Негізгі сұрақтар. 1. Экологиялық қылмыстарға жалпы сипаттама және олардың түрлері
1. Экологиялық қылмыстарға жалпы сипаттама және олардың түрлері.
2. Экологиялық қауіпсіздікке қол сұғатын қылмыстар.
3. Суды және атмосфераны тиімді пайдалануға және қорғауға қол сұғатын қылмыстар.
4. Жерді, құрылықтық шельф, жер қойнауын қорғау және тиімді пайдалануға қол сұғатын қылмыстар.
1. Жалпы экология табиғат пен қоғам қатынастарын, адам мен табиғаттың тікелей байланысын, айналадағы табиғи ортаны қорғауды реттейтін құқық ережелерінің жиынтығы болып табылады.
Айналадағы табиғи ортаны қорғау — ең алдымен адамның өмірі мен денсаулығын, болашақ ұрпақтың мүдделерін камтамасыз етуге, табиғи ортаға қарсы зиянды іс-әрекеттер жасауға жол бермеуге, табиғи тепе-теңдікті сақтау және қоршаған ортаны тиімді пайдалану мақсатын көздейді.
Осыған орай Қазақстан Республикасының жаңа Қылмыстық кодексінің 11-тарауы түгелдей экологиялық қылмыстарға арналған. Ескі кодексте мұндай арнаулы тарау болмаған, экологияға байланысты жекелеген баптар "Шаруашылық қылмыстары" деген тараудан орын алған еді.
Жаңа Қылмыстық кодексте экологиялық қылмыс құрамдарының мүлдем мынадай жаңа түрлері тұңғыш рет көрсетіліп отыр: шаруашылық және өзге де қызметке қойылатын экологиялық талаптардың бұзылуы (277-бап); ықтимал экологиялық қауіпті химиялық, радиоактивті және биологиялық заттарды өндіру мен пайдалану кезінде экологиялық талаптардың бұзылуы (278-бап); микробиологиялық немесе басқа биологиялық агенттермен немесе улы заттармен жұмыс істеу кезінде қауіпсіздік ережелерінің бұзылуы (279-бап); жануарлар дүниесін қорғау ережелерін бұзу (289-бап); жануарлар мен өсімдіктердің сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлерімен заңсыз іс-әрекеттер (290-бап); ерекше қорғалатын табиғи аумақтар режимінің бұзылуы (293-бап); экологиялық ластау зардаптарын жою жөнінде шара қолданбау (294-бап);
Жалпы Қылмыстық кодекстің бұл тарауында экологияға байланысты қоғамдық қатынастарды қылмыстық-құқықтық жолмен қорғауды қамтамасыз ететін басқа да көптеген баптар бар.
Экологиялық қылмыс дегеніміз қоршаған ортаға, оның ресурстарына, халықтың экологиялық қауіпсіздігіне қол сұғатын қоғамға қауіпті, қылмыстық заңға қайшы іс-әрекеттер болып табылады.
Экологиялық қылмыстардың заты — нақты табиғат ресурстары: жер, су, ауа, жануарлар дүниесі, орман-тоғай, мал т.б. болады.
Экологиялық қылмыстардың топтық объектісі — қоршаған ортаны қорғау, табиғат ресурстарын тиімді пайдалану, тірі организмдерге қолайлы табиғи жағдайларды сақтау және адамдардың экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін қоғамдық қатынастар болып табылады.
Қылмыстың тікелей объектісі — экологиялық қатынастарды реттейтін нақты қоғамдық қатынастар.
Тікелей объектісінің ерекшеліктеріне байланысты Қылмыстық кодекстің 11-тарауындағы экологиялық қылмыстар мына төмендегі түрлерге бөлінеді:
Экологиялық қауіпсіздікке қол сұғатын қылмыстар — шаруашылық және өзге де қызметке қойылатын экологиялық талаптардың бұзылуы (277-бап); ықтимал экологиялық қауіпті химиялық, радиоактивті және биологиялық заттарды өндіру мен пайдалану кезінде экологиялық талаптардың бұзылуы (278-бап); микробиологиялық немесе басқа биологиялық агенттермен немесе улы заттармен жұмыс істеу кезінде қауіпсіздік ережелерінің бұзылуы (279-бап); мал дәрігерлік ережелердің және өсімдіктердің аурулары мен зиянкестеріне қарсы күресу үшін белгіленген ережелердің бұзылуы (280-бап); экологиялық ластау зардаптарын жою жөнінде шара қолданбау (294-бап).
Суды және атмосфераны тиімді пайдалануға және қорғауға қол сұғатын қылмыстар: суларды ластау, бітеу және сарқу (281-бап); атмосфераны ластау (282-бап); теңіз аясын ластау (283-бап).
Жерді, құрлықтык шельф, жер қойнауын қорғау және пайдалану ережелеріне қол сұғатын қылмыстар: Қазақстан Республикасының құрлықтық шельфі туралы және Қазақстан Республикасының айрықша экономикалық аймағы туралы заңдардың бұзылуы (284-бап); жерді бүлдіру (285-бап); жер қойнауын қорғау және пайдалану ережелерін бұзу (286-бап).
Жануарлар дүниесін тиімді пайдалану, сақтау және қорғау ережелеріне қарсы қылмыстар: су жануарлары мен өсімдіктерін заңсыз алу (287-бап); жануарлар дүниесін қорғау ережелерін бұзу (289-бап); заңсыз аңшылық (288-бап).
Өсімдіктер дүниесін қорғау және тиімді пайдалану ережелеріне қарсы қылмыстар: ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу (291-бап); ормандарды жою немесе зақымдау (292-бап).
Ерекше табиғи-биологиялық түрдегі дүниелерді қорғау ережелеріне қарсы қылмыстар: жануарлар мен өсімдіктердің сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлерімен заңсыз іс-әрекеттер (290-бап); ерекше қорғалатын табиғи аумақтар режимінің бұзылуы (293-бап).