ГСаяси элеуметтанудын пайда болуы мен дамуы
Леуметтану функциялары.
Әлеуметтану әлеуметтік шынайылықты зерделей отырып, біріншіден, әлеуметтік шынайылық туралы білімді қалыптастырумен, әлеуметтік дамудың процестерін сипаттаумен, түсіндірумен ж/е ұғынумен, әлеуметтанудың тұжырымдамалық аппаратын, әлеуметтану зерттеуінің әдістемесі мен әдістерін жасаумен байланысты ғылыми проблемаларды шешеді. Екіншіден, әлеуметтік шынайылықты түрлендірумен, әлеуметтік процестерге жоспарлы түрде, мақсат көздей отырып, ықпал етудің жолдары мен құралдарын талдаумен байланысты проблемаларды зерделейді. Осы екі қырын ескере отырып, неғұрлым маңызды міндет ретінде танымдық (дескриптивтік ж/е диагностикалық міндеттер) ж/е тәжірибелік (болжамдық, әлеуметтік жобалау мен құрастыру ж/е басқару) міндеттерін бөліп қарауға болады.
Танымдық функция, ең алдымен, әлеуметтік даму заңдылықтарын зерттеумен, әр түрлі әлеуметтік құбылыстар мен процестердің өзгеру үрдістерімен байланысты.
Теориялық-танымдық функцияны жүзеге асыру әлеуметтануға қоғамның мәні, оның құрылымы, заңдылықтары, негізгі бағыттары мен үрдістері, жолдары, оның қызмет атқаруының ж/е дамуының нысандары мен тетіктері туралы білімді кеңейтуге ж/е нақтылауға мүмкіндік береді.
Тәжірибелік функция әлеуметтанудың әр түрлі әлеуметтік процестерді басқарудың тиімділігін арттыру жөніндегі тәжірибелік ұсынымдар мен ұсыныстар жасауға ат салысуымен айқындалады.
Әлеуметтанудың тәжірибелік функциясы оның танымдық функциясымен тығыз байланысты. Әлеуметтанулық зерттеулер қоғамның түрлі салаларының даму заңдылықтарын ашып көрсете отырып, әлеуметтік процестерге пәрменді әлеуметтік бақылауды жүзеге асыру үшін қажетті нақты ақпарат береді. Әлеуметтанудың тәжірибелік функциялары ең алдымен қоғамның болашақ дамуына қатысты ғылыми негізделген болжамдар ұсынатындығынан көрініс табады.
Әлеуметтанудың болжамдық функциясы қоғамның әрбір әлеуметтік бөлімшесінің ғылыми негізделген даму келешегін саналы түрде жүзеге асыру шарттарын жасауға деген сұранысының көрінісі болып табылады. Әлеуметтік болжам адамдардың санасы мен олардың қызметіне болжамның кері әсерін ескеруге тиіс, ол оның “өз-өзінен жүзеге асуына” (немесе “өз-өзінен күйреуіне”) әкеп соғуы мүмкін.
Әлеуметтік жобалау - болашақ объектінің өлшем жүйесін немесе бар объектінің сапалық жаңа күйін ғылыми негіздеп құрастыру. Әлеуметтік жобалау жаңа әлеуметтік проблемаларды шешудің әр түрлі нұсқалары жасалынған кезде мақсатты көздей отырып, қызмет етудің құрамдас бөліктерінің бірі ретінде пайдаланылады ж/е басқарудың маңызды элементі ретіндегі нысаны болады. Әлеуметтанудың басқару функциясы - нақты қоғамдық проблемаларды шешу жөнінде ұсыныстар жасау.
Сонымен, әлеуметтанудың қолданбалы функциясы оның әлеуметтік өмірдің: тұтас қоғам мен шағын фирмалар ж/е отбасына дейінгі тәжірибелік проблемалары мен міндеттерін шешуге атсалысуын білдіреді. Бұған қолданбалы оқу пәндері арнайы бағытталған, бірақ бұл процеске әлеуметтану білімінің басқа да деңгейлері мен қабаттары жұмылдырылған. Мұндай атсалысудың бірнеше нысандары бар: қолданбалы зерттеу; әлеуметтану сараптамасы; әлеуметтанулық кеңес беру; стратегиялық әлеуметтанулық талдау.
5.Әлеуметтанудың санаттарымен ұғымдарын жіктеу.
Категориялар жүйесі - бұл ғылыми зерттеудің зерделенетін эмпирикалық объектілерді сипаттау ж/е түсіндіру үшін пайдаланатын маңызды құралы. Категориялар аппарат пен әлеуметтік жүйелерді талдау принциптері едәуір дәрежеде ғылым зерделенетін объектінің ішіне кіре ала ма, жоқ па, оларды талап етілгендей деңгейде толық көрсете ала ма, жоқ па, соны анықтайды.
Әлеуметтану категорияларының қатарында жалпы ғылыми, жалпы ұлттық ж/е арнайы категориялар бар. Жалпы ғылыми категориялар (құрылым, функциялар, процесс, механизм, элемент, байланыс, орнықтылық, құбылмалылық, заңдылықтар, даму ж/е т.с.с.) жалпы әдістеме тілінен алынған.
Әлеуметтанудың категорияларды мазмұны жағынан былай бөлінеді
- жалпыға ортақ категориялар (ғалам, ноосфера, қоғам, әлем), бұларды әлеуметтік ғылымдардың бірде-бірі, соның ішінде әлеуметтану да айналып өте алмайды. Бұл санаттар әлеуметтік болмысты дүние туралы әмбебап ж/е іргелі түсініктер деңгейінде ұғынуда пайдаланылады.
- сапа категориялары (өркениет, формация, мәдениет, тұрақты даму), олар дүниені игерудің дәрежесі мен деңгейін, олардың қызмет атқаруының ж/е қоғамдық, топтық ж/е жеке өмірді оңтайлы ұйымдастырудың тиімділігін көрсетеді
- объективтік категориялары (әлеуметтік қатынастар, әлеуметтік даму, әлеуметтік процестер, әлеуметтік құбылыстар мен институттар), бұлар адам өмір сүретін ж/е тіршілік ететін тарихи кезеңнің маңызы мен мазмұнын нақтылайды.
- субъективтік категориялары (сана, жеке тұлға, таптар, страттар), бұлар қоғам өміріндегі белсенді, шығармашылық, мүдделі бастаманы сипаттайды
- өзгеріс категориялары (басқару, реттеу, әлеуметтендіру, жаңарту, қақтығыс), бұлар түрлендірулердің механизмін, бағыттылығын, жүзеге асыру тәсілдері мен әдістерін сипаттайды.
Бұл категориялардың әлеуметтану үшін маңызы орасан зор. Біріншіден, олар әлеуметтану білімінің ерекшеліктеріне орай ортада болып жататын әмбебап процестер мен өзгерістерді әлеуметтану тұрғысынан тұжырымдалған түрде баяндауға мүмкіндік береді. Екіншіден, бұл категориялар әр алуан ақпарат ағындары үшін біріктіруші рөл атқарады, оны орталықтандырады, оларды әлеуметтік өмірдің негізгі, принципті мәселелері төңірегінде біріктіреді. Үшіншіден, категорялар коммуникациялар рөлін атқарады, онсыз бірлескен ж/е шығармашылық, ғылыми білімнің одан әрі дамуы мүмкін емес. Төртіншіден, бұл категориялар әлеуметтануды біртұтас өріс құра отырып, басқа әлеуметтік ғылымдармен жақындастырады, онсыз әлеуметтік ойдың дамуындағы эволюция мен прогресті елестету мүмкін емес.
Сөйтіп, әлеуметтану категориялары - қоғамдық өмір, әлеуметтік шынайылық туралы негізгі түсініктерді ұғыну мен жалпыландыру деңгейін сипаттайтын барынша әмбебап, іргелі ұғымдар, олардың априорлық маңызы бар ж/е тәжірибелік білімді жүйелеуге ж/е ұйымдастыруға көмектеседі.
Әрбір категория сонымен бірге ұғым да болып табылады, бірақ ұғым байланыстың жалпылама, әмбебап, іргелі нысандары, пікірдегі субъект пен объект арасындағы байланыс түрлері болып табылатын категориялардан туатындығына байланысты әрбір ұғым категория бола алмайды.
Ұғым - дүниені әлемнің оңтайлы, қисынды сатыларында бейнелеудің негізгі нысандарының бірі. Ұғым объектілерді жалпы ж/е ерекшелік белгілерін көрсете отырып, кейбір пәндік саладан бөліп алып саралайды.
Ұғымдар көлемінің арақатынасы негізінде әмбебап ж/е әмбебап емес болып бөлінеді. Әмбебап ұғымдар (мысалы, адам, қоғам, мәдениет) категориялармен сәйкес келеді, бұл олардың арасында белгілі бір қисындық байланыс орнатады.
Ұғымдар элементтерінің құрылымы б/ша көлемінің элементтері жеке алған объекті (мысалы, 1950 ж. туған адам) болып табылатын жинақталмайтын ұғымдар ж/е көлемінің элементтері біртұтас түрдегі объектілер жиынтығы (мысалы, мұраттастар тобы, саяси партия) болып табылатын жинақталатын ұғымдар деп бөлінеді.
Тұжырымдалатын объектілердің табиғаты б/ша ұғымдар нақты ж/е абстрактілі болып бөлінеді. Нақты ұғымдарда қандай да бір қасиет, белгі, сипаттама (мысалы, уәж) немесе жиын (мысалы, мүдделер) тұжырымдалады.
Мазмұны тұрғысынан ұғымдар салыстырмалы емес (объект өз-өзінен сипатталады, мысалы, ұстаным) ж/е салыстырмалы (объект басқа объектілерге қатынасы арқылы сипатталады, мысалы “білікті жұмысшы”) ретінде қарастырылуы мүмкін.
6.Қоғам жүйе ретінде
Қоғам ұғымы, әлеуметтанудың басты категорияларының бірі болып табылады.
Қоғам тұтас жүйе ретінде мынадай ішкі жүйелерден тұрады: экономикалық, әлеуметтік, саяси ж/е идеологиялық. Бұлардың әрқайсысын өз кезегінде жүйе ретінде қарастыруға болады. Бұл ішкі жүйелерді әлеуметтік жүйенің өзінен ажыратып қарау үшін оларды социетальдық деп атайды. Бұл жүйелер арасындағы өзара қарым-қатынаста себеп-салдар байланыстары басты рөл атқарады.
“Қоғам - адамдардың өз қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында өзара байланыстары мен өзара іс-әрекетінің тарихи қалыптасқан нысандарымен біріккен әрі тұрақтылығымен ж/е тұтастығымен, өзін-өзі байытуымен, жеткілікті болуымен, реттеп отыруымен ж/е өздігінен дамуымен, мәдени дамуының өзара байланыстары мен өзара іс-әрекетінің негізін құрайтын ерекше әлеуметтік нормалар мен құндылықтар көрініс табатын деңгейімен сипатталатын жиынтық”
Қоғам - өзінің жүйесін құраушы элементтері мен ерекше интегралдық қасиеттері бар сапасы жағынан әр түрлі әлеуметтік ішкі жүйелер жиынын қамтитын төтенше күрделі құрылым.
Қоғамды зерттей отырып, әлеуметтану ғылымы әлеуметтік байланыстар мен қарым-қатынастарды заң ж/е заңдылық деңгейінде зерттейді. Әлеуметтану заңдарында біреудің екінші біреумен, қандай да бір қауымдастықтың қоғаммен, жеке тұлғаның қоғаммен, әлеуметтік жүйелердің, процестердің, институттардың бір-бірімен ж/е қоғаммен байланыстары туралы сөз болады. Әлеуметтану заңдарын қоғам тудырады ж/е ол заңдар сол қоғамда қолданылады. Әлеуметтану заңдарының неғұрлым елеулі белгілері [4]:
Бірінші маңызды белгісі - қоғамның әлеуметтік жүйелерінің, оның қауымдастықтарының, институттарының, ұйымдарының жасампаздық күшін көрсететіндігі. Солар арқылы қоғамның ж/е оның құрамдас бөліктерінің оң ж/е теріс қызметі, әлеуметтік белсенділігі көрсетіледі. Кез келген әлеуметтік объект осындай іс-әрекет арқылы қоғамдағы қайшылықтарды, ескі ұғымдарды жеңіп, жаңаны нығайта отырып, болашаққа жол ашады.
Екінші белгісі - әлеуметтану заңдарының бір-бірімен өзара байланыстылығы, тәуелділігі. Қоғамдар арасында немесе қоғамның ішінде қандай деңгейде, қоғамның қандай бөлігінде қолданыста болатындығына қарамастан, әлеуметтану заңдары бірін-бірі өмірге келтіреді, бірін-бірі толықтырады, олардың қолданылу ж/е көріну механизмдерін жасайды.
Үшінші белгісі - жеке әлеуметтану заңдары арасындағы тұрақты өзара шарттылық пен бір-бірін толықтырып отыру. Олардың бірде-бірі екіншісінен оқшау бола алмайды. Қоғамның барлық құрамдас бөліктері, әсіресе әлеуметтік ішкі жүйелер, процестер, қауым-дастықтар, институттар, ұйымдар өзара байланыста, өзара шарттылықпен дамиды. Бұл олардың мән-мағыналы байланыстарының бір-біріне тәуелділігін айқындайды, олардың барлық қарым-қатынастарына жағдай туғызады. Қандай да бір әлеуметтану заңын басқаларынан оқшау қарастыруға тырысу тұтас әлеуметтік организмді біржақты қарауға әкеп соғады.
Төртінші белгісі - әлеуметтану заңдарының әлеуметтік табиғаты. Ол - әлеуметтік организмнің қозғаушы күші, ол қоғамдағы байланыстардың әлеуметтік ерекше сипатûí көрсетеді. Бұл оларға басқа ғылымдардың заңы бола алмайтын ерекшелік береді. Оларды тарихшылар, экономистер, заңгерлер өз ғылымдарының заңдарын зерттеу үшін әдістемелік алғышарттар ретінде пайдалана алады, бірақ өздерінің заң жүйесіне қоса алмайды. Әлеуметтану заңдары - әлеуметтану ғылымының теориялық негізі.
Бесінші белгісі - бұл әлеуметтану заңдарының субъективті жағы. Әлеуметтану заңдары субъективті жағдайды оларды саналы тіршілік иесі ашып, танып, қалыптастыратын болғандықтан ғана емес, сонымен бірге өздерінің табиғаты адамзаттың, адамның қызметі нәтижесінде туындап, дамитын болғандықтан да иеленеді.
7. «Әлеуметтік іс әрекет» ұғымы
“Әлеуметтік іс-әрекет” ұғымы - әлеуметтанудағы негізгі ұғымдардың бірі. Әлеуметтануда “әлеуметтік іс-әрекет” ұғымын алғаш рет енгізген ж/е ғылыми негіздеген М.Вебер болатын. М.Вебердің түсінігінше, әлеуметтік іс-әрекеттің кем дегенде екі ерекшелігі бар: біріншіден, ол оңтайлы, саналы түрде болуы, ал екіншіден басқа адамдардың мінез-құлқына бағытталуы қажет. Әлеуметтік іс-әрекеттің мұндай ұғымы б/ша адамдардың әлеуметтік емес, материалдық объектілерге бағытталған іс-әрекеттерін әлеуметтік іс-әрекеттер деп атауға болмайды. М.Вебер сипатты мысал келтіреді: екі велосипедшінің кездейсоқ соқтығысып қалуы қарапайым оқиға ғана бола алады, ал соқтығысты болдырмауға әрекеттену, соқтығыстан кейінгі ұрыс-төбелес немесе жанжалды бейбіт жолмен шешу - бұл әлеуметтік іс-әрекет. Алайда әлеуметтік ж/е әлеуметтік емес іс-әрекеттер арасында айқын шекара жүргізу өте қиын. Әлеуметтік іс-әрекеттің ажырамас белгісін құрайтын мінез-құлықтың саналылығын, оңтайлылығын анықтау одан да қиын. Әлеуметтік іс-әрекеттер азды-көпті айқын мақсатты көздейтін ішінара саналы іс-әрекеттер болып табылатыны көрініп тұр.
Әлеуметтік іс-әрекеттің анатомиясын сипаттай отырып, әлеуметтанушы-функционалистер көбіне оның мынадай негізгі элементтерін бөліп көрсетеді:
өздерінің қажеттіліктері ж/е соған орай мүдделері мен мақсаттары бар әрекет етуші (немесе әрекет етпейтін) жеке адам немесе адамдар тобы;
әрекет ететін нақты орта;
әрекет субъектісінің ортаның нақты шарттарына бағыт ұстауы, ол алға қойылған мақсатқа жетудің нақты жолдарын анықтауға мүмкіндік береді;
әрекет субъектісінің басқаларға, өз әрекетіне олардың жауап әрекетіне бағыт ұстауы.
Бұл ретте басқаларға бағыт ұстау жеке тұлғамен немесе саны азды-көпті тұлғалар тобымен, тіпті жалпы қоғаммен өзара байланысты ж/е өзара іс-әрекетті ескеруді көздейді.
Адамдардың немесе олардың топтарының тәуелділігі мен сәйкестігін көрсететін әлеуметтік іс-әрекет - әлеуметтік байланыс (өзара байланыс) болады. Ол мынадай негізгі элементтерді қамтиды: осы байланыстың субъектілері; байланыстардың мазмұнын сипаттайтын байланыс заты; байланысты жүзеге асыру тетігі ж/е оны саналы түрде реттеу. Әлеуметтік байланыстың әлеуметтік байланысу түріндегі ж/е әлеуметтік өзара іс-әрекет түріндегі әр түрлі нысандары көрсетілуі мүмкін.
8. «Әлеуметтік байланыс» ұғымы
Әлеуметтік байланыс - адамдардың өмірі мен қызметіне онша әсер етпейтін жалғыз немесе көп қайталанатын сыртқы, ат үсті, үстірт, көбінесе өткінші байланыстар. Кеңістіктік байланыстың, мүдделі ж/е алмасу байланыстарының ерекшелігі болады.
Кеңістіктік байланыстар: 1) жеке адамдардың қандай да бір іс-әрекетке қатысуы туралы ұйғарымның күшімен адамның мінез-құлқының өзгеруі мүмкін кеңістіктік байланысты; 2) жеке адамның мінез-құлқы басқа адамдардың жай бақылауының әсерінен өзгеретін кеңістіктік байланысты қамтиды.
Кеңістіктік байланыс - әлеуметтік өзара байланыстарды қалыптастырудың бастапқы ж/е қажетті буыны. Адамдардың қай жерде ж/е қанша екенін біле тұра, оның үстіне оларды жай бақылай отырып, адам өз қажеттіліктеріне қарай өзара байланыстарын дамытуға арналған объектіні таңдай алады.
Мүдделілік байланыстың мәні сол жеке адамның қажеттіліктеріне сәйкес келетін белгілі бір құндылықтары немесе белгілері болатын әлеуметтік объектіні таңдап алуында. Мүдделілік байланыстың пайда болу механизмін С.С.Фролов былайша сипаттайды: әрбір тұлғада өзін қоршаған болмыстың әр түрлі жақтарына қатысты уәждер жиыны болады. Бұл уәждер өткен тәжірибенің ж/е қазіргі қажеттіліктің нәтижесі болып табылады. Ж/е де бұл жағдайда уәж қажеттілікті қанағаттандыруға байланысты қызметке түрткі болу ретінде айтылады. Тұлғаның қажеттілігін қоршаған ортаның қандай да бір объектісімен қосқан сәтте уәж өзекті болады ж/е мүдде - тұлғаның қызмет мақсатын ұғынуға бағытталуын қамтамасыз ететін қажеттіліктің көріну нысаны пайда болады. Мұндай байланыстар бұдан да күрделі өзара байланыстардың пайда болуына жағдай жасайды.
Алмасу байланыстары әлеуметтік байланыстардың жеке адамдар басқа бір жеке адамдардың мінез-құлқын өзгертуге тырыспай-ақ құндылықтар алмасатын ерекшеліктің түрі болып табылады. Алмасудың қайталанатын байланыстары әлеуметтік байланыстардың алмасу затына емес, адамға байланысты неғұрлым күрделі түрінің пайда болуына әкеп соғуы мүмкін.
Әлеуметтік байланыстардың әрбір жеке адамның әлеуметтік байланыстар жүйесіндегі орнын, топтық мәртебесін, оның топтағы әлеуметтік рөл атқаруының ерекшеліктерін зерделеуде үлкен маңызы бар. Әлеуметтік байланыстардың саны мен бағыттылығын өлшеу әлеуметтік іс-әрекеттің құрылымы мен әлеуметтік қарым-қатынастардың сипатын анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар әлеуметтік байланыстар топ құрайтын процестердің негізі, әлеуметтік топтар құрудағы алғашқы қадам болып табылады.
9. «Әлеуметтік өзара іс қимылдар » ұғымы
Әлеуметтік өзара іс-қимылдар - бір субъектінің іс-қимылы басқалардың жауап іс-қимылының себебі мен салдары болатын өзара шартты әлеуметтік әрекеттер жүйесі Әлеуметтік өзара іс-қимылдың объективті ж/е субъективті жақтары болады. Өзара іс-қимылдың объективті жағы - жекелеген тұлғаларға тәуелсіз, бірақ олардың өзара іс-қимылының мазмұны мен сипатын көрсететін ж/е бақылайтын байланыстар. Өзара іс-қимылдың субъективті жағы - жеке адамдардың тиісті мінез-құлықтың өзара экспектациясына (күтілуіне) негізделген бір-біріне саналы қарым-қатынасы. Бұл орын мен уақыттың нақты жағдайында жеке адамдар арасында қалыптасатын тікелей байланыстар мен қарым-қатынастардан тұратын әлеуметтік-психологиялық қарым-қатынастар.
Әлеуметтік өзара іс қимыл механизмі мыналарды:
қандай да бір іс-қимыл жасаушы жеке адамдарды;
осы іс-қимылдардан туындайтын сыртқы дүниедегі өзгерістерді;
бұл өзгерістердің басқа жеке адамдарға әсерін;
ықпал етілген жеке адамдардың жауап әрекетін қамтиды
Әлеуметтік өзара іс-қимылдар әр түрлі негіздемелер б/ша жіктелуі мүмкін. П.А.Сорокин оларды былай жіктейді:
1) өзара іс-қимыл субъектілерінің саны б/ша - екі адамның бір-бірімен; бір адам мен көп адамның; көп адамдардың көп адамдармен өзара іс-қимылы;
2) іс-қимыл субъектілерінің өзара қарым-қатынасының сипаты б/ша - бір жақты ж/е екі жақты, сондай-ақ ынтымақтас ж/е бітіспес;
3) өзінің ұзақтығы б/ша - қысқа мерзімді ж/е ұзақ мерзімді;
4) ұйымшылдықтың бар-жоғына байланысты - ұйымдасқан (мысалы, отбасы, партия, мемлекет) ж/е ұйымдаспаған (мысалы, тобыр);
5) өзара іс-қимылдың саналылығы б/ша - саналы ж/е санасыз;
6) алмасу процесіндегі алмасу “материясы” б/ша – интеллектуалды, (идеялы) сезімді (қызбалы) ж/е ерік-жігерлі. Тікелей ж/е жанама іс-қимылдар да әлеуметтік өзара іс-қимылдардың маңызды бөлігі болып табылады.
Іс-қимылдың сондай-ақ екі жалпы түрі бар: ынтымақтастық ж/е бақталастық (кейде бәсекелестік деп атайды). Ынтымақтастық жеке адамдардың іс-әрекеті екі жаққа да тиімді ортақ мақсаттарға қол жеткізуге бағытталған өзара байланысты әрекеттерді білдіреді. Бақталастық негізіндегі іс-қимыл бірдей мақсатқа ұмтылған бәсекелесін шеттетуге, одан озуға немесе оны басып тастауға ұмтылыстарды қамтиды.
10. «Әлеуметтік қарым қатынастар » ұғымы
Әлеуметтік қарым-қатынастар - жеке адамдардың ж/е қоғамдық құрылымдардағы әлеуметтік мәртебелері мен рөлдері б/ша айырмасы болатын сапасы әр түрлі қызмет түрлерін тұрақты атқарушылар ретінде әлеуметтік топтар арасындағы салыстырмалы орнықты байланыстар. “Әлеуметтік қарым-қатынастар” ұғымының мынадай белгілері болады:
адамдардың қоғамдық өмірінде туындайтын барлық өзара іс-қимылдары;
адамдардың экономикалық, саяси ж/е рухани-мәдени қарым-қатынастар шеңберінен шығып кететін, олармен қатарласа жүретін ж/е салыстырмалы түрде олардан бөлек болатын өзара іс-қимылдары;
қоғамның үлкен топтарының - таптарының, этностарының, әр түрлі елдер мен аймақтар халықтарының арасындағы қарым-қатынастар;
барлық әлеуметтік топтар арасындағы, соның ішінде кіші топтар - отбасылар, еңбек ұжымдары, көршілер қауымы, дос-жарандар ж/е т.с.с. арасындағы қарым-қатынастар;
адамдардың ж/е олардың азаматтық қоғамды, яғни қоғамдық өмірдің мемлекет пен бизнес реттемейтін саласын құрайтын топтарының іс-қимылы;
адамдардың бір-бірімен бірлескен қызметінде пайда болатын тікелей байланысты (бетпе-бет) ж/е жанама (сырттай) сипаты бар іс-қимылдары;
жеке адамдардың өмірдің шағын ортасын құрайтын өзара байланыстары;
қоғамдағы адамдар мен олардың топтарының өзара іс-қимылының өзге де жақтары мен қырлары.
11. Қоғам құрылымындағы тұлға
Әлеуметтік өзара іс-қимылдар мен қарым-қатынастардың ұйытқысы жеке тұлға болып табылады. Адам тұлғасын зерделегенде оның көріністерін мынадай деңгейлерге бөлу қалыптасқан:
табиғи деңгей - адамның өзінде бар ж/е оған басқа адамдардың ықпалынсыз дамитын деңгей;
биологиялық деңгей - шығу тегі б/ша ортақ болуы, бүл орайда адамның жануармен ұқсас болуы міндетті емес;
мұрагерлік деңгей - ата-аналарының тектік қорының негізінде тіршілік етіп дамитын деңгей; ол биологиялық (бірақ биологиялықтың бәрі мұрагерлік емес);
әлеуметтік деңгей - адамның әлеуметтену, басқа адамдармен араласуы мен өзара іс-қимылы барысындағы деңгей.
Әлеуметтік көрініс кең мағынасында үш құрамдас бөліктен тұрады
- өзіндік әлеуметтік - өзінің әлеуметтік рөлдерін қалыпты атқаруға қажет деген белгілер жиынтығы;
- ерекшеленген мәдени - автоматты түрде сақталатын, жеке адамның ажырамас белгісіне айналған ж/е басқалардың оны тәрбиелі деп санауына мүмкіндік беретін әдептілік мінез-құлық нормалары мен ережелерінің жиынтығы;
- ізгі - адамдағы әдеп нормаларын ең жоғары талаптар ретінде сақтауға байланысты әлеуметтік ж/е мәдени бастамалардың жарқын көрінісі.
Бұлайша тәптіштеу “адам”, “жеке адам” ж/е “тұлға” ұғымдарының аражігін ажырату үшін қажет. “Адам” ұғымы жалпыға ортақ, ол барлық адамдарға тән сапалар мен қасиеттерді сипаттау үшін пайдаланылады. Бұл ұғым дүниеде өзіне ғана тән тіршілік ету тәсілімен басқа барлық материалдық жүйелерден өзгеше адам әулеті, адамзат сияқты ерекше тарихи дамушы қауымдастықтың бар екенін көрсетеді. Осынау тіршілік ету тәсілінің арқасында адам тарих дамуының барлық сатысында, жер шарының барлық нүктелерінде адам баласы болып қалады, онтологиялық мәртебесін сақтайды.
Бірақ адамзат өз бетінше өмір сүрмейді. Өмір сүретін де, әрекет ететін де нақты адамдар. Адамзаттың жеке өкілдерінің өмір сүруі «жеке адам» деген ұғыммен көрсетіледі. Жеке адам - адамзаттың жеке дара өкілі, оның барлық әлеуметтік ж/е психологиялық белгілерінің: ақыл-ойының, ерік-жігерінің, қажеттіліктерінің, мүдделер ж/е т.б. иесі. “Жеке адам” ұғымы бұл арада “нақты адам” мағынасында қолданылады.
Адамның жеке басының ж/е тарихи дамуының түрлі деңгейлеріндегі нақты-тарихи даму ерекшеліктерін көрсету үшін “жеке адам” ұғымымен қатар “тұлға” ұғымы пайдаланылады. Тұлға – жеке адам дамуының нәтижесі, оның барлық адамдық қасиеттерінің неғұрлым толық жүзеге асуы.
Тұлға бірқатар гуманитарлық ғылымдардың зерттеу объектісі болып табылады. Философия тұлғаны дүниеде қызмет ету, таным ж/е шығармашылық субъектісі ретінде қарастырады. Психология тұлғаны психикалық процестердің, қасиеттердің ж/е қарым-қатынастардың: темпераменттің, мінездің, қабілеттің, ерік-жігердің ж/е т.б. орнықты тұтастығы ретінде зерттейді. Әлеуметтану көзқарасы тұлғаның әлеуметтік-типтік белгісін бөліп қарайды.
12. «Әлеуметтану», «Әлеуметсіздендіру» ж/е «қайта әлеумкттендіру» ұғымдары.
Әлеуметтануды бірінші кезекте ортақ мәселе қызықтыратын болғандықтан, жеке адамға қатысты әлеуметтанудың түбегейлі проблемаларының бірі - әлеуметтену процесі болып табылады. “Әлеуметтену” ұғымы жалпылама түрде жеке адамның әлеуметтік топ пен жалпы қоғамға тән мәдениет ұғымына кіретін ж/е жеке адамның қоғамдық қарым-қатынастардың белсенді субъектісі ретінде қызмет атқаруына мүмкіндік беретін белгілі бір білім, норма, құндылық, ұстаным, мінез үлгілері жүйелерін меңгеруі процесін сипаттайды.
Әлеуметтенуден бейімделуді (жаңа шарттарға үйренудің уақыт б/ша шектелген процесі), оқытуды (жаңа білім алу), тәрбиені (әлеуметтендірудің агенттері мен институттарының жеке адамның рухани аясы мен мінез-құлқына мақсатты түрде ықпал етуі), есеюді (адамның 10 жастан 20 жасқа дейінгі кезеңде әлеуметтік психологиялық қалыптасуы) ж/е ержетуді (адам организмінің жеткіншектік ж/е жастық шағындағы нығаюының физикалық-физиологиялық процесі) ажырата білу қажет.
Әлеуметтену процесі негізгі өмір тізбектері деп аталатын сатылардан өтеді. Бұл балалық, жастық, ересектік ж/е қарттық шақ. Әлеуметтену процесін нәтижеге жетуі немесе аяқталуы б/ша балалық пен жастық кезеңдерді қамтитын бастапқы, немесе ерте әлеуметтенуге ж/е басқа екі кезеңді қамтитын жалғасқан әлеуметтенуге бөлуге болады. Өмір тізбектері әлеуметтік рөлдердің алмасуымен, жаңа мәртебеге ие болумен, зиянды әдеттерден, айналасындағылардан, достық байланыстардан бас тартумен, өмір салтын өзгертумен байланысты. Ескі құндылықтарды, нормаларды, рөлдер мен мінез-құлық ережелерін ұмыту кері әлеуметтену деп аталады. Содан кейінгі ескі құндылықтардың орнына жаңа құндылықтарға, нормаларға, рөлдер мен мінез-құлық ережелеріне үйрену қайта әлеуметтену деп аталады.
13. Дивианттық мінез құлық ұғымы
Егер де әлеуметтену процесінде адамның тұлғасы дамитын болса, онда ол адам үшін сәтті әлеуметтену болады. Әлеуметтену кемшілігінің көрініс табуы девианттық мінез-құлық болып табылады. “Девианттық мінез-құлық” ұғымы мазмұнының үш қырын бөліп қарауға болады - біріншіден, девиация деп нормадан кез келген ауытқуды, тіпті прогрессивтік ауытқуды айтуға болады. Екіншіден, дәстүр б/ша девианттық деп әлеуметтік “жамандықтың” жағымсыз көрінісі ретіндегі девиацияны айтады. Үшіншіден, неғұрлым тар ұғымында девианттық мінез-құлық деп қылмыстық жазалауға соқтырмайтын, басқаша айтқанда, құқыққа қайшы болмайтын ауытқуларды айтады
Девианттық мінез-құлықтың өзіне тән белгісі мәдени релятивизм болып табылады: мәселен бір іс-әрекет бір қоғамда дұрыс саналуы, ал басқа қоғамда - әлеуметтік патология ретінде қарастырылуы мүмкін. Бұған әр түрлі халықтардың отбасы құқығы мен отбасылық дәстүрлерінен, әдет-ғұрыптарынан көптеген мысалдар келтіруге болар еді. Егер де Голландия, Швеция, Норвегия сияқты елдерде гомосексуалдық некелерге рұқсат етіп, мұндай жұптардың бала асырап алу құқығын мемлекет қамтамасыз ететін болса, көптеген елдерде сияқты біздің Қазақстан қоғамында да мұндай жағдай қоғамдық мораль тұрғысынан да, заңнама тұрғысынан да мүмкін емес. Тіпті біртұтас заңнама қолданылатын, бірақ тұрмыста әр түрлі салт-дәстүрлерді ұстанатын халықтар тұратын, әсіресе бұл салт-дәстүрлер діни нормалармен сақталатын бір мемлекеттің өзінде қиындықтар пайда болады. Мысалы, Қ/дағы азаматтық құқық б/ша бір некелілік талаптары мен ислам мойындайтын көп әйел алу дәстүрі арасындағы қақтығыс осындай. Мәдени релятивизм екі түрлі қоғамның ғана емес, сондай-ақ бір қоғамның ішіндегі екі немесе бірнеше үлкен әлеуметтік топтардың салыстырмалы сипаттамасы бола алады. Мұндай топтардың мысалы - саяси партиялар, үкімет, әлеуметтік тап немесе топ, діндарлар, жастар мен жеткіншектер, әйелдер, аз ұлттар.
Девианттық мінез-құлықтың әлеуметтанудағы түсіндірілуі объективті әлеуметтік бағыттылықты ж/е тұлғаның, әлеуметтік топтардың, қауымдастықтар мен тұтас қоғамның қызмет атқаруы ж/е дамуы тұрғысынан алғандағы мінез-құлқының қоғамдық нәтижелері сияқты көрсеткіштерді, мінез-құлықтың әлеуметтік құндылықтар мен нормаларға сәйкестігін, қоғамдық пікірге берілген бағалар мен әлеуметтік санкцияларды қамтиды.
14. «Әлеуметтік бақылау ұғымы»
“Әлеуметтік бақылау” - терминін айналымға алғаш рет енгізген Г.Тард оны бастапқыда қылмыскердің қоғамдық қызметке қайта оралуының құралы ретінде қарастырған болатын Шет ел әлеуметтанушылары Ф.Знанецкийдің, Р.Лапьердің, Д.Мартиндейлдің, У.Томастың еңбектерінде әлеуметтік бақылау проблемасы әуел бастан индивидтердің мінез-құлқындағы қоғам үшін қажеті жоқ ауытқуларды жою проблемасымен ж/е мінез-құлықты реттеу құралын жасаумен жалғасқан болатын. Әлеуметтік бақылау проблемасын бұл әлеуметтанушылар әлеуметтік институттар жүзеге асыратын оңтайлы, әлеуметтік ықпалдар ж/е адамдардың мінез-құлқын сол әлеуметтік жүйенің қарым-қатынастарын реттейтін нормаларға бейімдеу мақсатында ауытқуларды жөндейтін өзгерістер деп түсінді Әлеуметтік бақылау теориясын Э.Росс пен Р.Парк жасаған. Э.Росстың пікірінше, әлеуметтік бақылау дегеніміз “салауатты” әлеуметтік тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында қоғамның жеке адамның мінез-құлқына мақсатты ықпал етуі. Р.Парк әлеуметтік бақылауды әлеуметтік күштер мен адам табиғаты арасындағы белгілі бір арақатынасты қамтамасыз ететін құрал деп түсінеді. Ол әлеуметтік бақылаудың үш нысанын бөліп қарайды: 1) қарапайым (мәжбүрлеуші) санкциялар; 2) қоғамдық пікір; 3) әлеуметтік институттар
Т.Парсонс әлеуметтік бақылау проблемаларына ж/е әлеуметтік жүйенің орнықтылығы мен ықпалдасушылығын қамтамасыз ету құралдары ретіндегі нормаларға ерекше назар аударған. Ол әлеуметтік бақылаудың үш құралын бөліп қараған:
1. Оқшаулау нормаларды бұзушыға (девиантқа) қатысты қолданылады ж/е оны жөндеуді көздемейді. Мұндай әдіспен түзелмейді делінген қылмыскерлерге ықпал жасалады.
2. Шеттету құқық бұзушының байланыстарын шектеумен байланысты, бірақ оны қоғамнан толық оқшаулауды көздемейді. Бұл оған өзінің қоғам нормалары мен заңдарын ұстануға дайындығы мен қабілетін байқаған кезде қоғамға қайтып оралуына мүмкіндік береді.
3. Құқық бұзушыны жөндеу, оны қалыпты өмірге ж/е өзінің әлеуметтік рөлін атқаруға қайта оралуына дайындау. Көптеген түзету орындарында, психиатиярлық емханаларда оңалту бағдарламалары кеңінен қолданылады, ал әлеуметтік қызметкерлер әлеуметтік қамсыздандыру органдарында, түрлі қоғамдық ұйымдарда ынтымақтаса отырып, құқық бұзушыларды оңалтумен айналысуда. Бұл ұйымдардың полициядан, соттан, бас еркінен айыру орындарынан айырмашылығы, девианттық мінез-құлықты қаскүнемдік жауыз ниет емес, әлеуметтік сәтсіздік, өзінің еңбек ж/е өзге қабілеттерін қолдана алмау проблемасы ретінде қарауға бейім, әрқашан құқықтық санкцияларды емес, қолдауды, жанашырлықты, мейірімділікті, көбінесе емдеуді талап етеді. Сондықтан олар әлеуметтік-психологиялық, медициналық ж/е өзге алдын алу шараларына, тұлғаға әлеуметтік көмек көрсетуге бағытталған.
15. «Әлеуметтік рөл» ж/е «әлеуметтік мәртебе» ұғымы
Әлеуметтік мәртебе деп адамның топтағы немесе қоғамдағы ұстанымын, жағдайын айтады. Әлеуметтік мәртебе жеке адамның жан-жақты ж/е сонымен бірге жалпылама сипаттамасын: кәсібін, біліктілігін,атқаратын жұмысының сипатын, лауазымын, материалдық жағдайын, саяси ықпалын, іскерлік байланыстарын, ұлтын, дінін, жасын, отбасылық жағдайын, туыстық байланыстарын қамтиды. Әлеуметтік мәртебе 2-ге бөлінеді:белгіленген ж/е қол жететін.
Тұлғаның күш жігері мен сіңірген еңбегінен тыс қоғам тарапынан, белгіленген мәртебе этникалық шығу тегі, туған жері, жынысы мен жасы, отбасы факторларымен байланысты. Қол жеткен мәртебе адамның өзінің күш жұмсауымен анықталады. Бір адам иеленген барлық мәртебелер жиынтығын мәртебелік жиынтық деп атайды. Бір адамда әлеуметтік мәртебе ж/е жеке басының мәртебесі болуы мүмкін. Жеке басының мәртебесі – адамның өз айналасында ие болған позициясы, оған туысқандарының, әріптестерінің, достарының берген бағасы.Ал әлеуметтік мәртебесі – ауқымды әлеуметтік қауымдастықтағы позициясы. Қоғамның пікірде басқаларға қарағанда көбірек бағаланатын мәртебелер мен әлеуметтік топтардың иерархиясы жасалып, қолдау табады, бірақ ешбір құжатта белгіленбейді. Мұндай иерархиядағы орын дәреже деп аталады.
Қоғамның адамға қоятын талаптарының жиынтығы нақты әлеуметтік мәртебемен байланысты. Әлеуметтік жүйеде берілген мәртебені иеленетін адамның орындайтын іс-әрекеттерінің жиынтығы әлеуметтік рөлдің мазмұнын білдіреді. Әлеуметтік рөлдер теориясында екі негізгі көзқарас көрсетілген. Рөл ұғымының өзін ең алғаш жүйелі түрде 1930-жылдың бас кезінде символикалық интеракционизм теориясының негізін салушы Дж.Г.Мид қолданған.
Рөлдің нормативтік құрылымында 4 элемент ерекшеленеді:
- осы рөлге сәйкес келетін мінез-құлықтың түрін сипаттау
- осы мінез-құлықпен байланысты ұйғарымдар
- ұйғарылған рөлдің орындалуын бағалау
- санкция-әлеуметтік жүйе талаптары шеңберіндегі қандай да бір әрекеттің әлеуметтік салдарлары.
Парсонс негізгі 5 өлшемді бөліп көрсеткен, олардың көмегімен кез келген рөлді сипаттауға болады:
- Эмоционалдық деңгей
- алу тәсілі
- Көлем
- ресмилендіру деңгейі
- Уәждеу.
16. Әлеуметтік стратификация
Әлеуметтік қауымдастықтар теңсіздігі жүйесін сипаттау үшін әлеуметтануда «әлеуметтік стратификация» ұғымы пайдаланылады. «Стратификация » терминінің өзі әлеуметтануға геологиядан келген. Ағылшын тілінде геологиялық қабат деген , қабатталу, қатталу деген ұғымды береді. Әлеуметтанушылар әлеуметтік теңсіздікті белсенді түрде зерттей бастаған кезде осы терминді алған, сөйтіп ол жаңа мағынаға, қоғамды белгілі бір топтарға бөлу мағынасына ие болған.
«Әлеуметтік стратификация» ұғымының теориялық-әдістемелік негізін жасауға елеулі үлес қосқан Вебердің, Маркстің, Сорокиннің Барбердің еңбектері, Парсонстың функционалдық мектебіне жататын әлеуметтанушы ғалымдардың жұмыстары болып табылады. Сорокиннің стратификация теориясы жалпы қоғамды әр түрлі әлеуметтік топтарға бөлу принциптерін сипаттайтын неғұрлым салмақты тұжырымдамалардың бірі болып табылады. Энтони Гидденс стратификация - әр түрлі топтардың , адамдардың арасындағы құрылымдалған теңсіздік ретінде анықталуы мүмкін деп есептейді. Американдық әлеуметтану сөздігінде мынадай анықтама берілген: «Адамдар теңсіздіктің қандай да бір өлшемімен иерархиялық ұйымдастырылған қатарға тізілгенде әлеуметтік жіктелу әлеуметтік стратификацияға айналады». Болгар социологы Чавдар Кюранов «Әлеуметтік стратификация тұтас қоғамдық құрылымдағы көлденең топтар жүйесін білдіреді»деп санайды. Нейл Смелзер «стратификация теңсіздіктің бір ұрпақтан бір ұрпаққа берілуіне көмектесетін тәсілдермен байланысты; бұл ретте қоғамның әр түрлі топтары пайда болады» деген ұйғарым жасайды.
17. Әлеуметтік тап
Әлеуметтік тап - әлеуметтік стратификация теориясындағы ірі таксонометриялық талдау бірлігі. Бұл ұғым стратификация теориясынан бұрын пайда болған. Әлеуметтік құрылымды талдаудың маңызды принципі таптық көзқарас болып табылады. Тап ұғымы – айтарлықтай ірі «көлемді» талдамалық бірлік, ол қоғамдағы елеулі, шегіне жеткен жалпы өзгерістерді зерделеуге арналған ж/е қазіргі заманғы қоғамдағы «ғаламдық» өзгерістерді зерттеуге арналмаған.
Барлық әлеуметтік құбылыстардың дамуындағы экономиканың негіз қалаушы рөлі туралы өзінің негізгі тезисін ұстана отырып, Маркс таптардың барлық негізгі сипаттамаларына сүйеніп, өзінің әлеуметтік қабаттану үлгісінің негізіне өндірістік қатынастарды алған. Маркстік тап меншікке қатысты берілген, ал У.Уорнер тапты әлеуметтік беделі б/ша, яғни осы қоғамдағы оның мүшелеріне қатысты бөледі. Уорнер бөліп қаралған страталарды «әлеуметтік тап деп атаған». Уорнер «тап» ұғымының анықтамасын береді: «Тап дегенді әлеуметтік жағынан неғұрлым жоғары немесе төмен жағдайда болады деп ұйғарылатын ж/е сол қоғамның мүшелері оларды тура осылай дәрежелейтін адамдардың екі немесе одан да көп жіктері деп түсінген жөн. ». Осы таптың мүшелері жұбайларын өз табының ішінен таңдауға тырысады, бірақ та қоғамның құндылықтары жоғары не төмен орналасқан топтан жұбай таңдауға жол береді. Сонымен таптық жүйе балалардың ата-аналары жеткен мәртебеге ие болатынына кепілдік береді. Таптық қоғам құқықтыа мен артықшылықтарды, сондай-ақ борыштар мен міндеттерді неғұрлым жоғары ж/е неғұрлым төмен жағдайларға қатысты бірқалыпты бөлмейді. Таптық жүйенің касталықтан айырмашылығы, ол әлеуметтік саты б/ша жоғары ж/е төмен қозғалыстарды құндылық деп қарастырады.
18. Әлеуметтік икемділік
Әлеуметтік икемділік – бұл әлеуметтік мәртебелер жүйесінде адамның жағдайының өзгеруіне байланысты әлеуметтік стратификациялар механизмі. Адам туылғанда аскриптивті немесе туа берілген мәртебе деп аталатын өзінің ата-аналарының мәртебесін алады. Ата-аналары, туыстары ж/е отбасына жақын адамдар баланың бойына өздерінің мінез-құлық нормаларын, тиісті ж/е мерейлі нәрселер туралы түсініктерін сіңіреді. Алайда, адам өзі қызметінің белсенді кезеңінде бұл қабаттағы жағдайына қанағаттанбауы, одан да зорына ұмтылуы ж/е қол жеткізуі мүмкін. Егер де адамның мәртебесі неғұрлым жақсы мәртебеге өзгерсе, онда жоғарылауға икемді орын алды деуге болады. Алайда адам өмірде кездесіп тұратын қауіп салдарынан төменгі мәртебелер тобына өтуі де мүмкін – бұл кезде төмендеуге икемділік орын алады. Зерттеушілер әлеуметтік икемділіктің барлық түрлерін бөліп қарауға мүмкіндік беретін статистикалық рәсімдер мен көрсеткіштер жүйесін пайдаланады. Тігінен орын ауыстырулардан басқа көлденеңінен орын ауыстырулар болады, ол табиғи икемділіктен ж/е аумақтық икемділіктен құралады.
Санасы, мінез-құлқы мен мәртебесі түйісіп отыратын, аралық жағдайда ж/е көбіне қандай да бір себептермен өзара әрекеттес әлеуметтік топтардың біріне ұзақ уақыт бойы бейімделе алмайтын немесе бейімделгісі келмейтін адамдардың, қандай да бір әлеуметтік топтар өкілдерінің жиынтығы маргиналдар деп аталады. Олардың мәртебесінің шығу тобы мен басымдық танытушы топ арасындағы шекаралық, аралық сипаты болады, сондықтан бір жақты өзін-өзі сәйкестендіруге келмейді. Б.Барбер икемділікке қатысты қоғамда үстемдік ететін институцияланған нормалар алты мағынада стратификациялық құрылымның өздігінен тәуелсіз өлшемі бола алмайтындықтан, осы қоғамда жасалып жатқан икемділіктің көлемі мен дәрежесіне маңызды тәуелсіз ықпал ете алмады деп есептейді.
19. Бернард Барбер б/ша батыс қоғамы әлеуметтік стратификацияның әр түрлі алты өлшемін бөліп көрсет
Бернард Барбер мәселені ежелгі дүниеден біздің заманымызға дейінгі тарихи тұрғыдан қарай отырып, батыс қоғамы әлеуметтік стратификациясының әр түрлі алты өлшемін бөліп қараған.
1. Кәсіп рөлі. Отағасы – барлық қоғамда да өзінің азды-көпті толық жұмыс уақытын арнайтын «өндіруші» рөлде қоғамға қосатын функционалдық үлесі тұрғысынан жіктеліп бағаланып келген. Осы сияқты рөлдер әрқашан олардың функционалдық үлесінің шамасы б/ша әр түрлі болады, тиісінше сараланып бағаланады, яғни әр түрлі беделге ие болады.
2. Билік пен күш-қуат деңгейі б/ша дәрежелеу. Билікті әлеуметтік жүйелерде мақсатқа жетудің заңды қабілеті деп, ал күш-қуатты оның заңсыз ұқсастығы деп анықтауға болады. Кез келген қоғамда кейбір рөлдер басқа рөлдерге қарағанда үлкен билік пен күш-қуатты қамтиды, нәтижесінде олардың құрылымдары осы өлшем б/ша стратификацияланады.
3. Кіріс немесе байлық. Қоғамдағы әр түрлі кәсіптік рөлдердің пайда табу мен байлық жинауға қабілеттері әр түрлі болады, отбасылық байланыстарға орай мұраға ие болу жолымен байлыққа ие болу мүмкіншіліктері де дәл осындай әр түрлі.Кейбір рөлдер жоғары бедел мен билікке ие, ал табысы-төмен, немесе , керісінше, әлеуметтік беделі онша жоғары емес.
4. Білім беру немесе білім алу. Адамдардың қоғамда оқу-білімге ж/е білім алуға әрқашан қолдары бірдей жете бермейді, мұның олардың өздеріне туғаннан берілген әртүрлі рөлдерін атқаруы үшін ғана емес, бір рөлден екінші рөлге өту мүмкіншілігі үшін де маңызы зор.
5. Діни немесе салттық тазалық. Қандай да бір қоғамдағы үстемдік ететін функционалдық маңызды діни идеялар санатына адамдар азды-көпті дәрежеде жоғары бағаланатын діни немесе салттық тазалыққа ие болуы мүмкін.
6. Туыстық ж/е этникалық топтар б/ша дәрежелеу. Туыстық ж/е этникалық топтар барлық қоғам үшін ж/е өздері өмір сүретін жергілікті қауымдастықтардағы өздерінің функцияларын қалай орындайтындықтары тұрғысында әр түрлі, атап айтқанда, олардың кәсіптік беделінен, билік пен күш-қуаты дәрежесінен, табысы мен байлығы деңгейінен бөлек туыстық ж/е этникалық топтар ретінде бағаланады.
20. Әлеуметтік қауымдастық ж/е әлеуметтік топ
Әлеуметтік топтар мен әлеуметтік қауымдастықтар қоғамның әлеуметтік құрылымының маңызды элементтері болып табылады. Әлеуметтік қауымдастық – салыстырмалы тұтастығымен ерекшеленетін ж/е әлеуметтік іс-әрекеттің дербес субъектісі болып табылатын өмірде бар, эмпирикалық белгіленетін жеке адамдардың жиынтығы. Белгілерінің күрделі жиынтығы барлық қауымдастықтарды неғұрлым кең ауқымды екі ішкі тапқа, бұқаралық ж/е таптық қауымдастықтарға бөлуге мүмкіндік береді. Әлеуметтік қауымдастықтардың бір маңызды түрі әлеуметтік топтар болып табылады. Әлеуметтік топтар бұқаралық қауымдастықтардан өзгеше: - олардың кеңістікте ж/е уақытта өмір сүруінің беріктігі мен тұрақтылығына жағдай туғызатын орнықты өзара іс-әрекеттермен; - салыстырмалы түрде алғанда жоғары топтасу дәрежесімен; - құрылымдық құралым ретінде неғұрлым қалың қауымдастықтарға кіруімен сипатталады. Әлеуметтік топтар өзінің шамасы, саны б/ша шағын(2-15 адамға дейін) ж/е үлкен болып бөлінеді.Шағын әлеуметтік топты ажырату белгілері: - құрам санының аздығы; - мүшелерінің кеңістіктегі жақындығы; - өмір сүру ұзақтығы; - топқа кірудің еріктілігі.
Сонымен қатар топтар ресми ж/е бейресми болып бөлінеді.Бейресми топтар ресмиден тыс (ресми топтардың шеңберінде қалыптасатын) ж/е әлеуметтік-психологиялық (кез келген жерде пайда болатын) болып бөлінеді.Шағын топтар бастауыш ж/е екінші деп бөлінеді.Жеке адам үшін бастауыш топ өте маңызды референттік топтардың бірі болып табылады. Бұл терминмен құндылықтар мен нормалар жүйесі жеке адам үшін өзіндік эталон болатын топты белгілейді.
21. Әлеуметтік институт
Әлеуметтік институттар алғашқы қауымдық қоғамнан қазіргі заманға дейінгі кез келген қоғамда болған. Әлеуметтанушылар «институт» ұғымын құқықтанушылардан алып, оны терең әлеуметтік мазмұнмен толықтырған. Ағылшын әлеуметтанушысы Спенсер «әлеуметтік институт» терминін алғаш ұсынған адам. Ол әлеуметтік институттың 6 түрін сипаттаған: өнеркәсіптік, кәсіподақтық, саяси, әдет-ғұрыптық, шіркеулік, үйішілік.
Институт латын тілінен орнату, жайластыру деген мағына береді. Әлеуметтік институт әлеуметтік жүйенің тұрақтылығын қамтамасыз ететін қоғамдық байланыстар мен қатынастардың кез келген тәртіптелуі, ресмиленуі дегенді білдіреді. Әлеуметтік институт деп көбінесе адамдардың бірлескен қызметінің тарихи қалыптасқан орнықты нысандарын айтады. Институттың негізгі мақсаты – жеке адамдардың, топтардың ж/е жалпы қоғамның іргелі қажеттіліктерін қанағаттандыру.
Неғұрлым маңызды қажеттіліктерді қамтамасыз ететін әлеуметтік институттардың негізгі 5 түрі бар:
бала туу, өсуі(отбасы ж/е неке институты)
қауіпсіздік ж/е әлеуметтік тәртіп(саяси институттар, мемлекет)
тұрмыстық құрал-жабдықтар өндіру(экономикалық институттар, өндіріс)
білім беру, өскелең ұрпақты әлеуметтендіру, кадрлар даярлау(ғылыми ж/е мәдени институттар)
рухани мәселелер, тіршілік мағынасын шешетін қажеттіліктер(дін институты)
Қоғамдық байланыстар мен қарым-қатынастарды тәртіпке келтіру, ресмилендіру ж/е стандарттау процесі институционалдандыру деп аталады. Әлеуметтік институттың қызмет атқаруына жәрдемдесетін жалпы мақсаттар, топтар ж/е ұйымдар қалыптасады, институттың барлық мүшелерін қамтитын нормалар мен санкцияларды қолдану рәсімдері, мәртебелер мен рөлдер жүйелері құрылады.
22. Әлеуметтік үйым
Әлеуметтік институттар әлеуметтік үйымдармен тығыз байланысты. Н.Смелзер үйымды қысқаша былай анықтайды: бүл "белгілі бір мақсаттарға кол