Ндіріс факторларының нарықтары
Еңбек нарығы
Мақсаты:өндіріс факторлары нарықтарының әрекет ету ерекшіліктерін қарастыру, оларда қалыптасатын баға белгілеу механизмдерін айқындау. Ресурстар нарығын жалпы қарастыра отырып, оларды зерттеуді еңбек нарығын талдаудан бастау. Ол үшін төмендегі сұрақтарды қарастыруымыз керек.
Дәріс сабағының жоспары:
1. Өндіріс факторларының нарығы және факторлық табыстар. Өндіріс факторларына деген сұраныс және олардың ұсынысы.
2. Еңбек нарығындағы жетілген бәсеке моделі.
3. Еңбек нарығындағы монопсония.
4. Еңбек нарығындағы кәсіподақтар.
5. Еңбек нарығындағы екі жақты монополия.
6. Еңбек нарығындағы экономикалық рента.
Негізгі ұғымдар: өндіріс факторларының нарығы; факторлық табыстар; ресурстардың жетілген бәсекелес нарығы; туынды сұраныс; ресурстардың шекті өнімінен түсетін шекті түсім; ресурстардың шекті өнімінің құны; ресурстардың сұраныс қисығы; еңбек нарығы; еңбектің кері иілген ұсыныс қисығы; айқынсыз еңбекақы; экономикалық рента; таза монопсония; кәсіподақ; ұжымдық агент; еңбек нарығындағы дискриминация; т.б.
Тақырыптың мазмұны.Өткен тақырыптарда тауарлар мен қызметтер нарығындағы бағаны қалыптастыру принциптері қарастырылған болатын, яғни осы уақытқа дейін тек тауарлар нарығында ғана қалыптасатын тепе-теңдік механизмдері туралы субъектілердің шешім қабылдаулары зерттелген болатын. Жалпы осы тауарлар нарығының орын алуы өндіріс факторларын қолданусыз мүмкін емес. Фирмалар белгілі бір өнімнің түрін өндіруі үшін өндіріс факторларын үй шаруашылықтарынан сатып алуы қажет. Керісінше, үй шаруашылықтары игіліктерді тұтынуы үшін өздерінің қолындағы ресурстарды сатуы керек. Шеңберлі айналым үлгісі түрінде қарастырылатын экономика фирмалар мен өндіріс факторлары иелерінің арасындағы нарықтық айырбас механизмін сипаттайды. Сондықтанда ресурстар нарығының әрекет етуі мен оларда қалыптасатын баға механизмдерін талдау микроэкономикалық талдаудың аса маңызды және қажетті аспектісі болып табылады. Өндіріс факторларының бағалары табыстарды қалыптастырады, осы табыстардың көлеміне игіліктерге деген тұтынушылық сұраныс көп жағдайда тәуелді болып табылады. Сол ресурстардың бағалары ғана өндіріс шығындарының деңгейіне белсенді түрде әсер етеді, ал олай болса, олар тауарлар мен қызметтер нарығындағы тепе-теңдіктің шарттарына да әсер етеді. Және соңында, ресурстардың бағалары өндірісте осы ресурстардың қалай бөліну керектігін анықтайды. Алайда, ресурстар нарығындағы баға белгілеудің принциптері дайын өнімдер нарықтарындағы баға белгілеуге ұқсас болғанымен, оның өзіне тән ерекшеліктері мен қиындықтары болады.
Өндіріс факторлары нарықтарының тауарлар нарығынан басты айырмашылығы, ол сатушылар мен сатып алушылардың рөлдерінің ауысуында көрініс табады. Мұнда фирмалар ресурстарды сатып алушы, ал үй шаруашылықтары ресурстарды сатушы ретінде қарастырылады, сәйкесінше, үй шаруашылықтары ресурстардың ұсынысын қалыптастырса, ал фирмалар осы ресурстарға сұранысты білдіреді.
Өндіріс факторларының нарықтарыдегеніміз – сұраныс пен ұсыныстың өзара әрекеттесуі нәтижесінде еңбек, капитал және жер сияқты ресурстарға жалақы, пайыз және рента түріндегі бағалардың қалыптасуы орын алатын нарықтар.
Өндіріс факторларына деген сұраныс тауарлар сұранысынан туындайды, себебі бір игілікке сұраныс жоғарыласа, онда оның өндірісінде қолданылатын факторларға да сұраныс жоғарылайды. Өндіріс факторларының бағасы мен оларға сұраныс осы факторлардың нарығы мен тауарлар нарығының құрылымына байланысты болады. Яғни, өндіріс факторларына сұраныс олардың көмегімен өндірілген соңғы өнімге деген сұраныспен анықталады, сондықтан ресурстарға деген сұранысты туынды сұраныс деп атайды. Егер тұтынушы нарықтағы тауарға сұраныс білдірмесе, онда сол тауарды өндіруге қажетті өндіріс факторларына да сұраныс болмайды. Кез келген ресурсқа туынды сұраныстың тұрақты болуы, алдымен, ресурстың өнімділігіне, содан кейін, ресурстың көмегімен өндірілген тауардың нарықтық бағасына байланысты болады.
Өндіріс факторлары нарықтарының аса маңызды белгісі олардың әрекет етуінің нәтижесінде, яғни нарықта сол ресурстарды сатудың барысында үй шаруашылықтарының табыстарының қалыптасуында көрініс табады. Бұл табыстар ресурстар нарығында факторлық табыстар деген атқа ие болады. Ал факторлық табыстар дегеніміз – ресурстар иелерінің олардың сәйкес түрлеріне (еңбек, жер, капитал және кәсіпкерлік қабілет формаларында) байланысты белгілі бір уақытта сол өндірістік ресурстарын нарықта сатуынан түсетін ақшалай түсімдері. Факторлардың әрбір тобына факторлық табыстың өзіндік формасы сәйкес келеді: еңбек факторының иегерлері үшін факторлық табыстың формасы болып жалақы табылады, капитал иегерлері үшін – пайыз, жер факторының иегерлері үшін – рента, ал кәсіпкерлік қабілет иесі үшін – пайда факторлық табыс болып табылады.
Өндіріс факторларының нарығы екі негізгі түрде көрініс табады:
1) жетілген бәсеке жағдайындағы өндіріс факторларының нарығы;
2) жетілмеген бәсеке жағдайындағы өндіріс факторларының нарығы.
Жетілген бәсеке жағдайындағы өндіріс факторлары нарығының басты ерекшелігі болып сатып алушының да, сатушының да өндірістік ресурстарға деген бағаға әсер ете алмауы табылады. Ал жетілмеген бәсеке жағдайындағы өндіріс факторлары нарығының басты ерекшелігі болып сол сатып алушының да, сатушының да өндірістік ресурстарға деген бағаға әсер ете алуы табылады.
Өндіріс факторларының жетілген бәсекелі нарығы – бұл оның мынадай шарттары орындалатын нарық:
- өзара бақталасушы сатушылардың сапалы тұрғыдан өткізетін ресурстарын белгілі көлемінде сатып алу үшін бір-бірімен бақталастыққа түсетін көптеген сатып алушылардың болуы;
- әрбір сатып алушы нарықта ұсынылып отырған ресурстың аз ғана бөлігін сатып алады, яғни әрбір сатып алушы ресурстарға қалыптасатын нарықтық сұранысты өзгерте алмайды;
- ресурсты ұсынатын әрбір сатушы ресурстар нарығындағы жалпы ұсыныстың аз ғана бөлігін сатады, яғни әрбір сатушы ресурстардың қалыптасқан нарықтық ұсынысына әсер ете алмайды;
- ресурстарды сатушылар еш кедергісіз кез келген нарыққа еркін кіріп, одан еркін шыға алады. Ресурстардың иегерлері өз ресурстарын бір бағыттағы қолданудан екінші бағыттағы қолдану үшін ауыстыра алады, бір жерден басқа бір жерге де ауыстыра алады.
Жетілген бәсекелес фирманың тарапынан болатын ресурстарға деген сұраныстың басты ережесі ретінде сол ресурстың шекті табыстылығы мен шекті шығынын есепке алу қарастырылады. Ресурстың шекті табыстылығыдеп белгілі бір ресурстың қосымша бірлігін тұтыну кезінде шығарылатын қосымша өнімді өткізудің нәтижесінде ала алатын қосымша түсімінің өзгеруін айтады. Өндірістік ресурстың шекті шығындары – белгілі бір ресурстың қосымша әр бірлігін сатып алуға кететін қосымша шығындар.
Өндірістік ресурстарды пайдаланудың негізгі ережесін мынадай теңдікпен сипаттауға болады: MPR = MPC, яғни ресурстың шекті табыстылығы ресурстың шекті шығындарына тең дегенді білдіреді. Бұл шарт жағдайында ресурсты тұтынуды ұлғайту арқылы түсімді арттыру мүмкін болмайды.
Жетілген бәсеке жағдайында ресурстарға деген сұраныс қисығы ресурстың шекті табыстылығының қисығымен сәйкес келеді. Бұл өнімнің бағасы мен шекті табыс бір біріне тең дегенді білдіреді. Ресурсқа сұраныс қисығы кәдімгі дайын өнімге деген сұраныс қисығы сияқты теріс көлбеулі болып келеді, ол ресурстардың шекті өнімділігінің төмендеу заңымен түсіндіріледі.
Ресурс бағасы
E MRC
D = MRP
Q Өндірістік ресурстың көлемі
Сурет 10.1 Жетілген бәсеке жағдайында
ресурсқа деген сұраныс қисығы
Суреттен көргеніміздей, ресурсқа деген сұраныстың теріс көлбеулі қисығы оның шекті шығындар қисығын қиып өтеді, ал Е қиылысу нүктесі фирманың сол ресурсты қолдануының тиімді көлемін көрсетеді.
Еңбек нарығы өндіріс факторларының нарығына жатады. Нарықтық экономикада өндіріс факторларын осы факторларды иеленушілер, яғни үй шаруашылықтары ұсынып отырады. Көпшілік отбасы табыстарының басты көзі – еңбек. Жеке тұлға өзінің еңбегі үшін еңбекақы алады, яғни еңбекақы – жалдамалы жұмысшы еңбегінің бағасы болады.
Фирма еңбек күшін қандай шамада жалдауы керек туралы шешім қабылдағанда, пайданы мейлінше арттыруға қажетті шарт MR (Q) = MC (Q) төмендегідей түрде модификацияланады:
∆TR (Q (L)) / ∆L = ∆TC (Q (L)) / ∆L.
Теңдеудің сол жағы – қосымша бір жұмысшыны жалдағаннан түсетін қосымша түсімді көрсетеді және ол еңбектің шекті түсімділігі (MRPL) деп аталады. Теңдеудің оң жағы – қосымша бір жұмысшыны жалдағанда фирманың жалпы шығындары қандай шамаға өсетінін көрсетеді және ол еңбектің шекті шығындары (MCL) деп аталады. TR (Q) (L)) = P (Q (L)) . Q (L) болғандықтан еңбектің шекті табыстылығын былай жазуға болады:
MRPL = MR . MPL.
Бұдан еңбектің шекті табыстылығы (MRPL) еңбектің шекті өнімділігі (MPL) мен еңбектің шекті табысының (MR) көбейтіндісіне тең екенін көреміз. Олай болса TC (Q (L)) = w (L) L. Сонымен еңбекті пайдалану шамасы көбейген сайын оның бағасы жоғарылайды, яғни еңбектің шекті шығындары оның бағасынан жоғары болады. Егер қосымша еңбек күшін жалдау оның бағасының төмендеуімен ілесіп жүрсе, онда еңбектің шекті шығындары оның бағасынан төмен болады. Еңбектің бағасы тұрақты болғанда, оның шекті шығындары осы бағаға тең болады. MRPL мен MCL шамаларының мәндері фирманың еңбек және игіліктер нарығындағы статусына байланысты болады. Оны келесі кестеден көруге болады:
Кесте 10.2
Фирманың нарықтағы статусы | Пайданы мейлінше арттыру шарты | |
Игіліктер нарығында | Еңбек нарығында | |
Жетілген бәсекелес | Жетілген бәсекелес | P . MPL = w |
Монополист | Жетілген бәсекелес | MR . MPL = w |
Жетілген бәсекелес | Монопсонист | P . MPL = MCL |
Монополист | Монопсонист | MR . MPL = MCL |
Енді осы байланыстарды түсіну үшін әр түрлі нарық құрылымындағы еңбек нарығын қарастырамыз.