үрдісінің қатысушылары, менеджерлер, жұмысшылар мақсатты өзіндік құнға сәйкес, өнімді жобалау мен жүзеге асыру жұмыстарын жүргізеді.
«Кайдзен» сөзі жапон тілінен аударғанда «кішкентай қадаммен жетістікке жету» дегенді білдіреді.
«Кайдзеннің» мақсаты – ірі-ірі кәсіпорындардан инвестиция тартпай, кәсіпорындардың ішкі резервтерінің көмегімен қызметті жетілдіру. Бұл жүйе өте күрделі және көптеген элементтерден тұрады:
· Тұтынушыларға бағыттану;
· Өнім сапасын бақылау;
· Автоматизация;
· Сапаны жақсарту үйірмелері;
· Новаторлық ұсыныстар жүйесі;
· Жұмыс орнындағы тәртіп пен қарым-қатынас;
· Көп станокты жұмыс орындары;
· Канбан жүйесі;
· «Дәл уақыт» жүйесі;
· Ахуалдардың болмауы;
· Шағын топтардың қызметі;
· Өнімділікті жоғарылату;
· Капитал мен еңбектің қатынасы;
· Жаңа өнімді құрастыру;
· Жалпы эксплуатациялық жүйе.
«Кайдзен»жүйесінің негізгі бағыты – шығындарды минимализациялау. Ол шығындар кәсіпорын қызметі барысында, қайта өндірісте жарамсыз бөлшектерден шығуы мүмкін, яғни өндірістік жоғалтулар пайда болады.
Қайта өндіріс жоғалтулары | Тұтынушыға бағыттану | |
Қор жинаумен және тасымалдаумен байланысты | «Дәл уақыт» жүйесі жоғалтулар | |
Жөндеумен, құралдардың босқа тұруымен байланысты | Жалпы эксплуатация жүйесі жоғалтулар (ЖЭЖ) | |
Ахуалмен байланысты жоғалтулардан сақтану | Сапаны жақсарту жүйелері |
Сурет 23 - Жоғалту түрлері және оларды минимализациялау жүйелері
Осы жоғалтуларды төмендету жүйелерін қарастырайық. Мысалы, Жапония кәсіпорындарында қайта өндірумен және дайын өнімді қоймалаумен байланысты жоғалтуларды жояды. Олар тұтынушыларға бағытталып, жалпы өндірістен кіші сериялы өндіріске көшті.
Сонымен қатар, «Дәл уақыт» жүйесі іске асады. Бұл жүйеде өндіріске қажетті құрал-жабдықтар цехта қажет мөлшерде тура уақытысында жеткізіледі.
«Дәл уақыт» жүйесі жұмыс істеу үшін 100 % сапалы өнім жеткізілуі қажет. Сондықтан, бұл жүйе сапаны жақсартумен, оның ішінде сапа жақсарту үйірмелері, ахуалдарды болдырмаумен байланысты болады. Бұл автоматизация деп аталады.
Қазіргі кезде өндірісті автоматизациялау кең тараған. Ол еңбек күшін үнемдейді, өндіріс қуатын қысқартады және өнім сапасын жоғарылатады. Бірақ, құрал-жабдықтардың сынып қалуынан оларды қайта жөндеуге қажеттілік туады. Құрал-жабдықтардың бұзылуын кетіргенде ғана өнім сапасына кепілдік беруге болады. Құрал-жабдықпен жұмыс істеу үшін жалпы эксплуатациялық жүйе іске асырылады. Оның ерекшелігі – операторлар өз құрал-жабдығына өздері қызмет көрсетіп басқарады, сонымен қатар ОЭС бұзылуынан болған шығындарды минимализациялайды.
Сөйтіп, «кайдзен» жүйесі көп жақты қолданыс табады. Қазақстанда бұл жүйені жүзеге асыру үшін, алдымен, бірқатар бөгеттерден өту қажет. Олар:
· Корпоративті рухты жоғарылату. Қазақстандық кәсіпорындарда әр жұмысшы өзінің жеке мақсаттарына жетуге ынталы, ол бір мақсаттық, онда жанұя рухы мүлдем жоқ.
· Кәсіпкердің ерекше менталитеті. Кәсіпкерлер табысқа салынатын салық мөлшерін азайту мақсатында әдейі шығындарды жоғалтады, бұл жағдайды тоқтату қажет.
· Нарықтық инфрақұрылымның толық дамымауы, сонымен қатар транспорттық коммуникацияның дамымай қалуы. Бұл маркетингтік жүйеге қатысты нақты мәліметтердің жоқтығы, ол «таргет-костинг» жүйесін ендіргенде қажет.
· Өндірілетін өнім сапасына әсер ететін өндіріс деңгейінің техникалық жағынан төмендігі.
· Сапаны қадағалау үрдісінің төмендігі.
· Келісім-шарттардың өз уақытында орындалмауы.
Біздің ойымызша, Қазақстан жағдайына сай, «кайдзен» жүйесіне қарағанда, «таргет-костинг» жүйесін енгізу жағымды болар еді.