Отбасы құқығы ұғымы, қағидалары
Отбасылық құқықтық қатынастар – құқық нормасымен реттелген отбасы мүшелері арасындағы қатынастар.
Неке – ерлі-зайыптылар арасындағы мүліктік және мүліктік емес қатынастарды туғызатын, отбасын құру мақсатымен заңдарда белгіленген тәртіппен тараптардың ерікті және толық келісімі жағдайында жасалған еркек пен әйелдің арасындағы тең құқықты одағы.
Отбасы – некеден, туыстықтан, бала асырап алудан немесе балаларды тәрбиеге алудың өзге де нысандарынан туындайтын мүліктік және мүліктік емес жеке құқықтар мен міндеттерге байланысты және отбасы қатынастарын нығайту мен дамытуға жәрдемдесуге тиісті адамдар тобы.
Неке қию тәртібі бойынша некеге отырғысы келген азаматтардың арыздары алдымен азаматтық хал актілерін жазатын (АХАЖ) мемлекет органдарының кітабына жазылады да, некені қию некеге тұруға тілек білдірушілер азаматтық хал актілерін жазу органына арыз берген күннен бастап бір ай мерзім өткен соң жүргізіледі. ҚРның «Неке және отбасы туралы» 1998 жылғы 17 желтоқсандағы 10-бабына сәйкес неке жасы еркектер мен әйелдер үшін он сегіз жас болып белгіленеді. Дәлелді себептер болған жағдайда мемлекеттік тіркеу орны бойынша азаматтық хал актілерін жазу органдары неке жасын екі жылдан аспайтын мерзімге төмендетуі мүмкін.
Отбасы құқығының қағидалары деп осы құқық саласының мәнін және олардың құқықтық бекітілу күшіндегі жалпыға міндетті мәнін анықтайтын басты жағдайларды айтамыз.
Отбасы құқығының негізгі қағидалары мыналар:
1. Некені секуляризациялау, яғни шіркеу мен басқа да діни ұйымдарды барлық неке-отбасы сұрақтарын шешуден аластату. Қазақстандық заң некенің тек зайырлы нысанын ғана таниды. Неке тек азаматтардың хал актілерін жазу органдарында ғана тіркеледі.
2. Моногамиялық қағидат адамның бір мезгілде тек бір ғана тіркелген некеде тұра алатындығын көрсетеді. Басқа некеге отыру үшін бірінші некесін бұзуы керек. Неке саны заңмен шектелмеген.
3. Неке еркіндігін екі тұрғыдан қарастыруға болады:
А) некеге тұру еркіндігі Б) ажырасу еркіндігі
Біріншісі кез-келген еркек пен әйел некеге тұру немесе тұрмауды өз еркімен шешетіндігін көрсетеді. Неке одағына тұру кезінде қандай да бір зорлық көрсету салдарынан некені жарамсыз деп тану мүмкін.
Ажырасу еркіндігі – бұл егер ерлі-зайыптылардың біреуі қарсы болса да неке қатынасын тоқтату. Неке және отбасы туралы заңның 15 бабының 1 тармағына сәйкес неке ерлі-зайыптылардың біреуінің немесе екуінің де өтініші бойынша, сондай-ақ сот әрекетке қабілетсіз деп таныған жұбайдың қорғаншысының өтініші бойынша оны бұзу жолымен тоқтатылуы мүмкін. Сонымен қатар АХАЖ органдары мен соттар да ерлі-зайыптылардың өзара келісімі болған кезде олар не үшін некені бұзатындығын айқындамай-ақ некені бұза алады, өйткені некені бұзу сұрағын шешу – ол субъективтік және неғұрлұм жеке іс.
4. Әйел мен еркектің теңдігі туралы конституциялық жағдайға негізделген отбасындағы ерлі-зайыптылардың теңдігі қағидасы отбасының нығаюына әсер етеді.
5. Балаларды отбасында тәрбиелеуге басымдық беру. Әр бала өзінің отбасында өмір сүруге және тәрбиеленуге құқығы бар (НОТЗ 52 бабының 2 тармағы), бірақ объективтік немес субъективтік себептердің күшіне байланысты олар көпшілік жағдайда отбасынан тыс қалып қояды. Отбасы заңы осы қағиданың күшіне сәйкес ата-анасының қарауынсыз қалған балаларды ең алдымен отбасына (асырап алушының, қамқоршының) орналастыруды қарастырады, ал тек отбасында тәрбиелеу мүмкін болмаған жағдайда ғана кәмелетке толмағандарды балалар үйіне тәрбиелеуге береді.
6. Отбасының кәмелетке толмаған, еңбекке жарамсыз мүшелелерінің құқықтары мен мүдделерін қорғау үстемдігі. Отбасындағы өзіндік қарым қатынас бір-біріне қамқор болу, ал егер кімде-кім ерекше қамқорлыққа мұқтаж болса – бұл отбасының басқа мүшелерінің қасиетті борышы. Қазақстан Республикасының Конституциясы мен «Неке және отбасы туралы» ҚР Заңы кәмелетке толған еңбекке жарамды балаларды өздерінің еңбекке жарамсыз немесе қартайған ата-анасына қамқорлық көрсетуге міндеттейді. Балалар ерекше қорғауда болуы керек: ата-ананың азаматтық парызы - әр баланың жан-жақты дамуын қамтамасыз ету.