ТаҒамтану

Тағамтану-нутрициология (көне лат. nutrіtіo – тағам және logos – ілім) – адамдар мен жануарлар тағамын зерттейтін ғылым саласы. Қазақ тағамтану академиясы – ғылыми мекеме. Орталық Азия аймағындағы тамақтанудың медициналық-биологиялық мәселелерінің іргелі және тәжірибе жүзінде қолданылатын ғылыми зерттеулерін жүзеге асырады.

1974 жылы Қазақ КСР-і Денсаулық сақтау министрлігінің Өлкелік патология ғылыми-зерттеу институтының негізінде КСРО Медициналық Ғылым академиясы Тағамтану институтының Қазақ бөлімшесі ұйымдастырылып, ол 1988 жылы дербес КСРО Медициналық Ғылым академиясының Аймақтық тағамтану мәселелері институтына айналады. Ашхабад, Душанбе, Бішкек және Нүкіс қалаларында бөлімшелерінің ашылуына байланысты институт 1991 жылы КСРО Медицина Ғылым академиясы Аймақтық тағамтану мәселелері ғылыми орталық мәртебесіне ие болды. 2000 жылы «Қазақстан Республикасының Тағамтану институты» ЖАҚ болып қайта құрылды. Құрамында: емдік тағам бөлімі, тағам иммунологиясы, тағам физиологиясы және оны жоспарлау, арнайы азық-түлік өнімдері мен биологиялық активті қоспаларды өндіру, тағамның сапасы мен қауіпсіздігін бақылау, биохимия және витаминология зертханалары, биологиялық активті қоспалардың молекулаларының негізін зерттейтін сектор бар. Академияның жұмыс бағыттары: арнайы емдік-алдын алу және балалар тағамдарын жасап шығару; таңдалып берілген медициналық-биологиялық қасиетке ие тағамға биологиялық белсенді қоспалар жасап шығару; тағамдық өнімдердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау; ұлттық тағамдық өнімдер мен дәстүрлі емес тағамдық шикізаттардан емдік диеталар мен тағам рациондарын құрастыру. Академия бала организмінде темір, селен, йод жетіспегенде байқалатын ауруларды емдеуге және олардың алдын алуға бағытталған бірнеше емдік-профилактикалық тағамдар ұсынып, өндіріске енгізді. 1979 жылы институт Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен ынтымақтас 1-халықаралық тағамтану орталығы (қазіргі уақытта мұндай орталықтар саны не бары 27) болып танылды. 1995 жылдан бері дүние жүзінің 14 институтымен бірге тағамтану мәселелері бойынша БҰҰ университетімен ынтымақтастық орнатты, ал 1996 жылдан бастап 68 елдің өкілдері құрған Халықаралық тағамтану ғылымы одағының ассоциацияланған мүшесі. Институт – ЮНИСЕФ-тің Орталық Азиядағы кеңесінің, ҚР Үкіметі жанындағы тағамтану мәселелері бойынша республика кеңестің, Қазақстан Профилактикалық медицина академиясының, Қазақ балаларды тамақтандыру қорының, Денсаулық сақтау министрлігінің биологиялық активті тағам қоспалары бойынша сарапшылар кеңесінің бас мекемесі. Институт Орталық Азия аймағындағы тамақтанудың медико-биологиялық мәселелері бойынша іргелі және қолданбалы зерттеулердің барлығын ұйымдастырады.

Наши рекомендации