Дәріс. Міндеттеменің тоқтатылуы

1. Азаматтық-құқықтық жауапкершіліктің ұғымы.

2. Құқықтық жауаптылық шаралар жүйесіндегі азаматтық-құқықтық жауапкершіліктің орны.

Негізгі ұғымдар:міндеттеменің бұзылуынан туындаған залалдардың орнын толтыру, залалдар мен айып төлеу, субсидиялық жауапкершілік, міндеттеменің бұзылғандығы үшін жауапкершілік негіздері.

1.Азаматтық-құқықтық жауапкершілік тудыратын жағдай оның негіздері болып есептеледі. Осындай негіздерге ең алдымен заңда немесе шартта көрсетілген құқықтарды бұзу жатады.Азаматтық-құқықтық жауапкершіліктің мұндай жалпы негіздеріне жататындар:

1) тұлғаның құқыққа қайшы қылығы (іс-әрекеті не әрекет-

сіздігі);

2) жәбірленген тұлғаның шеккен зияны немесе залалдың

бар болуы;

3) құқық бұзушының құқыққа қайшы іс-әрекеті мен оның

келтірген зиянының салдары арасыңдағы болатын себепті бай-

ланыс;

4) құқық бұзушының кінәсі.

Нақты тұлғаға азаматтық-құқықтық жауапкершілікті жүктеу үшін жалпы ереже бойынша қажетті келтірілген негіздер жиынтығы - азаматтық-құқық бұзушылықтың құрамы болып табылады.

Көрсетілген негіздердің біреуі болмай қалса, жауапкершілікке тарту мәселесі туындамайды. Бірақ та, кейбір жағдайларда заң азаматтық құқықтағы құқық бұзушылық құрамының бар болуы мүліктік жауапкершілікке тарту үшін жалпы талаппен санаспайды (мысалы, жоғары қауіптілік көзін иеленуші заңды тұлға жәбірленушінің алдында кінәсіз жауап береді (АК-тің 931- бабы).

2.Құқыққа қайшы тұлғалардың қылықтары — азаматтық-құқықтық жауапкершіліктің негізі. Құқыққа қайшы тұлғаның қылығы дегеніміз заңға немесе шартқа сәйкес емес теріс іс-әрекет болып табылады. Ол құқықтық қатынасқа түсетін екінші жақтың мүліктік немесе мүліктік емес игіліктері мен құқықтарын бұзуға әкеп соғады. Азаматтық құқықта құқыққа қайшы тұғаның қылыға объективті және субъективті құқықтардың міндетті түрде бір мезгілде бұзылуын көрсетеді.

Тұлғаның құқыққа қайшы қылығы жауапкершілікке тартудың бірден бір шарты болса, оны жауапкершіліктің заңдық негізі деп атайды. Тұлғаның құқыққа қайшы қылығының жағдайы іс-әрекетте не әрекетсіздікте көрінуі мүмкін. Мінез-құлықтың саналы түрде болуы объективті жағдай,құқықтық қатынасқа қатысушылардың құқық бұзушылығы оған қарамайды, сондықтан да қылмыстық құқықта ол қылмыс құрамының объективті жағын құрайды.

Кінә — азаматтық-құқықтық жауапкершіліктің негізі. Жалпы заң ілімі кінәні тұлға өзінің заң бұзу әрекетін (немесе әрекетсіздігін) жан-дүниесімен, демек психологиялық тұрғыдан сезінуі деп түсіндіреді. Заңда оны қылмысты істердегі кінә және азаматтық істердегі кінә деп екіге бөледі

Қылмыстық жауаптылыққа қасақана немесе абайсызда қылмыс жасаған адам тартылады.

Азаматтық заңдарда кінә мүліктік немесе мүліктік емес өзіндік міндеттемелерді орындамау және тиісті дәрежеде орындамау тұрғысынан көрінеді. Кінә қасақана немесе абайсыз түрде болады.

Азаматтық құқықта тұлға кінәсіз болса да жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Кінәсіз жауаптылық тек заңда көрсетілген жағдайларда ғана зиян келтіруші бұл жөнінде кінәлі болмаса да жауап береді. Тұлғаның кінәсіз болуы оны жауапкершіліктен арашалайды.

Зиян — заңмен қорғалатын игілік атаулының кемуі. Егер зиян мүліктік сипат алатын болса, оны залал деп атайды. Залалдың ақшалай баламасы шығын делінеді.

Азаматтық кодекстің 9-бабында құқығы бұзылған адам,егер заң мен шартта аз мөлшердегі шығын қаралмаса, өзіне келген залалды толық қалпына келтіруді талап ете алатындығы бекітілген. Залалдың орнын толтыру жөніндегі норма императивті тұрғыда келеді, ол барлық азаматтық құқықтық қатынастарға жүреді және жақтардың шартында шығынды келтіру қаралды ма, жоқ па, оған қарамай әрекет ете береді.

Мемлекеттік өкімет билігі органының, өзге де мемлекеттік органның заңдарға сай келмейтін құжат шығаруы, сондай-ақ осы органдардың лауазымды адамдарының әрекеті (әрекетсіздігі) салдарынан азаматқа немесе заңды тұлғаға келтірілген залалды Қазақстан Республикасы немесе тиісінше әкімшілік-аумақтық бөлініс өтеуге тиіс (АК-тің 9-бабы 5-тармағы).

Наши рекомендации