Топтардың тиiмдiлiгiн арттыру жолдары
Топтар келесi факторлардың ықпалына байланысты өз мақсаттарына барынша немесе мейлiнше тиiмдi жетуi мүмкiн:
1) көлем;
2) құрам;
3) топтық нормалар;
4) бiрлiк;
5) жанжалдылық;
6) мәртебе;
7) мүшелерiнiң функционалдық рөлдерi.
Негiзiнен топтың көлемi артқан сайын оның мүшелерi арасында қарым-қатынас күрделенiп, топтың қызметi және оның мiндеттерiн орындаумен байланысты сұрақтар бойынша келiсiмге келу барынша қиындай түседi. Топ көлемiнiң артуы, сондай-ақ үйлеспейтiн мақсаттардың пайда болуына әкелуi мүмкiн, топтың топшаларға бейресми бөлiну тенденциясын күшейтедi. Зерттеулер көрсеткенiндей, ең ұтымды топ 5-8 адамнан тұрады. Мұндай топтар саны жағынан аз немесе көп топтарға қарағанда әдетте барынша дәл шешiм қабылдайды. Бес адамнан тұратын топ мүшелерi жұмыспен барынша қанағаттанғандылық танытады.
Бұл жерде құрам астарында тұлғалар мен мәселелердi шешу кезiндегi олардың бiлдiретiн көзқарастарының ұқсастық дәрежесi ұғынылады. Сұрақты топтың талқысына салудың басты себебi оңтайлы шешiм табу үшiн түрлi көзқарастарды пайдалану болып табылады. Сондықтан да топ ұқсамайтын тұлғалардан тұрғаны жақсы деп есептеледi. Себебi бұл топ мүшелерiнiң көзқарасы ұқсас болғанға қарағанда тиiмдiрек болады.
Топ қабылдаған нормалар жекелеген тұлғалардың мiнез-құлқына күштi ықпал етедi. Нормалар топ мүшелерiне олардан қандай мiнез-құлық пен қандай жұмыс күтiлетiндiгiн бiлдiруге бағытталған. Жекелеген тұлғалар өз iс-әрекеттерiн осы нормалармен сәйкестендiрген жағдайда ғана топқа қатыстылыққа, оның тануы мен қолдауына сенiм арта алатындықтан нормалар осындай күштi ықпал етедi. Бұл әрi бейресми, әрi ресми ұйымдарға да қатысты.
Топтың бiрлiгi - бұл топ мүшелерiнiң бiр-бiрiне және топқа ұмтылу шамасы. Жоғары бiрiккен топ - бұл мүшелерi бiр-бiрiне күштi ұмтылыс сезетiн және өздерiн ұқсаспыз деп есептейтiн топ. Бiрiккен топ ұжымда жақсы жұмыс iстейтiндiктен, егер мақсаттары үйлессе бiрiгудiң жоғары деңгейi барлық ұйымның тиiмдiлiгiн арттыруы мүмкiн. Жоғары дәрежелi бiрiгудiң потенциалды терiс салдары топтық пiкiрлестiк болып табылады. Топтық пiкiрлестiк - бұл топтың үйлесiмдiгiн бұзбау үшiн жекелеген тұлғаның қайсыбiр құбылысқа өзiнiң iс жүзiндегi көзқарасын тұншықтыру тенденциясы.
Пiкiрлермен белсендi түрде алмасу пайдалы болса да, сондай-ақ ол, әрқашан қауiптi болатын, топ iшiндегi таластар мен ашық жанжалдың өзге де көрiнiстерiне әкелуi мүмкiн.
Қайсыбiр тұлғаның ұйымдағы немесе топтағы мәртебесi лауазымның деңгейi, бiлiмi, әлеуметтiк дарыны, жинақталған тәжiрибесi сияқты бiрқатар факторлармен анықталады. Бұл факторлар топтағы құндылықтар мен нормаларға байланысты мәртебенi арттыруы немесе төмендетуi мүмкiн.
Топ жұмысының тиiмдiлiгiн анықтайтын маңызды фактор оның әрбiр мүшесiнiң мiнез-құлқы болып табылады. Топ тиiмдi жұмыс iстеуi үшiн оның мүшелерi мақсатқа жету мен әлеуметтiк әрекеттестiкке мүмкiндiк туғызатындай түрде өздерiн ұстауы тиiс. Қалыпты жұмыс iстейтiн топты құруға арналған рөлдердiң екi негiзгi бағыты бар. Мақсатты рөлдер топтық мiндеттердi таңдап алып, оларды орындауға мүмкiндiк болатындай етiп бөлiнедi. Қолдаушы рөлдер топтың өмiрiн және қызметiн қолдау мен белсендi етуге мүмкiндiк туғызатын мiнез-құлықты бiлдiредi.
Тарау
Басшылық: билiк пен жеке ықпал
Билiк, ықпал, лидер
Топтар мен бейресми ұйымдар жеке адамның мiнез-құлқы мен ұйымның тиiмдiлiгiне күштi ықпал етуi мүмкiн. Iс жүзiндегi қарым-қатынас басшылық ұсынғанмен үйлеспесе де басшы топ пен жеке адамдардың талпыныстарын жалпы мiндеттi орындауға бағыттап отыруы тиiс. Осы мiндеттi жүзеге асырудың негiзгi механизмi - басшылық, сондай-ақ билiк пен жеке ықпалдың дербес, бiрақ тығыз байланысқан тұжырымдамалары. Ұйым басшысы - бұл бiр мезгiлде өз қарамағындағыларын тиiмдi басқаратын әрi лидер болып табылатын адам. Оның мақсаты - ұйым тапсырған жұмысты орындайтындай етiп, өзгелерге ықпал ету.
Лидерлiк дегеніміз - олардың тырысуларын ұйымның мақсатына жетуiне бағыттай отырып, жекелеген адамдар мен топтарға ықпал ету қабiлетi.
Ықпал - бұл өзге адамның мiнез-құлқына, қарым-қатынасына, сезiмiне және т.с.с. өзгерiс енгiзетiн бiр адамның кез келген мiнез-құлқы. Бiр тұлғаның өзге тұлғаға ықпал етуi мүмкiн нақты құралдары алуан түрлi болуы мүмкiн. Басшылар оларды болжау оңай болатындай және аталмыш идеяны жай қабылдауға ғана емес, iс-әрекетке, яғни ұйым мақсатына жету үшiн қажет iс жүзiнде еңбек етуге, бастайтындай тәсiлмен ықпал етуi тиiс. Өз лидерлiгi мен ықпалын тиiмдi етуi үшiн басшы билiктi дамытуы және қолдануы тиiс.
Билiк - бұл өзгелердiң мiнез-құлқына ықпал ету мүмкiндiгi. Құзырларға қоса басшыға билiк те қажет, себебi ол адамдарға тәуелдi. Ұйымның түрлi бөлiмшелерiнде басшы өзiнiң тiкелей бастығына, қарамағындағыларға және әрiптестерiне тәуелдi. Iс жүзiнде бұл топтар басшыны қоршаған ортаның бөлiгiн құрайды. Осы адамдардың көмегiнсiз басшы өз қызметiн тиiмдi жүзеге асыра алмайды. Көптеген басшылар сондай-ақ жабдықтаушылар, тапсырысшылар, бәсекелестер, олардың iс-әрекеттерiн реттеп отыратын ведомстволар сияқты өз ұйымынан тыс орналасқан адамдар мен ұйымдарға тiкелей тәуелдi.
Қайсыбiр адамның билiк деңгейi құзырларының деңгейiмен емес, өзге тұлғаға тәуелдiлiк дәрежесiмен анықталады. Өзге тұлғаға тәуелдiлiк қаншалықты көп болса, сол тұлғаның билiгi соншалықты жоғары. Мұны келесi формуламен көрсетуге болады: билiкке ие А тұлғасының Б тұлғасына ықпал ету деңгейi = Б тұлғасының А тұлғасына тәуелдiлiк дәрежесi.
Әдетте жалақыны арттыру, қызмет бойынша өсу, әлеуметтiк қажеттiлiктердi қанағаттандыру сияқты сұрақтар жөнiнен өз қарамағындағылары оған тәуелдi болатындықтан басшы оларға билiк етедi. Алайда кейбiр жағдайларда бағыныштылар да билiк етедi, себебi шешiм қабылдау үшiн керек ақпарат, басшыға көмегi қажет өзге бөлiмшелердегi адамдармен бейресми байланыс, қарамағындағылар өз әрiптестерiне жасай алатындай ықпал, қарамағындағылардың тапсырманы орындау қабiлетi сияқты сұрақтар бойынша басшы оларға тәуелдi. Белгiлi артистер мен спортсмендер жасасуы мүмкiн қолайлы келiсiм-шарттар бағыныштылардың басшыға билiк етуiнiң айқын мысалы бола алады.