Адамгершілікке қарсы қылмыстар

Адамгершілікке қарсы топқа жататын қылмыстардың тікелей объектісі қоғамда орын алып отырған моральдық, қоғамдық қатынастардың жиынтығы болып табылады. Олардың түрлері де сан алуан. Енді соларға жеке-жеке тоқталып өтейік.

Жезөкшелікпен айналысуға тарту (270-бап)

Қылмыстың тікелей объектісі – қоғамдық адамгершілік, ал қосымша тікелей объектісі – адамның денсаулығы, ар-намысы және өміріне қол сұғылмайтындығы немесе меншігі болып табылады.

Қылмыстың жәбірленушісі әйелдер де, ер адамдар да болуы мүмкін. 1959 жылғы Қазақ ССР Қылмыстық кодексі бойынша жезөкшеліктің жәбірленушісі болып тек қана кәмелетке толмағандар танылса, ал Қазақстан Республикасының жаңа Қылмыстық кодексі бойынша 270-бапта көзделген қылмыстың жәбірленушісі болып 18-ге толған кез келген жынысты адам болып танылады. Өйткені Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 132-бабында кәмелетке толмаған адамды жезөкшелік іс-әрекеттер жасауға тартқаны үшін жеке жауаптылық белгіленген.

Жезөкшелік дегеніміз – бұл әр түрлі адамдармен ақылы түрде әлденеше рет жыныстық қатынаста болу. Жезөкшеліктің мынадай негізгі белгілері бар: жыныстық қатынаста болу. Жыныстық қатынас әйел мен еркектің, әйел мен әйелдің, еркек пен еркектің (гомосексуальдық) болуы мүмкін.

Әр түрлі адамдармен жыныстық қатынаста болу. Яғни бейберекет нәпсіқұмарлық қатынас жасау. Жыныстық қатынасты белгілі бір ақы алу үшін жасау.

Ақы төлеу ақшалай немесе баска нысанда заттай, киім-кешек, косметикалық, парфюмериялық заттар, асыл тастар, інжу-маржандар беру немесе басқадай қызмет көрсетулер арқылы жүзеге асырылады.

Жыныстық қатынас жасағанға дейін ақы төлеу жөнінде алдын ала келісімнің орын алуы;

Белгілі бір ақы алу үшін үнемі жыныстық қатынасқа түсу. Осыған орай ақы алып, бір рет жыныстық қатынаста болу жезөкшелікпен айналысу деп саналмайды. Жезөкшелік моральға жат құбылыс, онымен айналысатындардың бәрінің іс-әрекеті қылмыс қатарына жатпайды. Қылмыстық занда — ҚК-тің 270-бабының диспозициясында жезөкшелікпен айналысуға тартқаны үшін ғана жауаптылық көрсетілген. Осы қылмыстың объективтік жағының белгілері заңда: күш қолдану немесе күш қолданбақшы болып қорқыту, тәуелді жағдайын пайдалану, бопсалау, мүлкін жою немесе бүлдіру арқылы не алдау жолымен жезөкшелікпен айналысуға тарту деп көрсетілген. Яғни заң жезөкшелікке тартудың 5 түрлі тәсілін көрсетіп отыр. Енді осыларға тоқталайық.

Күш қолдану — жәбірленушінің өміріне, денсаулығына қауіпті де, қауіпсіз де түрде жеңіл, орта дене жарақатын келтіре отырып, оның өз еркіне қарамастан жезөкшелікпен айналысуға көндіру. Мұндайда жәбірленушіге ауыр дене жарақаты келтірілсе, онда кінәлінің әрекеті қосымша ҚК-тің 103-бабымен саралануға жатады.

Күш қолданбақшы болып қорқыту — жәбірленушінің кез келген дәрежедегі дене жарақатын келтірмекші болып, үрейін алу, қорқыту, әр түрлі тәсілмен ауызша, жазбаша немесе әр түрлі заттарды көрсету, қимыл арқылы белгі берумен жүзеге асырылады. Күш қолданбақшы болып қорқыту сөз жүзінде ғана емес, шын мәнінде нақты іске асатын, айқын болуы қажет және осы тәсіл жәбірленушіні жезөкшелікпен айналысуға мәжбүр етуі керек.

Тәуелді жағдайын — материалдық немесе өзге де тәуелділіктегі адамды осындай жағдайларын пайдалану арқылы жезөкшелікпен айналысуға тарту.

Бопсалау — жезөкшелікпен айналысуға тартылатын адамды немесе оның жақындарын масқаралайтын мәліметтерді таратамын деп немесе олардың мүдделеріне елеулі зиян келтіруі мүмкін өзге де мәліметтерді жариялаймын деп қорқыту.

Мүлікті жою немесе бүлдіру арқылы қорқытуға — болашақта жәбірленушінің немесе оның жақындарының дүние, мүлкін, үйін, саяжайын, көлігін толық немесе ішінара жарамсыз етіп тастау туралы, оның жүзеге асырылатын әрекеттер арқылы жәбірленушіні жезөкшелікке тартуы жатады.

Алдау жолымен жезөкшелікпен айналысуға тарту деп — жәбірленушіге көрінеу жалған мәліметтерді беру арқылы, оны белгілі бір адаммен жыныстық қатынаста болуға көндіру, мысалы, жәбірленушіні өзімен болашақта неке құратын адаммен бірнеше рет жыныстық қатынаста боласың деп алдап, соған көндіруді, сол үшін кінәлі адам белгілі бір ақы түрін алады, ал жәбірленуші ол туралы мүлдем хабарсыз болады.

Жезөкшелікпен айналысуға тартуда қызмет ақысын кінәлі жәбірленушімен бөлісуі немесе жеке өзі иеленіп кетуі мүмкін. Қылмыс формальдық құрамға жатады және ол жезөкшелікпен айналысуға тарту әрекетін жүзеге асырған (жәбірленушінің ақылы түрде нәпсіқұмарлық байланысқа түскен) уақытынан бастап аяқталған деп танылады.

Субъективтік жағынан қылмыс тікелей қасақаналықпен істеледі. Қылмыстық ниет және мақсат әр түрлі болуы мүмкін, олардың қылмысты саралауға әсері жоқ.

Қылмыстың субъектісі — 16-ға толған адам.

Қылмыстық кодекстің 270-бабының 2-тармағында осы қылмыстың ауырлататын түрлері: ұйымдаскан топ, сол сиякты жезөкшелікпен айналысуға тартқаны, не притондар ұйымдастырғаны немесе ұстағаны, не жеңгетайлық жасағаны үшін бұрын сотталған адам жасаған дәл сол әрекеттер үшін жауаптылық белгіленген. Ұйымдасқан топтың түсінігі Қылмыстық кодекстің 31-бабында берілген. Бұрын сотталған адамға Қылмыстық кодекстің 271-бабы бойынша сотталып, сотталғандықтан арылмаған не сондай атағы жойылмаған адамдар жатады.

Жезөкшелікпен айналысуға арналған притондар ұйымдастыру немесе ұстау және жеңгетайлық (271-бап)

Қылмыстың негізгі тікелей объектісі қоғамдық адамгершілік болып табылады.

Қылмыстың заты — жезөкшелікпен айналысуға арналған
притондар.

Притондар деп ақы алып жезөкшелікпен айналысатын адамдардың кез келген нысандағы жыныстық қатынасты жүзеге асыратын арнайы жабдықталған тұрғын жайлары немесе жабдықталмаған кез келген тұрғын үйге жатпайтын жайларды (автобус салоны, күзет үйлері, кеңсе бөлмелері, казинолар, түнгі сауықтыру орындары т.с.с.) айтамыз.

Көрсетілген қылмыстың объективтік жағы жезөкшелікпен айналысуға арналған притондар ұйымдастыру немесе ұстау; сондай-ақ пайдакүнемдік мақсаттағы жеңгетайлық арқылы көрініс табады.

Жезөкшелікпен айналысуға арналған притондар ұйымдастыру деп оны құруға арналған кез келген іс-әрекеттерді айтамыз. Оған тұрғын жайды табу оның иесімен шарт жасасу, осы жайларды жезөкшелікпен айналысуға жабдықтау (мебельдер қою, гигиеналық құралдар, жамылатын, басқадай қажетті киімдер алу), жезөкшелікпен айналысуға бейім клиенттерді табу, күзет және қауіпсіздік шараларын белгілеу жатады.

Притонды ұстау деп тұрғын жайларды жезөкшелікпен айналысу үшін үнемі жалға бере отырып, сол үшін ақы алу, осы жайларды күтіп ұстауды, күзетуді, оған қажетті жабдықтарды қамтамасыз етіп отыруды жүзеге асыруды айтамыз. Жезөкшелікпен айналысуға пайдакүнемдік мақсатта жеңгетайлық жасау деп осындай тәсілмен жыныстық қатынастар жасауға бейім адамдарды іздестіріп, оны бір-бірімен кездестіруді, притонды ұйымдастырушы мен оны ұстаушыларға осындай клиенттерді тауып беріп, сол үшін тиісті ақы алушылықты айтамыз.

Талдау жасалып отырылған қылмыс формальдық құрамға жатады. Ол Қылмыстық кодекстің 271-бабының 1-тармағының диспозициясында көрсетілген әрекеттердің бірін істеген уақыттан бастап аяқталған деп танылады.

Субъективтік жағынан қылмыс тікелей қасақаналықпен істеледі. Адам жезөкшелікпен айналысуға арналған притондар ұйымдастырғанын немесе ұстағанын, соған пайдакүнемдік мақсатпен жеңгетайлық жасағанын сезеді, біледі және сондай әрекеттер істеуді тілейді.

Қылмыс субъектісі — 16-ға толған адам.

Қылмыстық кодекстің 271-бабының 2-тармағында осы қылмыстың ауырлататын түрі: ұйымдасқан топ, сондай-ақ притондар ұйымдастырғаны немесе ұстағаны, не жеңгетайлық жасағаны, не жезөкшелікпен айналысуға тартқаны үшін бұрын сотталған адам жасаған дәл сол әрекеттер үшін жауаптылық көзделген. Осы белгілерге анықтаманы Қылмыстық кодекстің 270-бабына талдау жасалғанда көрсетіп кеткенбіз.

Дәрілік немесе басқа құралдарды пайдаланып есеңгірету үшін притондар ұйымдастыру немесе ұстау (272-бап)

Қылмыстың тікелей объектісі — қоғамдық адамгершілік, қосымша тікелей объект адамның денсаулығы.

Қылмыстың заты — есірткі немесе жүйкеге әсер ететін заттарға жатпайтын дәрілік заттар немесе басқа құралдар.

Қылмыс объективтік жағынан алғанда есірткі заттарға немесе жүйкеге әсер ететін заттарға жатпайтын дәрілік немесе басқа құралдар мен заттарды пайдаланып есеңгірету үшін притондар ұйымдастыру немесе ұстау, сондай-ақ осы мақсаттар үшін үй-жай беру арқылы жүзеге асырылады.

Есеңгірететін дәрілік заттардың тізімі немесе басқа құралдар арнаулы құқықтық нормалармен белгіленген. Осындай есеңгірететін заттарды пайдалану үшін притондар ұйымдастыру немесе ұстаудың түсінігі ҚК-тің 271-бабында берілген. Осы мақсаттарға үй-жай беруге — ақы алып, үнемі осындай дәрілік немесе басқа құралдар мен заттарды пайдаланып есеңгіреткісі келетіндерге жайды жалға беретін әрекеттер жатады.

Қылмыс құрамы формальдық, ол осы баптың диспозициясында көрсетілген әрекеттердің біреуін істеген соң аяқталған деп табылады.

Субъективтік жағынан қылмыс тікелей қасақаналықпен істеледі. Адам өзінің істеген іс-әрекетінің заңға қайшы екенін сезеді, бірақ соны жүзеге асыруды тілейді.

Қылмыстың субъектісі — арнаулы. Есеңгірету үшін притон ұйымдастырған немесе ұстаған не осы мақсаттарға үй-жай берген адам.

Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген әрекеттерді ұйымдасқан топ жасаса — қылмыстың ауырлататын түріне жатады (272-баптың 2-тармағы). Ұйымдасқан топтың түсінігін Қылмыстық кодекстің 31-бабынан қараңыз.

Порнографиялық материалдарды немесе заттарды заңсыз тарату (273-бап)

Порнографиялық материалдарды немесе заттарды заңсыз таратуға халықаралық құқық нормасымен тыйым салынған. 1923 жылы "Порнографиялық бұйымдарды тарату және олармен сауда жасауға қарсы шаралар туралы" Женева конвенциясы қабылданған. Осы конвенцияға қосылған барлық мемлекеттер өздерінің ұлттық Қылмыстық кодексінде осы тектес іс-әрекетті қылмыс деп танып, жауаптылық белгілеген.

Порнографиялық материалдарды немесе заттарды таратудың қоғамға қауіптілігі сол, мұндай әрекеттер жасөспірімдердің дене бітімі немесе психикалық адамгершілік жағынан дұрыс дамып жетілуіне теріс әсер етеді, жыныстық қатынастар туралы оларға кереғар нанымдарды уағыздайды, мұндай материалдармен танысу арқылы олар әйел зорлау, нәпсіқұмарлық сипаттағы зорлық әрекеттерін, тағы басқадай түрде азғындату әрекеттерін жасауға әсер етуі мүмкін.

Қылмыстың негізгі тікелей объектісі — қоғамдық адамгершілік, азаматтардың ары, адамгершілік қасиеттері.

Қылмыстың заты — порнографиялық материалдар және заттар.

Порнография — шектен шыққан әдепсіздіктер арқылы жыныстық қатынастардың көргенсіз, жүгенсіз түрлерін, астамшылдығын бейнелейтін көрініс болып табылады. Оған әдепсіз кино немесе бейне материалдар, суреттер, картиналар, альбомдар, шығармалар, бұйымдар немесе өзге заттар — аудиожазбалар, порнографиялық компакт дискілер, пластинкалар жатады.

Қылмыстың объективтік жағынан порнографиялық материалдарды немесе заттарды тарату немесе жарнамалау мақсатында заңсыз жасау, тарату, жарнамалау, сондай-ақ порнографиялық сипаттағы баспа басылымдарын, кино немесе бейне-материалдарды, суреттерді немесе өзге заттарды заңсыз сату арқылы жүзеге асырылады.

Порнографиялық материалдарды немесе заттарды жасауға, осыған жататын шығармаларды, суреттерді, фотобейнелерді толық жасау немесе осындай заттарды монтаждап құрастырулар жатады.

Тарату деп — порнографиялық материалдарды немесе заттарды басқа адамдарға сыйға беру, сату немесе кез келген басқа тәсілмен оларды баска адамдарға беруді айтамыз.

Жарнамалау деп — порнографиялық заттарды, материалдарды басқаларға көрсету, олар туралы шектен тыс көптеген адамдарға ақпарат беруді айтамыз.

Сату деп — осы көрсетілген заттарды басқаларға ақы алып беруді айтамыз. Көрсетілген әрекеттердің барлығы заңсыз болады, яғни құзіретті органдардың тиісті рұқсатынсыз жасалады.

Қылмыс құрамы формальдық және ол занда көрсетілген (273-баптың 1-тармағы) әрекеттердің біреуін істеген уақыттан бастап аяқталған деп табылады.

Қылмыстың субъективтік жағы тікелей қасақаналық. Адам порнографиялық заттарды заңсыз дайындайтынын, тарататынын, жарнамалайтынын және сататынын сезеді, біледі және оларды жүзеге асыруды тілейді.

Қылмыстың субъектісі — 16-ға толған адам.

Қатыгездік пен күш қолдануға бас ұруды насихаттайтын туындыларды заңсыз тарату (274-бап)

Қылмыстың тікелей объектісі — қоғамдық адамгершілік. Қылмыстың заты — қатыгездік пен күш қолдануға бас ұруды насихаттайтын туындылар. Оларға баспа басылымдары, кино немесе бейне материалдар, сондай-ақ қатыгездік пен күш қолдануды насихаттайтын кез келген жазбаша бағдарлама көздері (кітаптар, мақалалар, бейне таспалар, слайдылар) жатады.

Қатыгездік пен күш қолдануға бас ұруды насихаттаудың түпкі мақсаты басқаға аяусыз күш қолдануды, барлық адам тезгісіз әрекеттерді істеуді асқақтатуды, опасыз сезімдерді қоздыру болып табылады.

Қылмыстың объективтік жағы бірнеше әрекеттерді істеуден тұрады:

1. Қатыгездік пен күш қолдануға бас ұруды насихаттайтын шығармаларды дайындау. Бұған осы заттарды жасау, көбейту әрекеттері жатады.

2. Көрсетілген заттарды тарату. Бұған осы шығармаларды тұрақты немесе уақытша пайдалануға, танысуға бір немесе бірнеше адамға беру жатады.

3. Жарнамалау, яғни, осы көрсетілген заттарды баспасөз құралдары арқылы немесе басқа тәсілдермен көпшілікке көрсетіп, насихаттау.

4. Көрсету, яғни кино немесе бейне материалдарды, слайдыларды, фотографияларды, суреттерді басқаларға көрсету.

5. Сату, яғни, көрсетілген заттарды, материалдарды тиісінше ақы алып басқаларға өткізу әрекеттері.

Аталған қылмыс формальдық құрамға жатады және ол занда көрсетілген осы әрекеттердің бірін істеген уақыттан бастап аяқталған деп танылады. Бұл әрекеттер субъективтік жағынан тікелей қасақаналықпен істеледі. Адам қатыгездік пен күш қолдануға бас ұруды насихаттайтын материалдар мен заттарды заңсыз дайындайтынын, тарататынын, жарнамалайтынын, көрсететінін, сондай-ақ осы материалдарды заңсыз сататынын біледі және соны тілейді.

Қылмыстың субъектісі — 16-ға толған адам.

Өлгендердің мәйіттерін және олар жерленген жерлерді қорлау (275-бап)

Қылмыстың негізгі тікелей объектісі қоғамдық адамгершілік, қосымша тікелей объектісі — меншік қатынастары, арагідік азаматтардың денсаулығы, ұлттық, нәсілдік немесе діни өшпенділік болуы мүмкін.

Қылмыстың заты өлгендердің мәйіттері, жерлеу орындары, құлпытас құрылыстары, жерлеуге немесе еске алуға байланысты рәсімдер өткізуге арналған зират үйлері болады.

Жерлеу орындары деп — өлгендердің мәйіттерін көметін этикалық, санитарлық және экологиялық талаптарға сай бөлінген жерлер.

Құлпытас құрылыстарына жерленген жердің қоршаулары, ескерткіш тақта, архитектуралық құрылыстар, гүл шоқтары және т.б. заттар жатады.

Жерлеуге немесе еске алуға байланысты рәсімдер өткізуге арналған үйлерге — шіркеулер, мешіттер, рәсім өткізу залдары және т.б. орындар жатады.

Қылмыс объективтік жағынан өлгендердің мәйіттерін қорлау не олар жерленген жерлерді, құлпытас құрылыстарын немесе жерлеуге немесе еске алуға байланысты рәсімдер өткізуге арналған зират үйлерін жою, бүлдіру немесе аяққа басу арқылы жүзеге асырылады.

Өлгендердің мәйіттерін қорлау — әдет-ғұрып, дәстүрлерге қайшы келетін жағдайда мәйіттерді ерекше қорлайтын әрекеттерді жүзеге асыру. Оған мәйіттерді жерленген жерден қазып алу, оларды кескілеу, дене мүшесінің тінін алу, мәйітті өртеп жіберу немесе оны ашық далада қалдыру, өлген адамның мәйітімен жыныстық қатынас жасау (некрология) т.б. әрекеттер жатады.

Өлгендердің мәйіттерін жерлеу орнынан ашып алып марқұмның киімдерін, тіс қондырғыларын немесе басқадай бағалы заттарын алу әрекеті екі бірдей қылмыстың (өлгендердің мәйітін қорлау және бөтеннің мүлкін талан-таражға салу) жиынтығын құрайды.

Жерлеу немесе рәсімдер өткізуге арналған орындарды жою деп олардың қоршауларын, ескерткіштерді, архитектуралық құрылыстарды, мүрделерді қиратып, мүлдеп жарамсыз етіп тастауды айтамыз. Жерлеуге немесе еске алуға байланысты рәсімдер өткізуге арналған зират үйлерін бүлдіру немесе аяққа басу деп ескерткіштерді, құлпытастарды бүлдіру, зират үйлеріне балағат сөздерді жазу, суреттер немесе басқа әдепсіз бейнелерді салу, жерлеу орындарындағы гүл шоқтарын, веноктарды бүлдіру немесе жою, оларды талан-таражға салу әрекеттерін істеуді айтамыз. Талданып отырған қылмыс формальдық — материалдық құрамға жатады. Жерленген жерлерді, құлпытас құрылыстарын, рәсімдер өткізуге арналған зират үйлерін жою, бүлдіру әрекеттері материалдық, ал өлгендердің мәйітін қорлау формальдық құрамға жатады.

Субъективтік жағынан қылмыс тек кана тікелей қасаналықпен жасалады.

Қылмыстың субъектісі жалпы — 16-ға толған адам.

Қылмыстық кодекстің 275-бабының 2-тармағында осы қылмыстың ауырлататын мынадай түрлері: а) әлденеше рет (ҚК-тің 11-бабы);

б) адамдар тобы, алдын ала сөз байласқан адамдар тобы немесе ұйымдасқан топ жасаса (ҚК-тің 31-бабы);

в) ұлттық, нәсілдік немесе діни өштік не араздық тұрғысында;

г) күш қолдану немесе оны қолданамын деп қорқыту арқылы жасалған әрекеттер үшін жауаптылық белгіленген.

Егер өлгендердің мәйіті жерленген жерлер тарихи-мәдениет ескерткіштеріне жататын болса, онда оны қасақана жойған немесе бүлдіргені үшін адамның әрекеті Қылмыстық кодекстің 187-бабының 3-тармағының "б" тармақшасы бойынша сараланады.

Жануарларға қатыгездік жасау (276-бап)

Қылмыстың тікелей объектісі қоғамдық адамгершілік, қосымша тікелей объект меншік қатынастары болуы мүмкін.

Қылмыстың заты — жануарлар, олар кімнің меншігіне жататындығына қарамастан қылмыс заты болып табылады. Бұл жерде үй жануарлары немесе жабайы жануарлар туралы да сөз болып отыр.

Қылмыс объективтік жағынан жануарларға қатыгездік жасау әрекеттерімен, одан туындайтын зардап — олардың өлуіне немесе мертігуіне әкеп соғумен және олардың арасындағы себепті байланыстармен сипатталады.

Қылмыс занда көрсетілген осы зардаптар орын алған уақыттан бастап аяқталған деп табылады.

Жануарларға қатыгездікпен қарау деп оларды сусыз, тамақ
бермей, ерекше суық немесе ыстық жерлерде ұстау, ұрып-соғу,
олармен ғылымға негізделмеген тәжірибелер жасау, оларды азаптап өлтіру және т.б. әрекеттерді айтамыз.

Жануарларға олардың өлуіне немесе мертігуіне әкеп соққан қатыгездік жасау үшін қылмыстық жауаптылық, егер бүл әрекет бұзақылық пиғылмен немесе жауыздық әдістерді қолданып немесе жас балалардың көзінше жасалған жағдайда ғана орын алады.

Бұзақылық пиғылға өзін қоғамға қарсы қойып, қоғамдық тәртіпті бұзу арқылы, көпшілік көзінше жануарларға ерекше қатыгездік көрсетіп, жұртты таң қалдырмақшы болған әрекеттер жатады.

Жауыздық (садистік) әдістерді қолданып жасаған әрекеттерге жануарларға ерекше азап шектіретін әдістерді қолданып, одан рахаттану, ләззат алу сезімдері жатады. Мысалы, жануардың терісін тірідей сылу, оны тірідей отқа салып өртеу, тірі жануардың дене мүшесін кесіп алу т.б.

Жасы 14-ке толмаған жас балалардың көзінше жасалған осы әрекеттердің барлығы жануарларға жасалған қатыгездік деп танылады.

Субъективтік жағынан қылмыс тікелей қасақаналықпен істеледі. Адам жануарға қатал қарайтынын, одан оның өлуі немесе мертігуі мүмкін екенін сезеді және осындай зардаптардың орын алуын тілейді.

Қылмыстың субъектісі — 16-ға толған адам. Қылмыстық кодекстің 276-бабының 2-тармағында осы қылмыстың ауырлататын түрлері: адамдар тобы немесе алдын ала сөз байласқан адамдар тобы, немесе ұйымдасқан топ жасаған немесе бірнеше рет жасалған әрекеттер үшін жауаптылық белгіленген.

Өзін-өзі бақылау сұрақтары:

1. Халықтың денсаулығына және адамгершілікке қарсы қылмыстар топтық обьектісі не?

2. Жануарларға қатыгездік жасаудың обьектісі не?

3. Порнографиялық материалдарды немесе заттарды заңсыз тарату қылмысының субьективтік жағына не жатады?

4. Өлгендердің мәйіттерін және олар жерленген жерлерді қорлау қылмысының обьективтік жағын көрсет.

Наши рекомендации