Геосаясат түсінігі. Қазіргі әлемдік геосаясаттың ерекшеліктерін көрсетіңіз
Қазіргі саяси проблемалардың бірі – геосаясат. Геосаясатты талдаудың өзіндік ерекшелігі саясаттың кеңістік-географиялық факторларын қарастырумен, макросаяси үрдістерді зерттеумен, тұрақты және ұзақ мерзімді сипаттағы құбылыстарды ашатын ұғымдар мен категорияларды кеңінен қолданумен байланысты. Мұндай ғылыми амал, әсіресе геосаяси проблемаларды қарастыру кезінде аса маңызды.
Соңғы уақытта геосаясаттың, геосаяси білімнің, әлемнің геосаяси архитектурасының маңыздылығы айтарлықтай артты. Қазіргі кезде Қазақстанның геосаясаты, геосаяси факторлары, геосаяси жағдайы жөнінде жиі айтылады. Алайда осы тақырыпта сөйлейтін адамдардың бәрі бірдей геосаясат дегеннің не екенін және оның архитектурасына не жататынын жете біле бермейді. Соған қарамастан геосаясат дүниежүзі тарихын пайымдаудың ерекше амалы ретінде қазіргі Қазақстанның шынайы саясаты тұрғысынан өте үлкен пайдасы бар. Осымен байланысты геосаясаттың және қазіргі әлемнің геосаяси архитектурасының аса маңызды өзекті мәселелердің бірі екенін атап көрсетуіміз қажет. Өйткені онсыз қазіргі әлемнің шынайылығын толықтай және қайшылықсыз анық түсіну мүмкін емес. Қазіргі геосаясатты дұрыс түсіну үшін, ең алдымен, оның архитектурасын білу керек.
Қазіргі әлемнің геосаяси архитектурасы геосаясат субъектілерінің (әлем қауымдастығы субъектілерінің) жиынтығынан, өздерінің жеке және ортақ мүдделерін жүзеге асырудағы олардың стратегиясынан, әрекетінен және өзара қатынасынан тұрады.
Ол әлемдік саясаттың, халықаралық қатынастардың мынандай субъектілерін – мемлекетті, үкіметаралық және халықаралық үкіметтік емес ұйымдарды, сондай-ақ геосаяси орталықтарды өзіне қосқан.
Геосаяси орталықтардың негізгілеріне әлемдік саясаттағы ірі факторларды – Еуропаны ( Еуропа одағы келбетіндегі), АҚШ-ты, Азия Тынық мұхиты аймағын және Ресейді жатқызуға болады.
Еуропа Одағы (ЕО) – федеративті мемлекет элементтерінен тұратын мемлекетаралық, аймақтық масштабтағы конфедеративтік бірлестік. Халқы 500 млн. адамнан асады.
Еуроодақты құрудың бастамашысы – Франция мен Германия. ЕО 1992 жылы 12 Еуропа мемлекеттері қол қойған Маастрих келісімшарты негізінде 1993 жылы құрылды. Қазір оның құрамында 28 ел бар.
Еуроодаққа бірігудің мақсаты – саяси, экономикалық және валюта одағын құру, адамдардың, капиталдың, тауарлар мен қызмет көрсетудің еркін қозғалысы негізінде біртұтас экономикалық кеңістік қалыптастыру.
Еуроодақ көшбасшыларына келетін болсақ, онда олардың саясатында айтарлықтай өзгешеліктер бар. Франция өзінің АҚШ-тан тәуелсіздігін көрсетіп, аймақтық көшбасшы болып дамуға тырысады. ЕО-ты құрудың есебінен біріккеннен кейін құрлықта айтарлықтай нығайған Германияның позициясын әлсіретуге қарсы емес. Өз кезегінде Германия АҚШ-пен қатынасын өзгертпей-ақ, құрлықтағы өзінің ықпалын, ең алдымен, Орталық Еуропа және Шығыс Еуропа, сонымен қатар Балтық мемлекеттері есебінен кеңейтуге тырысуда. Германия Еуропаның геосаяси осі болуы мүмкін. Англия толықтай АҚШ-тың ықпалымен келеді.
Еуропа Одағының өзіне тән геосаяси тұжырымдамасы бар. Ол 1970 жылы «ЕО геосаяси тұжырымдамасы» деген атпен дайындалған еді. Оның негізіне «азаматтық күштер» идеясы алынған, оған сәйкес сыртқы саяси міндеттер әскери күш позициясы тұрғысынан (мұны АҚШ көбірек жақтайды) шешілмеуі тиіс, керісінше, ынтымақтасу арқылы, экономикалық тетіктердің әсерін қолдану арқылы ( соның ішінде, қажет болған жағдайда экономикалық санкция жасау), әр жақ өзіне қайсыбір функциялар мен міндеттерді алып, жалпы құрылымды қолдану арқылы шешілуі қажет. Күш қолдану немесе қауіп-қатер жасаудан бас тарту идеясы Хельсинкиде өткен Еуропа қауіпсіздігі мен ынтымақтастығы кеңесінің жұмысының барысында пайда болған еді.
Еуроодақ елдері және АҚШ батыс өркениетінің ажырамас құрамдас бөлімі болып саналады. Алайда олардың арасындағы қатынаста бірқатар қарама-қайшылықтың бар екендігі байқалады. Мәселен, кезінде Иракқа шабуыл жасалғанда, ортақ мүдде ауызбіршілік болмады деуге болады. Бұл қарама-қайшылықтар Еуропаның бірлігін бөліп жіберді және шоғырландырушы әлеуетін бұзды. Еуропа АҚШ-тың халықаралық институттарды мойындамауына қарсы (мысалы, Югославияға қарсы агрессия кезінде БҰҰ мұндай оқиғаға кезікті). Еуропа, сондай-ақ Құрама Штаттардың Американың стратегиялық мүдделерін шешуде басқа елдердің мүдделерін жоққа шығаруына қарсы, өйткені бұл антиамерикандық және антибатыстық көңіл күйді және әлемнің өзге елдерінен АҚШ-тың және батыс елдерінің оқшаулану қаупін тудырады. Еуропа АҚШ-пен салыстырғанда, әлемнің басқа аймақтарындағы орнықтылық пен тұрақтылықты қолдайды және аймақтық істерге араласпауды қолдайды. Халық арасында әртүрлі діндерді – православия, ислам, буддизм және т.б. тұтынатын үлкен топтардың болуы Ресейдің ерекшелігі болып табылады. Өткен (кеңестік) кезеңде күшейген атеистік қызметтің нәтижесінде өзіндік вакуум пайда болған еді, осы бос орынды дәстүрлі емес діндермен толтыру, тоталитарлық секталардың күшею қатері және діни фундаментализмнің арту қаупі туындады. Бұның бәрі салмақты қайшылықтарды тудыруға қабілетті дін саласындағы шиеленістің негізгі қайнар көзі болып табылады, ал олардың өзіндік этникалық аймақтарға жіктеген жағдайда елдің бірлігіне және оның қауіпсіздігіне төнген үлкен қатер болып саналады. Олар сыртқы және ішкі геосаясатты жүзеге асыруда айтарлықтай көмек көрсетіп отыр.