Мен субъектілерініҢ жҮйесі
Мемлекеттік басқарудың объектісі мен субъектісі жөніндегі мәселе мемлекеттік басқару теориясының негізгі әдістемелік мәселелерінің бірі болып табылады. Оны шешу- мемлекеттік басқарудағы субъект пен объект қатынастарын түсінуге және объектінің демократиялық сипатын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Бұл мәселеде ешқандай проблема жоқ тәрізді: басқару субъектісі – мемлекет, ал объектісі – қоғам. Бірақ бұлай қорытынды жасау асығыстық. Осы жерде мемлекет деген түсінікті анықтап алу қажет (өйткені мемлекет ұғымына әртүрлі анықтама беруге болады): субъект ретінде біз мемлекетті немесе адамдардың саяси одағын қарастырамыз ба, әлде саяси-құқықтық институт ретіндегі мемлекетті қарастырамыз ба деген орынды сұрақ туындайды. Соңғысын, яғни саяси-құқықтық институт ретіндегі мемлекетті біз басқару субъектісі ретінде қарастырамыз.
Жалпы, “кім басқаруға тиіс” деген сұрақ ежелден келе жатыр. Бұл сұрақты ертедегі грек философы Платон қойған. Демократияны жақтаушылар халық басқаруға тиіс деп санаса, элитарлық демократияның өкілдері басқару міндетін жүзеге асыру үшін арнайы дайындықтан өткен элитаны басқару субъектісі деп білді. Авторитарлық режимді қорғаушылар мемлекет пен қоғамды таңдаулы тұлғалар – көсемдер мен лидерлер басқару керек леп есептейді.
Мемлекеттік басқару теориясында субъект түсінігі біржақты емес. Сондықтан саясат субъектісі, мемлекеттік басқару субъектісі, лауазымды қызмет субъектісі түсініктерін ажыратып алу керек. Оларды ажырату шарттары мынадай: мемлекеттік билікке қатысына қарай және басқару функциясын жүзеге асыру сипатына қарай.
Саясат субъектісі деп мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы болып табылатын және тікелей немесе өкілдері (мемлекеттік биліктің заң шығарушы органдары және жергілікті өзін -өзі басқару органдары) арқылы өзінің билігін жүзеге асыра отырып, мемлекет пен қоғамды басқаруға қатысатын субъектіні айтамыз. Оған халық, оны құрайтын әлеуметтік топтар (халықтың көрнекті өкілдері, еңбек ұжымдары, қоғамдық-саяси ұйымдар және тағы басқа қоғамдық бірлестіктер) жатады. Олар тікелей немесе өз өкілдері арқылы маңызды саяси мәселелер бойынша шешім қабылдауға қатысады. Билік құрылымдарының өкілдерін сайлау және референдум – осындай шешім қабылдаудың негізгі процедуралары болып табылады.
Мемлекеттік басқару субъектісі – билікті жүзеге асыруға және қоғамдық процестер мен мемлекеттің жеке қызметін тікелей басқаруға конституциялық өкілеттігі бар мемлекеттік билік органдары. Билік күші мен заңда бейнеленген қоғамның еркіне сүйене отырып, олар әртүрлі деңгейдегі мемлекеттік шешімдерді әзірлейді және қабылдайды, олардың орындалуын ұйымдастырады және бақылайды. Қоғамдық-саяси ұйымдар мен бірлестіктер мемлекеттік басқару субъектісі құрамында бола отырып, мемлекеттік институттар жүзеге асыратын болжамдар мен шешімдер жобасын, саяси бағдарламаларды әзірлеуге қатысады. Көптеген негіздемелер бойынша бөлінетін саяси басшылық пен әкімшілік басқару институттары мемлекеттік басқару субъектілері болып табылады.
Мемлекеттік басқару субъектілері: 1)мемлекеттік билік түрі бойынша,
2) билік пен басқаруды ұйымдастыру деңгейіне қарай, 3)қызмет саласына қарай, 4) басқару объектісіне әсер ету сипаты мен мақсаты, 5) құрамына қарай бөлінеді.
Мемлекеттік билік түрі бойынша - бұл заң шығарушы, атқарушы және сот билігі субъектілері. Олардың әрқайсысы басқару жүйесінде белгілі бір функцияларды орындайды. Өкілетті органдардың заңдарды әзірлеуі мен қабылдауы мемлекеттік басқару жүйесіндегі негізгі функциялардың бірі. Заң мемлекеттік билік құралы және қоғамдық қызмет пен қоғам мүшелеренің арасындағы, олардың мемлекетпен өзара қарым-қатынастарын формальды реттеуші. Заңдардың әрекеттілігі оның орындалуында. Атқарушы билік субъектісі билік жүргізу функциясын басқарушылық іс-әрекетпен үйлестіреді. Мысалы:Үкімет заңдарды орындауға, сонымен қатар нақты, қоғамдық маңызды қызмет түрлерін жоспарлауға, шешімдерді жүзеге асыруға, олардың орындалуын ұйымдастыруға және бақылауға міндетті. Оның құрамына билік құрылымдарымен қатар шаруашылық қызметті, халыққа білім беруді, ғылымды, денсаулық сақтауды, мәдениетті және тағы басқа салаларға әкімшілік басқару мен саяси жетекшілік ететін органдар кіреді.
Сот билігі субъектісі басқару процесінің ажырамас элементі болып табылатын сотта іс жүргізу арқылы әділ сот функциясын жүзеге асырады.
Билік пен басқаруды ұйымдастыру деңгейіне қарай: орталық, аймақтық және жергілікті басқару органдары болып бөлінеді. Олардың өзара қарым-қатынастары қызмет саласы мен өкілеттігінің, яғни билік жүргізу мен басқару әрекеттерін жүзеге асыруға қатысты құқықтары мен қызметтеріне байланысты анықталады.
Қызмет саласына қарай – экономиканы, әлеуметтік саланы, мәдени өмірді, әскери қызметті, халықаралық істерді басқаруды жүзеге асыратын аталған үш деңгей субъектілері.
Басқару объектісіне әсер ету сипаты мен мақсаты, құралына қарай: саяси басшылық, әкімшілік-мемлекеттік, экономикалық және тағы басқа болып бөлінеді.
Құрамына қарай: ұжымдық (мысалы,заң шығарушы билік органы) және жеке (басқарушы тұлғалар) субъектілер болып бөлінеді.
Мемлекеттік басқару субъектілерінің қызметі бірнеше белгілермен сипатталады: а) заңмен реттеледі,ресми рұқсат етілген әдістермен жүзеге асады; б) атқаратын қызметтерінің сипатына сай болып табылатын белгілі қызмет түріне құқығы бар; в)субъектілер мемлекет алдында жауапты, қандай да бір күштердің әсерінен тәуелсіз.
Формальды ережелерден тыс ірі қаржы-өнеркәсіптік капиталдың, әскери-өнеркәсіп кешенінің, саяси элитаның мүдделерін білдіретін лоббистік топтар (заң шығарушы институттардың жанында) жұмыс істейді. Мысалы, АҚШ-да конституциялық билік пен басқару органдарынан басқа үш негізгі конституциялық емес: саяси, экономикалық және әскери билік институттары бар. Осы институттардың жетекшілері мемлекеттік билік жүйесінде әміршілдік-стратегиялық қызмет атқарады. Сонымен бірге теледидар мен радионың, жалпы бұқаралық ақпарат құралдарының рөлін атап өткен жөн.
Лауазымды қызмет субъектісі- мемлекеттік қызметтің лауазымды тұлғалары, саяси жетекшілер, әкімшілік басқару лауазымды тұлғалары. Олар мемлекеттік шешімдерді әзірлеуге, қабылдауға және орындауға жауапты. Мемлекеттік билік органдары мен лауазымды тұлғаларын субъект ретінде бөлу ел Конституциясында көрсетілген. Лауазымды тұлғалар бір жағынан мемлекеттік басқарудың біріңғай субъектілеріне кіреді, ал екінші жағынан оның функциясы айрықша болғандықтан жеке, бөлек субъект ретінде бөлінеді. Онда билік жүргізу мен басқару өкілеттігі ұштастырылған – мемлекеттік орган өкілеттігі мен жеке кәсіпқойлық аспектісі және ұжымдық органның қызметінің нәтижесіне жеке басының жауапкершілігі.
Саясат субъектісі, мемлекеттік басқару субъектісі және лауазымды қызмет субъектілерінің сипатталған айырмашылықтары салыстырмалы. Мемлекеттік билік пен басқару жүйесінде олардың рөлдері жекелеген аспектілерде ұштасып жатады және сәйкес келеді деп айтуға болады. Мемлекеттік басқару органдары өздерінің функцияларын халық жиындарының, әлеуметтік топтардың, жалпы қоғамдастықтың атынан іс-әрекет жасайтын саясат субъектілерінің мүдделерін баламалы түрде білдірген жағдайда табысты атқара алады. Мемлекеттік аппарат қызметтерін халық жиындары қалай қабылдап жатқанын үнемі бақылап отырғанда, басқарылатындардың талап-тілектері мен үміттері басқарушылардың мақсаты мен міндеттеріне сәйкес келген жағдайда ғана тиімді жұмыс істей алады. Олар саясат субъектілерінің қолдауына сүйенсе, олардың тәжірибелері мен ой-пікірлерін қабылдап және қолданса, қалың көпшіліктің ұтымды ұсыныстарын басқару шешімдерін дайындағанда ескерсе жоспарланған нәтижелерге қол жеткізеді. Өз кезегінде кез келген лауазымды тұлғаның бір-жағынан, мемлекеттік орган анықтап берген өкілеттік шеңберінде ғана әрекет етуі, екінші жағынан мемлекет пен қоғам мүдделеріне қызмет етуі өзінің функциясын жүзеге асыруының кепілі болып табылады. Осы талаптарды ұштастыра отырып іс жүзінде орындау әркімнің қолынан келе бермейтіе жағдай.
Мемлекеттік басқару субъектілері ұжымдық немесе жеке болсын өзінің анықтамасына сәйкес келетін қасиеттерді бойына жинақтаған кезде ғана ол басқару субъектісі болып табылады. Бұл қасиеттерді келесі топтарға жіктеуге болады:дамыған саяси және құқықтық сана мен дара сана; мемлекеттік басқару және қазіргі заманғы менеджменттің теориясы мен практикасын білу; ұйымдастырушылық қабілет; әлеуметтік өмірге белсене араласу мен басқару ісін жүзеге асыра алатын тәжірибенің болуы. Осы аталғандардың бәрі кәсіптік қасиеттер болып табылады.Мемлекеттік басқару субъектісі үшін басқару процесінің бағыты мен мазмұнын, сондай-ақ оның қоғам үшін саяси және басқа салдарларын анықтайтын ұлттық-мемлекеттік мүдделер мен мақсаттарды түсіне білу үлкен мәнге ие. Субъектілердің басқару ісіндегі қызметтері ұтымды болуы үшін ол құқықтық жағынан қамтамасыз етілуі, заңмен белгіленген нормаларға сәйкес болуы керек. Бұл шенеуніктердің өздеріне талап қоя білуін – заңға жаңа көзқарас қалыптастыруын білдіреді. Мемлекеттік басқарудың ғылыми негізделуі мемлекеттік қызметкерлердің оның теориясы мен практикасын білуі мен өз білімдерін қызмет барысында қолдана алуына байланысты. Эмпирикалық тәжірибе мен қисынды ой басқарудың тек дәстүрлі түріне ғана негіз болса да, ұтымды басқаруға негіз бола алмайды. Мемлекеттік басқарудың тиімді субъектісі деп басқарушыларға тек биліктің күшімен емес, өзінің беделімен, белсенділігімен, мемлекеттік орган шешетін мақсаттар мен міндеттердің маңыздылығы және тартымдылығымен әсер ететін ұжымдық және жеке жетекшіні айтамыз. Егер басқарушылық іс-әрекеттің мақсаттары мен бағдарламалары басқарылатындарға түсініксіз болса, олардың мұқтаждықтары мен қажеттіліктерінен туындамаса, онда оны ұтымды басқару деп айту қиын. Жоғарыда аталған мемлекеттік басқару субъектілеріне тән қасиеттердің қалыптасуы және іскерлік белсенділігі ынталандыруларға байланысты. Осыған орай М.Вебер мемлекеттік аппаратты іс-әрекет етуге ынталандыратын материалдық мүдде мен әлеуметтік құрмет деп айтқан. Алайда, басқарушылардың қызмет атқаруына түрткі болатын негізгі себептер мұнымен шектелмейді. Оған жеке мүддемен қоғамдық мүдделердің қабысуы, халықтың белсенділік танытуының көптеген саяси-әлеуметтік себептері кіреді.
Мемлекеттік басқару объектісі де терең талдауды қажет ететін проблема.Объектінің шегін анықтау – пікірталас тудыратын мәселе болып табылады. Басқаша айтқанда, мемлекеттің басқарушылық ықпалы бүкіл қоғамға тарай ма, оның белгілі бір шегі бар ма деген сұрақ туындайды. Классикалық либерализм ұстанымы бойынша мемлекеттік басқару объектісінің шеңбері шектеулі. Ол мемлекеттік саяси сфераны әлеуметтік, экономикалық, мәдени, рухани сферадан, азаматтардың мемлекеттік емес бірлестіктерінен бөліп қарайды. Либералдар демократияның дамуына қарай қоғамның мемлекеттік емес сферасы кеңейеді және мемлекеттің адамдардың іс-әрекеттеріне тікелей әсер ету кеңістігі азаяды деп санайды.
Сонымен классикалық либерализм көзқарасы бойынша мемлекеттік басқару объектісі қоғамдық өмірдің саяси-құқықтық сферасымен шектеледі.
Мемлекеттің басқару объектісін түсінудің басқа жолы – этатизм концепциясы. Осы концепция бойынша мемлекеттік басқару барлық қоғамға таралады деп қарастырылады. Ол тоталитарлық жүйеде жүзеге асты. Этатизм мәні – қоғамды мүлтіксіз бақылау, саяси және әкімшілік қызметтің қоғам өмірінің барлық сфераларынан басымдығы, мемлекет пен қоғам арақатынасы мәселелерінің жасанды түрде алынып тасталынуы мемлекет пен қоғам арасында ешқандай проблема жоқ дегенді білдіреді.
Кейбір теоретиктердің пайымдауынша әміршілдік-әкімшілік жүйеде мемлекет халықтан талап етті, бақылады, концлагерлер мен абақтыларға отырғызды, тыйым салды және тағы басқа да қалың көпшілікке қарсы бағытталған іс-әрекеттер жасады.Тоталитарлық жүйеде мемлекет әрқашанда қоғамнан басым болды, ал қоғам өз кезегінде мемлекетке мүлтіксіз бағынды. Осының нәтижесінде халық мемлекетті адамдардан оқшау тұратын және тәуелсіз болатын билік жүргізу машинасы деп түсінді.
Қазіргі заманғы саяси ой мен тәжірибенің дамуы әлеуметтік субъектілердің экономикалық және мәдени функцияларына мемлекеттің реттеушілік және басқарушылық әсерін ұлғайту туралы ойларын білдіреді. Бұл өз кезегінде нарық заңдары толық және тиімді қолданылатындай мемлекет араласуының оңтайлы шегін анықтауды білдіреді.
2.3. МЕМЛЕКЕТТІК БАСҚАРУ ТЕОРИЯСЫНЫҢ
ДІСТЕМЕЛІК НЕГІЗІ
Мемлекеттік басқару теориясының әдістемелік негізін әдістеме түсінігін қарастырудан бастаған жөн. Себебі ол тек ғылыми танымның жиынтығын ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік-философиялық, саясаттану және басқа да жалпығылымдық қағидалардың және оларды негіздейтін теориялардың жиынтығы. Әдістеме – бұл таным процесінің негізгі бастамасы және әлеуметтік процестерді ғылыми тану барысында нақты әдіс-тәсілдермен бірге іс жүзінде қолданылатын жалпытеориялық талаптардың жүйесі.
Қазіргі саяси ғылымда нақты саяси жағдайды талдаудың әр түрлі әдістемелік тұжырымдамалары бар. Мемлекеттік басқарудың отандық әдебиеттерінде де тұжырымдамалардың әр алуандығы орын алады. Олардың ішінен жалпыфилософиялық диалектикалық-материалистік әдістемені, талдаудың жүйелік және құрылымдық- функционалдық, кибернетикалық әдістері сияқты саяси-әлеуметтік түрлерін атап өтуге болады. Аталмыш әдістемелер дүниетанымдық негіздерінің сәйкес келмеуіне қарамастан нақты дүниені әр қырынан және әр алуан ғылыми-танымдық көзқарастар тұрғысынан болса да біршама объективті бейнелеуге бағытталған. Саяси-әлеуметтік өмірді объективті тұрғыдан түсіндіруге ұмтылыс жасау берілген әдістемелік тұжырымдамаларды өзара байланыста, кешенді түрде қарастыруға мүкіндік береді.
Мемлекеттік басқару теориясында диалектикалық-материалистік әдістеменің қолданылуы мемлекеттің қызметін зерттеу барысында ең болмағанда үш негізгі талаптардың орындалуын: біріншіден, мемлекетті әлеуметтік жүйе ретінде және оның басқарушылық қызметін әлеуметтік басқарудың бір түрі ретінде қарастыруды; екіншіден, мемлекеттік басқаруды объективті саналы (тиімді) қызмет ретінде, яғни саяси-әлеуметтік өмірдің әртүрлі нысандарында, ұйымдық-басқарушылық құрылымдарда, саяси-құқықтық актілерде, орталық мемлекеттік билік пен партиялар, қоғамдық ұйымдар және тағы басқа мекемелер арасындағы нақты басқарушылық қатынастарда жүзеге асатын қызмет ретінде түсінуді; үшіншіден, мемлекеттік басқаруға нақты-тарихи тұрғыдан теориялық талдау жасауды білдіреді. Бұл даму идеясын және мемлекеттік басқарудың нақты-тарихи ерекшелігін білдіреді.
Нақты-тарихи, материалистік көзқарастар қоғамда таптық мүдделер тобы орын алып және олар басқарушылық шешімдер қабылдауға өздерінің ықпалын тигізген жағдайда ғана таптық тұрғыдан талдауды ұсынады. Мемлекеттік саясатты талдау мен мемлекеттік басқару стратегиясын әзірлеуде таптық көзқарасты жоққа шығару асығыстық. Қоғамның әлеуметтік- таптық жіктерінің артуы жағдайында оны таптық тұрғыдан қарастырмау объективтіліктен алшақтағандық болар еді. Осы жағдайда әлеуметтік-саяси талдаудағы кез-келген таптық көзқарас субъективизмді білдіретінін ескерген жөн. Алайда ол таптық мәселеге баса мән бермейтін әдістемемен жоққа шығарылуы мүмкін. Аталған жалпыфилософиялық диалектикалық-матеиралистік әдістеме жүйелік талдау әдістемесімен нақтыланады. Қоғамдық процестерді зерттеудің осы жүйелік әдісін К.Маркс өзінің белгілі “Капитал” еңбегінде алғаш рет қолданған болатын. Бұл әдістеме қазіргі әлеуметтік – саяси ғылымдарда Т.Парсон (АҚШ,1951ж.) және Д.Истонның еңбектерінде теориялық негізін тапты. Д.Истонның жүйелік үлгісі “жалпы жүйелік теориясының саяси талдауда қолданылуын” білдіреді. Саяси ғылымға “саяси жүйе”, “тұрақтылық”, “тепе-теңдік”, “функция”, “кері байланыс” және т.б. тәрізді жүйелер теориясының негізгі түсініктері енгізілді. Мемлекеттік басқару теориясындағы жүйелік әдіс- бұл мемлекеттік басқаруда біртұтастықты құрайтын іштей өзара байланыс сипатының орын алуына негізделген талдау.
Құрылымдық-функционалдық әдіс те мемлекеттік басқаруды жүйе ретінде зерттейді. Құрылымдық-функционалдық әдіс жүйенің өмір сүруі мен қызмет етуіне байланысты мәселелерді шешуге бағытталған.
Қазіргі кездегі басқару теориясында құрылымдық-функциналдық талдау Н.Мысиннің айтуынша екі аспектіден тұрады. Құрылымдық аспект:а) осы жүйені құрайтын компонеттерді анықтау; б) осы компонеттердің заңды байланыстарын анықтау. Функционалдық аспект - жүйе элементтері қызметінің ішкі механизмін, сонымен бірге жүйенің сыртқы қызметін - жүйенің сыртқы ортамен арақатынасы зерттеу.
Әрбір қоғамдық жүйені сыртқы ортаның әсерін қабылдап, оған қарсы жауап қайтаратын кибернетикалық модель ретінде қарастыруға болады. Айталық, саяси жүйеге қоғам мүшелерінің қоятын талаптары және белгілі бір қоғамдық күштердің қолдау көрсетуі – сыртқы ортадан туындаса, шешім қабылдау және іс-әрекет жасау – қойылған талап пен қолдау көрсетуге жауап қайтару болып табылады.
Мемлекеттің басқарушылық қызметі қоғамдық ортақ және жеке мүдделер арасындағы қоғамдық қайшылықтар мен шиеленістерді шешуге және реттеуге бағытталған. Мемлекеттік – қоғамдық жүйелерге даму, дағдарыс, басқарушы және басқарылатын жүйе элементтерінің, интеграция және дезинтеграция субъектілерінің шиеленісті өзара қарым-қатынастары тән. Бұл өз кезегінде мемлекеттік басқару теориясында конфликтік ұстанымның қалыптасуына негіз болады. Мұндай ұстаным танымның және практикалық іс-әрекеттің диалектикалық методологиясына да тән. Бірақ конфликтологиялық ғылымда мұндай тұжырымдама көпшіліктің қолдауына ие болып отырған жоқ. Саяси - әлеуметтік процесті қақтығыстар тізбегі ретінде қарастыратын неміс саясаткері Р.Дарендорф көзқарасына қарсы Т.Парсонс тұжырымдамасы қақтығысты уақытша, заңсыз құбылыс деп анықтап, «әлеуметтік тәртіп», әлеуметтік жүйенің тұрақтылығын зерттеуге бағытталған.
Берілген тұжырымдамалардың тікелей қарама-қарсылығы оларды үйлестіру мүмкін еместігін білдіреді. Бірақ Р.Дорендорф өзінің көзқарасын да (қоғамның қақтығыстық үлгісі) басқа ұстанымды да (келісім үлгісі) бірдей дәрежеде дұрыс деп санайды. Оның ойы бойынша екі көзқарас та пайдалы және әлеуметтік, саяси талдау үшін қажет, себебі қоғамдық өмірде қатынастың екі компоненті де ынтымақтастық та, қақтығыс та әр уақытта бар.
Соңғы жылдары саяси ғылымда таралған саяси-мәдени бағытты (ұстанымды) да атап өткен жөн. Ол белгілі бір қоғамға тән саяси мәдениеттің түрі бойынша саяси жүйе, мемлекеттік-құқықтық институттардың сипаты, олардың басқарушылық қызметі және мемлекеттік-басқарушылық қатынастары туралы айтуға мүмкіндік береді.
Ғылыми танымның нақты салаларында қолданылатын кез келген әдістеменің шарты- объективті ақиқат пен саяси қызметтің тиімділігіне қол жеткізу. Мұндай мүмкіндікке қол жеткізу әлеуметтік таным (зерттеу) жағдайларына байланысты. Саяси-басқарушылық процестерді танып-білуді сипаттайтын бірнеше ерекшеліктер бар.
Бірінші ерекшелік. Мемлекеттік басқару процестерін талдау барлық жағдайда субъективті болып келеді, себебі оны талдаушы (аналитик) (тәжірибелі саясаткер немесе теоретик болсын) қоғамның бір бөлігі болғандықтан талдауды әлеуметтік топ, саяси ұйым тұрғысынан жасайды. Ол мемлекеттің (азаматы ретінде), елдің саяси өміріне қатысушы ретінде сол уақытта қоғамда қалыптасқан түсініктерді, айтылған пікірлерді, орын алған материалдар негізінде ой толғайды. Өзге ғылымдарға қарағанда саяси ғылымда объективті ақиқат субъективті нысанда сипатталады.
Екінші ерекшелік. Қайсібір елде қалыптасқан саяси басқару теориясы қолдану объективтілігі фактологиялық тұрғыдан негізделсе де басқа елде өзінің зерттеу мәселесін, құралдарын, тәсілдерін және бағытын өзгертпей қолданыла алмайды. Тек саяси субъектілердің қасиеттерін жалпы ортақ стандарттарға сәйкестендіру арқылы ғана қолданбаса.
Саяси объект туралы ғылымды қалыптастыру үшін саясатты ғылыми таным объектісі ретінде сипаттайтын онтологиялық бейнесінің болуы шарт. Бұл ғылыми білімді қалыптастыруда қиыншылықтар тудыруы мүмкін. Мемлекеттік басқару теориясы біріншіден, тарихи, оның ішінде кеңестік, екіншіден, халықаралық және қазақстандық тәжірибелер негізінде қалыптасады.
Үшінші ерекшелік. Мемлекеттік басқару теориясын қазіргі біздің мемлекеттің және оны басқару саясатының онтологиялық бейнесі негізінде дамыту теорияның әлеуметтік функциясын субъективті,идеологиялық және саяси тұрғыдан, яғни қолданбалы теория ретінде талдаудың шарты болып табылады. Бұл терминді белгілі американдық экономист және социолог Д.Гелбрейт батыс экономикалық теорияларын сыни сипаттау барысында қолданған. Ол теориялардың авторлары өздерінің басты мақсаттары мен функциялары елдегі нақты экономикалық жүйені объективті тұрғыдан түсіндіру емес, сол жүйе туралы қоғамдағы басым күштер мен ұйымдар түсініктеріне сәйкес немесе соған ұқсас түсініктерді қалыптастыру деп біледі. Субъективті теориялық образ объективті ақиқатты алмастырушы және үстемдік етуші билік құрылымдарының саясатын негіздеу құралы болып табылады. Теорияның тікелей қызметі мейлі ол экономикалық немесе саяси болсын, қандай да бір мүдделер тобына қызмет ету емес, қолданбалы функция емес, ол адамдардың, оның ішінде саяси жетекшілердің, басқарушы элитаның және үстемдік етуші экономикалық субъектілердің әлеуметтік ақиқатты объективті түрде қабылдауына мүмкіндік беретін түсіндірмелік функция атқару керек.
Мемлекеттік теорияның қолданбалылығы үстемдік етуші топтар мен билік институтарының тапсырысы бойынша қалыптасады. Алайда оның түп тамыры таным объектісі – елдегі мемлекеттік басқару жүйесінің онтологиялық бейнесінде жатыр. Мемлекеттік басқару мәселелерін теориялық талдаудағы қолданбалы ұстанымнан алшақтау қиындығы да осында.
Келесі ерекшелік қазіргі саяси-әлеуметтік өмірдің аталған теорияның объектісі болып табылатындығында, ал оның қарама-қайшылықтарға толы бүгінгі жағдайын, белгісіз даму болашағын өткен кезеңге қарағанда түсіну және түсіндіру қиыншылықтарымен байланысты. Өткен шақты танып-білу де күрделі процесс. Нақты өмірді сипаттау мен түсіндірудің тиісті ғылыми әдістері мен технологиясы нақты қолданылып, жүзеге асырылған жағдайда ғана әдістеме объективті ақиқатты түсінуді қамтамасыз етеді.
МЕМЛЕКЕТТІК БАСҚАРУ
АҒИДАЛАРЫ
Мемлекеттік басқару жүйесінде қағида заңдылықты, қатынастарды, элементтер арасындағы өзара байланысты білдіреді. Соларға сәйкес мемлекеттік басқару жүйесі құрылып, жұмыс істейді. Қандай да бір қағидадан “бас тарту” бүкіл жүйенің қалыпты қызметіне нұсқан келтіруі мүмкін. Сондықтан мемлекеттік басқару қағидаларын айқындау және негіздеу процесіне белгілі талаптар қойылады: а) мемлекеттік басқарудың кез келген емес, тек ең маңызды, басты, объективті, қажетті заңдылықтарын, қатынастары мен өзара байланыстарын білдіру; б)мемлекеттік басқарудағы тек тұрақты заңдылықтарды сипаттау; в) мемлекеттік басқарудың өзге басқару түрлерінен ерекшелігін білдіру.
Мемлекеттік басқару қағидаларының ерекше белгілерін де атап өткен жөн: бұл олардың диалектикалылығы, жүйелілігі, басқарушы субъектінің біліміне, қабілетіне байланыстылығы және қағидалардың өзар байланыстылығы.
Отандық және шетелдік ғалымдар басқару қағидаларын жүйелеу мен жіктеуге әртүрлі көзқарастар білдіреді. Олар мемлекеттік басқарудың ерекшелігін ескере отырып басқару қағидаларының жүйесін үш топқа бөледі: 1) жалпы ортақ қағидалар: жүйелілік, объективтілік, өзін-өзі реттеу, кері байланыс,оңтайлылық, ақпараттық жеткіліктілік, демократизм, жариялылық, құқықтық реттілік (заңға сәйкес келу); 2) қоғамның түрлі салаларында (экономикалық, әлеуметтік-саяси, рухани) және әртүрлі қоғамдық құбылыстарды, ұйымдарды, институттарды талдау барысында қолданылатын жекелеген қағидалар; 3) мемлекеттік басқарудың ұйымдастырушылық-технологиялық жақтарын қарастыратын ұйымдастырушылық-технологиялық қағидалар. Бұл “жіктеу” соңғы емес. Ғылыми әдебиеттерде мемлекеттік басқару қағидалары жүйесінің көптеген түрі келтірілген, олар шектеулі емес. Сондықтан мемлекеттік басқару тәжірибесінде қолданылатын барлық қағидаларды қамту мүмкін емес. Осыған байланысты мемлекеттік басқару ісінде барынша маңызды болып табылатын қағидаларға ғана тоқталғанды жөн санаймыз.
Қоғам күрделі жүйе болып табылатындықтан басқарудың негізгі қағидасы ретінде жүйелілік қағидасын атауға болады. Қоршаған ортамен өзара әрекетінің сипатына қарай жүйелер жабық және ашық болады. Сол сияқты қоғам да жабық және ашық болуы мүмкін. Жабық қоғамда басқару объектісі мен субъектісі арасында кері байланыс үлкен мәнге ие болмайды. Мақсатқа жету үшін мұндай жүйенің дамуын басқару директивті басқару қағидасына сүйенеді. Мұның айқын мысалы кеңестік жоспарлы жүйе. Оның салдарының қандай болғаны белгілі. Нәтижесінде кеңестік директивті-жоспарлы экономика мейлінше тиімсіз болып шықты. Екінші түрі – ашық қоғам, дамудың қатаң белгіленген варианты тән емес және мақсатқа жету қағидасы ретінде терминалдық басқару, яғни “қозғалысты” дамуды еркін бағдарламалау.
Қоғамның ашықтық деңгейі жоғары болған сайын, онда демократия орын алып, басқару объектісі мен субъектісі арасындағы кері байланыс қағидасы жоғары мәнге ие болады. Басқару субъектісі объектінің реакциясын дәл және уақытында білуі тиіс, өйткені ол соған сәйкес оперативті түрде басқарушылық шешімдерді қабылдайды. Кері байланыс мемлекеттік басқару аппаратының қызметкерлеріне қатысты бақылау функциясын орындайды деуге болады. Бұл қағидамен ақпараттық жеткіліктілік қағидасы тығыз байланысты. Қоғамда коммуникациялық процестердің пәрменділігі мен ақпараттық ағымдардың көлемі барған сайын өсуде және соған орай жүйе элементтерінің (объект, субъект) байланысы күшейе түсуде. Бұл қағиданы дұрыс қолдану ақпаратты алушылар деңгейі жоғарылаған сайын оны ретке келтіруі тиіс. Яғни басқарудың қай деңгейі үшін қандай ақпарат қажет екендігін анықтап, ретке келтіру керек. Ондай болмаған жағдайда жоғары басқарушылық деңгейде артық ақпарат “жиналып” қалуы мүмкін.
Оңтайлылық қағидасы (аз шығынмен жоғары нәтижеге қол жеткізу) – шығындар белгілі бір шектен шықпайтындай жеткілікті болуын білдіреді. Олай болмаса еңбек жағдайы төмендеп, заңдалық бұзылуы мүмкін. Сондықтан басқару оңтайлы болу үшін келесі шарттар орындалуы керек: басқарылатын объектіге функционалдық жағынан сәйкес келетін басқару органының болуы; басқару объектісінің жай-күйін шынайы бейнелейтін объективті ақпарат негізінде басқарушылық шешімдер қабылдау; қойылған міндеттерді шешу үшін ресурстардың мүмкіндігінше жеткілікті болуы; жолға қойылған жақсы кері байланыс механизімінің болуы.
Мемлекеттік басқаруды жүзеге асыруда демократизм қағидасына ерекше мән беріледі. Бұл қағиданың орнығуы халықтың биліктің бірден-бір бастауы және егеменді иесі өзі болып табылатындығын мойындату үшін және адам мен азамат құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету үшін күресінің нәтижесінде мүмкін болды. Демократия-мемлекеттік басқаруда халықтың билігін білдіреді. Бұл қоғам мен мемлекет және олардың құрамдас бөліктері арасында терең қарым-қатынас орнатуды талап ететін күрделі де көпқырлы қағида. Демократизм қағидасы басқарылатындардың (әлеуметтік топтардың, ұжымдардың, жеке тұлғалардың) мемлекетті және қоғамды басқаруға тікелей немесе сайланбалы органдар арқылы қатысу құқығын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Ал мемлекет болса халықтың басқарушылық функциясын атқаруға тиісті ұйымдастырушылық, саяси және материалдық-техникалық жағдай туғызады. Басқарылатындардың жобалар мен бағдарламаларды әзірлеуге және мемлекеттік шешімдерді бекітуге қатысуы тек қағаз, сөз жүзінде ғана емес, нақты болуы үшін, біріншіден, олардың тиісті ақпараттарға қол жеткізу мүмкіндігінің болуы; екіншіден, талқыланатын мәселелерге қатысты өз ойларын еркін білдіру мүмкіндігінің болуы; үшіншіден, қоғамның келісімі бойынша бекітілген ережелер шеңберінде билік пен басқару функциясының орындалуын қамтамасыз ететін жүйенің барлық деңгейіндегі басқарушылардың қызметіне бақылау орнату құралдарының болуы шарт; төртіншіден, басқарылатындар азаматтық билік функциясын атқару барысында мәжбүрлеудің кез келген нысанынан мемлекетпен қорғалуы тиіс. Сонымен бірге бұл қағида басқарушылардың шешім қабылдау барысында көпшілік мүддесін ескеруін көздейді, халықтың қолдауына сүйенуді және қабылданған шешімдер үшін жауапты болуды талап етеді. Басқарушы субъектінің қызметі қоғам үшін ашық, айқын болуын ұйғарады, өйткені көпшіліктің бәрін білуге құқығы бар.
Аталған қағида мемлекеттік басқаруды толықтыру және қоғамдық процестерді реттеуді одан әрі өрбіту нысаны ретінде қоғамдық өзін-өзі басқаруды дамытуды ұйғарады. Демократиялық мемлекет қоғамдық өмірдің барлық элементтері мен үрдістерін басқаруды және оларды тікелей өзінің бақылауына алуды мақсат тұтпайды. Өйткені қоғамдық өмір азаматтық қоғам шеңберінде әрекет етеді, оның институттарының функциясы болып табылады.
Демократизм қағидасы мемлекеттік басқарудың жариялылық қағидасымен үндеседі. Жариялылық демократияның, қоғамның саяси өмірінің ажырамас элементі болып табылады. Ол басқарушы субъектінің келесідей қызмет түрлерін қамтиды: басқарылатындарды қазіргі таңдағы экономиканың, әлеуметтік сфераның, қоғамдық қатынастардың жағдайы, мемлекеттің сыртқы және ішкі саясаты туралы жан-жақты хабардар ету; барлық деңгейдегі мемлекеттік органдар қызметін сипаттайтын ресми құжаттарды, аналитикалық есептерді, статистикалық мәліметтерді, социологиялық зерттеулер нәтижесін және басқа да материалдарды үнемі баспасөз бетінде жариялау; ұлттық және аймақтық деңгейдегі мақсатты бағдарламалардың жобасын, белгіленген саяси бағыттарды, сонымен қатар оларды жүзеге асыру жолдары мен әдістерін ашық талдау; басқарушы органдардың қызметіне ашық халық тарапынан бақылау жасау, бағдарламалар мен жоспарлардың нәтижесін және салдарларын талдау мен бағалауға қоғам мүшелерін кеңінен тарту.
Плюрализм қазіргі саяси режимдерге тән сипат. Плюрализм түсінігі мемлекеттік өмірге мүдделері, ой-пікірлері, ұстанымдары үнемі әрқилы, салыстырмалы, бәсекелес болатын әр түрлі өзара байланысты, сонымен қатар тәуелсіз әлеуметтік және саяси топтардың, партиялардың, ұйымдардың араласуын мойындауды білдіреді. Ол демократия элементі ретінде кез келген нысандағы монополияның болмауын қамтамасыз етеді.
Мемлекеттік басқару теориясында плюрализм түсінігін онтологиялық және гносеологиялық-методологиялық аспектілерде қарастыруға болады. Онтологиялық аспект мемлекеттік басқару жүйесінде алуан түрлі және қарама-қарсы элементтердің, идеялар мен ұстанымдардың, мүдделер тобының көрініс беруі мен әрекет етуі. Ол методологиялық категория ретінде басқару жүйесін әралуан билік пен басқару буындары шоғырланған, әртүрлі деңгейдегі басқару субъектілерінің үйлесімділік қағидасы негізінде тәуелсіз әрекет етуі ретінде қарастыратын көзқарасты сипаттайды. Бұл басқару мақсаттарын қалыптастыру, баламалы жобаларды таңдау және шешім қабылдау, оларды жүзеге асыру құралдары мен әдістерін анықтау барысында басқарушылардың еркін пікірталасын негіздейтін ұстаным. Плюрализм-біріңғай жүйе шеңберінде әр түрлі және баламалы құндылықтардың, басқарушылар мен басқарылатындардың мінез-құлық үлгілерінің бәсекесін және жүзеге асуын ұйғаратын басқарушылық мәдениет құрамындағы дүниетанымдық идея.
Сонымен бірге заңдылық және қоғамның мойындауы, яғни мемлекеттік органдар құрылымының, олардың қызмет ету ережелерінің, нысандары мен әдістерінің және басқарылатындардың мінез-құлықтарының заңды (легитимді) болуы да мемлекеттік басқарудың жалпы қағидаларына жатады. Заңдылық қағидасы заңдарды сақтау және орындау талабының жалпы міндеттілігін білдіреді. Мемлекеттік билік органдары және лауазымды тұлғалар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары, азаматтар және олардың бірлестіктері Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын сақтауға міндетті. Мемлекеттік басқаруға қатысты бұл қағида заңның үстемдігін және Конституцияда бекітілген азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының қамтамасыз етілуін, басқарушылық функциялардың заңдар және заң актілері негізінде жүзеге асуын көздейді. Жүйенің құқықтық қамтамасыз етілуі және қоғамның қолдауына ие болуы – оның өміршеңдігіне, әрекеттілігіне кепілдік беретін негізгі фактор.
Мемлекеттік басқарудың объективтілік қағидасы бастапқы болып табылады және барлық басқарушылық процестерде объективті заңдалықтарды, қоғамдық күштердің нақты мүмкіндіктерін ескеруді көздейді. Яғни қойылған мақсаттар мен оларға жету мүмкіндіктерінің шамалас болуы. Бұл қағида мемлекеттік басқару жүйесінің: а) қоғамның ең алдымен, басқарылатын объектілердің сипатына, даму деңгейіне және заңдылықтарына, б)белгілі тарихи уақыт аралығындағы қойылатын және қол жеткізілетін қоғамдық мақсаттарға, в) басқару барысында қолданылатын құралдар мен қорларға, г) жүйелі қоғамдық құбылыс ретіндегі басқарудың қызмет ету мен даму заңдылықтарына байланыстылығын білдіреді.
Объективтілік қағидасы сонымен қатар мақсаттарды жүзеге асырумен, объективтік жағдайлармен және қоғамның субъективті факторымен байланысты болатын мемлекеттік басқаруды ұйымдастыру, оның қызмет ету және даму заңдылықтарының, қатынастарының өзара байланыстарының кең ауқымын бейнелейді. Әдетте табиғи және қоғамдық заңдылықтардан субъективтік, волюнтаристік ауытқулар нәтижесінде бұл қағиданың басшылыққа алынбауы қоғам өмірін көптеген шығындарға алып келеді, оның күш-қуатын негізделмеген немесе теріс бағытқа бағыттайды, дамуына кедергі жасайды, мемлекеттік-басқарушылық ықпалдарды адамдардың оң қабылдай алмауын тудырады.
Аталған мемлекеттік басқару қағидаларын сипаттау күрделі интеллектуалдық мәселе болып табылады. Ал оларды тиімді қолдану теория жүзіндегі заңдылықтарды мемлекеттік билік органдарының қызметтерінде нақты іске асыруына байланысты. Оның келесідей алғы шарттары бар: біріншіден, мемлекеттік басқару заңдылықтарын субъектіге қойылатын талаптарды, қоғамдық өзгерістерді ескере отырып, тұрақты әрі түбегейлі зерттеу; б) екіншіден, мемлекеттік басқару қағидаларын қолдану механизмін үнемі жетілдіріп, теория мен практиканы сәйкестендіру; үшіншіден, мемлекеттік басқару қағидаларын қолдануды қамтамасыз ететін ынталандыру, кепілдік беру жүйесін қалыптастыру, яғни нормативтік жағынан қамтамасыз ету. Мемлекеттік басқару қағидаларын тиімді қолдану үшін әрбір қағиданы жеке қолдану мәселесін, жекелеген қағидаларды ерекше қолдану шартын, тұтастай қағидалар жүйесін жалпылай ортақ қолдану шартын айқындау қажет. Қағидалардың тиімділігі ең алдымен объекті мен субъекті арасындағы тәуелділікке байланысты. Мемлекеттік билік пен жергілікті басқару органдары қағидалар жүйесінің талаптарына қаншалықты сай болса, мемлекеттік басқару нәтижелері де соншалықты әлеуметтік жағынан тиімді болады. Сондықтан мемлекеттік басқару қағидасын тиімді қолданудың басты шарты мемлекеттік басқару жүйелілігіне, ол арқылы қоғамдық өмірдің кешенділігіне және ұйымдастыру ісіне байланысты.
2.5. МЕМЛЕКЕТТІК БАСҚАРУДЫҢ
НЕГІЗГІ ӘДІСТЕРІ
Басқару теориясының және оның методологиялық негізінің кешенді сипаты саяси-әлеуметтік және саяси-құқықтық өмірді зерттеудің объективтік және субъективтік, әлеуметтік, социологиялық және жалпы ғылыми, теориялық және эмпирикалық әдістердің жиынтығын айқындайды.
Объективті және субъективті саяси-әлеуметтік өмірдің көрінісі ретіндегі мемлекеттік басқарудың екі ұдайылық болмысы оны зерттеу барысында объективті және субъективті әдістерді қолдану қажеттілігін тудырады. Объективті әдіс зерттелуші объектіні – мемлекет пен оның қызметін қандай да бір көзқарас тұрғысынан бағалауды қажетсінбейтін, тарихи қажетті процесс ретінде сырттай бақылап, өзгеріссіз қабылдауды білдіреді. Ол зерттеуші субъектінің ой-пікіріне сүйенбей басқарушылық қызметтің объективті нәтижесін талдау арқылы мемлекеттік басқару жүйесін түсіндіру әдісі. Субъективті әдіс объектіні адамдардың өздері ұйымдастырған саяси-әлеуметтік, экономикалық және басқа да өмірлері ретінде қарастыруды ұйғарады. Егер объективті әдіс танып-білуші субъектіге тәуелсіз болатын объектіден туындаса, ал субъективті әдісте объект емес, керісінше, қоғамның қандай да бір мүшелерінің ол туралы түсініктері, зерттеушінің көзқарасы талдау көзі болып табылады. Субъективтік әдіс субъектінің ой-пікірі, ұстанымы, мүдделері арқылы саяси-әлеуметтік ақиқатты сипттауға және түсіндіруге мүмкіндік береді. Объективтік әдістердің ішінде нақты өмірдегі құбылыстар мен процестерді бақылау, салыстыру, қорытындылау басқарушылық қызмет пен қатынастардың сипаттама моделін әзірлеу әдісін атап өткен жөн.
Субъективті әдістерге мемлекеттік институттардың басқарушылық қызметеріне қатысты қоғамдық пікірді зерделеудің әр түрлі социологиялық әдістерін, басқарушылық эксперимент әдістерін, басқару образын қалыптастыратын нормативтік басқарушылық модельдерді әзірлеу тәсілдерінің жиынтығын жатқызуға болады.
Ғылыми-тәжірибелік эксперимент басқарушылық процестерді зерделеу мен түсіндірудің объективті және субъективті әдістері бірлігінің көрінісі болып табылады. Бұл кейбір басқарылатын және бақылауға алынатын факторлардың ықпалынан туындаған мемлекеттік басқару субъектілері мен объектілерінің қызметтері мен әрекеттеріндегі өзгерістер туралы ақпараттар алу тәсілі. Эксперимент – нақты ғылыми тұжырымдамалар мен теориялық ұсыныстардың негізделуі мен тиімділігін тәжірибе жүзінде тексеру әдісі. Мемлекеттік басқару практикасында бұл тиімді шешімдер қабылдау үшін қажетті эмпирикалық деректердің маңызды көзі болып табылады.
Мемлекеттік басқару мақсаттары мен функцияларын жүзеге асыруды қамтамасыз ететін әдістерді мазмұны және адамдардың мінез-құлықтары мен мүдделеріне әсер ету аспектісіне қарай моральдық-этикалық, әлеуметтік-саяси, экономикалық және әкімшілік деп бөлеміз.
Мемлекеттік басқару адамдардың әлеуметтік қызметін және соның негізінде қалыптасатын қоғамдық қатынастарды білдіреді. Ол әлеуметтік ортада жүзеге асатындықтан оған қоғамның әлеуметтік құрылымының тигізетін ықпалы зор. Сондықтан мемлекеттік басқаруды ғылыми танып-білуде әлеуметтік әдістер қолданылады.Себебі саяси-әлеуметтік талдау мемлекеттік органдардың атқаратын нақты міндеттерін айқындайтын басқару стратегиясын әзірлеумен және әлеуметтік қажеттіліктерді, мүдделерді, құндылықтарды анықтаумен байланысты болатын көптеген теориялық және тәжірибелік мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. Саяси-әлеуметтік әдістер адамдардың еңбек, тұрмыс жағдайларымен, оларға әлеуметтік қызмет көрсету, қоғамдық және саяси белсенділіктерін дамытумен, билік процестеріне қатысуымен байланысты.
Бұл әдістер адамдардың саяси-әлеуметтік мүдделеріне, олардың қоғамдағы мәртебесіне, өзін-өзі еркін көрсету мүмкіндігіне әсер етеді. Мемлекеттегі демократизмнің дамуы көрсетілген әдістер рөлінің объективті түрде артуына әкеледі.
Әлеуметтік әдістер басқару жүйесі мен қоғамның өзара іс-әрекетіндегі кері байланысты оқып-үйренудің негізгі құралы бола отырып, көбінесе мемлекеттік институттардың қандай да бір шешімдеріне деген халықтың жеке әлеуметтік топтарының көзқарастарында көрініс табады. Әлеуметтік, оның ішінде эмпирикалық әдістердің көмегімен экономикалық, құқықтық жүйенің, мемлекеттік саясаттың әлеуметтік тиімділігі анықталады. Сонымен қатар бұл әдістер мемлекеттік басқару аясындағы жеке адамдардың тәртібін, іс-әрекеттерін және саяси бағдарын талдауға мүмкіндік береді.
Моральдық-этикалық әдістер адамдардың абыройы мен қадір-қасиетіне, ар-ұятына бағытталған. Оларға тәрбие жұмыстары, басқарудың мақсаттары мен мазмұнын түсіндіру жұмыстары, моральдық ынталандыру құралдары мен жаза қолдану, адам мінезінің психологиялық ерекшеліктерін ескеру тәсілдері жатады.
Олардың мәні басқару және оны жүзеге асыру үшін қажет әрекеттерге қатысты белгілі бір сенімділікті, рухани құндылықтарды, адамгершілік қасиеттерді, психологиялық ұстанымдарды қалыптастыру мен қолдау.
Экономикалық әдістер адамдар өміріндегі және соған сәйкес басқарушылық процестердегі экономикалық мүдделердің рөліне негізделген. Жеке меншікті дамыту, еркін кәсіпкерлікті қолдау, материалдық ынталандыруларды, еңбек ақы деңгейін арттыруды және басқа да экономикалық тетіктерді қолдану арқылы мемлекеттік билік пен жергілікті басқару органдары мемлекеттік басқарудың мақсаттары мен функцияларын жүзеге асырады.
Мемлекеттік-басқарушылық қызметте әкімшілік әдістер ерекше орын алады. Бұл әдістер мемлекеттің басқарушылық құрылымдарының адамдардың тәртібін, қызметін тікелей және міндетті түрде анықтайтын амалдарынан, тәсілдерінен, әрекеттерінен тұрады. Олардың белгілері: а) мемлекеттік органның немесе лауазымды тұлғаның орындаушының міндеттерін тәртіп нормаларын белгілеу және оған нақты бұйрық беру арқылы тікелей әсер етуі; б) алдыға қойылған міндеттердің, іс-әрекеттерді шешудің бір жақты тәсілін таңдау, орындалуға міндетті жағдайларды шешудің бір жақты жолын таңдау; в)өкімдер мен нұсқаулардың міндетті түрде орныдалуы, орындалмаған жағдайда әртүрлі заңдық жауапкершлікке әкелу мүмкіндігі.
Кейде әкімшілік әдістер әкімшілдік түсінігімен байланыстырылады, бірақ олар әр түрлі ұғымды білдіреді. Әкімшілдік саяси режимді сипаттайды, басқарушылық процестерде күшпен бағындыру, ырықсыз көндіру, бұйрық беру секілді құралдарды қолданудан тұратын мемлекеттік басқару стилін анықтайды. Әкімшілік жүргізуде кез келген әдістерді әсіресе, экономикалық және әкімшілік әдістерді қолдануға болады. Әкімшілік әдістердің қолданылуы табиғат, қоғам, адам мүддесі тұрғысынан көптеген қауіпті технологияларды және қызмет түрлерін реттеу қажеттілігінен туындаған. Бірақ оларды қолдану да апатты жағдайлардың және төтенше оқиғалардың үнемі алдын алуға мүмкіндік бере бермейді.
Басқарушылық қызмет әдістерін жеке түрде емес, кешенді, талғамалы түрде, қоғамда орын алған жағдайға байланысты, болған оқиғаның сипатына және адамдардың тәртібінің деңгейіне қарай қолданған жөн. Сонымен бірге әрбір әдістің өзінің қолдану шегі бар, осыған байланысты мемлекеттік басқару органдары өздерінің басқарушылық қызметтерінде аталған әдістердің қолдану шегінен ауытқымағаны дұрыс.