Суды және атмосфераны тиімді пайдалануға және қорғауға қол сұғатын қылмыстар
Суларды ластау, бітеу және сарқу (281-бап)
Суларды ластау, бітеу және сарқығаны үшін қылмыстық жауаптылық белгілеудің мақсаты су пайдалану ережелерін сақтауды қамтамасыз ету, судың табиғи қасиеттерін сақтауды, тіршілік етушілердің күллісіне судан болатын зиянды тойтару болып табылады.
Қылмыстың объектісі суларды пайдалану және су объектілерін қорғау саласындағы қатынастар.
Қылмыстьщ заты жер беті немесе жер асты сулары, мұздықтар, ауыз сумен жабдықтау көздері болады.
Суды қорғау ережелері көптеген заң және басқадай нормативтік-құқықтық актілерде: Қазақстан Республикасының су кодексінде, қоршаған табиғи ортаны қорғау туралы занда, суды ластаудан қорғау туралы ережелерді және тағы басқадай нормативтік-құқықтық актілерде көрсетілген.
Осы қылмыстың объективтік жағы: а) жер беті немесе жер асты суларын, мұздықтарды, ауыз сумен жабдықтау көздерін ластау, бітеу, сарқу не олардың табиғи қасиеттерін өзге де өзгерту, б) осы әрекеттер жануарлар немесе өсімдіктер дүниесіне, балық қорына, орман немесе ауыл шаруашылығына елеулі зиян келтіруге әкеп соқса, в) іс-әрекет пен зардаптың арасындағы себепті байланыстың болуы арқылы сипатталады.
Зиянды заттардың қосылуы салдарынан пайда болған судың физикалық, химиялық немесе биологиялық сипатының өзгеруі судың ластануы деп танылады, осының салдарынан су коммуналдық, өнеркәсіптік, ауыл шаруашылық, балық шаруашылығы және басқа мақсаттарға дұрыс пайдалану үшін жарамсыз болып қалады. Судың ластануы белгіленген тәртіп бойынша суды сынап көру жолымен анықталады. Өндірістік және тұрмыстық қатты қалдықтар мен қоқыстардың суға тасталуы судың бітелуі деп танылады, осының салдарынан су объектісінің гидрологиялық жайы нашарлайды және суды пайдалануға кедергі келеді.
Жер асты және жер үсті суларының запас қоры, саласы кеміп, пайдалануға жарамсыз болуын су объектілерінің сарқылуы деп білеміз.
Су объектілерінің сарқылуы өзендердің, көлдердің, бөгеттердің, жер үсті, жер асты суларының және басқа су объектілерінің бірқалыпты су режимін сақтаудан, суды пайдаланатын субъектілердің су объектілерінің сарқылуын болғызбау жөніндегі міндеттерін орындаудан, жер асты суларын сарқылудан қорғау шараларының дұрыс жүргізілмегенінен пайда болады.
Жарылыс, құрылыс, басқа жұмыстарды тікелей су объектілеріне немесе оған жақын жерлерде жүзеге асырудың әсерінен судың құрамының зиянды өзгеруі судың табиғи қасиеттерін өзге де өзгертулер деп айтамыз.
Қылмыстың объективтік жағының міндетті белгісі — заңда көрсетілген зардаптардың — жануарлар немесе өсімдіктер дүниесіне, балық қорына, орман немесе ауыл шаруашылығына елеулі зиян келтірудің болуы болып табылады. Яғни қылмыс құрамы материалдық. Егістіктің апатқа ұшырауы, мал жайылымының жарамсыз күйге келуі ауыл шаруашылығына келтірілген елеулі зиянға жатады.
Жабайы аңдардың, құстардың өсуінің сиреуі, ағаштардың, ормандағы барлық өсімдіктердің қурауы жануарлар немесе өсімдіктер дүниесіне келтірілген елеулі зиян болып табылады.
Балықтардың ауруға, өлім-жітімге ұшырауы, тұқым шашпауы және тағы басқа зиянды зардаптардың орын алуы балық қорына келтірілген елеулі зиян болып табылады.
Занда көрсетілген іс-әрекеттер мен зардаптардың арасында себепті байланыс болуы шарт.
Қылмыс заңда көрсетілген балама зардаптардың біреуінің орын алған уақытынан бастап аяқталған деп танылады.
Субъективтік жағынан қылмыс қасақаналықпен де, абайсьіздықпен де істеледі.
Қылмыстьщ субъектісі — жалпы, 16-ға толған кез келген адам.
Қылмыстық кодекстің 281-бабының 2-тармағында осы құрамның ауырлататын түрі — адамның денсаулығына зияң келтіруге немесе жануарлар немесе өсімдіктер дүниесінің жаппай құрып кетуіне, сондай-ақ ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда не төтенше экологиялық жағдай аумағында жасалған дәл сол әрекеттер үшін жауаптылық белгіленген.
Адамның денсаулығына зиян келтіруге — жеңіл, орта, ауыр дене жарақатын келтірулер (бір адамға болса) жатады.
Жануарлар немесе өсімдіктер дүниесінің жаппай құрып кетуі туралы түсінікті Қылмыстық кодекстің 278-бабына талдау жасағанда атап көрсеттік.
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға — Қазақстан Республикасының "Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы" 1997 жылғы 15 шілдедегі заңына сәйкес мемлекеттік табиғи қорықтар; мемлекеттік ұлттық табиғи парктер; мемлекеттік табиғи парктер; мемлекеттік табиғат ескерткіштері; мемлекеттік қорық өңірлері; мемлекеттік табиғи заказниктер; мемлекеттік экологиялық парктер; мемлекеттік ботаникалық бақтар; мемлекеттік дендрологиялық парктер; ерекше мемлекеттік маңызы бар немесе ғылыми жағынан ерекше құнды су қоймалары; халықаралық маңызы бар сулы-батпақты алқаптар; жер қойнауының экологиялық, ғылыми, мәдени және өзге де жағынан ерекше құнды учаскелері жатады.
Төтенше экологиялық жағдай аумағының түсінігіне Қылмыстық кодекстің 279-бабына талдау жасағанда тоқталып өткенбіз.
ҚК-тің 281-бабынын, 2-тармағында сөз болып отырған — ерекше қорғалатын табиғи аумақ және төтенше экологиялық жағдай аумағы қылмыстың істелетін орны. Заңға сәйкес бұл жерлерде жасалған қоғамға қауіпті іс-әрекет қылмыстың зардабының болған, болмағанына қарамастан қылмыс болып табылады.
Қылмыстық кодекстің 281-бабының 3-тармағында осы қылмыстың аса ауырлататын түрі — осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген әрекеттер абайсызда кісі өліміне әкеп соққаны үшін жауаптылық белгіленген.
Атмосфераны ластау (282-бап)
Қылмыстың тікелей объектісі атмосфералық ауаны қорғауға байланысты қоғамдық қатынастар.
Қылмыстың заты — табиғи ортаның элементі атмосфералық ауа.
Объективтік жағынан қылмыс: а) атмосфераға ластайтын заттар шығару ережелерін немесе қондырғыларды, ғимараттарды және өзге де объектілерді пайдалану ережелерін бұзу; б) бұл әрекеттер ауаның табиғи қасиеттерінің ластануына немесе өзге де өзгеруіне әкеп соғу; в) бұлардың арасындағы себепті байланыстар арқылы сипатталады.
Атмосфераға ластанатын заттар шығару ережелерін немесе қондырғыларды, ғимараттарды және арнайы өзге де объектілерді пайдалану ережелерін бұзуға Қазақстан Республикасының "Атмосфералық ауаны қорғау" және "Қоршаған табиғи ортаны қорғау туралы" Заңдарында көрсетілген талаптарды бұзған, лас заттарды атмосфераға шығаруды болғызбау, лас заттарды шығаруды азайту женіндегі шараларды жүргізбеу, лас заттарды тазалау және оларды бақылау шараларын жүзеге асырмау, қондырғыларды, ғимараттарды немесе өзге де объектілерді пайдалану кезінде зиянды физикалық ықпал ету шегінің белгіленген нормативтерін сақтамау, зиянды ауаны жоятын фильтрлі қондырғыларды, бақылау, өлшеу приборларын пайдаланбай жұмыс істеу сияқты әрекеттер жатады.
Қылмыстың объективтік жағының кажетті белгісі — ауаның табиғи қасиеттерінің ластануына және өзге де өзгеруіне әкеліп соғу (мысалы, жылу радиациясынын, зиянды әсерлері, атмосфералық ауаның физикалық, химиялық құрамы бұзылып, ол адамдардың өмірі мен денсаулығына, жануарлар мен өсімдіктер дүниесіне зиян келтіру қатерін туғызуы) болып табылады. Іс-әрекет пен зардаптың арасында себепті байланыс болуы қажет. Қылмыс кұрамы материалдық.
Қылмыс субъективтік жағынан қасақаналықпен немесе абайсыздықпен істеледі.
Қылмыстың субъектісі — лауазымды немесе жай адам. Адамның денсаулығына зиян келтіру (282-баптың 2-тармағы) және абайсызда кісі өліміне әкеп соққан әрекеттер (282-баптың 3-тармағы) осы қылмыстың ауырлататын және аса ауырлататын түрлері болып табылады.
Теңіз аясын ластау (283-бап)
Қылмыстың объектісі теңіз — аясының экологиялық қауіпсіздігі. Қылмыстың істелу орны — ішкі теңіз сулары, Қазақстан Республикасының аумақтық теңізі және ашық теңіз сулары болып табылады.
Қылмыс объективтік жағынан құрғақтағы көздерден,не адамның денсаулығы мен теңіздің жанды ресурстары үшін зиянды, не теңіз аясын занды пайдалануға кедергі келтіретін заттар мен материалдарды көму немесе оларды көлік құралдарынан немесе теңізде орнатылған жасанды құрылғылардан тастау ережелерін бұзу салдарынан теңіз аясын ластау арқылы көрініс табады.
Теңіз суларына араласқан жағдайда адамның денсаулығына, теңіздің жанды ресурстарына, теңіз суларын мақсатты пайдалануға қауіп келтіретін, халықаралық шарттар бойынша бақылауға алынған заттар зиянды заттар деп танылады.
Ластау кездері болып зиянды заттарды теңіз аясына тастайтын объектілер жатады. Занда олар құрғақтағы көздер, көлік құралдары немесе теңізде орнатылған жасанды құрылғылар деп көрсетілген.
Қылмыстың объективтік жағының тағы бір белгісі адамның денсаулығы мен теңіздің жанды ресурстары үшін зиянды, не теңіз аясын заңды пайдалануға кедергі келтіретін заттар мен материалдарды көму немесе оларды көлік құралдарынан немесе теңізде орналасқан құрылғылардан тастау ережелерін бұзу болып табылады.
Көму — зиянды заттар мен материалдарды теңізге тастау немесе оларды теңіз суы аясында қалдыру болып табылады. Қылмыс көрсетілген заттар мен материалдарды тастаған уақыттан бастап аяқталған деп табылады.
Тастауға — зиянды заттар мен материалдарды белгіленген ережелерге қайшы түрде теңіз суы аясына әдейілеп лақтыру жатады.
Теңізде орнатылған жасанды құрылғыларға — теңіз аясында белгілі бір жұмыстарды атқаруға арналған техникалық құрылымдар, бұрғылау қондырғылары, теңіздегі құрылыстар және т.б. жатады.
Адамның денсаулығы мен теңіздің жанды ресурстары үшін зиянды заттарға — тірі организмді уландыруға, жоюға немесе оларға ауру жұқтыруға қабілетті улар, мұнай және мұнай өнімдері, спирт, сульфид, хлорлы заттар, тұз және басқа заттар, нәрселер жатады.
Заңда көрсетілген "теңіз аясын заңды пайдалануға кедергі келтіретін" деген ұғымға теңіз жануарларын, балыктарды тауға, суды пайдалану үшін тұщыландыруды жүзеге асыруға мүкіндік бермейтін жағдайлар жатады.
Қылмыстық кодекстін 283-бабының 1-тармағында көрсетілген қылмыс құрамы формальдық, қылмыс жоғарыда көрсетілген іс-әрекеттердің біреуін істеген уақыттан бастап аяқталҒан деп табылады.
Қылмыс субъективтік жағынан тікелей қасақаналықпен істеледі.
Қылмыстың субъектісі — 16-ға толған адам.
Қылмыстық кодекстің 283-бабының 2-тармағында адамның денсаулығына, жануарлар немесе өсімдіктер дүниесіне, балық қорына, қоршаған ортаға, демалыс аймақтарына не басқа да заңмен қорғалатын мүдделерге елеулі зиян келтірген дәл сол әрекеттер үшін жауаптылық белгіленген.
Елеулі зиянға адамның денсаулығына жеңіл, орта, ауыр жарақаттар келтірілуі, жұқпалы ауруға душар болуы, жануарлар немесе өсімдіктер дүниесін жоятын, бүлдіретін әрекеттердің орын алуы, балық қорының азаюы, тұқым шашпауы, қоршаған ортаның улануы, бүлінуі, теңіз жағасында зиянды заттардың көбеюінен демалыс аймақтарын мақсатты пайдаланудың мүмкіндіктерінің болмай қалуы, оны қалпына келтіру үшін орасан материалдық және қаржы қаражатының кажет болуы жатады. Келтірілген зиянның елеулі немесе елеулі еместігін нақты жағдайларға қарап сот анықтайды.
Қылмыстық кодекстің 283-бабының 3-тармағында осы қылмыстың ауырлататын түрі — осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген, абайсызда кісі өліміне әкеп соққан әрекеттер үшін жауаптылық көзделген.
Қылмыстық кодекстің 283-бабының 2, 3-тармақтарындағы қылмыс — материалдық құрамға жатады.