Саяси партия ұғымы, типтері мен атқаратын қызметтері

Ең ұйымдасқан және саяси бағытталған қоғамдық бірлестік – саяси партия. Партияны қазіргідей түсіну XIX ғасырдың екінші жартысында пайда болды.

«Партия» термині латынның parties сөзінен шыққан, тым ірі қауымдастықтың, процестің бөлігі дегенді білдіреді. Бұл ұғым ежелгі дүниенің өзінде-ақ ортақ мақсатқа ұмтылған саяси одақтастар тобын білдіретін ұғым ретінде қолданылған. Алайда құл иеленушілік және феодалдық құрылыс тұсында орын алған саяси фракциялар, одақтар тек шартты жағдайда ғана партия деп аталды; бұлар қоғамдық-саяси өмірде аз-кем болса да елеулі роль атқара алмайтын түрсіз, уақытша құрылымдар болды.

Партияны қазіргідей түсіну XIX ғасырда – буржуазиялық революциялар дәуірінде және мемлекеттік биліктің ұйымдастырылуы мен іске асырылуының формасы ретінде парламентаризмнің шығуы мен дамуына байланысты пайда болды. Саяси институт ретіндегі партиялардың генезисінде саясаттанудағы көпшілік мақұлдаған М.Вебердің жіктеуіне сәйкес, оның үш кезеңі бөліп көрсетіледі: аристократиялық топ – саяси клуб – көпшілік партия.

XIX ғасырда сайлау құқығының кеңеюі мен ұйымдасқан жұмысшылар қозғалысының пайда болуы нәтижесінде саяси партиялардың сипаты сапалық өзгерістерге ұшырады. Көптеген елдердегі цензілік шектеулердің біртіндеп алынып тасталуы, сайлау құқығы реформалары сайлау корпусын елеулі түрде кеңейтті. Көпшілік үшін күрес буржуазиялық партияларды оқшауланып қалудан бас тартуға, сайлаушыларға үнемі идеологиялық және саяси ықпал ету үшін парламенттің шегінен шығуға мәжбүр етеді.

Институт ретіндегі саяси партиялардың дамуына жұмысшылар қозғалысы айтарлықтай үлес қосты. Ол мүшелері көпшіл, жергілікті ұйымдар желісі бар, мерзімді түрде съезд өткізіп тұратын, жарғысы мен мүшелік жарнасы бар партияның классикалық типін жасады. Жұмысшы партиялары парламенттен тыс жолмен – кәсіподақтың, кооперативтік қозғалыстардың, жұмысшылар мен зиялылар үйірмелерінің негізінде пайда болды. Алғашқы жұмысшы партияларының бірі 1863 ж. Лассаль құрған «Жалпыға бірдей Герман Одағы» болды. XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басында жұмысшы қозғалыстары екі ағымға – революциялық және реформистік ағымдарға бөлінді, соның негізінде жұмысшы табы партиясының екі негізгі тобы – коммунистік және социалистік топтары пайда болды.

XX ғасырдың басында христиандық-демократиялық және басқа да конфессионалдық партиялар құрылды. Ұлт-азаттық қозғалыстардың дамуымен өзінің таптық мәні бойынша әр түрлі, езілген халықты ұлттық азат етуді көздеген партиялар қалыптасады.

Саяси институт ретіндегі партиялардың эволюциясы қоғамдық-саяси ойдағы аталмыш феноменді теоретикалық ұғынумен қатар жүрді. Саяси теорияларда ұзақ уақыт бойы партияға қарсы – жағымсыз тұрақты дәстүр қолданылды, ең жақсы жағдайда партияларға деген шыдамды қарым-қатынас болды. Оның негізінде халықтың егемендігі мен жалпы еркін білдіруші ретіндегі мемлекет жөнінде түсінік жатты. Партиялар «жеке мүдделерді» қорғаушы, қоғамдағы дағдарыс пен жіктелудің қайнар көзі ретінде түсінілді. Тек буржуазиялық мемлекеттіліктің парламенттік конституциялық негіздерінің дамуы мүмкіндігіне қарай партиялар біртіндеп өздерінің саяси және құқықтық мәртебесін нығайтты. XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басында саяси партия проблематикасы саяси ғылымның жеке бағыты ретінде бөлініп шықты. Қазіргі партологияның негізін салушылар болып есептелетін М.Острогорский, Дж.Брайс, Р.Михельстің еңбектері кеңінен танымал болды.

Ғылыми әдебиетте саяси партиялардың мәнін түсінуге және олардың анықтамасына қатысты әр түрлі көзқарастар қалыптасты. XVIII ғасырдың өзінде-ақ ағылшын философы Дэвид Юм «Партиялар туралы эссесінде» партиялардың қалыптасуының бастапқы сатысында, бытыраңқы күштердің бірлесуіне қызмет еткен кезде, идеология негіз болатындығы және қажетті роль атқаратындығы жөніндегі фактіге көңіл аударған болатын.

Сондықтан да идеологиялық бағыт партияны идеялық бірлік, ортақ көзқарастары, мүдделері мен пікірлері біріктірген идеялық пікірлестер одағы ретінде қарастырады. Б.Констан «партияны қандай да бір саяси доктринаны мойындайтын адамдардың бірлестігі ретінде» анықтады.

Ұйымдық тәсіл ең алдымен партиялардың іс-әрекетінің ұйымдық-құрылымдық аспектісін атап көрсетеді. Партияның мынандай белгілері бөлініп көрсетіледі: ерекше құрылымының болуы, өмір сүруінің ұзақтығы, ұйымдармен арадағы байланыс, жақтаушылармен жұмыс және басқалары. Функционалдық тәсіл саяси механизмдегі партиялардың саяси әрекетін, ролі мен міндеттерін зерттеуге саяды. Саясаттанушылардың едәуір бөлігі партиялардың «сайлау» қызметін айқындаушы деп санайды және де партиялардың сайлау процесімен байланыстарына, олардың сайлауға даярлану мен оны өткізуге қатысуына ерекше көңіл аударады.

Марксистік-лениндік әдебиеттерде саяси партиялардың мәнін анықтаудың әлеуметтік-таптық тәсілдері басымдық танытады. Мұнда саяси партия деп «оларды неғұрлым белсенді өкілдер біріктіретін және белгілі бір мақсаттар мен мұраттарға жетуі үшін басқаратын қоғамдық таптың немесе оның жігінің мүдделерін білдіретін саяси ұйым түсініледі. Саяси партия – саяси ұйымның жоғарғы формасы. Саяси партиялардың пайда болуы мен дамуы қоғамның таптарға жіктелуімен, тап күресінің тарихымен, әсіресе саяси билікке иелік ету үшін күресінің тарихымен байланысты»[68].

Француздың ірі саясаттанушысы М.Дюверже партияны мемлекет жүйесінде әрекет етуші ұйым ретінде анықтағанын айта кеткен жөн[69]. Ал, белгілі испан саясаттанушысы Л.С.Санистебан партияларды бірыңғай саяси пікірге ие адамдардан тұратын, өздерінің мақсаттары жолында бірлесіп жұмыс істейтін, идеалдық (қоғамның үлгісі) немесе материалдық (жеке пайданың әр алуан түрлері) сипаты бар тұрақты иерархиялық ұйым болып табылады деп есептейді[70].

Партияға анықтама берген тағы бір батыстық саясаттанушы П.Шарон партияны қоғамдағы мемлекеттік билікке бақылау жасауға қызығушылық танытатын және халықтан қолдау таба отырып, басқа көзқарасты ұстанатын топтармен немесе жіктермен бәсекелестікке түсетін белсенді саяси адамдардың ұйымы ретінде түсінеді[71].

Партияны анықтаудың жоғарыда аталған тәсілдерінің бәрі оның тіршілік-әрекеті үшін маңызды кезеңдер белгілі бір танымдық маңызға ие екендігін көрсетеді. Сонымен бірге олар сыңаржақтылықтан да жапа шегуде және саяси партиялардың мәнін толық деңгейде ашып бере алмай отыр. Сондықтан да бүгінгі таңда ғылыми әдебиеттерде белгілерінің, өлшемдерінің тұтас жүйесінің анықталуы арқылы партияның «синтездік» анықтамасын беруге де әрекет жасалуда. Нақ сондықтан да саяси партияны халықтың бір бөлігінің мүдделерін көрсететін және мемлекеттік билікті жеңіп алу немесе оны іске асыруға қатысу жолымен осы мүдделерді жүзеге асыруды өзінің мақсаты етіп қоятын пікірлестердің идеологиялық, ұйымдық тобы ретінде сипаттауға болады.

Саяси партияның негізгі ерекшелікті белгілері болып табылатындар:

– белгілі бір таппен, әлеуметтік жікпен, топпен немесе олардың жиынтығымен байланысы, яғни, әлеуметтік негізінің болуы;

– партия мүшелерінің дүниетанымдық мақсаттары мен идеологиялық принциптерінің бірлігін көрсететін қызметінің белгілі бір бағдарламасын иемденуі;

– сайлауда елден бүкіл халықтық қолдау табуға ұмтылу;

– формальданған ұйымдық құрылымының болуы (мүшелік, органдарының субординациясы, партиялық аппарат және т.б.) және ұзақ уақыт бойы әрекет етуге қабілетінің болуы;

– саяси билікке жету мақсаты және оның іске асырылуы үшін қимыл әрекеті.

Саяси институт ретіндегі партияның ерекшелігі – бұл саяси, мемлекеттік билік үшін ашық түрде күресуі. Партия өзінің алдына қандай да болмасын нақты мақсат қойса да мейлі, коммунизм құру немесе қоршаған ортаны қорғау болсын – ол оған билік үшін күрестің көмегімен жетеді. Осынысымен де саяси партия ең алдымен, саяси өмірге белсене қатысатын, бірақ үкімет билігіне тікелей бақылау жасауға ұмтылмайтын басқа да әр түрлі қоғамдық бірлестіктерден (қоғамдық ұйымдар мен қозғалыстар) ерекшеленеді.

Әр елдің заңдары партиялардың мәртебесін өзінше реттейтіндігін (немесе реттемейтіндігін) айту керек. Бір елдерде партиялардың құрылу тәртібі мүлдем құқықпен реттелмейді. Партия өзін-өзі сондай тұрғыда жариялауына қарай сол кездің өзінде-ақ әрекет етуші болып есептеледі. Басқа бір елдерде – заңнама партияның қандай да бір мемлекеттік органда формальды түрде тіркелуін талап етпейді, алайда ұйым партия мәртебесін тек міндетті органдарға белгілі бір нақты құжаттарды: бағдарламасын, жарғысын немесе манифестін әкеліп көрсеткеннен кейін ғана иеленеді. Үшінші бір елдерде партиялардың міндетті түрде тіркелуі құқықтық актілерде алдын-ала қарастырылған, тек содан кейін ғана олар ұйым, мекеме мәртебесін иеленеді.

Партиялар өздерінің қызметтерін табысты түрде іске асыру үшін заңдар оларға барынша кең құқықтарды және өкілеттіліктерді береді. Көптеген елдерде олардың сайланбалы мемлекеттік органдарда өздерінің кандидаттарын ұсыну құқығы бекітілген. Саяси партиялар өздерінің қызметі жөнінде еркін ақпарат таратуға, өздерінің идеяларын, мақсаттары мен шешімдерін насихаттау құқығына ие. Сайлау науқаны барысында олар мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарына шығуға қол жеткізеді, оның ішіндегі ең бағалысы радио мен телевизия болып табылады. Партиялар өздерінің баспалық басылымдарын тарата алады, бұқаралық жиналыстар, манифестациялар, шерулер өткізе алады. Оларға үкіметті және мемлекеттік әкімшіліктерді сынауға құқық беріледі.

Парламентке ұсынылған партиялар барынша кең өкілеттіліктерді иеленеді. Олардың парламенттік топ (фракция) құруға, өздерінің өкілдерін парламент қалыптастырған мемлекеттік органдарға жіберуге құқығы бар. Бірқатар елдерде мұндай партиялар сайлау аралық кезеңдерде де мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарына қол жеткізе алады. Партияларға берілетін эфирге шығу уақыты, әдеттегідей, олардың парламенттегі иеленетін орындарының санына сәйкес бөлінеді. Көптеген елдерде премьер-министр қызметіне кандидат ұсынғанда парламент төрағасы немесе мемлекет басшысы партиялық топ өкілдерімен кеңеседі.

Партия қызметінің құқықтық тәртібінің белгіленуінің тағы бір жағы олардың ұйымдық құрылымының бекітілуі болып табылады. Партиялар туралы заң бар елдердің барлығында дерлік партияның ішкі құрылымының мәселелері, құрылымдары, құрамы мен партиялық органдардың өзара қарым-қатынасы толық реттеледі. Партиялардың өзін-өзі таратуына, қосылуына, бөлінуіне, жастар, әйелдер және де басқа да ұйымдар құруына құқығы бар. Олар өздерінің қызметін материалдық қамтамасыз ету үшін қажетті кез-келген мүлікті иелене алады. Кейбір елдерде партиялардың мемлеттік қаржыландырылуға құқығы бар.

Партиялық негізде саяси партияларды жіктеуге болатын көптеген өлшемдер бар екендігін айта кеткен жөн. Сол себепті де саяси партиялар әлемі көп түрлі және сан алуан. Бұл алуан түрлілікті саяси партиялардың типологиясы түсіндіруге жәрдемдеседі. Типологияның негізіне әр түрлі өлшемдер алынуы мүмкін. Олар: әлеуметтік негіз, идеологиялық кейіп, ұйымдастыру принциптері, қызмет әдістері және басқалары.

Өзінің таптық мәніне қарай партиялар буржуазиялық, ұсақ буржуазиялық, помещиктік, шаруалар, жұмысшылар партиясы болып бөлінеді.

Саяси-идеялық бағдары тұрғысынан алғанда коммунистік, социал-демократиялық, либералдық, консервативтік партиялар болып, сондай-ақ әр түрлі діни және ұлттық доктриналарға сүйенетін партиялар болып бөлінеді.

Өмір сүріп тұрған тәртіпке, мақсаттары мен міндеттерінің мазмұнына қатысты алғанда революциялық партиялар (қоғамды радикалдық сапалық өзгертуге ұмтылатын), реформистік (құрылымдық негізді өзгерістерсіз қоғамдық өмірді жақсартуға ұмтылатын), консервативтік (қоғамдық өмірдің қалыптасқан, тұрақты формасын сақтауды жақтайтын) және реакцияшыл партиялар (бұрынғы қоғамдық тәртіптер мен құрылымдарды қалпына келтіруге ұмтылатын) бөлып бөлінеді.

Мемлекеттік билік жүйесіндегі орнына қарай партиялар билеуші және оппозициялық партиялар болып, қызмет жағдайлары бойынша – ресми, жартылай ресми және ресми емес партиялар болып бөлінеді.

Мүшелік түріне (өзгешеліктеріне), ұйымның принциптеріне сәйкес партиялар кадрлық және көпшілік партияларға бөлінеді[72]. Кадрлық партиялар демократияның басқару формасы ретінде қалыптасуымен, саяси өмірде жалпыға бірдей дауыс берудің бекітілуімен бірге пайда болды. Кадрлық партиялар санының аздығымен, формасыздығымен, еркін мүшелілігімен, ұйымдық бостығымен, орталықсыздандырылған құрылымымен ерекшеленеді. Тиісті тіркеуден өткен және мүшелік жарналарды тұрақты төлейтін арнайы мүшелік жүйесі болмайды. Кадрлық партиялар сайлауларға қатысуға және жеңіске жетуге бағдар ұстанады. Партиялық көпшілікке ғана емес, партиялық актив және партиялық функционерлер қанша болса, соншалықты соған, сондай-ақ қоғамның ықпалды топтарының қаржылық қолдауына сүйенеді. Көп дәрежеде кадрлық партияның типіне қазіргі уақытта АҚШ-тың Республикалық және Демократиялық партиялары, Франциядағы Радикалдық партия сәйкес келеді.

Көпшілік партияларды жұмысшы қозғалыстары туындатты. Партияның бұл типінің неғұрлым жарқын мысалы ретінде 1875 жылы негізі қаланған Германияның социал-демократиялық партиясын айтуға болады. Көпшілік партиялар өзінің қатарына мүшелерді мүмкіндігінше көптеп тартуға ұмтылады, өйткені оның негізгі қаржылану көзі мүшелік жарналар болып табылады. Көпшілік партияларға мүшеліктің бекітілуі, айқын ұйымдық құрылым, орталықтандырылған түр, партия мүшелерінің арасындағы тығыз және тұрақты байланыстар тән. Бұдан басқа, көпшілік партия қызметтің күнделікті мәселелері бойынша шешім қабылдайды, партиялық көпшілік төменгі бастауыш ұйымдарға бірігеді. Мұндай партия халықтың арасында тек сайлау науқаны кезінде ғана емес, тұрақты түрде жұмыс жүргізеді. Көпшілік партияларға, әдеттегідей, коммунистік, социалистік және Батыс-Еуропа елдерінің социал-демократиялық партиялары жатады.

Партиялардың кадрлық және көпшілік деп бөлінуі олардың қызмет түріне қарай парламенттік және авангардтық деп бөлінуінің партиялық типологиясымен толықты. Парламенттік партия билік үшін күресті ең алдымен өкілдік мекемелердегі сайлаулармен байланыстырады. Өзінің ұйымдастырушылық қызметін ол негізінен сайлау науқаны барысында мандаттардың ең көп мүмкін санын жеңіп алуға және өзінің саясатын парламент пен үкімет арқылы жүргізуге ұмтыла отырып іске асырады. Партияның парламенттік фракциялары, әр түрлі деңгейдегі депутаттар барлық проблемаларды, соның ішінде партия ішіндегі проблемаларды шешуде кең өкілеттіліктерді пайдаланады. Авангардтық партия өзінің қызметін депутаттық мандат үшін күреспен шектемейді. Ол парламенттен тыс күрделі қызметті іске асырады, идеологиялық және тәрбие жұмыстарына үлкен көңіл бөледі, дүниетанымдық негізде қалыптасады.

Саяси партиялардың саяси жүйедегі орны мен ролі көбіне оның атқаратын қызметтерімен айқындалатынын айта кеткен жөн. Саяси партиялардың атқаратын қызметтері оның іс-әрекетінің негізгі міндеттері мен бағытын, оның қоғамдағы орнын көрсетеді. Саяси партияның неғұрлым ортақ функцияларының қатарына:

– әлеуметтік мүдделер өкілдігі;

– бағдарламалық нұсқаулар, партияның саяси бағытын жасау;

– қоғамдық пікір, саяси білім қалыптастыру және азаматтарды саяси әлеуметтендіру;

– кадрлар дайындау және ұсыну міндеті жатады.

Көрсетілген функциялардың шеңберінде нақтырақ, жеке міндеттер бөлінуі мүмкін. Қандай да бір функциялардың мазмұны, формалары мен әдістері партиялардың әр түрлі типтерінде ерекшеленуі мүмкін. Сондай-ақ қайсыбір партиялар да өздерінің дамуы мен жағдайының ерекшелігіне қарай орындайтын ерекше функциялар да бар.

Партиялардың қызметінде таптардың, әлеуметтік топтар мен жіктердің мүдделі өкілдіктері маңызды орын алады. Бұл функцияның мазмұны әлеуметтік күштердің мүдделерін айқындау, тұжырымдау және негіздеу, оларды біріктіру және жандандыру болып табылады.

Жоғарыда көрсетілгеніндей, партиялардың генетикалық құрылуы, қоғамның таптарға және басқа да мүдделері әр түрлі әлеуметтік құрылымдарға жіктелуімен байланысты. ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың басы – бұл әлеуметтік-таптық позициялардың шұғыл түрде бөліну кезеңі. Бұл партиялық жүйе қоғамның әлеуметтік-таптық құрылымының дәл көшірмесі деген сөз емес. Таптық саясаттың алуан түрлі нұсқалары әр уақытта да болды: жұмысшы табында – демократиялық және коммунистік, буржуазияда – либералдық және консервативтік. Таптық шеңберден шығып кететін ұлттық және діни партиялардың қалыптасуы қоғамның әлеуметтік құрылымының көп өлшемділігін, саяси өмірге оның субъектілері ретінде белсене қатысуға ұмтылатын әр түрлі жіктердің болатындығын көрсетеді.

Соңғы онжылдықтарда өкілдіктің функциясының мазмұнында айтарлықтай өзгерістер болды. Батыс саясаттанушылары ХХ ғасырдың ортасынан бастап таптық партиялардың орнына «жалпыхалықтық партия» немесе «бәріне арналған партия» деп аталатын партиялар келе бастағандығын айтады. Мұндай партия өзін қандай да бір таптың немесе жіктің мүдделерімен теңдестіруден аулақ болуға тырысады, өздерін жалпы мүддені білдіруші ретінде көрсетеді. Табысқа жету үшін, бәрінен бұрын сайлауда жетістікке жету үшін партия бүгінде тұтас күштер одағының мүдделерін ескеруі тиіс. Партиялар көп дауысты жеңіп алуға әрекеттенеді және соған сәйкес әр түрлі мүдделердің келісіміне ұмтыла отырып, өзінің стратегиясы мен тактикасын жасайды. Қазіргі кезде партияның кейпін таптық бағдар ғана емес, саясаттың белгілі бір типі де қалыптастырады.

Аталмыш тұжырымдама қоғам өміріндегі объективті өзгерістерді қамтып көрсетеді, алайда «бәріне арналған партия» деген терминді сөзбе-сөз түсінуге болмайды: ешбір партия барлығын қанағаттандыра алмайды, өйткені ол саясаттың ықтимал нұсқаларының бірі болып табылады. Партиялардың әлеуметтік негіздерінің кеңеюіне қарамастан, олардың арасында олар бәрінен бұрын бағдар ұстайтын күштер тұрғысынан алғанда да, сондай-ақ олардың ортақ саяси-идеялық бағдары тұрғысынан алғанда да айырмашылықтар сақталуда.

Әр түрлі әлеуметтік топтардың мүдделері агрегиттенеді, саяси бағдарлама жасау процесінде және партияның саяси бағытын іске асыруда көрініс береді. Осыған байланысты партияның келесі функциясы – бағдарламалық нұсқаулар, әлеуметтік-экономикалық және саяси стратегиялар жасау. Партияның, әдеттегідей, белгілі бір идеологиялық принциптерге негізделген ұзақ мерзімді саяси бағдарламасы болады. Тіпті, егер партия қандай да бір қатаң тұрғыдағы идеологиялық жүйеге сүйенбесе де, белгілі бір идеологиялық жолды ұстану оның нақты қызметінде және ол қорғайтын құндылықтарда байқалады.

Партияның қызметінің прагматикалық және идеологиялық стильдері бөліп көрсетіледі. Прагматикалық партиялар іс-қимылдың практикалық пайдалылығына, нақты мақсаттарға жету үшін кез-келген мүмкіндіктерді іздеуге бағытталған. Прагматикалық типтегі партиялар қатал ғылымилыққа және соңғы сатыдағы ақиқатқа ұмтылатын, абстрактілі бағдарламалардан өздерін аулақ ұстайды. Мұндай партиялардың бағдарламасы көбіне сайлау алдындағы платформа болып шығады. Прагматикалық партиялар өздерінің мүшелеріне қатал идеологиялық талаптар қоймайды. Идеологиялық шек қою олар үшін елеулі роль атқармайды және де әр тектес келісімдер жасауға, коалициялар құру және т.б. барысында оларды құрбан етеді.

Идеологиялық партиялар (немесе дүниетанымдық, доктриналдық) белгілі бір қатаң идеологиялық доктринаға сүйенеді. Олар үшін өздеріне тиісті мұраттар мен принциптерді қорғау, қоғамды белгілі бір идеологиялық мақсаттары бар үлгіде құру және оларды өмірде іске асыру тән.

Партия мүшелерінің оның бағдарламалық мақсаттарын мойындауы – партия ішіндегі байланыстардың беріктігі үшін қажетті жағдай. Дегенмен, партияда әр түрлі саяси фракциялардың өмір сүруі және олардың арасындағы күрес те болмай қалмайды. Идеялық-бағдарламалық айырмашылықтың да өзінің шегі бар және олардың бұзылуы ұйымдық жіктелуге және жаңа партиялардың пайда болуына әкелуі мүмкін. Сонымен бір мезгілде партиялар (мысалы, коммунистік) жарғылық мақсаттармен және міндеттермен сыйыспайтын фракциялық күреске тыйым салады. Фракциялық күреске тыйым салу тиімсіз екенін және ол партияның саяси-идеялық жағынан қатып-семіп қалуына әкелетінін тәжірибе айғақтайды.

Партиялар әр түрлі саяси доктриналарды дамытуға және жаңартуға ғана ұмтылмайды, сондай-ақ оларды қоғамда кеңінен таратуға да ұмтылады. Партияның материалдарының баспасөзде жариялануы, партия көшбасшыларының радио мен теледидардан сөйлеуі, митингілер мен жиналыстарда сөз сөйлеуі осыған қызмет етеді. Партия өзінің саяси бағытын қоғамдық пікірдің мойындауына және қолдауына мүдделі.

Саяси партияның идеологиялық функциясы сондай-ақ өзінің мүшелері мен жақтаушыларына саяси білім беруге, қоғамның мүшелерін белгілі бір құндылықтар мен дәстүрлер рухында тәрбиелеуге, азаматтарды саяси өмірге қатыстыруға саяды және де ақыр соңында оларды саяси әлеуметтендіруге мүмкіндік береді.

Саяси партияның билікті іске асыру қызметі:

– мемлекеттік билік пен басқару органдарында сайлауға әзірлену мен оны өткізуге қатысуды;

– партияның парламенттік қызметін, парламенттің партиялық фракцияларындағы және жергілікті билік органдарындағы оның жұмысын;

– мемлекеттік органдардың саяси шешімдерді даярлауы мен қабылдау процесіне қатысуды;

– өзінің құрамын толықтыруды және басқа да міндеттерді өзіне қосып алады:.

Қазіргі демократиялық қоғамдарда саяси партиялар билік үшін күресте күштеу әдісін жоққа шығарады және сайлау процесіне бағдар етіп ұстанады. Сайлау партиялардың бәсекелестігінің басты аренасы болып табылады[73]. Бәсекелестік күресте сайлаушылардың басым бөлігі саяси бағытын қадір тұтатын партия табысқа жетеді. Сондықтан сайлаушылар тарапынан қолдау табу, өзінің электоратын құру мен кеңейтуді қамтамасыз ету партияның басты міндеттерінің бірі болып табылады.

Қоғамның әлеуметтік құрылымындағы, халықтың білім деңгейіндегі өзгерістердің, бұқаралық ақпарат құралдарының әсерінің нәтижесінде партиялар сайлаушыларға тұрақты ықпал етуден айрылады. Бұны американ әлеуметтанушылары У.Кротт пен Г.Джекобсон анықтағанындай, «партияларды қолдаудың эрозиясы» болып өтеді. Көптеген сайлаушылар сайлаудан сайлауға дейін өзінің партиялық ұстанымын өзгертеді немесе алуан түрлі деңгейдегі сайлауларда соңғыларының қайсыбір проблемаларды шешуге уәде беруіне байланысты әр түрлі партиялардың үміткерлерін қолдайды.

Депутаттық мандаттарды жеңіп алған партиялар парламенттік фракция немесе партиялық топтар қалыптастырады. Фракциялар заң жобаларын әзірлей отырып, парламенттің қарауына әр түрлі ұсыныстарды енгізеді, үкіметке сұрау салады, күн тәртібін жасауға қатысады және басқа да өкілеттіліктерге ие болады. Әр түрлі партиялардың парламенттік фракцияларының саны ескеріле отырып, парламенттің басқарушы және жұмыс органдары (комиссиялар, комитеттер, бюролар және т.б.) қалыптасады.

Батыс елдерінде парламент пен муниципалитеттерде партиялық фракциялардың автономиясының принципі жұмыс істейді, соған сәйкес фракциялар партиялық съездер мен конференцияларды қоса алғанда партиялық органдарға тікелей бағынбайды. Олар нақты жағдайлармен санаса отырып, партиялық бағдарламалар мен мақсаттарды жүзеге асырады. Бірақ, парламенттік фракцияның тиімді жұмысы белгілі бір ішкі тәртіптің болуына саятындықтан, партиялық фракциялар көбіне барынша қатаң мінез-құлық ережелерін қабылдайды және тіпті олардың бұзылуы жағдайында шара да қолданады. Мысалы, фракцияның пленарлық мәжілісінде фракция мүшелерін тиісті түрде дауыс беруге міндеттейтін («фракциялық мәжбүрлеу» және «дауыс беру тәртібі» жөніндегі ) шешім қабылдануы мүмкін. Ресми мәжбүрлеумен және басқа да шаралармен қатар барынша ұтымды болып шығатыны – келесі сайлауларда партиялық үміткерлердің қатарына кірмеу перспективасы.

Басқарушы партияның билікті іске асыруы тек парламенттегі бастамашылдық (инициирующий) және консультативтік ролінен ғана көрінбейді, сондай-ақ атқарушы органдарды қалыптастыруы мен бағындыруынан да көрініс табады. Саяси партиялар билеуші элитаны қалыптастыруға, басқарушы кадрларды іріктеу мен тағайындауға қатысады. Осы орайда олар саяси көшбасшыларды және мемлекет қайраткерлерін тәрбиелейтін институттар болып табылады.

Билеуші партия өзінің парламенттік фракциясы арқылы, мемлекеттік аппараттағы өзінің өкілдері арқылы өздері ұсынатын қоғамдық топтардың мүдделеріне сәйкес келетін шешімдерді қабылдауға қатысады. Партиялық органдар мен форумдар партияның мақсаттары мен міндеттерін былайша анықтайды: заң жобасы және басқа да мемлекеттік актілер түрінде олардың іске асырылуы парламентке мүше адамдардың өздері, сондай-ақ басқа да әкімшілік органдар, шаруашылық аппарат және басқалары үшін шексіз құқықты болып қалатындай болуы керек. Демократия жағдайындағы жалпы тәжірибеде партиялар мемлекеттік жүйеге тікелей күшпен кірмейді. Билеуші партиялар өздерінің саясатының үкіметтің, жергілікті атқарушы органдардың іс-әрекетімен тікелей үйлесуінен қашуға тырысады, кейде қайсыбір танымал болмаған шаралар үшін өздерінен жауапкершілікті алып тастау арқылы олардан өздерін алыс ұстайды. Осылайша, партия және оның органдары мемлекеттен қалайда «шеттетіледі» және оған тек жанама түрде ғана ықпал етеді. Нәтижесінде партиялық органдар мен ұйымдар терең қоғамдық ерекшелігін сақтайды және өздерінің функцияларын мемлекеттік емес негізде орындайды.

Саяси партия мемлекет пен азаматтық қоғамның арасындағы төреші ретінде көрінеді. Партия бұқараның мемлекеттік құрылымдармен байланысын, азаматтардың саяси қатысуын институттандыруды және халықтың қоғамдық-саяси белсенділігінің стихиялы түрін ұйымдасқан түрге, бақылауға бейім түрге ауыстыруды қамтамасыз етеді. Саяси партиялар арқылы азаматтар мемлекетке өздерінің топтық талаптарын қояды және сонымен бір мезгілде қайсыбір саяси мәселелердің шешілуін қолдауда оны өзіне қарата алады. Сол арқылы партиялар халық пен мемлекеттің арасындағы тура байланысты да, өзара байланысты да дамытады.

Партиялардың бұл жарастырушылық ролі демократиялық қоғамда барынша айқын көрінеді. Тоталитарлық және авторитарлық режим өмір сүріп тұрған елдерде билеуші партияның ролі мұндай жарастырушылық шеңберінен тым алшақтап кетеді. Билік үшін күресте шынайы бәсекелестердің болмауының нәтижесінде билеуші партияның саяси үстемдігі қалыптасады, ол әкімшілік-саяси функцияларды озбырлықпен тартып алады. Билеуші партия мемлекеттен жоғары тұрады, оған бақылау орнатады, және сол арқылы азаматтық қоғамға үстемдік етеді. Партиялардың өзінің функционалдық деңгейінің шеңберінен шығып кетуі, мемлекеттік органдарды өзі ауыстыруға әрекет қылуы партияның қоғамдық-саяси табиғатын бұзады. Мұндай ұйым сөздің тура мағынасы тұрғысынан алғанда саяси партия болудан қалады. Сондықтан да қазіргі уақытта мұндай партиялар әлемдік қауымдастық пен өздері өмір сүрген елдердегі қоғамдық пікірдің көз алдында бар беделін түсіріп, саяси аренадан кетуде.

Саяси партиялар қазіргі қоғамның саяси жүйесінің маңызды бөлігі бола отырып әр түрлі партиялық жүйелерге жататындығын да айта кеткен жөн.

Наши рекомендации