Дәріс. Заманауи саяси жүйелер. Саяси режимдер
1. Саяси жүйе ұғымы, құрылымы
2, Дәстүрлі және қазіргі саяси жүйелер, Саяси жүйе институттары
3. Тоталитаризм, авторитаризм
4. Дәстүрлі абсолюттік монархиялар, олигархиялық және әскери режимдер.
5. Демократия туралы жалпы түсінік, демократияның антикалық, классикалық теориялары.
6. Демократиялық қоғамның белгілері.
«Жүйе» ұғымын XX ғасырдың 20-жылдары ғылыми айналымға алғаш енгізген неміс биологы Л.Фон Борталанфи. Саяси жүйенің өзіндік мүмкіндіктері бар. Д.Истон мен Г.Алмонд олардың төрт түрін көрсетеді: 1 топтар мен жеке адамдардың жүріс-тұрысын басқаруға байланысты реттеу мүмкіндігі; 2 өзінің қызмет етуіне қажетті экономикалық және басқа қорларды табуға байланысты қысымдық мүмкіндігі; 3 қорларды, игіліктерді, қызметті, үздік белгілерді және т.с.с. бөлу және қайта бөлу мүмкіндігі; 4 әлеуметтік ортаның талаптарына әрқашан жауап берерлік, өзгерген жағдайларға бейімделушілік мүмкіндігі. Үндістан саясатшысы П.Шарон бұл төртеуіне бесіншісін – ішкі жағдайын басқара алатын өзін-өзі реттеу мүмкіндігін қосады. Осының бәрі, сайып келгенде, үстемдік етіп отырған қоғамның біртұтас өзін-өзі басқаратын әлеуметтік организм ретінде қызмет етуін қамтамасыз етуі керек.
Саяси жүйе төмендегідей қызметтерді атқарады:Белгілі бір әлеуметтік топтың немесе көпшілік халықтың саяси билігін қамтамасыз ету. Саяси жүйе қоғамдық қатынастарды реттейді, жекелеген әлеуметтік топтар немесе көпшілік халықтың мақсат мүддесіне сәйкес адамдардың тіршілік әрекеттерінің әр түрлі салаларын басқарады. Ол әлеуметтік институттар қызметінің мақсаттарын айқындайды. Солардың негізінде оларды орындаудың саяси жобаларын жасайды. Саяси жүйе қоғамда жинақтаушылық, топтастырушылық қызметті атқарады. Ол ортақ әлеуметтік-саяси мақсаттар мен құндылықтардың айналасында барлық әлеуметтік топтар, таптар, жіктердің белгілі бір бірлестігін қамтамасыз етеді. Экономикалық қалыпты жұмыс істеп, прогресті дамуына қажетті саяси жағдай жасау. Мысалы, саяси жүйе өндіріс құралдарына меншік түрлерін құқықтық тұрғыдан бекітеді, қаржы жүйесін реттейді, салық саясатын жүргізеді. Қоғамды, оның мүшелерін ішкі және сыртқы бүліндіргіш әрекеттерден қорғау. Мысалы, ұйымдасқан қылмыс, сыртқы агрессиядан және т.с.с. Сонымен, қоғамның саяси жүйесі деп билік жүргізіп, қоғамда тұрақтылық пен тәртіпті қамтамасыз ететін, әлеуметтік топтар, таптар, ұлттар, мемлекеттер арасындағы саяси өзара қатынастарды реттейтін ұйымдар мен мекемелердің жиынтығын айтады.Бұл жүйе саяси деп аталады. Себебі мемлекеттік істер алға қойған мақсатты, амал-әдістерді, оларға жету жолдарын қамтитын арнайы жете зерттелген шаралар, саяси бағыт арқылы жүзеге асырылады. Сонымен қатар оны жүйе дейді. Өйткені оған мемлекеттен басқа мемлекеттік билікке ықпал ету үшін басқалармен бәсекеге түсетін, одақтарға кіретін, мәмілеге келетін мемлекеттік емес көптеген ұйымдар да кіреді. Бұл саяси қатынастардың күрделі көрінісі жүйелілікті, тұтастықты білдіреді.
Саяси жүйенің құрылымы:Зерттеушілер саяси жүйенің мынадай негізгі төрт бөлігін атайды: 1.Саяси институттар; 2.Саяси қатынастар; 3.Саяси ережелер; 4. Саяси мәдениет.
Саяси жүйенің жіктелуі:Саяси жүйенің жіктелуі жөнінде ғалымдар арасында ортақ пікір жоқ. Олар бұл мәселеге әр жақтан қарайды, әр түрлі өлшемді пайдаланады. Саяси жүйені оның саяси тәртібіне қарай тоталитарлық, авторитарлық, демократиялық деп бөледі. Мұндай топтастырулардың негізіне билік, тұлға және қоғам арасындағы өзара іс-әрекеттің сипаты мен тәсілі негізге алынады. Тоталитарлық саяси жүйеде жеке адам мен қоғам толығымен билікке бағынады. Мемлекет қоғамдық өмірдің барлық саласын өзінің бақылауына алады. Авторитарлық саяси жүйеде билік басындағы жеке адам немесе адамдар тобы шексіз билікке ие болады. Парламент, оппозициялық партиялар болғанымен олардың ықпалы шамалы болады. Мемлекеттің сайланбалы органдары, азаматтардың құқықтары мен шектеледі. Демократиялық тәртіпте тұлға құқығы биік тұрады, билік жұмысын қоғам бақылауға алады. Онда биліктің өкілдік органдарын жалпыға бірдей сайлау арқылы халық сайлайды, азаматтарға саяси құқықтар мен еркіндіктер беріледі, елде заңдылық билейді. Француз саясаттанушысы Ж. Блондель саяси жүйені басқарудың мазмұны мен түрлеріне сай оны 5 түрге бөледі: 1.либералдық демократия. Ол саяси, мемлекеттік шешімдерді қабылдағанда меншікке иелік етуі, жекешілдік, еркіндік сияқты құндылықтарды басшылыққа алады; 2. коммунистік жүйе. Ол әлеуметтік игілікті тең бөлуге бағдар ұстайды; 3. дәстүрлі саяси жүйе. Ол ат төбеліндей ақсүйектердің саяси және экономикалық үстемдігіне негізделеді; 4. дамып келе жатқан елдерде қалыптаса бастаған саяси жүйе. Онда авторитарлық басқару белең алады; 5. авторитарлық-консервативтік жүйе. Онда әлеуметтік және экономикалық теңсіздік сақталады, халықтың саяси билікке қатысуына шек қойылады.
«Демократия»- сөзі гректің «демос» - халық және «кратос» - билік деген сөздерінен шыққан, яғни «халық билігі» деген мағынаны білдіреді. Бұл сөз бірнеше мағынада қолданылады.
1. Мемлекет түрі.
2. Теңдік, сайлау, көпшілік дауыспен шешім қабылдау принциптеріне негізделген ұйымның ұйымдастырылу түрі.
3. Қоғамдық құрылымның мұраты.
Әр жерде демократия әр түрлі рең алған. Олар мынандай мемлекетті демократиялық деп түсінген.
1. Халықтың заң жүзінде мемлекеттік билікті басқаруы. Мұнда конституция билік халықтың қолында екендігіне дәлел болады. Халық жоғарғы билікке өз өкілдерін сайлау арқылы тағайындап, өзгеріп отырады.
2. Демократия теңдік болған жерде ғана болады. Мұнда барлық салада – заң шығару, оны оындауда, т.с.с. теңдік болады.
3. Демократияда әділеттілік болуы керек. Мұнда да қоғамның барлық саласында әділеттілік болуы тиіс.
4. Демократияда сонымен қатар бостандық , еркіндік болуы керек.
Сонымен, демократия деп халық билігі, теңдік, құқық, әділдік, еркіндік принциптеріне негізделген мемлекеттік құрылысты айтады.
Тұңғыш демократиялық мемлекет б.з.д.V ғасырда Афинада дүниеге келген. Мұнда «халық кеңесі» жұмыс істеді. Ол мемлекеттің ішкі, сыртқы саясатын жүргізді, соғыс ашу, соғысты тоқтату шешімдерін қабылдады, т.с.с.
Бірақ халық кеңесіне қатыса алмайтын толық құқығы жоқ азаматтар да болған. Оларға Афинаға басқа жақтан көшіп келген азаматтар, сол елде тұратын әйелдер мен құлдар жатады. Халық кеңесі толық құқықты азаматтар көп болса, оларды басқару қиынға түседі деп қорықты.
Халық кеңесімен қатар бес жүз адамнан тұратын кеңес жұмыс істеді. Оны бесжүздік деп атады. Олар халық кеңесінде қаралатын мәселелерді дайындады.
Сонымен қатар халық соты жұмыс істеді. Ол қылмыс жасаушыларды жазалап отырды.
Афиналық демократия Периклдің (б.з.д. 490-429) басшылық еткен дәуірінде гүлденіп өркендеді. Бұл уақыт афиналық демократияның алтын ғасыры болып саналады. Периклдің уақытында барлық билік мүмкіндігінше біркелкі бөлінді.
Демократия ежелгі Римде болған. Мұнда халықтық мінбе жұмыс істеді. Мұның құрамында ақсүйектер де, төменгі топ өкілдері де болған.
Бірақ бұл демократияның өрескел жақтары да болды. Азаматтық құқық барлық адамда болған жоқ , себебі қоғам адам өміріне араласты.
Антикалық демократиядан бастау алған классикалық демократияның өзгешелігі болады. Мұнда саясатқа барлық тап өкілдері қатыса алды. Олар өз көзқарастарын білдіріп, ортақ шешім қабылдады.
Иозеф Шумпетер (1883-1950) демократияның «Шумпетерлік» теориясын жасады. Шумпетердің ойынша, демократияның ойындағыдай жұмыс істеуі үшін төрт жағдай қажет:
1. Маңызды мемлекеттік қызметтерге сайлауға болатын айтарлықтай билікті, маман өкілдер тобы болуы тиіс.
2. Саяси органдар халық жақсы қабылдап, оларға өз көзқарастарын айта алатын шешімдер қабылдауы керек.
3. Жауапкершілікті толық сезінетін, қызмет орнының абыройын жоғары бағалайтын дайындығы бар жақсы ұйымдасқан бюрократия болуы керек.
4. Демократиялық өзін-өзі бақылау болғаны өте маңызды. Мұнда топ өкілдері қандай мәселе болмасын халық мүддесін бірінші қоюы керек