Экономикалық қызмет саласындағы қылмыстардың нақты түрлері 3 страница

Коммерциялық немесе банктік құпияны құрайтын мәліметтерді заңсыз алу мен жария ету (200-бап)

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 200-бабында "Коммерциялық немесе банктік құпияны құрайтын мәліметтерді, құжаттарды ұрлау, коммерциялық немесе банктік құпияны білетін адамдарды немесе олардың туыстарын сатып алу немесе оларды қорқыту жолымен байланыс құралдарында ұстап алу, компьютерлік жүйеге немесе желіге заңсыз кіру, арнаулы техникалық құралдарды пайдалану арқылы, сондай-ақ бұл мәліметтерді жария ету не заңсыз пайдалану максатында өзге де заңсыз тәсілдермен жинау»— коммерциялық немесе банктік құпияны құрайтын мәліметтерді заңсыз алу мен жария ету деп танылады.

Қылмыстың тікелей объектісі коммерциялық немесе банктік құпияны құрайтын мәліметтерді қорғауды қамтамасыз ететін қоғамдық қатынастар. Мұндай мәселелер «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» 1995 жылғы 31 тамызда қабылданған Қазақстан Республикасы Президентінің заң күші бар Жарлығымен реттеледі.

Қылмыстың заты — коммерциялық және банктік құпияны құрайтын құжаттар.

Коммерциялық құпия — деп коммерциялық ұйымның кез келген жариялауға жатпайтын басқару, өндірістік, ғылыми-техникалық және өзге де іскерлік саласындағы мәліметтері болып табылады. Мұндай құпия коммерциялық (кәсіпкерлік) ұйымға бәсекелестікте артықшылықтар беруі немесе қосымша табыс табуға септігін тигізуі мүмкін. Осыған орай коммерциялық құпия заңмен қорғалады.

Банктік кұпияға — банктік есеп, банктік салым, жекелеген шоттар бойынша есептеу, банк салымшылары туралы мәліметтер жатады. Нормативтік актілерге сәйкес коммерциялық және банктік ұйымның құрылтайшы құжаттары, кәсіпкерлікпен шұғылдануға рұқсат беретін құжаттары, ұйымның каржы қызметіне байланысты тексеруге жататын мәліметтері, үкімет қаулысының арнаулы тізбегінде көзделген басқа да мәліметтер коммерциялық және банктік құпияға жатпайды.

Қылмыстық кодекстің 200-бабының 1-тармағында көрсетілген қылмыс құрамының объективтік жағының белгісі: коммерциялық немесе банктік құпияны құрайтын мәліметтерді жинау болып табылады. Осындай мәліметтерді жинаудың тәсілдері заңда: құжаттарды ұрлау, коммерциялық немесе банктік құпияны білетін адамдарды немесе олардың туыстарын сатып алу немесе оларды қорқыту жолымен; байланыс құралдарын ұстап алу; компьютерлік жүйеге немесе желіге заңсыз кіру; арнаулы техникалық құралдарды пайдалану арқылы; сондай-ақ өзге де заңсыз тәсілдермен жинау деп нақты көрсетілген. Коммерциялық немесе банктік кұпиясы бар құжаттарды олардың иелігінен әр түрлі тәсілдерді колдана отырып заңсыз алу құжаттарды ұрлау деп танылады.

Коммерциялық немесе банктік құпияға катысы бар адамдарды, олардың туыстарын ақша, басқадай материалдық игіліктер беру арқылы сол құпияларды қолға түсіру сатып алу деп есептеледі.

Коммерциялық және банктік құпияны білетін адамдарды, олардың жақын туыстарын болашақта ұрып сабаймын, өлтіремін, денеге жарақат келтіремін, масқаралайтын мәліметтер таратамын, мүлкіңді жоямын, бүлдіремін деп осы құпия мәліметтерді талап ету қоркыту деп танылады. Байланыс құралдарын, арнаулы техникалық құралдарды пайдалану арқылы да банктік немесе коммерциялық құпиялары бар құжаттардың мазмұны, көшірмесі алынуы мүмкін. Компьютерлік жүйені немесе желіні заңсыз пайдалану арқылы құжаттарды пайдаланып, ондағы мәліметтерді қолға түсіруі де мүмкін.

Құрылысы жағынан 200-баптың 1-тармағындағы қылмыс құрамы формальдық құрамға жатады. Қылмыс осы құрамның объективтік жағының белгілерінің біреуін істеген уақыттан бастап аяқталған деп табылады.

Субъективтік жағынан талданып отырған қылмыс құрамы тікелей қасақаналықпен және арнаулы мақсатпен (коммерциялық немесе банктік құпияны жинау) жүзеге асырылады.

Қылмыстың субъектісі — 16-ға толған, есі дұрыс, кез келген коммерциялық және банктік құпияға иелік етуге құқығы жоқ адам. Қылмыстық кодекстің 200-бабының 2-тармағында көрсетілген қылмыс құрамының объективтік жағының белгілері: коммерциялық немесе банктік құпияны құрайтын мәліметтерді олардың иесінің келісімінсіз, бұл құпия қызметіне немесе жұмысына байланысты сеніп тапсырылған адамның ірі зиян келтіре отырып пайдакүнемдік немесе өзге де жеке басының мүддесіне жария етуі немесе пайдалануы деп көрсетілген. Мұндағы жария ету дегеніміз — коммерциялық немесе банктік құпияны құрайтын мәліметтерді олардың иесінің келісімінсіз, осы құпия қызметіне немесе жұмысына байланысты сеніп тапсырылған адамның хат жазысу, жария түрде баяндама жасау, құжаттарды көрсету аркылы, тағы басқадай әрекеттері арқылы бөтен адамға жариялауы болып табылады. Бөтен адам деп қызметі немесе жұмысы бойынша коммерциялық немесе банктік құпияға ешбір қатысы жоқтарды айтамыз.

Пайдалану деп заңсыз жария етілген осы құпияларды бәсеке жақтың өз мүддесіне іске асырып, оның иесіне елеулі зиян келтіруін айтамыз.

Қылмыс құрамы материалдық. Осы жоғарыда көрсетілген әрекеттер ірі зиян келтіргенде қылмыс аяқталған деп табылады.

Қылмыс құрамы (200-баптың 2-тармағы) субъективтік жағынан қасақаналықпен (тікелей және жанама) істеледі. Қылмыстық ниет пайдакүнемдік және өзге де жеке мүдделік.

Қылмыстың субъектісі — арнаулы субъект. Қызметіне немесе жұмысына байланысты өзіне коммерциялық немесе банктік құпия мәлім болған адам.

Кәсіптік спорт жарыстарының және ойын-сауықтық коммерциялық конкурстардың қатысушылары мен ұйымдастырушыларын сатып алу (201-бап)

Қылмыстык кодекстің 201-бабында екі дербес қылмыс құрамы үшін жауаптылық белгіленген. Оның біріншісі: "Кәсіптік спорт жарыстарының спортшыларын, спорт төрешілерін, жаттықтырушыларын, команда басшылары мен басқа да қатысушыларын немесе ұйымдастырушыларын, сондай-ақ ойын-сауықтық коммерциялық конкурстардың ұйымдастырушыларын немесе қазылар алқасы мүшелерін осы жарыстардың немесе конкурстардың қорытындысына ықпал ету мақсатында сатып алу" (201-баптың 1-тармағы).

Бірнеше рет немесе ұйымдасқан топпен жасалған әрекеттер көрсетілген қылмыс құрамының ауырлататын түрі болып табылады (201-баптың 2-тармағы). Яғни 201-баптың 1 және 2-бөліктерінде кәсіптік спорт жарыстарын және ойын-сауықтық коммерциялық конкурстардың қатысушылары мен ұйымдас-тырушыларын сатып алу қылмысының құрамы белгіленген.

Қылмыстың тікелей объектісі — кәсіптік спорт жарыстарының және ойын-сауық коммерциялық конкурстардың ұйымдастырылуы мен оларға қатысудьщ тәртібін белгілейтін қоғамдық қатынастар болып табылады.

Қылмыстың затына — ақша, бағалы қағаздар және мүліктік заңсыз сыйақы немесе мүліктік сипаттағы қызмет көрсетулер жатады.

Объективтік жағынан қылмыс әрекет арқылы — кәсіптік спорт жарыстарының спортшыларын, спорт төрешілерін, жаттықтырушыларын, команда басшыларын, басқа да қатысушылар мен ұйымдастырушыларды, ойын-сауықтық коммерциялық конкурстардың ұйымдастырушыларын, қазылар алқасы мүшелерін сатып алу арқылы жүзеге асырылады.

Сатып алу дегеніміз жоғарыда көрсетілген адамдарға кінәлінің тікелей өзінің немесе делдал арқылы спорт жарыстарының немесе ойын-сауық конкурстарының қорытындысына ықпал ету мақсатымен ақша, мүлік тапсыруы немесе оларға мүліктік сипаттағы қызмет көрсетуі болып табылады.

Сатып алу нысандары мен тәсілдері мазмұны жағынан Қылмыстық кодекстің 231 және 312-баптарындағы қылмыс құрамдарының мазмұнымен ұқсас. Қылмыс құрамы құрылысы жөнінен формальдық құрамға жатады. Осыған орай Қылмыстық кодекстің 201-бабының 1-тармағының диспозициясында көрсетілген адамдардың сыйақының бір бөлігін алған немесе мүліктік сипаттағы қызмет көрсетуді бастаған уақыттан бастап аяқталған деп табылады.

Қылмыс субъективтік жағынан тікелей қасақаналықпен және арнаулы мақсатпен істеледі. Кінәлі адам көрсетілген адамдардың біреуін жарыстар мен конкурстардың қорытындысына ықпал ету мақсатымен сатып алатынын сезеді және соны тілейді.

Қылмыстың субъектісі — сатып алу әрекетін істеген кез келген жасы 16-ға толған, есі дұрыс адам.

Қылмыстық кодекстің 201-бабынын 2-тармағындағы сатып алудың бірнеше рет істелген немесе ұйымдасқан топпен жасаған ауырлататын түрі үшін қылмыстық жауаптылық белгіленген.

Қылмыстық кодекстің 201-бабының 3-тармағында "Спортшылардың өздеріне жарыс қорытындыларына ықпал ету мақсатында берілген ақшаны, бағалы қағаздарды немесе өзге де мүлікті заңсыз алуы, сондай-ақ спортшылардың осындай мақсатта өздеріне берілген мүліктік сипаттағы қызмет көрсетулерді заңсыз пайдаланғаны», ал 4-тармағында "Осы баптың үшінші бөлігінде көрсетілген мақсатта кәсіптік спорт жарыстары спорт төрешілерінің, жаттықтырушыларының, команда басшылары мен басқа да қатысушыларының немесе ұйымдастырушыларының, сондай-ақ ойын-сауықтық коммерциялық конкурстар ұйымдастырушыларының немесе қазылар алқасы мүшелерінің ақша, бағалы қағаздар немесе өзге де мүлікті заңсыз алуы, мүліктік сипаттағы қызмет көрсетулерді заңсыз пайдаланғаны үшін» қылмыстық жауаптылық белгіленген.

Объективтік жағынан алғанда Қылмыстык кодекстің 201-бабының 3, 4-тармақтарында көрсетілген қылмыстар әрекет күйінде — занда көрсетілген адамдардың заңсыз ақша, бағалы қағаздар немесе өзге де мүлікті заңсыз алуы, мүліктік сипаттағы қызмет көрсетуді заңсыз пайдалануы арқылы жүзеге асырылады. Қылмыс кұрылысы жағынан формальдық құрам. Сондықтан да қылмыс көрсетілген сыйақының бір бөлігін немесе мүліктік сипаттағы қызмет көрсету басталған уақыттан бастап-ақ аяқталған деп табылады.

Егер кінәлі адам заңсыз сыйақы алуды немесе мүліктік сипаттағы қызмет көрсетуді пайдалануы жарыс немесе конкурс қорытындысына ықпал ететін әрекеттерді істеуге байланысты болса, онда оның әрекеті қылмыс болып табылады.

Субъективтік жағынан кылмыс тікелей қасақаналықпен және арнаулы мақсатпен істеледі.

Қылмыстық кодекстің 201-бабының 3-тармағында көрсетілген құрамның субъектісі тек қана арнаулы субъект. Олар — спорт түріне қарамастан кәсіптік мәртебені пайдаланатын спортшылар. Қылмыстық кодекстің 201-бабының 4-тармағындағы қылмыс субъектілері — спорт төрешілері, жаттықтырушылар, команда басшылары, басқа да қатысушылар (менеджер, секундант) және кәсіптік спорттық жарысты ұйымдастырушылар; ойын-сауықтық коммерциялық конкурстар ұйымдастырушылар немесе олардың қазылар алқасының мүшелері.

Бағалы қағаздарды шығару (эмиссия) тәртібін бұзу (202-бап)

Нарықтық экономикаға көшу жағдайында мемлекеттің шаруашылық қызметінде бағалы қағаздардың айналымының рөлі арта түспек. Бағалы кағаздар белгілі құндылыққа ие бола отырып, ол ақша қаражатымен бірдей төлем немесе айналым құралы ретінде немесе занда белгіленген басқа да қызметті атқарады. Осыған байланысты бағалы қағаздарды шығару тәртібін бұзу саласындағы әр түрлі қиянаттардың қоғамға қауіптілік дәрежесі ерекше зор. Бұл туралы "Бағалы қағаздар рыногы туралы" Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 5 наурыздағы Заңында ерекше атап көрсетілген.

Қылмыстық кодекстің 202-бабында көрсетілген осы қылмыстың объектісі — бағалы қағаздарды шығару (эмиссия) тәртібін реттейтін қоғамдық қатынастар болып табылады. Бағалы қағаздарды шығару тәртібі Қазақстан Республикасының арнаулы заңымен белгіленген.

Қылмыстың заты — эмиссиялық бағалы қағаздар.

Азаматтық кодекстің 130-бабында бағалы қағаздың түрлері — облигация, вексель, чек, банк сертификаты, коносамент, акция және бағалы қағаздар қатарына жатқызылатын басқа да құжаттар деп көрсетілген.

Осы қылмыстың затына тек қана нарықтык айналымға шығарылатын бағалы қағаздар ғана жатады. Мұндай бағалы қағаздардың эмитенті болып Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінен бағалы қағаздарды шығаруға арнаулы рұқсат-лицензия алған қаржы ұйымдары болады.

Бағалы қағазға қойылатын барлық талаптарды куәландыратын ресми құжат — эмиссия проспектісі деп аталады.

Қылмыстың объективтік жағы мына әрекеттерді істеу арқылы жүзеге асырылуы мүмкін:

Көрінеу сенімсіз ақпараты бар эмиссия проспектісін бекіту. Бұл ресми құжатқа жалғандық жасаудың бір көрінісі болып табылады. Бұл әрекетті эмитент акпараттың көрінеу
сенімсіз екендігін және оны белгілі бір зардапқа әкеліп соғатынын біле тұра эмиссия проспектісіне енгізіп, бекітеді.

Бағалы қағаздарды шығару жөніндегі көрінеу сенімсіз
есепті бекіту. Көрінеу сенімсіз есеп жалған құжаттың бір түрі, онда бағалы қағаз шығарудың көлемі, эмиссияланған бағалы қағаздарды шығарудың саны; оларды орналастыру мерзімінің басталуы және аяқталуы; бағалы қағаздардың бағасы және оны төлеу тәртібі; эмиссияланған бағалы қағаздардан алынатын табыс; эмиссияланған бағалы қағаздарды тіркеуді жүзеге асыратын органның атауы туралы көрінеу сенімсіз мәліметтер әдейі бекітіледі.

Құрылысы жағынан бұл қылмыс формальдық құрамға жатады. Қылмыс объективтік жақтың белгілерінде көрсетілген балама әрекеттердің біреуін істегеннен сон аяқталды деп танылады.

Субъективтік жағынан кылмыс қасақаналықпен жасалады. Қылмыстың субъектісі — арнаулы. Бағалы қағаздар рыногы туралы заңға сәйкес эмитент болып табылған лауазымды адамдар немесе бағалы қағаздың иеленушілері алдында өз атынан міндеткерлік алатындар.

Бағалы қағаздарды ұстаушылар тізіміне көрінеу жалған мәліметтер енгізу ((203-бап)

Қылмыстық кодекстің 203-бабында бағалы қағазды ұстаушылар тізіміне осы бағалы қағаздарға деген құқықтың баска адамға ауысуына әкеп соғатын көрінеу жалған мәліметтер енгізгені үшін жауаптылық белгіленген.

Қылмыстың объектісі бағалы қағаздарды ұстаушылар тізімін реттейтін қоғамдық қатынастар.

Қылмыстың заты — бағалы қағаздар ұстауға құқық беретін құжат.

Қылмыс объективтік жағынан — әрекет аркылы бағалы қағазды ұстаушылар тізіміне осы бағалы қағаздарға деген құқықтың басқа адамға ауысуына әкеп соғатын көрінеу жалған мәлімет енгізу арқылы жүзеге асырылады.

Қылмыстың істелу тәсілі — көрінеу жалған мәліметті осындай тізімге енгізу арқылы бағалы қағаздарға деген құқықтың басқа адамға ауысуына әкеліп соғатын әрекеттер арқылы жүзеге асырылады. Заң бойынша бағалы қағаз бойынша құқықтарды берудің тәртібі Азаматтық кодекстің 132-бабында көрсетілген. Қылмыс осы баптың талаптарына кереғар түрде заңсыз, әдейі істеледі.

Субъективтік жағынан қылмыс тікелей қасақаналықпен істеледі.

Қылмыстың субъектісі — 16-ға толған, есі дұрыс адам. Осы баптың 2-тармағында қылмыстың ауырлататын түрі — ірі зиян келтірілген әрекет үшін жауаптылық белгіленген.

Бағалы қағаздармен жүргізілген операциялар туралы көрінеу жалған мәліметтер беру (204-бап)

Қылмыстық кодекстің 204-бабында "Мүліктік пайда алу мақсатында мемлекеттік органдарға бағалы қағаздармен жүргізілген операциялар туралы ірі зиян келтірген көрінеу жалған мәліметтер бергені үшін» жауаптылық белгіленген.

Қылмыстың объектісі — бағалы қағаздармен жүргізілетін операцияларды ретке келтіретін қоғамдық қатынастар. Қылмыстың заты — бағалы кағаздар. Объективтік жағынан көрсетілген қылмыс құрамы белсенді әрекет күйінде — бағалы қағаздармен жүргізілетін операциялар туралы көрінеу жалған мәліметтер беру арқылы істеледі деп сипатталған. Осыған орай қылмыстың объективтік жағы — қылмыс істеу тәсілін көрінеу жалған мәліметгер беру арқылы яғни көзбояушылықпен жүзеге асырылатыны занда көрсетілген. Бағалы қағаздармен жүргізілетін операциялар туралы көрінеу жалған мәлімет, бағалы қағаздың шығарылуының жалпы көлемі, оның айналымдағы түрлері; бағалы қағаздардың бағасы және оларды төлеу тәртібі т.б. мәліметтер беру арқылы жүзеге асырылады. Яғни бұл жерде осы мәселеге байланысты операцияларға жалған мәліметтер ауызша немесе жазбаша енгізіліп, алдау амалдары қолданылады.

Қылмыс құрамы материалдық іс-әрекеттен ірі зиян келтірілуі қажет. Субъективтік жағынан қылмыс тікелей қасақаналықпен жүзеге асырылады.

Қылмыстың субъектісі 16-ға толған, есі дұрыс, өзіне бағалы қағаздармен операциялар жүргізу міндеттері жүктелген адам.

Бағалы қағаздармен операциялар жүргізу ережелерін бұзу (205-бап)

Қылмыстык кодекстің 205-бабында ірі зиян келтіріле отырылып бағалы қағаздармен операциялар жүргізу ережелерін бұзғаны үшін жауаптылық көзделген. Көрсетілген кылмыс құрамы объектісі, заты, субъективтік жағы және субъектісі бойынша Қылмыстық кодекстің 204-бабындағы құраммен ұқсас.

Бұл қылмыс құрамы объективтік жағынан заңмен белгіленген бағалы қағаздармен операциялар жүргізу ережелерін бұзу әрекеттері бойынша істеледі. Қылмыс құрамы бланкетті диспозицияға негізделген. Сондықтан да қылмыс құрамын дұрыс анықтау үшін осы құрамға байланысты арнаулы заңдарды, нормативтік актілерді дұрыс басшылыққа алған жөн.

Бағалы қағаздармен операциялар жүргізу ережелерін бұзуға: ұсынбалы ордерлік және атаулы бағалы кағаздарды заң құжаттарына сәйкес шығармау, бағалы қағазға койылатын талаптардың орындалмауы, бағалы қағаздардың міндетті реквизиттерін, бағалы қағаз нысанына қойылатын талаптардың т.б. бұзылуы жатады. Іс-әрекеттен ірі зиян келтірілсе қылмыс құрамы орын алады.

Қылмыс кұрамы тікелей қасақаналықпен жүзеге асырылады.

Қылмыс құрамының ауырлататын түрлеріне бірнеше рет, адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша немесе ұйымдасқан топ болып жасаған әрекеттер (205-баптың 2-тармағы) жатады.

Жалған ақша немесе бағалы қағаздар дайындау немесе өткізу (206-бап)

Қылмыстың объектісі Қазақстан Республикасының ақша қаражат жүйелері болып табылады.

Қылмыстың заты — Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің банкноттары мен монеттері, мемлекеттік бағалы қағаздар, Қазақстан Республикасының валютасындағы басқа қағаздар, шетел валютасы, шетел валютасындағы бағалы қағаздар. Бұлар Қазақстан Республикасының 1996 жылғы 24-желтоқсандағы "Валюталық реттеу туралы" заңымен реттеледі.

Объективтік жағынан іс-әрекеттер мынадай екі нысан арқылы сипатталады:

1) жалған ақша немесе бағалы қағаздарды дайындау; 2) жалған ақша мен бағалы қағаздарды сақтау; 3) жалған ақша мен бағалы қағаздарды өткізу. Ақша немесе бағалы қағаздарды дайындау толық немесе ішінара жүргізілуі мүмкін. Дайындау тәсілі қылмысты саралауға әсер етпейді. Дайындау әрекеттері қолдан немесе техника құралдарын пайдалану арқылы (баспаханалық тәсілмен, ротапринт, ксерокөшірме арқылы суреттерін қолдан жасау т.б.) жүзеге асырылады.

Әрекетті Қылмыстық кодекстің 206-бабымен саралау үшін дайындалған ақша немесе бағалы қағаздар осы аталған заттардың түпнұсқасымен — көлемі, түсі, нысаны, басқадай реквизиттері жөнінен бірдей, ұксас болуы қажет. Егер жалған ақша немесе бағалы қағаз дөрекі әдістермен жасалып, онын түпнұсқасына көрінеу сай келмесе, нәтижесінде мұндай жалған дүниені жаппай таратуға мүмкіндік жойылса, онда кінәлінің әрекеті нақты жағдайларға байланысты алаяқтық ретінде саралануы мүмкін. Жалған ақша немесе бағалы қағаздардың біреуін болса да дайындау осы қылмыстың аяқталғанын білдіреді. Жалған ақша немесе бағалы кағаздарды айналымға шығару оны өткізу деп танылады. Сақтау деп дайындалған жалған ақша мен бағалы қағаздарды өткізгенге дейін өз иелігінде ұстап тұруды айтамыз.

Өткізу — жалған ақша немесе бағалы қағаздарды төлем құралы ретінде пайдалану, айырбастау, сыйға беру, атқарылған жұмыс немесе қызмет көрсету ақысы ретінде төлеу әрекеттерін жүзеге асыру арқылы көрініс табуы мүмкін. Осы көрсетілген әрекеттердің біреуін істеу арқылы жалған ақша немесе бағалы қағаздардың біреуін өткізсе қылмыс аяқталған деп табылады.

Қылмыс тікелей қасақаналықпен және арнаулы мақсатпен істеледі. Кінәлі адам жалған ақша немесе бағалы қағаздарды өткізу мақсатымен жасағанын, сақтағанын немесе оны өткізгенін біледі және осы әрекеттерді істеуді тілейді.

Қылмыстың субъектісі — жалпы субъект. 16-ға толған, есі дұрыс кез келген адам.

Қылмыстық кодекстің 206-бабының 2-тармағында қылмыстың ауырлататын белгілері: ірі мөлшерде жасалған; не жалған ақша мен бағалы қағаздарды дайындағаны немесе өткізгені үшін бұрын сотталған адам жасаған әрекеттер; ал осы баптың 3-тармағында осы қылмыс құрамының өте ауырлататын белгісі: жоғарыда көрсетілген әрекеттерді ұйымдасқан топ боп жасаған жағдайлар көрсетілген.

Наши рекомендации