Биязы жүнді қой тұқымдары
Биязы жүн қой тұқымдарының басқа қой тұқымдарынан негізгі айырмашылығы тек біркелкі түбіттен ғана тұратын, түбіттің әрбір талшығының жіңішкелігі 25 мкм – ден аспайтын, иректігі айқын, шайырлы, тығыз ақ жүнділігі. Биязы жүн тұқымдарының Қазақстанда өсірілетін түрлерін атап өтсек,қазақтың биязы жүнді қой тұқымы, оңтүстік қазақ меринос қой тұқымы, қазақтың арқар меринос қой тұқымы, солтүстік қазақ мериносы қой тұқымы жатады.
Қазақтың биязы жүнді қой тұқымы.Қазақстанда өзінің жергілікті жағдайына лайықты биязы жүнді қойдың жаңа тұқымын шығару мәселесі 1931 жылы басталған. Бұл жұмысты академик В. А. Бальмонттың басқаруымен Е. В. Баканова, А. И. Пшеничный жұмыс істеді. Негізгі селекциялық жұмыстар К. Мыңбаев атындағы тәжірибе шаруашылығында жүргізілді. Жаңа тұқым шығару үшін қазақы қойларының тәуірлері іріктеліп алынды, олар таза тұқымды прекос қошқарымен шағылыстырылды. Одан шыққан бірінші ұрпақ будандар жүнінің сапасы жағынан бірнеше түрлі болды. Жүніне қылшық араласқан 3-4 класс будан саулықтарына қайтадан таза тұқымды прекос қошқарлары жіберілді. Осы шағылыстырудан шыққан екінші ұрпақтың биязы жүнді будан қошқарларымен бірінші ұрпақта алынған биязы жүнді будан саулықтар шағылыстырылды. Олардың төлі бірнеше жыл бойы үзбей сұрыпталып, таңдалды, соның нәтижесінде қазақтың биязы жүнді жаңа қой тұқымы шығарылды.
1931 жылы басталған бұл жұмыс 1946 жылы жаңа тұқымды мәскеудің бекітуімен өте нәтижелі аяқталды. Авторлары В.А. Бальмонт, Е.В. Баканова, А.И. Пшеничный Одақтың мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары атанды.
Қорытып айтқанда, қазақтың биязы жүнді қойы бірінші, екінші ұрпақтың прекос пен қазақы қойдың будандарын өзара өсіру нәтижесінде шығарылған. Бұл қойлар үнемі жайып бағу жағдайында ғана өсірілді, жазда жайлауда, тауда, көктемде, күзде Бозай мен Қаройдың шөлінде бағылды. Қара күз қыста сарытау құмда, сөйтіп жыл он екі ай бойы даланың табиғи жайылымында өсті.
Сондықтан қазақтың биязы жүнді қойы өте төзімді, жергілікті жағдайға бейімделген, қысқа қайратты, табиғи жайылым шөбін жақсы пайдаланатын тұқым болып қалыптасты. Еті мен жүні өнімділігі жағынан да бұл қой сырттан әкелінген қойдың таза тұқымдарынан қалысқан жоқ.
Жаңа шығарылған қазақтың биязы жүнді қой тұқымы Республиканың оңтүстік шығыс облыстарында (Талдықорған, Алматы) жерсініп, өте жоғары өнімділік көрсеткіштерге ие болды. Сондықтан осы облыстарда кеңінен тарады. Өткен 50-55 жыл ішінде ұдайы селекциялық ізденістердің нәтижесінде ондаған ата іздер, 3 тұқым ішіндегі өнімділік-биологиялық типтер шығарылды.
1991 жылы Алматы, Талдықорған облыстарында шаруашылықтарында жоспарлы тұқым ретінде өсіріліп, саны 4400 мың басқа жеткен. Ал қазір қайта түлеп өсіп келе жатыр, яғни бұл тұқым қойларының саны 2,0 миллион басқа жақын.
Соңғы жылдары жүн сапасы мен өнімділігін арттыруда бұл тұқым Австралия мериносымен жақсартылуда.
Қазіргі қазақтың биязы жүнді қой тұқымының малдары ірі, сүйегі мықты, сырт пішіні жақсы, кеудесі кең, арқасы тегіс, жалпақ, сан еттері жақсы дамыған, аяқтары түзу, тұяқтары мықты. Жыл бойына жайылымда болуға, алыс жайлау, қыстауларға көшуге әбден бейімделген қой тұқымы.
Қошқарлары мен саулықтары тоқал, мойнында бір немесе жартылай қатпары бар. Жүні жабық штапельден тұрады, иректігі қалыпты, анық, жіңішкелігі көбінесе 60-64 сапада, ал қошқарларының жүні 58 сапада болады. Шайырлығы орташа, түсі ақ, ақшыл сары, кейде қоңырқай болады. Жүн тығыздығы орташа, 1 см2 – 4630 жүн талшығы болады.
Қошқарларының салмағы 100-110 кг, саулықтары 55-60 кг, жүн түсімі қошқарларынан 7-9 кг, саулықтарынан 3,5-4,5 кг, таза жүн шығымы 48-52%-ке дейін жетеді. Жүн ұзындығы қошқарларда 9-10 см, саулықтарда 8-9 см. 100 саулықтан 125-135 қозы алынады.
Оңтүстік шығыс өңіріне жақсы жерсінген жоғары өнімді биязы жүнді қой тұқымдарының бірі жұмсалған еңбек пен азықты жоғары өнімділігімен толығымен ақтайды.
Қазіргі кезде Қазақстанда қазақтың биязы жүнді қой тұқымын өрістетіп, өркендетуде жұмыс істеп жүрген ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Төлеубек Қасымжанұлы Қасенов.
Қазақтың арқар – меринос қой тұқымы. Қазақстанның биік тауларында 20 млн. гектардан астам жайылымдар бар. Сол жерде өсетін аса жақсы, әртүрлі малға жұғымды шөптер пайдаланудың экономикалық маңызы зор. ХХ-шы ғасырдың ортасына дейін осы биік тау жайылымдары түгел жақсы пайдаланылмай келді.
Таудағы, теңіз биігінен 2000-3500 метр биіктіктегі жайылымдарды пайдалану мақсатымен тау жағдайына жақсы бейімделген, сол жерлерде толыққанды жан-жақты өмір сүріп жоғары өнім беретін биязы жүнді қойдың жаңа тұқымын шығару жұмысын Қазақстан ғалым-селекционерлері 1930 жылдарда қолға алды. Бұл жұмысты 1934 жылдың күзінде КСРО ғылым академиясының генетика институтының Н. С. Бутарин бастаған ғылыми қызметкерлері Қырғыз КСР-інің “Қызыл Октябрь” асыл тұқымды кеншарында бастады, 1933 жылдан онан әрі Қазақстанда жүргізілді.
Бұған дейін М. Ф. Иванов қойдың арғы тегі – муфлонды биязы жүнді қойдың саулықтарымен шағылыстырып, қойдың жаңа тұқымын шығарған еді. Ол жұмыстар Украинада Аскания–Нова қорығында тегіс жерде жүргізілген еді. Н. С. Бутарин өз жұмысында таулы жерде өсірілетін тұқым шығару үшін муфлонның орнына арқарды пайдаланды, өйткені арқар биік 3000-4000 метрден астам тауда өсетін қой тектес жануар. Сонымен қатар арқар муфлоннан ірі. Оның құлжасы (еркегі) 200-250 кг дейін салмақ тартады, бойы да биік (125 см). Арқар құйрықты қойлардың арғы тегі болып саналады, жүні қылшықты, түбіті қысқа келеді.
Биязы жүнді қойларды арқармен табиғи шағылыстыру мүмкін болмаған соң, қойдың күйек алу маусымы кезінде арқардың құлжаларын атып алып, оның ұрығын өлтірмей жедел түрде қойды қолдан ұрықтандыратын пунктке жеткізіп, күйлеп тұрған меринос саулықтарын қолдан ұрықтандыру жұмыстары жүргізілді.
Арқармен будандастыру үшін алғаш кеңес меринос, кейінірек рамбулье, прекос және олардың будандары пайдаланылды.
1935 жылы алғашқы гибрид ұрпақтар алынды. 1936 жылдың күзінде алғашқы алынған гибрид ұрпақтардың ішінен өсірілген 4 қошқар арқар – меринос қойының түпкі атасы болды.
Қазақстанда бұл жұмыс Алматы облысы «Қарғалы» асыл тұқымды және Шығыс Қазақстан “Тасбұлақ” кеңшарында, қазіргі Мыңбаев атындағы тәжірибе шаруашылығында жүргізілді. 1936 жылы бұл шаруашылықтарда гибрид қошқарларының ұрығымен 300 бастан астам прекос және рамбулье саулықтары қолдан ұрықтандырылды. 1937 жылы жазғытұрым бұл саулықтардан гибрид екінші ұрпағы (376 бас) алынды.
Алайда “Тасбұлақ” және “Қарғалы” кеңшарларының табиғаты мен ауа райы және шаруашылық жағдайлары таулы аймаққа сай келмегендіктен биязы жүнді қойдың “таулық” тұқымын өсіруде алға қойған мақсатты орындай алмайтын болды. Сондықтан 1938 жылы Казақ КСР Министрлер Кеңесінің арнаулы қаулысымен Күнгей және Іле Алатауында Алматы облысы Кеген ауданының биік таулы жерінен “Күрмекті” ғылым академиясының экспериментальдық базасы ұйымдастырылды. Мұнда 1938 жылы жоғарыдағы екі кеншардан алынған гибрид қойлар және олардың рамбулье тұқымынан болған енелері әкелінді.
Қазақтың арқар-мериносын шығару мақсатында шағылыстырудың сіңіре будандастыру және зауыттық будандастыру тәсілдері қолданылды. Үшінші ұрпаққа дейін сіңіре будандастыру әдісі қолданылды, яғни ұрпақтарда 7/8 бөлігі биязы жүнді қойдың, 1/8 бөлігі арқардың қаны болды. Онан әрі екінші және үшінші ұрпақтар зауыттық әдісімен өзара шағылыстырылды.
Бұндай жұмыстағы негізгі мақсат: біріншіден, сіңіре будандастыру арқылы үшінші ұрпақтың ұнамды типке жататын саулықтарын көбейту, екіншіден, шағылыстырудың заводтық әдісі арқылы келесі ұрпаққа шаруашылыққа пайдалы белгілері мен ата-енесінің биологиялық қасиеттерін сіңіру және жетілдіру арқылы қойдың тұқымдық жаңа тобын шығару. Мұны одан әрі жетілдіріп биік таулы жердің жағдайына бейімделген биязы жүнді қой тұқымын шығару болды.
Қазақтың арқар-меринос қой тұқымын шығаруда (1934-1950 ж.ж.) гибридтердің ішінде кейбір белгілері жағынан арқарға немесе биязы жүнді қойға көбірек ұқсағандары болды. Мұнымен қатар ата-енесінің биологиялық ерекшеліктерімен шаруашылыққа пайдалы белгілері қатар байқалған будандар да кездеседі. Мұндай гибридтер селекциялық жұмыс үшін өте қолайлы еді. Олар арқарға немесе биязы жүнді қойға көбірек ұқсаған басқа гибридтермен сіңіре будандастыруға пайдаланылды.
Іріктеу және жұп таңдау, сондай-ақ басқа да күрделі жұмыстарды зор ықыласпен орындаудың нәтижесінде қойдың отандық жаңа тұқымы қазақтың арқар–мериносы шығарылды. Тұқымның авторлары Н.С. Бутарин, А.И. Жандеркин, А.Е. Есенжолов, Е.В. Большакова осы еңбектері үшін әрқайсысы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атағына ие болды.
Бұл жаңа тұқым будандастыру жоспарына сәйкес Алматы облысының биік таулы Кеген, Нарынқол, Шығыс Қазақстан облысының таулы аудандарында және Павлодар облысының ұсақ таулы аудандарында өсірілді.
Арқар меринос қой тұқымы жақсы көрсеткіштерге ие болды, аталған аймақтарда өзінің лайықты орнын алды. Ғалым –селекционерлердің үнемі жүргізген жұмыстарының нәтижесінде Ленин, Крупская ұжымшарлары, Шығыс Қазақстанда “Алтай”, Алматы облысында Ұзынбұлақ кеншары, Павлодар облысында Қ.И. Сәтпаев кеншары арқар меринос өсірудің асыл–тұқымды шаруашылықтары атанды.
Қазіргі арқар-мериностар конституциясы өте мықты, қимылдары жедел, таулы-тасты жерге жақсы бейімделген қойлар. Денелері ұзын және биік, жотасы мен белі түзу және жалпақ. Аяқтары түзу, тұяқтары өте берік. Қошқарларының мүйіздері үлкен, саулықтарының ішінде мүйіздісі де тоқалы да кездесе береді. Денесінің терісі қатпарсыз. Арқар-меринос таулы жердің табиғатына, қырат жерлерге де жерсіне береді. Жүнінің тығыздығы біркелкі, орташа, сапасы көбінше 60, бірақ 64 сапада бола береді. Бас, бауыр, сирақ жүндері сиректеу және қысқалау болады.
Қошқарларының салмағы 100-110 кг, саулықтары 60-65 кг. Қошқары 7-10 кг, саулығы 3,5-5,0 кг жүн береді, таза жүн шығымы 50-55%. 100 саулықтан 120-130 қозы алынады.
Алматы облысының таулы аймақтарының шаруашылықтарында 280 мыңға басқа жуық архар-меринос өсіріледі.
Тірі салмағының 57-60 кг болғандағынан саулықтың алынатын жуылған жүн талшығы 2,1-2,5 кг, селекциялық топта 2,7-3,0 кг-ды құрайды. Өндіруші қошқарлар орташа есеппен 4,5-5,3 кг таза жүн береді және олардың тірі салмағы 97,0-110,0 кг-нан ауытқиды.
Арқар-меринос қойлары Алматы, Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстарында өсіріледі. Бұл таулы, қыратты жерлерде өсіруге өте қолайлы қой тұқымы.
Оңтүстік қазақ меринос қой тұқымыОңтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстарының көптеген шаруашылықтарында қой жыл бойы жайылымда: қыста қой шөл және шөлейтті жайылымда, ал жазда тау жайылымында (жайлауда) теңіз деңгейінен 500-1000 метрге дейінгі биіктікте болады. Ал кейбір тау жайылым жоқ шаруашылықтарда қой жыл бойы шөлейтті жайылымда болады, кейбіреулерінде құм және құмайтты жайылымдарда бағылады. Бұл жайылымдардың суд тапшылығы үлкен қиындық туғызады.
Міне осындай табиғаты қатаң жерлерде жыл бойы тәуелділікті көтеріп, осы жағдайда өмір сүріп жақсы жүн, ет өнімдерін беретін биязы жүнді қой тұқымын шығару селекционер-зоотехниктердің басты мақсаты болды.
Қойдың мұндай жаңа тұқымын шығару үшін жергілікті қазақы құйрықты қойлардың саулығын биязы жүнді қой тұқымының қошқарларымен шағылыстырды. Алғашында (1932 ж.) Жаңа Кавказ тұқымының қошқарлары, соңынан кавказ, кеңес меринос тұқымының аталықтары пайдаланылды. Ол кезде кейбір себептерге, әсіресе әкелген қошқарлардың сапасының төмендеуіне және қойды бағып-күтудің нашарлығына байланысты алынған будандардың салмағы жеңіл өздері шағын болып, берген жүні қырқылғандағы салмағымен 2,7 кг-нан аспады, әрі қысқа болды. Сол жұмыстардың қарқыны да, нәтижесі де Ұлы Отан соғысы біткенше жақсы болмады.
Ұлы Отан соғысы аяқталғаннан кейін бұл жаңа тұқым шығару жұмысы жоғары қарқынмен жүргізілді. Қолда бар будан және қазақы құйрықты қойдың саулықтарын жүнді, жүнді етті биязы жүнді қой тұқымдарының қошқарларымен сіңіре және заводтық будандастыру әдістерімен шағылыстырылды. Қошқарлары пайдаланылған қой тұқымдары мыналар болды: грозный, ставрополь, кавказ, алтай, кеңес меринос өте сирек қолданылған прекос қошқары. Сүйегі берік, оңтүстік аймақтың жайылымдарына жақсы бейімделген, жүнінің сапасы мен өнімділігі, дене бітімі мен пішіні ұнамды, селекциялық талаптарға сай келетін қойлар өзара өсіруге бөлініп отырылды.
Жұмыстың келесі сатысында қойылған талапқа, әсіресе жүнінің жіңішкелігі, ұзындығы, қоюлығы, тығыздығы және біркелкілігі сай келмейтін будан саулықтар мен ұрғашы тоқтыларды көбінесе ставрополь мен грозный қойының қошқарларымен (ерекшелігін ескере отырып) шағылыстырылды. Мұнан алынған ұнамды биязы жүнді саулықтар мен тоқтылар онан әрі “өзара” шағылыстырудан алынған осы типтегі қошқарлармен шағылыстырылды. Ал қойылған талапқа сай келмейтін ұрғашы тоқтылар грозный немесе ставрополь қойының қаны басым қошқарлармен қайта будандастырылды. Соңынан класы жоғары отарлардағы саулықтар мен тұсақтарды қайталап шағылыстыруға оңтүстік қазақ мериносының типті қошқарларымен шағылыстырылды.
Әр түрлі тұқымның қошқарларын пайдалану тәртібі барлық шаруашылықтарда бірдей болған жоқ. Оңтүстік Қазақстанның “Күйік” кеншарында көбінесе грозный тұқымы, ал Жамбыл облысының “Мерке” мен Ленин атындағы кеншарларда – ставрополь тұқымы қолданылды. Бұл өсіріп жатқан қойдың жүн сапасы жақсартуға елеулі әсер етті, әрі қойдың үш заводтық типін шығарып қалыптастыруға мүмкіндік берді. Соның негізінде бұл үшеуі де кейіннен асыл тұқымды қой өсіретін зауыт атағыана ие болды.
Іріктеу кезінде қошқарларға өте жоғары талап қойылды. Жүн талшығының ұзындығы, қоюлығы және біркелкілігі, тұтас жүнде шайырдың жеткілікті болуы әрі оның сапасы, бауыр жүнінің өскелеңдігі, малдың сүйегінің беріктігі мен жүнінің түсінің молдығы сияқты ең таңдаулы тұқым қуалайтын қасиеттер ұрпағына берілетіні ескертілді. Қойдың жаңа тұқымын шығаруға, малды іріктеуде стандарт ретінде мынадай талаптар белгіленді (41 – кесте).