Саяси жанжалдарды басқару және бақылау технологиялары
Қоғамды әлеуметтік дифференциациялау, табыстың, биліктің, мәртебенің және т.б. әр түрлі деңгейде болуы жанжалдарға жиі әкеліп отырады. Жанжалдар қоғамдық өмірдің ажырамас бөлігі болып табылады. Солардың ішінде едәуір үлесті саясаттануда әлі де аз зерттелген саяси жанжалдар алады. Сондықтан, билік үшін бәсеке шығындарын төмендетуге және осы майдандағы меншікті шығынды азайтуға мүмкіндік беретін басқару технологиясын жасау және оларды бақылау технологиясы саяси қарым-қатынас жасайтындардың кез келген мүшесі үшін, оның ішінде билеуші режим үшін бірінші дәрежелі маңызы бар міндетке айналады.
Тиісінше, саясаттанудың алдында адамдарға жанжалдарды басқару технологиясын үйрету, оларды жүзеге асырудың қоғам үшін ауыртпалықсыз өтетін әдістері мен тәсілдерін талдап жасау міндеттері тұр. Бұл үшін, бәрінен бұрын жалпы алғанда әлеуметтік жанжалдың, жекелей алғанда саяси жанжалдың табиғатын тани білу керек.
«Жанжал» дегеннің ұғымы латынның «conflictus» – қақтығыс деген сөзінен бастау алады. Әлеуметтік жанжалдардың негізі К.Маркстің, М.Вебердің, Э.Дюркгеймның еңбектерінде атап көрсетілген. Қазіргі кезде әлеуметтік жанжалдардың табиғаты мен формасына деген көзқарастың алуан түрлілігі соншалықты, бұл ретте бүтін бір мектептер мен бағыттар, тіпті ғылыми пәндер, атап айтқанда «конфликтология» пайда болады.
Жанжал – бұл екі немесе одан да көп әр түрлі бағыттағы күштердің қарама-қарсы әрекеттер жағдайында өз мүдделерін жүзеге асыру мақсатындағы қақтығысы болып табылады.
Қоғамдық өмір әр түрлі жанжалдарға толы[135]. Ол қай салада туындауына байланысты экономикалық, әлеуметтік, мәдени, конфессионалды, саяси жанжалдар болып бөлінеді. Саяси жанжалдар саяси мүдделер мен сол мүдделерді тоғыстырушылар өзара әрекет ететін, сондай-ақ күрестің саяси әдістері мен жанжалдарын шешу қолданыс тапқан жерлердегі әлеуметтік қатынастар түрін көрсетеді. Саяси жанжалдар – саяси мүдделерінің, мақсаттарының, қажеттіліктерінің, құндылықтар немесе білім жүйесінің кереғарлығы айқын байқалып отырған екі немесе бірнеше субъектілердің қақтығысы, қарсылығы болып табылады.
Әр түрлі субъектілердің саяси жанжалдарды ғылыми басқару мен бақылауға деген жалпы ниеті олардың негіз боларлық құрылымдық элементтерін және параметрлерін айқындауды жорамалдауға мүмкіндік береді. Мұның өзі белгіленген мақсаттарға жетуге жол ашпақ. Аталған элементтер субъектінің саяси саладағы мақсаткерлік қызметінің ерекше құрылымын белгілейді, оған ерекше түр мен мазмұн береді. Көзқарастарындағы белгілі бір қайшылықтарға қарамастан, маман-конфликтологтар әдетте жанжалға негіз боларлық элементтер ретінде мыналарды бөліп көрсетеді: дауға қатысушылар арасындағы қайшылықтардың мәнін бейнелейтін жанжалдың көзі, негізі; тараптардың өз мүдделерін, мақсаттарын, бәсекелеспен қарым-қатынастағы позициясын қорғауға байланысты белсенді іс-әрекеттің бастауы боларлық нақты қағидаларды сипаттайтын себептер; саясат саласындағы билік құрылымдары мен ресурстар жөніндегі таласқа тікелей немесе жанама түрде қатысушы жанжал тараптары; бәсекелестік өзара іс-әрекетте контрагентке өз мақсаттарын білдіретін субъектілердің түсінігі мен позициясы туралы түсінігі және олардың мінез-құлқының басқа да субъективті сипаттамалары; тараптар қолданатын қарапайым ресурстарды сипаттайтын жанжал құралдары, бір-бірімен өзара іс-әрекеттегі әдістер мен тәсілдер; бәсекелесуші тараптардың неғұрлым қарапайым қарым-қатынасын көрсететін жанжал сипаты, олар ұстанатын позицияның қатаңдығы немесе иілімділігі, дау мәселесінде модификацияға бейімділігі, делдалдарды тартуы және т.б.
Кең мағынасында алғанда саяси жанжалдардың көздері мен себептері әлеуметтіктен тыс, әлеуметтік және комбинацияланған болып бөлінеді. Оның біріншісіне адамның агрессивтілігі, үрей сезімі, дүрліктірушілік әрекеті, аштық пен оның мінезіндегі басқа да инстикті мотивациялар тәрізді белгілі сипаттарына негізделген саяси шиеленісушіліктің көптеген ошақтары жатады. Осындай факторларға байланысты саяси жанжалдар халықтың тергеусіз соты, аштық бүлігі, фанатиктердің террорлық актілері түрі, басқа да ұтымды емес, себепсіз акциялар ретінде көрінеді. Адам мен табиғаттың өзара байланысын көрсететін (ал бұл екеуі де жанжалдың дамуына аз үлес қоспайтыны белгілі) аралық сипаттағы қайшылықтар саяси жанжалдардың арнайы ошағы болып табылады. Жекелей алғанда, экологиялық апаттың саяси салдарларынан, ірі кәсіпорындарда болған авариядан, табиғи апаттан туындайтын жанжалдар. Мұндай ауқымы үлкен жанжалдар табиғи апаттардан ғана емес, сонымен бірге осы оқиғаны ұлғайта түсетін адамның өзінің іс-әрекетінен туындайтын әлеуметтік себептерді реттеумен байланысты болмақ.
Алайда саяси жанжалдардың негізгі себептері ретінде бәрінен бұрын саясат субъектілері мәртебелерінің, олардың рөлдерінің мәні мен функциясының, мүдделері мен қажеттіліктерінің үйлеспеушілігін айқындайтын қоғамның әлеуметтік жіктелінушілігін атауға болады. Әлеуметтік позициялардың тең еместігі жеке адамдардың (индивидтердің), адамдар қауымдастығының әлеуметтік топтарының даму ресурсына барар жолдың әр түрлі екендігін білдіреді. Көптеген саяси жанжалдарға ресурстарға кім иелік етеді және оған қандай жолдармен билік жүргізеді? Деген сауалдар себеп болады.
Ресурстарға қожалық ету жөніндегі күрес билеуші элита мен контрэлитаның, әр түрлі саяси партиялар мен белгілі бір күштердің мүдделерін білдіретін және меншікті, ұлттық табысты, мемлекеттік бюджетті және т.б. қайта бөлу күресіне итермелейтін қысым жасаушы топтардың арасындағы жанжалдың өзара қарым-қатынасын білдіреді. Сонымен, саяси жанжалдың негізгі субъектісі ірі әлеуметтік топтар болып табылады. Олардың қажеттіліктері, мүдделері, мақсаттары, әрекеттері билікті пайдаланудың арқасында жүзеге асырылатындықтан, жанжалға тікелей қатынасатын да мемлекеттік аппарат, парламенттік фракциялар, қысым жасаушы топтар және т.б. саяси ұйымдар болып табылады.
Саяси жанжалдардың неғұрлым жарқын формалалары ретінде революция, бүлік, көтеріліс, азаматтық соғыс бұқаралық қарсылық іс-әрекеттерді айтуға болады. Саяси жанжалға саясат субъектілерінің әлеуметтік тәртіпті өзгерту, немесе оны сақтау мүмкіндігін теориялық та практикалық жағынан қамтамасыз ету жолындағы қарсы әрекеті деп анықтама беруге болады. Бұл мүмкіндікті жүзеге асыру мемлекеттік биліктің қаржы, репрессивті аппарат және т.б. құралдарын иемденуге мүмкіндік береді. Сондықтан, саяси жанжалға қатысушылардың бірінші кезектегі міндеті мемлекеттік биліктің тұтқасын ұстау немесе соған ие болу болып табылады. Сонымен бірге саяси жанжал билікті жеңіп алумен және оны ұстап тұрумен ғана шектелмейді. Онда әр түрлі қоғамдық саяси топтар мен олардың көшбасшылары қорғап отырған әлемнің әр түрлі көріністері арасындағы күрес те өрістетіле түседі.
Осыған байланысты саяси жанжал барлық басқа жанжалдар сияқты ұлғаюы мен оны шешудің бірнеше кезеңдерін бастан өткеретін динамикалық процесті көрсетеді. Әдетте әлеуметтік-саяси жанжалды жанжал алды, жанжал, жанжалды шешу және жанжалдан кейін деп төрт түрлі сатыға бөлуге болады. Өз кезегінде әрбір сатыны бірқатар фазаларға бөледі[136].
Бірінші, жанжал алды сатысы екі фазада дамиды. Бастапқы фаза жанжалдық ситуациялардың қалыптасуымен және жеке адамдар және топтық қатынастар жүйесіндегі қайшылықтардың жанжалдық өзара іс-әрекет субъектілерінің мүдделерінің, құндылықтары мен нұсқауларының алшақтауы жағдайында өрши түсуімен сипатталады. Бұл сатыда жанжалдың дамуының жасырын (латенттік) фазасы жайында да айтуға болады.
Бұл сатыны «депривация» әлеуметтік-психологиялық түсінігінің көмегімен сипаттауға болады. Депривация – бұл күту мен оларды қанағаттандыру мүмкіндігі арасында алшақтықтың болуы тән нәрсе болып келетін жағдай. Депривация уақыттың өтуі барысында не күшейіп, не азайып, не болмаса өзгеріссіз қалып отырады.
Еуразия конфликтологиясында бұл сатыны көбінесе «әлеуметтік шиеленісушілік» ұғымының көмегімен түсіндіруге тырысады. Әлеуметтік шиеленісушілік – бұл қоғамдық сананың ерекше әлеуметтік-психологиялық жай-күйі, жеке адамдардың, әлеуметтік топтардың және тұтас алғанда қоғамның ахуалы болып табылады, оқиғаларды қабылдау мен бағалау жоғары эмоциялы қозушылықпен, әлеуметтік реттеу және бақылау механизмінің бұзылуымен сипатталады. Саяси жанжалда әлеуметтік шиеленісушілік қарсылық акциясының өсуімен көрінеді, олар: демонстрациялар, митингілер, президент пен үкіметтің отставкаға кетуі, саяси бағыттың өзгеруін талап ететін ереуілдер. Бұл акциялар көбінесе рұқсат етілмеген сипатта өтеді, ал оны ұйымдастырушылар мен оған қатысушылар биліктің бұл ереуілдерді тоқтату жөніндегі талаптарын елемейді.
Әлеуметтік шиеленісушілік тараптар нақты белгілеген жанжалдар болмаған жағдайда, «біз – олар» бағыты бойынша ашық формадағы қасарысу орын алмаған кезде қалыптасады.
Бірінші сатының екінші фазасы қақтығыстың, немесе себептің, яғни жанжалдасушы тараптарды қозғалысқа итермелейтін әлдебір сыртқы оқиғалардың әсерімен басталады. Бірінші сатының бұл фазасында жанжал латентті фазадан ашық формаға ауысып, ұжымдық бағыттың (мінез-құлықтың) әр түрлі формаларында көрінеді.
Дау-жанжалдың беталысы жанжалдың дамуының екінші, негізгі сатысын сипаттайды. Дау-жанжалдың беталысы – бұл қарсы тараптардың жетістіктерін олардың мақсаттары, ниеттері, мүдделерімен қоса блокадалауға бағытталған іс-әрекет. Бұл фазаға өту үшін басқа тараптарға қарама-қарсы ретінде өзінің мақсаттары мен мүдделерін сезіну ғана емес, сонымен бірге күреске нұсқау алу, оған психологиялық жағынан дайын болу да қажет. Мұндай нұсқауды қалыптастыру дау-жанжал бағытының бірінші фазасының міндеттеріне жатады. Бұл фазадағы мүдделер жанжалы терең қарама-қайшылықты білдіреді, өйткені мұнда жеке адамдар мен әлеуметтік топтар реттеуге ұмтылмақ тұрмақ, өзара байланыстың, өзара іс-әрекеттің және қарым-қатынастың қалыптасқан бұрынғы құрылымын бұза отырып, қайшылықты барлық жағынан да тереңдете түседі.
Әлеуметтік шиеленісушілік бұл сатыда саяси дағдарысқа ұласуы мүмкін. Оған ел алдында тұрған проблемаларды шешуде өзінің икемсіздігін танытқан билеуші топтың қызметіне ортақ (бұқаралық) наразылық пен ашу-ыза білдіру тән. Саяси дағдарыс бұқараның саяси мемлекеттік көшбасшысына, үкіметке, билеуші партияға деген сенімін жоғалтуын білдіреді.
Дау-жанжал бағытының бірінші фазасы жанжалды ұлғайту тенденциясын тудырады, бірақ ол оған қатысушыларды жанжалды шешу жолдарын іздестіруге ынталандыра алады. Толғақты өзгеріс жанжал беталысының екінші фазасына тән нәрсе. Бұл фазада «құндылықтарды қайта бағалау» және ұстанған бағыттың бұдан арғы жердегі тактикасын таңдау жүзеге асырылады. Жанжалдың барысы тараптардың өздері жайындағы, қарсыластары мен сыртқы орта туралы түсінігін өзгертеді, ресурстар таусылады.
Жанжалдасушы тараптар қимыл көрсетудің мына төмендегідей бағдарламасын таңдауы мүмкін: біріншіден, жеңіске толық қол жеткізгенге дейін жанжалды жалғастыру; екіншіден, шиеленісушілік деңгейін төмендету, қарсыласына ішінара жол беру есебінен жанжалды жасырын формаға ауыстыру; үшіншіден, жанжалды шешудің әдістерін іздестіру. Егер үшінші бағдарлама таңдалатын болса, онда жанжалдың дамуындағы үшінші кезең – оны шешу кезеңі туады.
Жанжалды шешу объективті ситуациялардың өзгеруі арқылы да, сондай-ақ субъективтік-психологиялық қайта құрулар арқылы да, жауласушы тараптарда қалыптасқан ситуацияның субъективтік образының өзгеруі жолымен де жүзеге асырылады. Жанжалдың ішінара және толық шешілуі де мүмкін. Толық шешу жанжалды субъективтік және объективтік деңгейлерде тоқтатуды, жанжал ситуациясының бүкіл сипатында оны түбірінен қайта құруды білдіреді. «Жаудың образы» «әріптес образына» ауысып, ал күреске деген психологиялық нұсқау ынтымақтасуға бағдар ұстаумен алмастырылады. Жанжалды ішінара шешу кезінде тек сыртқы жанжалдың бағыты өзгереді, ал қасарысуды жалғастырар ішкі қозғаушы нұсқаулар сақталынады.
Осы заманға конфликтология жанжалды тиімді шешуге мүмкіндік беретін шарттарды тұжырымдап береді. Олар: жанжалдың себептерінің диагнозын дер кезінде және дәл қою; тараптардың қай-қайсысының да мүдделерін мойындау негізінде қайшылықтарды жеңуге екі жақтың да ынталылығы; жанжалды болдырмаудың жолдарын бірлесіп іздестіру.
Жанжалдан кейінгі қорытынды сатыға баса мән беріледі. Бұл сатыда барлық күш-жігер мүдделер, мақсаттар, директивалар қайшылығын жоюға жұмсалынуы тиіс, әлеуметтік-психологиялық шиеленісушілік жойылып, кез келген күрес тоқтатылуы керек.
Жанжалдың өту барысын басқаратын технологияларды анықтау олардың түрін айқындауға тікелей байланысты екенін айтуымыз керек. Бұл ретте саяси жанжалдарды жіктеу мен түрге бөлудің көптеген түрліше өлшемдері бар.
Аймақтар және аумақтары тұрғысынан қарағанда ішкі саяси және сыртқы саяси жанжалдар болып бөлінеді. Сыртқы саяси жанжалдар халықаралық қарым-қатынастар саласында өріс алады. Жекелеген мемлекеттер, мемлекеттер тобы немесе халықаралық ұйымдар оның негізгі субъектісі саналады. Мұндай жанжалдардың ерекше формасы әлемдік және жергілікті шеңберде болатын соғыстар, сондай-ақ экономикалық сауда және кедендік жанжалдар болып табылады.
Ішкі саяси жанжалдар мемлекеттік басқару технологиясы саласындағы, немесе қоғамдық өмірдің басқа да салаларындағы ішкі саяси процестердің сипатын көрсететін биліктің әр түрлі субъектілері (билеуші және оппозициялық элиталар, бәсекелес партиялар мен топтар, орталық және жергілікті билік) арасындағы өзара іс-әрекетті бейнелейді.
Саяси жанжалдарды уақыттың өтуіне байланысты ұзақ мерзімдік және қысқа мерзімдік түрлерге бөлуге болады. Демек, жекелеген жанжалдардың қалыптасуы және оларды шешу саясатта қысқа мерзімнің ішінде аяқталуы да мүмкін, сонымен бірге тұтас бір ұрпақтың өміріне парапар уақытқа созылуы да сөзсіз.
Ал, жариялылығы тұрғысынан келсек, жанжалдасушы тараптардың өзара іс-әрекетінің ашық, сырттай белгіленген формасы туралы және билік үшін күрестің көлеңкелі әдістері үстем болатын, немесе субъектілердің өздерінің биліктік өкілеттіктерін даулайтын жабық түрдегі жанжалдар туралы айтуға болады.
Басқарудың режимі мен оның құрылымына және ұйымдастырылу формасына сәйкес вертикальды және горизантальды жанжалдар деп бөлуге болады. Вертикальды жанжалдар биліктің әртүрлі деңгейлеріндегі, орталық және аймақтық элиталарға, федаралдық және жергілікті өзін өзі басқару органдарына жататын субъектілердің қарсылығын білдіреді. Горизонтальды жанжалдар бір ғана тәртіппен жұмыс істейтін субъектілердің және билік жүргізушілердің яғни билеуші элитаның ішінде, билеуші партиялардың, бір саяси бірлестіктің мүшелері арасында болатын нақты өзара іс-әрекетін білдіреді.
Мәселелерді шешу формасына қарай саяси жанжалдар өктемдік ету және бейбітшілік жолдарымен шешілетін жанжалдар болып та бөлінеді.
Жанжалдың болатын орны, дәрежесі және оны реттеудің сипаты тұрғысынан алсақ, саяси жанжалдар саяси жүйелер шеңберінде жүзеге асырылатындықтан институционалдық, сондай-ақ бұл шеңберлерден шығып кететіндіктен институционалдықтан тыс болып бөлінеді. Институционалдық ішкі саяси жанжалдардың субъектісі ретінде саяси ойындардың біртұтас ережесіне бағынатын, бірақ әр түрлі позициялардағы саяси институттар, ұйымдар әрекет етеді. Айталық, биліктің әр түрлі бұтақтарының, биліктің орталық және жергілікті органдарының жанжалдары осыған жатады.
Тұтас жүйенің немесе жекелеген топтардың мүдделері мен мақсаттарын көздемейтін саяси жүйенің жекелеген элементтері, билеуші топтың саясаты осындай жанжалдарға итермелейді. Оларды шешу билік саясатында жекелеген өзгерістерге әкеледі.
Институционалдықтан тыс ішкі саяси жанжалдардың субъектісі ретінде, бір жағынан билеуші элита мен партиялар, мемлекеттік институттар, ұйымдар, көшбасшылар; екінші жағынан жүйеге кірмейтін оппозиция: халық бұқарасы, саяси белсенді топтар, радикалдық ұйымдар, басқарушы билік пен жалпыға бірдей ереженің шеңберінен шыға отырып әрекет ететін саяси ойындар көрініс береді. Жанжал объектісі бұл жағдайда тұтас алғанда мемлекеттік билік жүйесінің, орныққан режимнің болуында еді. Жанжалдың ақырғы қорытындысы: не билеуші режимнің жеңісі және жүйеге кірмейтін оппозицияны жою, не болмаса саяси жүйені алмастыру болып табылады.
Әлеуметтік позиция тұрғысынан алғанда, статустық-рөлдік саяси жанжалдар деп те атап көрсетуге болады. Олардың негізіне саяси биліктің иерархиясында орыны, саяси құқықтар мен бостандықтардың жиынтығы мен көлемі, статустық (мәртебелік) міндеттердің жиынтығы және көлемі, жауапкершіліктің мәртебелік аясының кеңістігі мен сипаты, қандай бір топтардың болмасын саяси өмірдегі нақты мүмкіндігі және оған ықпал етуі жатады.
Саяси қайта құрулардың ауқымына және шешілетін проблемалардың сипатына қарай саяси жанжалдар ішінара және радикалдық болып бөлінеді. Ішінара жанжалдардың ошағы негізгі емес, коньюктуралық мүдделер мен құндылықтар себептері бойынша қайшылықтар болып табылады. Бұл жанжалға кейбір институттар мен топтар, элитаның бір бөлігі, белгілі бір саяси проблемаларды шешуге мүдделі немесе мүдделі емес күресуші қарсылас партиялар қатысады. Ал, радикалдық жанжалдардың ошағы негізгі саяси мүдделердің және әлеуметтік топтардың арасындағы қайшылықтар болып табылады. Радикалдық жанжалдар қасарысу саласына көпшілік немесе барлық саяси институттарды және халықтың едәуір бөлігін тартады.
Мазмұндық типтендіру жанжалдарды олардың себептерін тудыратын сипаты бойынша бөлуді ұсынады. Бұл жерде ұлттық, нәсілдік, діни (конфессионалдық) және басқа да себептерді көрсетуге болады, соларды саясаттандыру нәтижесінде этносаяси, нәсілдік саяси және саяси-конфессионалдық жанжалдардың қалыптасуына әкеледі. Өйткені саяси өмірдің әр түрлі құндылықтары, нормалары, әдістері жиынтығы алуан түрлілігімен ерекшеленеді, яғни әр түрлі саяси-мәдени жанжалдар туралы айтуға болады.
Жанжалдарды типтендіру (түрге бөлу) адамдардың дауларды шешуге тартылуының әр түрлі дәрежесін, дағдарыстар мен қайшылықтардың интенсивтілігін, олардың саяси процестердің динамикасы үшін маңызын бейнелейтін сапалы көрсеткіштері бойынша да жүзеге асырылады. Аталған түрдің жанжалдары арасында «терең» және «терең тамырланбаған» жанжалдарды, «нөлдік санды» жанжалдарды және «нөлдік емес санды» жанжалдарды, «ұнамсыз» жанжалдарды, антогонистік және антогонистік емес жанжалдарды бөліп көрсетуге болады.
Саяси жанжалдарды интенсивтілік дәрежесіне қарай эскалирлік және интенсивтілігі төмен жанжалдарға бөледі. Эскалирлік жанжалдар деп тараптардың әскери күш қолдануы арқылы қақтығысын айтады. Ал, интенсивтілігі төмен жанжалдар тараптардың қасарысуының созылуымен және оның деңгейінің төмендеуімен сипатталады. Бұл дегеніміз олардың «ұтып шығуға» деген және қарсыласуына тікелей әсер ету формасын қолдану мүмкіндігі мен ұмтылысының жоқтығын білдіреді.
Жоғарыда келтірілген жанжалдардың қайсысы болмасын, әр түрлі қасиеттер мен сипаттамалаларға ие болғандықтан, олар жарыстас болумен ынтымақтасудың, қарама-қарсы іс-әрекет пен келісімге келудің, жарастыру мен бітімге келмеушіліктің қарым-қатынастарын ынталандыра отырып, нақты саяси процестерде алуан түрлі рөл атқаруға икемді болып шығатынын айтқан жөн.
Өмірде көрсеткеніндей, не жанжалға қатысушы болып, не оның барысында делдал ретінде тартылатын әрқилы саяси субъектілер әр кезде де жанжалды басқаруға, немесе оларға бақылау жасауға ұмтылады[137].
Жанжалдардың бағытына саналы түрде әрекет етуді және басқарылатын субъектілерді олардың мүдделеріне бағындыру ұйымдастыруға сүйенілетіндіктен жанжалдарды басқарудың әр түрлі моделдері, технологиялары неғұрлым әртүрлі, ал кейде қарама-қарсы мақсаттарға толы стратегияларды ұсынады. Неғұрлым маңызды стратегия ретінде, соның шеңберінде жанжалға саналы түрде әрекет ететін өзіндік технологиялары қалыптасатындықтан, олардың мақсаттарын сипаттайтын мына төмендегілерді бөліп көрсетуге болады: қоғамда орын алып отырған қайшылықтардың үздіксіз шиеленісін тудыратын жанжалдардың инициациясы, жанжалдың эскалациясын және ситуацияларды тудыру мақсатында терең бәсекелестік қатынастарды қарсыластан да гөрі, өзі неғұрлым тиімді пайдаланатындай етіп консервациялауды күшейту (мысалы, билеуші режим оппозициясымен ынтымақтасуда олар орындай алмайтын шарттар қоюы мүмкін, өйткені олар оппозицияның күші таусылмайтынына немесе қоғамдық келісімге келуге ұмтылмай отырған олардың қоғамдық пікір алдында беделі түсетініне сенеді); тараптардың қарым-қатынасында қалыптасқан шиеленісті өздерінің жеке мүдделеріне пайдалану мақсатында оны саналы түрде қолдануды білдіретін жанжалдардың рутинизациясы (жаңалыққа қарсы шығатын); қайшылықтардың қасарысудың ашық фазасына өтуіне және саяси шиеленістің ұлғаюына жол бермеуге бағытталған жанжалдардың болатындығын ескерту; тараптардың қасарысуының шиеленісуін толық немесе ішінара жою үшін, сондай-ақ оның неғұрлым жағымсыз салдарын болдырмау үшін жанжалдарды реттеу; жанжалды шешуді не жанжалдың себептерін, не дауласудың негізін жоюды, не тараптардың жанжалсыз қарым-қатынасына жол ашатын қарама-қарсы пікірлер рецидивасының қауіпін туғызбайтын, реттелген қатынастарды қайтадан ушықтырмайтын жағдайлар мен ситуацияларды қарастыратындай етіп шешу; жанжалды ығыстырып шығаруды әр түрлі себептермен жауапкершілігі түрлі деңгейдегі басқа саяси жүйелерге итеріп салуды алға тартатын етіп (мысалы, федералдықтан аймақтыққа, немесе бұған керісінше) ұйымдастыру.
Саясат саласындағы неғұрлым өріс алған мақсаттарға жанжалдарды реттеу және шешу технологиялары жатады. Тиісті стратегиялар шеңберінде пайдаланылатын бақылау және басқару технологиялары көлеңкелі, латенттік жанжалдардың ашық формада жүргізілу қажеттігіне, бақыланбайтын процестерді және осы өзара іс-әрекеттердің салдарларын азайтуға, дұрыс және жедел назар аударуға келмейтін, кенеттен болатын сілкіністердің болу мүмкінділігін қысқартуға негізделеді. Сондай-ақ, бұл стратегияның базалық қағидасы бірізділікті тараптар әлі дайын емес, асығыс шаралардың болатындығын біртіндеп шамалау болып табылады.
Сондай-ақ, тараптардың қасарысуының деңгейін бірізділікпен төмендету, олардың арасындағы коммуникация жүйесін кеңейту, тараптардың өзара келісілген міндеттерін орындау талаптарын да ұстану қажет.
Осыған байланысты жанжалды реттеу және шешу технологияларын қалыптастырудың бірегей талаптарына олардың қалыптасуының және болуының принципті сыртқы және ішкі факторларының қажетті есебін алуды жатқызуға болады. Сонымен бірге, тәжірибе көрсетіп отырғанындай, жанжалдарды басқару субъектісінің қызмет формасы мен әдістеріне ықпал ететін факторларға мыналар жатады: біріншіден саяси жүйелердің ашықтық дәрежесі (мәселен билеуші құрылымды саяси наразылықтың неғұрлым агрессивтік формасынан қорғауға икемді тетіктердің болуын немесе болмауын көрсететін); екіншіден, жанжалдасушы топтардың топтасқандығының деңгейі және олардың мүшелерінің ішкі өзара қатынасының интенсивтілігі; үшіншіден, әлеуметтік бұқара топтарының даулы өзара қарым-қатынастарға қамтылуының сипаты; төртіншіден, топтар мен азаматтардың саяси бағытының эмоциялық толықтығы және олардың өздерінің билікке талаптануларын шектеуге икемділігі және т.б.
Ал, дауларды шешу стратегиясына, яғни технологиясына келсек қашан да партнерлердің біржақты емес, екіжақты әрекетінің түсінілуі үйлесім табады. Бұл оларды қолдану нәтижесінде қол жеткен тараптар арасындағы келісімді оған қатысушылардың барлығы да адал әрі әділетті деп бағалайтындығын білдіреді. Олар сырттан қысым жасаусыз болатын келісім шарттарын өз еріктерімен қабылдайды, жанжал күн тәртібінен түсіріледі, ал бұрынғы дауға қатысушылар арасында, К.Митчелдің сөзімен айтқанда, оң қатынастар орнығады.
Жанжалды басқару мен бақылау технологиясын жасап, жүзеге асыру үшін олардың өрістеуі мен дамуының (бұлардың қай-қайсысы да белгілі бір міндеттерді шешуді және нақты мақсаттарға қол жеткізуді көздейтіні белгілі) негізгі кезеңдерін білудің принципті маңызы бар. Сонымен бірге, даудың неден болатынын қатаң анықтау жүзеге асырылса, соғұрлым жанжалды басқару субъектісінің оның дамуын бір шектен шығармау (локализациялау) арқылы тараптардың бәсекелестігін өзіне тиімді арнаға бұруға мүмкіндігі зор болмақ. Егер билеуші құрылымдар осындай субъектінің рөлін атқарса, онда олардың шиеленістің себептерін іздеуі және оны реттеу технологиясын жасап жүзеге асыруы оқиғаның сөзсіз дамуының мүмкіндігіне деген өз жауапкершілігімен қамтамасыз етілуі керек.
Тараптардың басқару мен саяси жанжалдарды бақылау технологиясында келісімге қол жеткізулерінің неғұрлым кеңінен таратылған құралы (әдісі) келіссөздер, ара ағайындық іс-әрекеттер, арбитраждар болмақ.
Келіссөз жүргізу үрдісінде екі жақ та өзара пікір алмасады. Бұл міндетті түрде дау-дамайды ширықтырмай, бәсеңдетеді, оппоненттердің дәлелдемелерін түсінуге көмектеседі, күштің нақты арақатынасын, ымыраласудың жағдайларын екі жақтың да бірдей бағалауына жағдай тудырады. Келіссөздер екі жақтың да тең дәрежеде ымыраласуына, балама жағдайларды байыппен қарастыруға, ұстанымдарының ашық екенін көрсетуге, бәсекелестердің «арам пиғылдарының» тиімділігін бәсеңдетуге мүмкіндік тудырады. Міне, осындай жағдайлар орнаған кезде туындаған дау-дамайдың ортаңғы нүктесі деп аталатын оралымды тұсын табу оңайға соғады.
Келіссөз үрдісі саудаласудың арнайы технологиясына, яғни бастапқы ұстанымды сақтап қалуға да, басымдыққа ие болуға да, оппоненттердің өзара түсіністікке қол жеткізуіне де, немесе оларды тұйыққа тірелетін арнаға алып келуге де немесе, біржақты басымдылықты қамтамасыз етуге де, болмаса немесе екі жақты да өзара қанағаттандыруға негізделеді.
Саяси тәжірибе мен теория арқылы саяси дау-дамайды болдырмаудың, реттеу мен шешудің технологиясында бірқатар жалпы әдістер талданып жасалды. Солардың арасында – ымыраласу мен консенсусқа келу қарастырылады.
Ымыраласу өзара бір-біріне көну негізінде келісу жолымен анықталады. Оның еріксіз ымыраласу және ерікті түрде ымыраға келу секілді түрлері болады. Сондықтан ымыраласуды келісім ретінде қарастырған жөн. Бұл кезде ымыраласу тым нашар деп қарастырылмай және оны тым жақсы деп те бағаламай, өз ұмтылыстарын жарым-жартылай ғана қанағаттандырады. Еріксіз ымыраласу қалыптасқан жағдайларға байланысты туындайды. Ерікті түрде ымыраласу жекеленген мәселелер бойынша келісу негізінде жасалынады және барлық өзара әрекет етуші күштердің саяси мүдделерінің әлдебір бөлігіне сәйкес келеді. Осындай ымыраласудың негізінде әрқилы партиялық блоктар мен саяси коалициялар және басқалар құрылады.
Консенсус – бұл кез келген қауымдастықтағы адамдардың басым көпшілігінің келісімі[138]. Ондағы әлеуметтік жағдай сол қауымдастықтағы іс-әрекеттің аса маңызды сипаттары арқылы анықталады.
Алайда, келісімдердің нәтижелі болмауы да ықтимал. Мұндай жағдайда «үшінші жақты», яғни дау-дамайға қатыспайтын адамдарды немесе басқа бір аралық инстанцияны осыған тарту ұсынылады.
Үшінші жақтың дау-дамайға араласуының аса қолайлы түрі – ара ағайындық болып саналады, яғни екі жақ та мезгіл-мезгіл ара ағайынның пікірін тыңдауға және оның ұсынысын қарауға келіседі. Ара ағайындық саяси дау-дамайларды реттеу технологиясының аса тиімді құралы болып жүргені рас. Соған қарамастан, көбінесе арбитражға, яғни үшінші жаққа, немесе бұлайша жүгінген кезде соның шешімі орындалуға міндетті болып саналатын белгілі бір сатыға қарай сенімді қадам жасаған жөн. Егер дау-дамайға қатысушылар үшінші жаққа жүгінсе, бұған қоса оның шығарған шешімін қабылдағаны секілді, оны басшылыққа алса, онда осыған міндетті арбитраж дау дамайды реттеу технологиясынан енді оны өршітпей басып тастау жағына қарай ауысады. Бұл әдіс аса қажетті болып саналады, бірақ оны ұдайы қолдана беру де біршама күмән тудырады. Басып тасталған дау-дамай – бұл қалай дегенмен де әлі бітпеген ерегестің ұшығы болып табылады. Өйткені ол жасырын түрде өрши түседі де, кейінірек қауіпті түрге айналуы мүмкін.
Реттеу жолы арқылы ғана дау-дамайлардың мүлде жойылмайтындығын атап өткен орынды. Қоғам бар жерде дау-дамай да болып тұрады. Реттелетін дау-дамайлар белгілі бір дәрежеде жеңіл сипатқа ие болады. Ол әлеуметтік құрылымның ұдайы өзгеруіне байланысты жүріп жатады, бірақ ол азаматтық соғыстың немесе төңкерістің негізі бола алмайды.
Саяси жүйенің, оның институттарының жұмыс істеуі және қоғамдағы билікті жүзеге асыру көп жағдайда саяси дау-дамайларды басқару мен бақылаудың технологиясына байланысты болатынан атап өткен жөн. Саяси және әлеуметтік дау-дамайларды тиімділікпен ауыздықтап отыру саясаттың, сондай-ақ саясаттағы ақпараттық технологияның өзекті міндеттері болып саналады.