Ойдың биологиялық ерекшеліктері
Үй қойларының басты ерекшеліктерінің бірі – оның қоршаған ортаға бейімделуі, өзгергіштігі, әр-түрлі жағдайларға оңай дағдыланатындығы. Сондай қасиеттерінің арқасында жер шарының әр-қилы жерлеріне бейімделіп, жерсініп, өсіп-өніп, кеңінен таралып кеткен.
Қойдың басқа малға қарағанда биологиялық ерекшеліктерінің бірі – бас сүйегінің бейнесі мен жаратылысы. Қойдың басы сүйір, жақ сүйектері ұзын, тұмсығы үшкір, еріндері өте икемді, тез қимылдағыш, тістері өткір және ұзын болады. Бұл қасиеттер қойдың жайылым малы екенін анықтайды. Зерттеуші ғалымдардың тұжырымына қарағанда қой басының мұндай өзгеруі, өзінің даму эволюциясында мыңдаған жылдар бойы табиғаттың қиын, азықсыз-шөпсіз, тапшылық жағдайларына бейімделуінен, тамақ іздеуінен болған. Қой басқа үй жануарларына қарағанда табиғатта өсетін шөптердің бәрін жеп қорытуға өзінің денесін, ағзаларын бейімдеген. Осының арқасында қой өсіп тұрған өсімдікті жеумен қатар, үгітіліп жерге түсіп қалған шөп қиқымдарын жеп азық ете алады. Қойдың шөпті үзіп жейтін астыңғы жағында 8-күрек тісі және күйіс қайыратын 24 азу тісі болады.
Ғалымдардың зерттеулерінің нәтижесінде қой басқа шаруаға қажеті төмен, нашар, ащы арам шөптердің 600%-нан 570%-ын жейтін болса, жылқы соның 82%, ірі қара 56% ғана жейтіндігі анықталған.
Ас қорытатын ағзалар жүйесі көп камералы қарындардан басталып, ұзын ішектермен жалғасады. Қойдың ішектерінің ұзындығы 30 есе ұзын болса, ірі қарада 26 есе, шошқада 12 есе, жылқыда 15 есе ұзын болады. Осындай жақсы дамыған ас қорыту жүйесі қойдың ірі азықтық пайдалы заттарын барынша түгел қорытып оны сіңіруге мүмкіндік жасайды. Осының нәтижесінде, ғылыми зерттеулер дәлелдегендей, қой 1 кг қосымша салмаққа 8 кг құрғақ азық жұмсаса, ірі қара 12 кг жұмсайды.
Қойдың көп тұқымдары жеген азығының құнарының 75% (ал етті бағыттағы, етті-майлы бағыттағы қойлар одан да жоғары бөлігін) денесінде ет, сүйек, май құрауға, немесе еттілігін арттыруға жұмсайды. Осындай жақсы өсу, азықты жоғары өнімге пайдалану қой малының бір жасында жоғары болады. Сондықтан, қойды, әсіресе, ет үшін семіртіп, союға пайдалану да тиімді болады.
Қой малының биологиялық ерекшеліктерінің бірі - ол малдың өсімталдығымен тез жетілуі. Қой 100 саулықтан 130-150, кейбір тұқымдары 200-250 қозыға дейін береді. Қойдың ағзалары тез жетіледі, 4 айда жетіліп, 6-7 айда ұрықтанып, бір жасында төл де бере алады. Технология жетіліп, бағып–күтуі жақсарса, қой жылына 2 немесе 2 жылда үш рет төл бере алады. Мұндай жаңа технология Франция, Германия, Ұлыбританияда қолданылады. Қойдың қозысы 3-4 айлығында етке қолдануға жарайды, ал қаракөл елтірісі туған қозының 2-3 күндігінде өте құнды да сапалы болады. Қойдың ендігі бір ерекшелігі – оның көп түрлі өнім беретіндігі: ет, сүт, жүн, тері, елтірі т.б.
Қойдың табиғат құбылысына бейімді екенін жоғарыда айтылады. Қой шөл даланы, құрғақтықты жақсы сезінеді, ал сыз және сазды жерді жақтырмайды, ондай жағдайда әртүрлі ауруларға тап болады.
Ойдың дене бітімі
Қойдың әрқайсысының өзіндік ерекшелігі болады, сондай-ақ дене бітімі де әртүрлі болатыны сөзсіз. Бірақ көп қойдың ішінде дене бітімі жағынан бір–біріне ұқсас болады да ақиқат. Қойдың тұқымдары өнім бағыты, тіршілік ортасы ұқсас болғанда дене бітімінің де ұқсастығы арта береді, кейде оларды бір топқа біріктіруге теорияда және тәжірибеде қойдың дене бітімін жіктеудің П.Н. Кулешовпен, М.Ф. Иванов ұсынған жүйесі қолданылады. Бұл жүйе малдың дене бітімін анатомиялық және гистологиялық көрсеткіштерге негіздеген. Оның тегінде Ж. Кювье мен Ч. Дарвиннің мал денесінің ағзалар арасында биологиялық қатынастардың болатынын заңдылық ретінде басшылыққа алған ұғым жатыр. Әр түрлі өнім бағытындағы қойлардың терісінің, етінің, сүйегінің, ас-қорыту жүйесінің, т.б. ағзаларының өнім бағытына сәйкес өзгешеліктері болатыны және олардың ара қатынасы да өзгеріп тұратыны негізге алынады.
П.Н. Кулешов осы ғылыми негіздерге сүйене отырып, малдың дене бітімін төмендегі төрт түрге бөлген.
1. Сөлекет – малдың сүйегі ірі, басы үлкен, терісі қалың, жуан ет бұлшықтары толымды. Етіндегі май және дәнекер ұлпалары нашар дамыған. Малдың жалпы түр-тұлғасы көзге өрескел көрінеді. Сөлекет дене бітімді қойлардың жүн талшықтары жуандау болады. Мұндай сөлекет бітімді мал, қоршаған ортаның қолайсыз жағдайларына төзімді, ауруға көп шалдықпайтын болады.
2. Нәзік - дене бітімдерінің көрінісі ашаң, сүйегі жіңішке, терісі жұқа, жүн талшықтары өте жіңішке. Ас-қорыту жүйесі бір шама жақсы дамыған, зат алмасуы ағзада жедел жүреді, тынышсыз, үркек болады. Мұндай бітімді қойлар жақсы бағып-күтуді қалайды.
3. Тығыз – дене бітімді қойдың сүйегі мықты, бұлшық еттері жақсы жетілген, терісі қалың, жүн талшықтары жуандау келеді. Қан айналу, тыныс алу, ас қорыту жүйелері жақсы жетілген, жүйкесі мықты. Мұндай қойлар табиғаттың өзгеруіне төзімді, ет өндіруге қолайлы келеді.
4. Борпас (болбыр) – мұндай бітімді малдың денесі жалпақ, ас қорыту ағзалары жақсы дамыған, зат алмасу ағымы баяу жүреді. Жуас, баяу қимылдайды. Мұндай бітімді қойлар бордақылауға жақсы, тез семіреді.
М.Ф. Иванов жоғарыда айтылған төрт дене бітіміне бесінші түрді, яғни мықты деген дене бітімін қосты. Бұл ғылымда өндіріске енді.
Мықты дене бітімі бар қойда нәзіктік немесе босаңдық белгілер болмайды, сонымен қатар сөлекет те емес, қой жалпы келбетінің, жарасымдылығымен көзге түседі. Терісі қалың емес, тығыз, жүні орта жуандықта, денесінің барлық жерінде де бір қалыпты өскен, сүйегі жақсы дамыған, бірақ ірі, аяқ, бас сүйектері орташа дамыған. Мұндай қой көзге келбетті, қайратты болып көрінеді, қалыпты ортада тұрақты мол өнім береді.
1.3.1 Түр-тұлғасы – пішіні (экстерьері)
Экстерьер туралы ғылымның қалыптасуына малдың дене бітімі, сыртқы түрі (пішіні) мен өнімділік қасиетінің тығыз байланысты болуы негіз болған. Сондықтан, қой тұқымын асылдандыру жұмысында қойға сыртқы пішініне қарап, баға беруге үлкен мән беріледі.
Қойдың сырт пішініне қарап, төмендегі:
- дене бітімін бағалау;
- тұқымдық ұқсастығын анықтау;
- өзіндік ерекшеліктері мен өнім бағытын анықтау;
- жасын анықтау;
- қоңын анықтау;
- денсаулығын тексеру сияқты селекциялық мәселелерді шешеді.
Малдың пішініне дұрыс баға беру үшін, олардың дене мүшелерінің сыртқы көрінісін, ішкі ағзалары мен, өмір-тіршілігін және нақты өнімділік қасиеттерімен байланысын таразылаған жөн.
Қойдың дене пішініне баға бергенде, төмендегі негізгі денелердің сыртқы көрінісіне яғни бас, мойын, шоқтық, кеуде, арқа, бел, бөксе, аяқ, желін, жыныс мүшелеріне үйлесімділігіне, келбеттің келісімділігіне жеке-жеке мән беру қажет.
Мал пішінін бағалау малдың дене бітіміне (конституциясы) кешенді түсінік берген кезде басты көрсеткіштерінің бірі болып саналады. Себебі, ол бір дене бітімінің типінің ішінде малдың даму дәрежесінің әртүрлі екендігін ажыратуға мүмкіндік береді. Мысалы: біздің алдымызда дене бітімді мықты екі қой тұр делік. Біреуінің кеудесі жақсы дамыған, әрі жалпақ, әрі терең. Екіншісінің кеудесі жіңішкелеу, таяздау. Бұл көрсеткіштер қойды мықты бітімдіден шығарып, басқа нәзік немесе тығыз бітімге жатқызуға жеткіліксіз. Бұл жерде бірінші қой жоғарырақ бағамен мықты бітімге, ал екіншісі төменірек бағамен сол бітімге жатқызылуы тиіс.
Қойдың дене бітімі ет өнімін тез анықтауға көмектеседі. Денесінің дөңгеленіп келуі, арқасының жалпақтығы, белінің ұзындығы, сандарының тығыздығы қойдың етті екендігін анықтайды.
Қойды бонитировкалағанда дене бітімінің толық сипатталып, бағалануына пішінінің көрсеткіштері анық дәлелдеме ретінде пайдаланылады. Сондықтан пішінді дұрыс бағалай білу қажет.
Дене пішіні көрсеткіштері қойды бонитировкалағанда зоотехнияда қабылданған шартты белгілермен, кілттермен құжатқа жазылады.
Қойдың дене пішініне баға бергенде төмендегі көрсетілген негізгі ағзалармен, тіршілігімен және нақты өнімдік қасиеттерімен байланысын жақсы білу керек. Бағалайтын дене мүшелері: бас, тіс, мойын, жоңтық, арқа, кеуде, бел, бөксе, аяқ, сыртқы жыныс органдары.
Бас - бастың пішініне, мөлшеріне, сүйектілігіне қарап, қойдың жалпы сүйегінің жетілу дәрежесін, түр-тұлғасының, келбетінің кемістілігін анықтауға болады. Қалыпты бастың ұзындығымен көлденеңінің 8/3 қатынаста болуы тиіс. Бұл мықты дене бітімді дәлелдейді. 8/4 қатынаста болуы сөлекет дене бітіміне дәлел, ал 8/2 қатынаста болса, бұл қойдың дене бітімінің нәзік екенін көрсетеді.
Қой тұқымының дөңес болып келуі дене бітімінің мықтылығын, табиғатқа жақсы үйлесімді екенін көрсетеді. Қойдың шортан тұмсықты болып келуі - үлкен кемістік болып есептеледі.
2 – сурет. Қойдың дене мүшелері:
1 - тұмсығы; 2 - маңдайы; 3 - көзі; 4 - көз ойығы; 5 - құлағы; 6 - мүйізі; 7 - желкесі; 8 - мойыны; 9 – шоқтығы; 10 - жотасы; 11 - белі; 12 - құйымшағы; 13 - құйрығы; 14 - бұғанасы; 15 - қабырғасы; 16 - саны; 17 - құрсағы; 18 – алдыңғы аяқтары; 19 - артқы аяқтары; 20 - дорбасы; 21 - білек сүйегі; 22 - серіппелі буын; 23 - өкше сүйегі; 24 - табан сүйегі; 25 - тұяқтары
Мүйіз -қойдың жыныстық ерекшеліктерін сипаттайды. Еркек қойлардың мүйізінің мықты болуы дене бітімінің жақсылығын көрсетеді. Егер мүйізі нашар дамыған болса, ол малдың әлсіз, нәзіктік қасиетін білдіреді. Ал аналық қойлардың тоқал болғаны жағымды көрініс.
Басында жүн өсуі де біраз сипаттама береді. Егер денесінің жүні ақ, ал бас жүні қара, қоңыр болып келсе, бұл малдың тегінде ағылшын биязылау жүнді қой тұқымының қаны барлығын көрсетеді. Биязы жүнді қой тұқымдарында бас жүні өсіп, көзіне дейін түсіп кетеді. Бұл оның тұқымдық қасиеті. Ол қасиет жағымсыз, өйткені жайылымда мал айналасын көрмей қиналады, өміріне кесірі тиеді.
Құлақ та дұрыс бағалануы тиіс. Тұқымына байланысты әр түрлі болады. Пішіні, ұзындығы, жүндестігі.
Тіс - қой тісіне ерекше мән беріп, бағалау керек. Себебі, қой малы - жайылым малы. Тіс өте қажет. Қойда 32 тіс болады, оның 24 азу тістер, 8 күрек тіс астыңғы жағында ғана болады. Сол тістерге қарап қойдың жасын айыруға және оның жайылымға жарамдығын бағалайды.
Мойын – желке сүйегінен иықтың алдына дейін немесе құлақтың түбінен жауырын қырына дейінгі дене мүшесі. Мойынға баға бергенде оның ұзындығын, жуандығын және жалпақтығын анықтайды. Мойын ұзындығы малдың тұқымына сәйкес болуы тиіс. Бұлардың ара қатынасы орта есеппен дененің жал ұзындығының 27-30% болуы керек.
Ағылшын етті-жүнді қойлары тектес етті малдардың мойыны қысқа, жуан болып келеді. Ал биязы жүнді және қазақы қойлардың мойны ұзындау болады. Биязы жүнді қойлардың мойынында қатпарлар болуы заңды құбылыс.
Шоқтық жауырынның үстіндегі ең биік омыртқалар орналасқан дененің бөлігі. Етті қойларда арқамен бірдей тұтасып жалпақ көрінеді. Жүндес қойларда шоқтығы жіңішке, биік болады. Шоқтықты қолмен ұстап бағалау керек, себебі қалың жүн кемістігін көрсете бермейді.
Арқа.Арқаның сүйек негізі – омыртқалар, кеуденің үсті. Бұл арқа омыртқаларына кеуде бекітілгендіктен, ол мықты болуы тиіс. Арқа тегіс, жалпақ, ұзын болғаны жақсы. Арқаның жіңішке болуы, қайқы немесе бүкір болуы, әрине, кемістік – мал бітімінің әлсіздігін көрсетеді.
Кеуде – шоқтық омыртқалар мен қабырғалар мен төменде төс сүйегімен қоршалған дененің кескін бөлігі. Оның ішінде жүрек, өкпе т.б. басты органдар орналасқан. Сондықтан кеуде кең, дөңгеленген болғаны жақсы. Кеудесі тар, таяз, қысыңқы болса – бұл кемістік дене бітіміне, денсаулығына сөзсіз әсер етеді.
Бел– бұл бел омыртқалардың тұсы. Қойдың белі түзу, ұзын және жалпақ болғаны дұрыс. Белдің жіңішкелігі, қысқалығы малдың дене бітімінің нашарлығын, денсаулығының төмендігін көрсетеді.
Бөксе – жамбас, ортан (тоқпан) жілік, құйымшақ сүйектерінің өзара байланысына қарай қалыптасады. Бөксе алды-артынан тұтас кең болғаны дұрыс. Бөксенің зоотехния тұрғысынан екі жақты маңызы бар. Біріншіден, бөксенің көлеміне қарап ұрғашы қойдың жыныс ағзаларының құрылымын, даму дәрежесін бағалауға болады, екіншіден, қой малының еттілігі, еттілік-малының қасиеттері бөксенің дамуына байланысты. Мықыны кең, сауыры жалпақ, тегіс болғаны дұрыс. Бөксесі қысқа, қушиған болса – ол кемістік.
Аяқтар - қой малының аяқтарына үлкен мән беріледі. Жайылым малы болғандықтан қой ұдайы жүріп – тұрады. Сондықтан аяқ сүйектері түзу, бұлшық еттері жақсы дамыған, аяқтары түзу қойылған болуы тиіс. Аяқтарын алдынан, артынан қарап түзулігін бағалайды. Қайшы аяқтық, араң тілерсектік – кемшілік болып есептелінеді. Тұяқтарға да қарау керек. Қойдың тұяғы түзу, қатты болуы тиіс. Биязылау жүнді етті қойлардың аяғы қазақы қойлармен салыстырғанда қысқа болады. Тыныс органдарынан әсіресе орталық малдың жыныс бездерін, ашу қалтасын көңіл аударып қарау керек. Бездері бірдей, сыртынан өзгеріссіз болса дұрыс. Крипторхизм болса ол аталық, бракталады.
Қойдың дене пішініне баға бергенде барлық дене мүшелерінің үйлесімділігіне, жалпы келбетінің кемістігіне, дене келістілігіне көңіл аударады.
Қойдың экстерьерін бағалауда: жай көзбен қарау, өлшеу, балл бойынша және суретке түсіру сияқты әдістері бар.
Жай көзбен бағалау әдісі, атына сәйкес, қойдың сыртқы пішінінің, әр дене мүшесін көзбен көріп, қолмен ұстау арқылы оның өзіндік сыртқы белгілері ерекшеліктерінің жақсы-жамандығын өнімдік бағытына сәйкестігіне жалпы түр-тұлғасы үйлесімділігіне баға беру жатады. Әдетте әуелі малды бүйірінен 1-2 метр жерден жалпы дене мүшелері үйлесімділігін, аяқтарының қойылымын анықтайды. Содан кейін әр дене мүшелерін ұстап көріп бағалайды.
Бұл әдіспен малдың түр-тұлғасына, дене бітімінің үйлесімінділігіне, мықтылығына біршама әділ баға беріледі. Қой сұрыптағанда негізінен осы әдісті қолданады. Бұл әдістің бір артықшылығы – кез келген жерде, қосымша құралсыз-ақ атқарыла береді. Бірақ маман тәжірибиелі болуы тиіс. Мал тұқымының жасына, жынысына, өскен жағдайына байланысты ерекшеліктерін жетік білуі керек.
Бұл әдіс негізінен субъективті. Малға есепті негізге сүйене отырып, баға беру үшін өлшеу керек. Өлшеу тәсілі арқылы малдың экстерьері туралы нақты (объективті) деректер алып, баға беруге болады. Өлшеу тәсілін жүргізу үшін өлшеуіш таяқ, 1,5-2,0 метрлік таспа, циркуль қажет.
Қойдың экстерьерін бағалауда мына өлшеулер жүргізіледі:
1. Шоқтығының биіктігі – шоқтықтың ең жоғары нүктесінен жерге дейін;
2. Құйымшақ биіктігі - құйымшақтың ең биіктігінен жерге дейін;
3. Кеудесінің тереңдігі – шоқтықтың биігінен төсіне дейін;
4. Тұрқының қиғаш ұзындығы – жауырынмен қол жіліктің буынан жамбастың артқы төмпешігіне дейін;
5. Кеудесінің енділігі – жауырын сыртынан екі жазық;
6. Сербегі аралық енділігі – мыңнан сүйектерінің алшақтығы;
7. Кеуде орамы – жауырынның артынан кеудесін орап өлшейді (матамен);
8. Сирақ орамы - сирақтың ең жіңішке жерін сантиметрмен лентамен өлшейді.
3 – сурет. Дене өлшемдері
АБ-шоқтығының биіктігі;
ВГ - тұрқының қиғаш ұзындығы;
ДЕ - жауырын сыртқы тұсынан кеудеорамы;
ЖЗ - сирақ орамы.
СУ-құйымшақ биіктігі
Қойды бонтировкалағанда олардың тірі салмағы анықталады. Ол әрине таразы арқылы жүргізіледі.
Малды суретке түсіру - өте жауапты жұмыс. Қойды төрт аяғын тең бастырып түзу жерге, немесе тақтайға қойып жан-жақты түсіру керек; жанынан, алдынан, артынан. Сонда ғана малға дұрыс баға беруге болады.
Дене құрылысы - таза зоотехникалық түсінік. Ол белгілі анатомиялық ұғымы бар және малдың пішінін зерттеген кезде бөлінетін ағзаның интегралды бөлігі. Дене мүшелерінің құрылысына қарап малдардың конституциялық типін, тұқымын, жасын, өнімділігін, физиологиялық жағдайын анықтауға болады. Сонымен бірге зооинженерге дене құрылымын білу тек қана биологиялық емес, инженерлік тұрғыдан қажет. Мысалы, азықтандырғыштарды құрастырған кезде малдардың көлемін, оның дене құрылымының дамуын және жасына қарай өзгеруін ескеріп отырады.
Қойлардың дене мүшелерінің құрылысын көз мөлшерімен, ұстап көру, өлшеу және суретке түсіру арқылы зерттеп бағалайды. Бұл қой шаруашылығында кеңінен тараған әдіс.
Дене өлшемдерінің көрсеткіштері жануардың дене бітімінің көлемін және типін сипаттайды. Бірақ абсолютті көрсеткіштерде жекеленіп алынған өлшемдер малдың дене бітімі туралы толық мағлұмат бере алмайды.
Сондықтан да, дене бітіміне сипаттама беру үшін ағзаның даму деңгейіне, қойлардың жалпы түрі туралы талқылау жүргізу мүмкіндігін беретін, және іс жүзінде өзара байланысты дене өлшемдерінің ара-қатынасын көрсететін, пайыз арқылы дене бітімі индекстері пайдаланылады.
Индекстерді есептеу үшін кез келген өлшемдер қолданылмайды, онда тек ағзаның және оның дене бітімінің дамуындағы арақатынасы жоғары дәрежеде сипаттай алатын өлшемдер алынады.