Азақстан Республикасының атқарушы билік органдарының жүйесі
Қазақстан Республикасының Ата заңына сәйкес, Президент атқарушы биліктің басшысы болып табылмайды, бірақ, ол атқарушы биліктің билік тетігін құруға және оның қызмет атқаруына белсене әсер етуге мол өкілеттіктерге ие. Атқарушы билік органдарының жүйесі деп біріне бірі бағынышты органдардың өз араларында құзыретін бөлу негізінде олардың арасындағы тікелей байланыс түсіндіріледі. Қазіргі кезде атқарушы билік органдарының жүйесі мынадай құрамнан тұрады: Қазақстан Республикасының Үкіметі, Қазақстан Республикасының министрліктері, Қазақстан Республикасының агенттіктері, Қазақстан Республикасының министрліктерінің комитеттері, әкімдіктер, әкімдер, өзге де органдар.
Қазақстан Республикасының Үкіметі - Қазақстан Республикасының мемлекет билігінің жоғарғы атқарушы органы, ол атқарушы биліктің біртұтас жүйесін басқаратын алқалы орган. Қазақстан Республикасының Премьер-министрі, оның орыбасарлары, министрлер және Премьер-министр Кеңсесінің басшысы Үкімет мүшелері болып табылады. Қазақстан Республикасының Президенті өз қалауы бойынша Үкімет құрамына республикалық атқарушы билік органдарының өзге де басшыларын енгізуі мүмкін. Қазақстан Республикасының Президенті Конституцияда қаралған тәртіппен Қазақстан Республикасының Премьер-министрін тағайындайды. Премьер-министр өзі тағайындалғаннан кейін он күн мерзімде Үкіметтің құрылымы мен құрамы туралы Президентке ұсыныс енгізеді. Республика деңгейіндегі барлық атқарушы органдар Үкіметке бағынышты және оның алдында жауап береді. Үкімет өзінің құзыретіне жататын мәселелер бойынша ұсыныстарды талдау жасау үшін Үкімет жанындағы комиссиялар, кеңестер мен консультативтік кеңесші органдар құруға және таратуға құқылы. Қазақстан Республикасының Премьер-министрінің орынбасарлары өз қызметін Премьер-министр белгілейтін міндеттердің бөлінуіне сәйкес жүзеге асырады. Олар шешуші дауыс құқығымен Үкімет отырыстарына, Үкімет саясатын жасап, жүзеге асыруға қатысады; Үкімет қаулылары мен Премьер-минситр өкімдерін дайындауға қатысады, олардың орындалуын қамтамасыз етеді; міндеттерді бөлуге сәйкес атқарушы билік органдарының жұмыстарын үйлестіреді, оларға тапсырмалар береді және қызметтеріне бақылау жасайды; Үкіметке ұсынылған ұсыныстарды, қаулылар мен өкімдердің жобаларын алдын-ала қарайды.
Қазақстан Республикасының министрлігі тиісті мемлекеттік басқару саласына басшылықты, сондай-ақ заңдармен көзделген шекте сала аралық үйлестіруді жүзеге асыратын Республиканың орталық атқарушы органы.
Республика Премьер-министрінің ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті құратын Қазақстан Республикасының агенттігі Үкімет құрамына кірмейтін орталық атқарушы орган болып табылады. Агенттік тиісті мемлекеттік басқару саласына басшылықты, сондай-ақ заңдарда белгіленген шектерде сала аралық үйлестіруді және өзге де арнайы атқару және рұқсат беру міндеттерін жүзеге асырады.
Республиканың орталық атқарушы органының Комитеті ведомство болып табылады. Ведомстволар министрліктің құрылымдық бөлімшелері ретінде бекітілгендіктен, комитеттер министрліктің құрамына кіреді. Ведомствоны тиісті орталық атқарушы орган басшысының ұсынуымен Қазақстан Республикасының Үкіметі құрады, қайта ұйымдастырады және таратады. Ведомствоның құрылымы, негізгі міндеті мен құзыреті және басқа мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылының тәртібі әрбір Комитет туралы Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен Ережеде айқындалады.
Жергілікті атқарушы органдар Қазақстан Республикасының атқарушы органдарының бірыңғай жүйесіне кіреді, тиісті аумақтың мүддесі мен даму қажеттілігін ұштастыра отырып, атқарушы биліктің жалпымемлекеттік саясатын жүргізуді қамтамасыз етеді. Жергілікті атқарушы органдар қарауына мыналар жатады:
- аумақты дамыту жоспарларын, экономикалық және әлеуметтік бағдарламаларын, жергілікті бюджетті әзірлеу және олардың атқарылуын қамтамасыз ету;
- коммуналдық меншікті басқару;
- жергілікті атқарушы органдардың басшыларын қызметке тағайындау және қызметтен босату, жергілікті атқарушы органдардың жұмысын ұйымдастыруға байланысты өзге де мәселелерді шешу;
- жергілікті мемлекеттік басқару мүддесіне сай заңдармен жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру. Жергілікті атқарушы органдардың құзыреті, ұйымдастырылуы және олардың қызмет тәртібі «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару туралы» 21 қаңтар 2001 жылы қабылданған заңмен және өзге де нормативтік құқықтық актілермен белгіленеді.