Саяси талдау және саяси кеңес беру

Саяси талдаудың және саяси кеңес берудің методологиялық әр түрлілігінің негізі, бір жағынан қолданбалы пән ретінде олардың ерекшеліктері бойынша, екінші жағынан, талдау және кеңес беру пәні ретінде саяси проблематиканың өзгешелігі арқылы алдын ала белгіленіп отыр.

Саясат саласында нақты міндеттерді шешудің, мақсатқа жетуде неғұрлым адамдарға қолайлы әдістер мен технологияларды іздестірудің қажеттігі саяси құбылыстарды түсіну мен оны зерттеуге айрықша жол табу керектігін жорамалдайды. Жалпы алғанда саяси білімнің едәуір бөлігі білім теориясы мен оны дамытуға емес, саяси кеңістіктегі практикалық және нақты міндеттерді шешу кезінде қолда бар ғылыми әлеуетті қолданбалы түрде пайдалануға бағытталған.

Аталған міндеттерді шешуде, сондай-ақ, адамдардың жинаған практикалық тәжірибесі, дағдысы және осыған ұқсас міндеттерді шешу қабілеті, интуициясы маңызды компоненттердің бірі болып табылады.

Саясаттағы қолданбалы зерттеу оның барлық кеңістігінде бірдей ой зерделемейді, саяси билік қызметінің барлық процесі үшін практикалық мәні бар саласын ғана қамтиды. Ондай салаларға бүгінде жанжалдарды шешу мен реттеу процестері, келіссөздер жүргізу, сайлау және ақпараттық науқандарды ұйымдастыру, т.б. жатады. Мұндай саланың айналасында өзіндік ерекшелігі бар саяси пәндер орнығады: саяси маркетинг (шешім қабылдау проблемасын талдап, жасаушы), саяси менеджмент (саяси жүйелерді қалыптастыру және жүзеге асыру), жанжалды реттеуші менеджмент (саяси жанжалдарды шешу және реттеу, келіссөздер жүргізу) және т.б.

Осыған байланысты саяси талдау пәндік қамтуы және басқа да ерекшеліктері бар айрықша қолданбалы пән болып табылатынын атап айту керек[129]. Сонымен бірге ол барлық қолданбалы субдисциплинаның ортақ зерттеу негізі де болып саналады. Сонымен, саяси талдауды екі мағынада: кең және тар мағыналарында түсіну керек. Кең мағынасында алғанда саяси талдауды саясаттың барлық ғылыми зерттеулері тұрғысынан түсіну керек. Ал, тар, қолданбалы мағынасындағы саяси талдау – бұл нақты проблеманы объективті зерттеу, оның неғұрлым қолайлы шешімдерін іздеу және бұл үшін қажетті технологиялық құралдар мен қызмет әдістерін анықтау болып табылады.

Саяси талдаудың нақты проблемаларды зерттеуге бағытталуы саяси кеңістіктің әр түрлі саласын қамтиды және оның анықталған, бір типті қайнар көздері, байланыстары мен осыған ұқсас параметрлері болмайды. Ал, нақты қалыптасқан жағдайлар шеңберінде нақты проблемаларды шешуге бағдар ұстау саяси талдауды ситуациялық ғылыми зерттеулер формасына айналдыруы мүмкін. Төтенше күрделі болуы себепті саяси кеңістікте пайда болатын кез келген нақты жағдай, онда әдістерді зерттеу үшін қолданылатын әр түрлі байланыстар мен қатынастардың болуы оның пәнаралық сипатқа ие болуын көрсетеді. Осыған байланысты жағдайды саяси бағалау әдетте талдаудың психологиялық, әлеуметтану, мәдени және басқа да әдістерін қолданумен толықтырылып отырады. Бұл ретте саяси талдауды жасаумен мамандардың айрықша тобы айналысады. Нақты айтқанда, олар: технологтар, аналитиктер, сарапшылар, кеңес берушілер, ақпараттық технологияның мамандары, партия аппаратының қызметкерлері, белгілі саясаткерлердің көмекшілері, қысқасы... саяси қызметпен айналысатындардың барлығы да кіреді. Берілген әр түрлі кеңестер мен ұсыныстар, жорамалдар, мемлекеттік, партиялық органдардың және жекелеген қайраткерлердің жасаған жоспарлары мен бағдарламалары, басқару органдарының қызметін жетілдіруге арналған аналитикалық анықтамалар, нақты саяси проблемаларды оңтайлы шешуге арналған басқа да материалдар жоғарыдағыдай топтардың қызметінің нәтижесі болып табылады.

Саяси саланың нақты табиғаты тұрғысынан алғанда қарсылас күштер өкілдерінің қайсыбірі болмасын, ситуацияны әр қырынан көре білуі және оны түрліше түсіндіруі орнығады. Демек, нақты ситуацияның бағасын аналитик немесе сарапшы ғана беріп қоймайды, қалыптасқан проблеманы шешуге тиісті адамдар да араласа алады. Сөйтіп, саяси талдаудың құрамы мен мазмұны зерттеушінің әлдебір оқиғаны аналитикалық тұрғыда сипаттауының нәтижесінде ғана қалыптасып қоймай, аталған ситуацияны шешу мақсатын қоятын «тапсырыс» беруші тұлғаның қатысуымен немесе қатыспауымен де жасалады. Тиісінше, технолог-аналитик көбінесе әлеуметтік тапсырыс берушінің ролін атқарады.

Мәселен, билеуші және оппозициялық партиялардың өкілдері, билеуші режим мен қоғамның жаншылған тобының өкілдері тапсырыс беруші бола алады. Олар әр түрлі материалдармен және ақпараттармен қаруланған және әрқайсысы жағдайды түрліше түсіндіреді. Саяси талдау да әр түрлі проблемаларды өрістете алады, жағдайды әр түрлі көзқарас пен позиция тұрғысынан қарап, түсіндіреді, қай мәселені шешуде болсын әр түрлі жолдарын ұсына алады.

Аналитикалық талдау үшін түсетін ақпаратты жинаудың және оны үнемі толықтырып, нақтылаудың принципті маңызы бар. Кәсіби кеңесті талдап жасау, міндеттерді шешудің тиісті технолдогиясын таңдау үшін ақпарат мына талаптарға сай болуы керек: шешілетін проблеманың қажеттігі; проблеманы толық қарастыру үшін материалдардың жеткілікті болуы шарт; алынған материалдардың нақтылығы, сенімділігі және оны дер кезінде қамтып ала білу. Сонымен, аналитиктің нақты ситуация жөніндегі мәліметі толық қажеттілік жағдайға ұмтылу керек. Ол талдау нәтижелерін елестетуін де, оны тексеру мүмкіндігін де жорамалдай (топшылай) алуы тиіс.

Түсетін ақпаратты саяси талдау үшін оларды зерттеудің әр түрлі әдістері қолданылады. Тұтас алғанда саяси талдаудың қолданылатын әдістерін екі топқа: жалпы және жеке деп бөлуге болады. Жалпы әдістер саяси талдаудың барлық кезеңдерінің бағытын, ракурсы мен методологиялық жағынан қамтамасыз етілуін анықтайды. Оған ивент-талдауды, ситуациялық талдауды және басқаларды жатқызуға болады.

Ситуацияны түсіндірудің неғұрлым маңызды тәсілдерін қалыптастыруға ықпал ететін жалпы әдістер ішінде ивент-талдаудың маңызы айрықша зор, оның шеңберінде саяси лидерлердің сөз алуы, жаппай демонстрациялар, сайлаулар, нормативтік актілерді қабылдау, саяси құрбандықтар, т.б. бірқатар оқиғалар көзге елестейді. Осылардың әрқайсысы да ситуацияға қай жағынан болса да ықпал етеді және бұлардың қай-қайсының да соңында өз мүдделерін көздейтін нақты адамдардың тұрғанын есте ұстауымыз керек.

Жеке әдістерге статистикадан, әлеуметтанудан, экономикадан және басқа пәндерден алынып пайдаланылатын стандарттық әдістер жатады; оларды саяси талдаудың жекелеген сатыларындағы әр түрлі комбинацияларда қолдану мақсатқа сәйкестілікпен – яғни проблемалардың сипатымен, зерттеулер ракурсымен, мәліметтерге қол жеткізілуімен, ұйымдық және басқа да ресурстармен қамтамасыз етілуімен анықталады. Осы аталған әдістер тобына ішінара әдіс, сараптық бағалау әдісі, корреляциялық және факторлық талдау, математикалық моделдеу және т.б. жатқызуға болады.

Проблемалық ситуацияларға саяси талдау жасау кезінде бәрінен бұрын саяси оқиғаларға негізгі қатысушылардың құрылымына талдау жасауға назар аударылады, олардың иерархиясы ескеріле отырып, мұнда территориялық (аймақтық), діни, этникалық, әлеуметтік-экономикалық және адамдардың саяси топтарына назар аударылады. Оқиғаларға қатысушылардың қай-қайсысына да саяси ықпал етудің деңгейлеріне баға беру қажет. Сонан соң оқиғаға негізгі қатысушылардың мүддесі нақтылануы, олардың стратегиялық мақсаттары мен тактикалық міндеттері белгіленуі, қайсыбір мүдделердің жүзеге асырылуының кешіктірілуіне байланысты олардың осал тұстары анықталуы керек. Оқиғаға қатысушылардың саяси қызметінің ресурстарын жеке сипаттау қажет. Саяси процестерге қатысушылардың және субъектілердің саяси ситуациялар дамуының қандай да бір болмасын сценариіне реакциясының сипаты тұрғысынан алғанда мүмкін болатын стратегиялық одақтарды және тактикалық коалицияны анықтап, оқиғаның даму сценариін жасау қажет. Сонымен, іс-әрекеттер пайда болады да, олардың жетістігінің ықтимал бағасы беріледі. Талдау қорытындысында саяси ситуациялардың дамуын жорамалдауды, сондай-ақ оларды жүзеге асырудың құралдары мен ресурстарын ескере отырып жүзеге асырылатын іс-әрекеттің оңтайлы варианты негізінде тұтас стратегия қалыптасады[130]. Аналитикалық жұмыстың соңы әдетте, одан арғы жұмыстарға арналған міндеттердің нақты қойылуымен және орындалған ситуациялық талдаудың нәтижелерін практикада қолданумен аяқталады.

Осыған байланысты саяси талдау саяси кеңес беру процесінде нақты көрініс табатынын айту керек.

Саяси кеңес беру жақын арада ғана ажырамас технологиялық буынның мәртебесін иеленді және бірқатар саяси процестерді қамту механизміне қол жеткізді. Кеңес беру институты ХХ ғасырдың өне бойында және ХХІ ғасырдың басында саяси өмірдің әр түрлі саласындағы қызметін жетілдірудің ажыратылмас механизмі ретінде біртіндеп орнықты. Ол «әріптес» немесе «бәсекелес» ретінде саяси акторлардың өзара әрекетіне тұрақты қатысушының бірі болып алды. Қазіргі кезде ол өзінің нәтижелерін белгілі бір (жеке немесе топқа) «тапсырыс берушіге» (клиентке) ұсына алатын әлеуметтік және саяси процестерді кәсіптік тұрғыда талдайтын институтқа айналды. Ол басқаруды жетілдірудің барлық қажеттілігін қанағаттандыра алмайды, бірақ бұл процестің ажыратылмас бөлігі болып табылады. Саяси кеңес беру – бүгінде бұл саяси ұйымдардың жетекшілері мен жеке персоналдарына олардың іскерлік қызметіндегі тәуекелділікті төмендету негізінде кәсіптік міндеттерін шешуде көмек көрсетудің үлкен үлгісі болып табылады. Істің мәніне қарай ол саяси процестер мен ұйымдарды басқарудың және оған жетекшілік етудің, олардың құрылымын рационализациялаудың, іс-әрекетінің бір ізділігін орнықтырудың практикасын жетілдіру механизміне айналды.

Тиісінше, саяси саладағы кеңес беру міндеттеріне оларды қызықтыратын мәселелер бойынша, біріншіден, ұйым басшыларына ситуацияларға объективті және байсалды (алаламайтын) баға беру негізінде сенімді ұсыныстар әзірлеу; екіншіден, аталған ұсынысты қажетті адамға оған керек уақытта және ыңғайлы жерде тиісті формада ұсыну; үшіншіден, клиенттің басқару қызметіндегі іскерлік тәуекелділікті төмендету, қабылданатын шешімдердің сенімділігін арттыруды қамтамасыз ету; төртіншіден, ұйымдардың басшылары мен жеке адамдарына тиімді басқарудың осы заманғы әдістерін игеруде көмек көрсету жатады. Соңғысының нәтижесінде ұжым мен оның басшылығының творчестволық әлеуеті жоғарылап, олардың алға қойылған міндеттерге сәйкес осы заманғы әрі тиімді шешімдер қабылдауға деген бейімділігі артады.

Осыған орай басқару ситуацияларының молдығына, клиенттердің сұрауы мен жағдайларына қарамастан, саяси кеңес беру екі негізгі формада жүзеге асырылады: рефлективтік және ойындық кеңес беру.

Рефлективтік кеңес беру қандай бір ұсыныс беруде болмасын, кеңес берушінің өзінің тұжырымдамасын, сондай-ақ осы кеңестер мен ұсыныстардың ықпалымен басшының өзінің рефлексиясын ынталандыруды қарастырады. Бұл жағдайда кеңес беруші басшының қызметіне баға беріп, оның ұғымы мен іс-әрекетін түзетіп отыратын ғана емес, сонымен бірге оны өзінің кәсіптік қызметінің әр түрлі аспектілері жайында ой толғауға итермелейтін ақыл-кеңестер береді.

Саяси кеңес берудің екінші әдісі – бұл кеңес беруші өзінің ұсынысына сенімді болмағанда және ол өз ой-пікірлерін анық та айқын етіп әзірлей алмаған жағдайда, яки оған адамдар арасында немесе жеке сипаттағы құпия қосымша ақпарат қажет болғанда пайдаланылатын ойындық кеңес беру әдісі болып табылады. Мұндай жағдайда кеңес беруші ойындық екі бірдей форманы да пайдаланады. Оның әуелгісі абстрактылы ситуацияны білдіретін, сырт қарағанда ұйымдағы ситуацияға ұқсас «оқу түріндегі» форма, немесе аталған ұйымда кездесетін және проблемалық сипатқа ие жағдайлар үлгісіндегі «практикалық» форма.

Екінші жағдайда кеңес беруші ойынға қатысушылардан жаңа ақпараттар, шешімдерді қабылдауға не болмаса толықтыруға көмектесетін мәліметтер алуға есептелген «иновациялық» моделін, немесе негізгі ойыншылардың рөлдік позициясы мен мотивизациясын моделдейтін және оны анықтай түсуді жорамалдайтын «ұйымдастыру-қызметтік» ойындық форманы ұсынады. Ойындық формада жүзеге асырылатын бұл іс-әрекеттер адамдарды ситуацияға кеңес берушінің көзімен қарауға және оларды сол нақты жағдайларды қайталауға ынталандырады.

Ойындық формалар оқиғаның дамуын жорамалдауға және оны бағалауға арналған ішінара бағдарламалық іс-әрекетті пайдалану арқылы ситуацияларды зерттеудің неғұрлым күрделі, жанды методологиясын көзге елестететінін айту керек. Әдетте, олардың барлығы да үш негізгі сатыдан: ситуациялардың диагностикасы, шешімдерді талдап жасау және алға қойылған мақсаттарды жүзеге асырудан тұрады.

Клиентпен өзара қарым-қатынас процесінде кеңес берушілер өз іс-әрекеттерін типтендіру негізінде әр түрлі рөлдерді атқаруы мүмкін. Тұтас алғанда кеңес берушілердің типтендіру спектрі мейлінше әр түрлі. Айталық, нақты бір ұйымнан шақырылатын сырттан келетін кеңес берушілер, аталған ұйымда жұмыс істейтін мамандардан іріктелетін ішкі кеңесшілер тобы және сараптамалық функцияны атқара алатын топтық және жекелей, отандық және халықаралық т.б. кеңесшілер болып бөлінеді.

Кеңес берушілерді олардың арнайы білімі бойынша типтендіру барынша кең таратылған. Атап айтқанда, бұл ретте былайша топтайды: «ғалым», «зерттеуші» және «сараптама беруші». Сонымен, ең аяғында саяси кеңес берудің тиімділігі әрқашанда қойылған міндеттердің шешілу дәрежесіне, белгіленген және алынған нәтижелердің деңгейіне қарай анықталады.

Клиент пен кеңес беруші кеңес беру процесін болмай қоймайтын өзара әрекет пен ытымақтастық ретінде қабылдауы керек. Болашақ мамандар мен кәсіптік ақпаратты жеткізушілердің әрқайсысы проблемаға әр қырынан қарауы мүмкін, ал бірақ оның сипатын анықтауды және оны шешудің жолдарын бірлесе отырып жүзеге асырғандары жөн. Бұл ретте клиент кеңесшінің қызметінің кәсіптік аспектісіне араласуға және оны бақылауға тиісті емес, сонымен бірге кеңесші де өзінің ақпараттық өрісін шешілетін міндеттерге қатысы жоқ мәліметтер есебінен кеңейтуге тиіс емес.

Өзара іс-әрекеттің процесінде кеңесші іс мүддесін басшылыққа алуға тиіс, клиенттің талаптарына көне беруіне болмайды және бәрі жақсы екен деген ойды санасына ұялатпауы керек, алдын-ала жоспарланған нәтижелерге жетуге ұмтылмауы қажет.

Ол қайсыбір тұжырымдар мен ұсыныстарға ие бола отырып, клиентке ешбір қысым жасауға тиісті емес, оның ұсынған жаңалықтарын өмірге енгіз деп қыспаққа алмауы керек. Ол өзінің ұсынысы клиенттің стратегиялық (ұзақмерзімдік) ойларында бар басқару жөніндегі ақпараттың бір бөлігі ғана екенін ұмытпауы керек, өйткені бұл жөніндегі шешімді қабылдауға тек клиенттер жауапты болмақ.

Кеңесші өзінің клиентінің ары мен адамгершілігін бар жағынан да қорғай білуі қажет. Кеңесші клиентке өзінің жеке, адамдық қасиеттері тұрғысынан әсер етуі тиіс: клиенттің жауапкершілігінен жоғары тұрған өзінің арнайы білімін паш ету арқылы; кәсіптік ар-абыройы мен принциптілігін көрсету жолымен; өз позициясының дұрыстығына табандылығының арқасында сендіруге; проблемаға көзқарас пен оны шешудің ортақ тәсілін ойлап табу есебінен; сенімді қарым-қатынас жасау жолымен; істің перспективасы үшін уайымдай білу және абыржушылық сезімін қоздыруды пайдалану жолымен; клиенттің мінез-құлқын қалыптастыруды ынталандыру әдістерін пайдалану, берілген ұстаныстарды түсініп, пайдаланбағаны үшін санкция қолдану (одан арғы жерде ынтымақтасуды доғару) жолымен.

Кеңесшінің барлық күш-жігері «тапсырыс беруші» үшін қолайлы іс-әрекетті жетілдіруге шоғырландырылуы керек. Кеңесшінің ұсыныстарын неғұрлым мол ақпараттың негізінде тұжырымдау ситуацияны моделдеуді, оқиғалардың дамуының белгілі бір сценариін жасауды, қызметтің ережелері мен нормасын жасауды алға тартады. Кеңесші «тапсырыс берушіге» әрбір моделдеу, оқиғалардың дамуын жорамалдау тұрғысынан алғанда, өз ұсыныстарының қабылдануы мен қабылданбау салдарының анықтамасын ұсынуға тиіс. Қорытындысында кеңесші өз ұсынысын нақты құжаттармен толтырады.

Саяси кеңес беру мен саяси талдаудың нәтижелері саяси шешімдерді қабылдау және оны жүзеге асырудың технологиясы, тұрақты қалыптасып отыратын проблемаларды шешу, саяси сұрау салулар мен азаматтардың талабын әр түрлі деңгейлерде қанағаттандыру, қоғамның, жеке адамның және мемлекеттің одан арғы дамуы үшін қажетті негіз қалайтын ақпаратты, білімді, тәжірибені дамыту және дәстүрді жалғастыру арқылы айқындалып, бекітіле түсетінін айтқан жөн.

Наши рекомендации