Сұраныс пен ұсыныс теориялары. Нарықтық тепе – теңдік
Мақсаты:нарықтық механизмнің басты элементі – сұраныс пен ұсыныстың теориялық негіздерін, оларға әсер ететін факторларды қарастыру, икемділік ұғымын түсіне отырып олардың түрлері мен практикалық маңыздылығын айқындау. Нарықтық тепе – теңдіктің мәнін ашып оның негізгі үлгілерін талдау. Ол үшін дәріс жоспарында мына сұрақтар қарастырылу қажет.
Дәріс сабағының жоспары:
1. Сұраныс. Сұраныс заңы.
2. Ұсыныс. Ұсыныс заңы. Сұраныс және ұсыныстағы өзгерістер. Сұраныс және ұсыныстың өзара әсерлесуі.
3. Нарықтық тепе – теңдік. Тепе – теңдіктің орнау механизмі.
4. Икемділік ұғымы. Сұраныс және ұсыныс икемділігінің түрлері.
Негізгі ұғымдар: нарық; «көрінбейтін қол» қағидасы; сұраныс; сұраныс заңы; сұраныс бағасы; сұраныс көлемі; сұраныс факторлары; сұраныс қисығы; сұраныс функциясы; ұсыныс; ұсыныс заңы; ұсыныс бағасы; ұсыныс көлемі; ұсыныс факторлары; ұсыныс функциясы; нарықтық тепе – теңдік; тепе – теңдік баға; тепе – теңдік көлем; артықшылық; тапшылық; Вальрас бойынша тепе – теңдік; Маршалл бойынша тепе – теңдік; тепе – теңдіктің статикалық үлгісі; тепе – теңдіктің динамикалық үлгісі; «өрмекші торы тәріздес» үлгі; тұтынушының ұтымы; өндірушінің ұтымы; икемділік; сұраныс икемділігі; сұраныстың бағалық икемділігі; сұраныстың табысқа байланысты икемділігі; сұраныстың қиылысқан икемділігі; ұсыныс икемділігі; ұсыныстың бағалық икемділігі; т.б.
Тақырыптың мазмұны.Бұл тақырыпты талдауға кіріскенде, алдымен нарық деген ұғымды түсініп алуымыз қажет. Өйткені, бұл ұғымды түсініп алғаннан кейін ғана біз оның басты элементі - сұраныс пен ұсыныстың толық мәнін қарастыруға мүмкіндік аламыз. Жалпы нарық немесе рынок деген ұғымды классикалық саяси экономия бағытының негізгі өкілі Адам Смиттің (1723 – 1790 жж.) «көрінбейтін қол» қағидасымен байланыстыруға болады. Оның айтуынша, «көрінбейтін қол» - бұл сатушылар мен сатып алушылардың өзара әрекеттерін тиімділікке жетелейтін автоматты өзін өзі реттеу механизмі, өндірушілердің пайдасын арттыруға және тұтынушылардың пайдалылығын максималдауға итермелейтін күш және мәжбүрлейтін бәсекелік күрес. Сондықтан, классикалық бағытқа сәйкес, нарық өзін өзі автоматты түрде реттейтін механизм деген тұжырым қалыптасқан. Нарық деген ұғымға бірнеше анықтама беруге болады.
Нарық (рынок) дегеніміз 1) тауарлар мен қызметтерді сату және сатып алумен байланысты барлық экономикалық қатынастар жиынтығы;
2) өзара айналым сферасын сипаттайтын тауар – ақша қатынастары;
3) сатушылар мен сатып алушылардың мүдделерін келістіріп отыратын сиқырлы құрал немесе тетік;
4) тауарлар мен қызметтер арқылы кез келген салада әрекетке түсетін экономикалық агенттердің кез келген жағдайда өзара үйлесім табуы;
5) сұраныс, ұсыныс және баға арқылы өзін өзі реттейтін механизм. Міне осы түсініктерге байланысты нарық жағдайында, сұраныс пен ұсыныстың бітпейтін өзара әрекеттестігі сипатталады.
Сұраныс әрқашанда сатып алушылар (тұтынушылар, үй шаруашылықтары) тарапынан болады.
Сұраныс дегеніміз тұтынушылардың белгілі бір уақытта, белгілі бір бағамен тауарлар мен қызметтердің белгілі бір көлемін сатып алуға деген дайындығын сипаттайтын төлем қабілеттілігі бар қажеттіліктері мен талаптары. Сұраныс көлемі, яғни тауарларды сатып алу көлемі – бұл тұтынушылардың ағымдағы бағамен берілген уақыт бірлігінде сатып алғысы келетін сол игіліктердің максималды саны. Ал, сұраныс бағасы – бұл тұтынушылардың белгілі бір игіліктің санын сатып алу үшін төлеуге дайын және төлей алатын максималды бағасы. Сұраныс заңы дегеніміз – тауардың бағасы мен сатып алу көлемі арасындағы кері тәуелділікті сипаттайтын нарықтық ұстаным: тауардың бағасы неғұрлым жоғарылаған сайын, тауарға сұраныс соғұрлым төмендей береді, ал тауардың бағасы неғұрлым төмендеген сайын, тауарға сұраныс соғұрлым жоғарылай береді. Бұл кері тәуелділікті сұраныс қисығы арқылы сипаттауға болады. Сұраныс қисығы дегеніміз – сұраныс заңының графикалық көрінісі мен бейнеленуі, сатып алушылардың берілген уақыт мезетінде әртүрлі бағамен тауардың қандай көлемін сатып алуға болатындығын көрсететін қисық сызық. Сұраныстың бағаға кері тәуелділігі мына себептерге байланысты болады: а) баға төмендегенде сатып алуылар саны көбейеді; ә) тұтынушының сатып алу қабілеті өседі; б) арзандаған тауардың қосымша бірліктерін сатып алу тиімді болады. Әдетте, біз тік оське тәуелсіз айнымалыны (бағаны), ал көлденең оське тәуелді айнымалыны (сұраныс көлемін) қоямыз (сурет 2.1). Көрсетілген қисық теріс көлбеулі және кемімелі болып келеді, және ол мына формуламен беріледі:
QD = f (P),
мұндағы, QD — сұраныс көлемі (demand);Р — баға (price).
Сурет 2.1 Сұраныс қисығы (сұраныс көлемінің бағаға тәуелділігі)
Сұранысқа бағалық және бағалық емес факторлар әсер етеді. Бағалық фактор сұраныс көлемін өзгертеді де, нәтижесінде сұраныс қисығының (D) бойында өзгеріс орын алады (сурет 2.2 a). Ал бағалық емес факторлар сұраныстың өзін өзгертеді де, нәтижесінде сұраныс қисығын (D) толығымен оңға (өскенде) (D2) және солға (төмендегенде) (D1) жылжытады (сурет 2.2 ә).
Сурет 2.2 а Сұраныс қисығы Сурет 2.2 ә Сұраныс функциясы
Сұраныс функциясы – бұл сұранысқа әсер ететін әртүрлі факторлардың өзгеруінен сол сұраныс көлемінің өзгеру сипатын бейнелейтін тәуелділік. Әрине сұранысқа әсер ететін маңызды фактор баға болып табылады. Сонымен қатар, сұранысқа әсер ететін бағалық емес факторлар да бар: а) тұтынушылардың табысы; ә) алмастырушы және толықтырушы тауарлардың бағасы; б) тұтынушылардың талғамы; в) алдағы уақытты немесе болашақты күту; г) нарықтағы тұтынушылардың саны, т.б. Сұранысқа және сұраныс көлеміне әсер ететін барлық факторларды сұраныс детерминанттары деп те атайды. Сұраныс барлық осы факторлардың функциясы болып табылады:
QD = f (Р, I, Z, W, Psub, Pcom, N, В),
мұндағы, QD — сұраныс; Р— баға; I— табыс; Z— талғамдар мен қалаулар; W— күтулер (waiting); Psub – алмастырушы (субститутты) тауарлардың бағасы; Pcom – толықтырушы (комплементарлы) тауарлардың бағасы; N — сатып алушылардың саны; В — басқа да факторлар.
Жоғарыда айтылғандай, бұл факторлар сұраныс қисығын оңға және солға жылжытады. Мысалы, тұтынушылардың ақшалай табыстарының өсуі (инфляция жоқ болғанда) сұраныстың артуын білдіреді, яғни D қисығының D2 жағдайына жылжуы. Бұл жерде сұраныс табыстың өсуіне қарағанда тез немесе баяу өсуі мүмкін, ол тауардың сапасына, оның тұтынушы бюджетінде алатын орнына және басқа да қасиеттерге байланысты және олар кейіннен белгілі болады. Табыстардың өсуі тұтынушылардың сұраныстарын сапалы тауарларға ауыстырады, ал осының салдарынан сапасы төмен тауарларға деген сұраныс төмендейді және сұраныс қисығы D жағдайынан D1 жағдайына ығысады. Тауарды алмастыратын басқа тауарларға (субституттарға) бағаның өсуі сол тауарға сұранысты арттырады. Мысалы, қызыл раушан гүлдерге бағаның өсуі салдарынан сұраныстың белгілі бір бөлігі ақ раушан гүлдерге ауысуы мүмкін, содан соң оларға да баға өсе бастайды. Бұдан мынадай қорытынды шығаруға мүмкіндік туады: егер екі тауар өзара алмастырушы (субститут) тауарлар болса, онда біріншісінің бағасы мен екіншісінің сұранысы арасында тікелей байланыс бар. Яғни, қызыл раушан гүлдерге бағаның өсуі ақ раушан гүлдерге деген сұраныстың артуына алып келді. Керісінше, енді тауарды толықтыратын басқа тауарларға (комплементарлыға) бағаның өсуі сол тауарға сұранысты қысқартады. Мысалы, бейнемагнитофондарға бағаның өсуі салдарынан оған сұраныс төмендейді, нәтижесінде оны толықтыратын бейнекассеталарға немесе күйтабақтарға да сұраныс төмендейді. Сонымен, егер екі тауар өзара толықтырушы (комлементарлы) тауарлар болса, онда біріншісінің бағасы мен екіншісінің сұранысы арасында кері байланыс бар. Яғни, бейнемагнитофонға бағаның өсуі салдарынан бейнекассетаға немесе күйтабаққа сұраныстың төмендеуіне алып келді.
Енді сұранысқа әсер ететін маңызды фактор ол сатып алушылардың саны болып табылады. Мысалы, нарықта Алмат және Бауыржан деген екі сатып алушы бар, олардың жеке сұраныс функциялары төменде берілген (сурет 2.3 a). Онда олардың жеке сұраныстарын қосу арқылы нарықты сұранысты анықтауға болады (сурет 2.3 ә). Сонда бұл жерде сұраныстың екі түрі пайда болады: жеке сұраныс – бұл бір сатып алушының сұранысы, ал нарықтық сұраныс – сол жеке сұраныстардың қосындысы және жиынтығы.
а) Жеке сұраныс қисықтары ә) Нарықтық сұраныс қисығы
Сурет 2.3 а, ә Жеке және нарықтық сұраныс
Бірақ нақты өмірде, сатып алушылардың саны туралы айтқанда, олардың жасы мен жыныстық құрамын, жанұялардың орташа санын, зейнеткер жасындағы адамдардың үлесін, т.б. ерекшеліктерді де есепке алған жөн.
Сұраныстың өзгеруіне тұтынушылардың талғамдары мен қалаулары да әсер етеді, бірақ олардың әсерін анықтау қиын. Өйткені, сол бір ғана фактор халықтың әртүрлі топтарының сұраныстарына әртүрлі түрде әсер етуі мүмкін.
Сонымен, сұраныс туралы мынадай қорытынды жасауға болады: сұраныс қисығының бойымен жылжу сұраныс көлемінің өзгеруін сипаттайды, бұл өзгеріс тек баға факторының өзгерісінен ғана орын алады, яғни, тауардың бағасы неғұрлым жоғары болған сайын (басқа факторлар тұрақты болған жағдайда) сұраныс көлемі соғұрлым төмендей береді және керісінше, тауардың бағасы неғұрлым төмен болған сайын сұраныс көлемі соғұрлым жоғарылай береді (сурет 2.2 a). Сұраныс қисығының оңға немесе солға жылжуы сұраныстың өзгеруін бейнелейді, ол сұраныс функциясын анықтайтын факторлардың, яғни бағалық емес факторлардың әсерінен орын алады (сурет 2.2 ә). Сондықтанда, сұраныс көлемінің өзгеруі мен сұраныстың өзінің өзгеруін шатастырмау қажет.
Енді біз ұсынысты талдауға көшсек, нарықта ұсыныс әрқашанда сатушылар (фирмалар, тауарлар мен қызметтерді өндірушілер) тарапынан орын алады.
Ұсыныс дегеніміз – бұл сатушылардың нарықта белгілі бір тауар көлемін немесе қызмет түрін берілген уақыт мезетінде белгілі бір бағамен сатуға деген даярлығы немесе сата алу қабілеті. Ұсыныс көлемі – бұл нарықтағы барлық сатушылардың берілген уақыт мезетінде сатқысы келетін немесе сатуға дайын игіліктерінің жалпы саны. Ал ұсыныс бағасы – бұл сатушының нарық жағдайында берілген игіліктің көлемін сатуға дайын минималды бағасы. Тауардың бағасы мен тауарды сату көлемі арасындағы тура тәуелділікті сипаттайтын нарықтық ұстанымды ұсыныс заңы деп атаймыз: баға жоғары болғанда (басқа факторлар тұрақты болғанда) сатушылар өз тауарын көбірек көлемде сатқысы немесе ұсынғысы келеді. Мысалы, 20 теңге бағамен сатушылар Х тауарының 2 бірлігін сатады, 30 теңге бағамен – 4 бірлікті, ал 50 теңге бағамен Х тауарының 6 бірлігін сата алады. Бұл тура байланыс мына формуламен беріледі:
Qs = f(P),
мұндағы, Qs — ұсыныс көлемі (supply); Р — баға (price).
Өндірілген өнім санының бағаға тура байланыстылығын график түрінде ұсыныс қисығы арқылы көрсетуге болады. Ұсыныс қисығы дегеніміз – бұл ұсыныс заңын сипаттайтын графикалық көрініс, сатушылардың берілген уақыт мезетінде әртүрлі бағамен тауардың қандай көлемін сатқысы келетінін көрсететін қисық сызық. Әдетте, біз тік оське тәуелсіз айнымалыны (бағаны), ал көлденең оське тәуелді айнымалыны (ұсыныс көлемін) қоямыз (сурет 2.4). Көрсетілген қисық оң көлбеулі және өспелі болып келеді.
0 2 4 6 Q
Сурет 2.4. Ұсыныс қисығы (ұсыныс көлемінің бағаға тәуелділігі)
Өндірушілердің берілген игіліктерді сатуға дайындығы ұсыныс детерминанттарымен сипатталады. Ұсыныс детерминанттары деп нарық жағдайында ұсынысқа немесе сатушылардың сату қабілетіне әсер ететін бағалық және бағалық емес факторларды айтамыз. Ол факторлар мыналар: а) сол тауардың берілген уақыт мезетіндегі бағасы; ә) өндіріс факторларының (ресурстардың) бағалары; б) өндірісте қолданылатын технологияның сипаты; в) болашақ бағаны және тапшылықты күту; г) салықтар мен субсидиялардың көлемі; д) сатушылардың саны; т.б. Ұсыныс көлемі барлық осы факторлардың функциясы болып табылады. Ал ұсыныс функциясы дегеніміз ұсынысқа әсер ететін әртүрлі факторлардың өзгеруінен сол ұсыныс көлемінің өзгеру сипатын бейнелейтін тәуелділік және ол мынадай формуламен беріледі:
Qs = f (P, Pr, К, Т, N, В),
мұндағы, Pr — ресурстардың бағалары; К — технология; Т — салықтар мен субсидиялар; N — сатушылардың саны; В — басқа да факторлар.
Әрине, бұл жерде де баға факторы ең маңызды болып табылады және бағаның өзгеруінен ұсыныс қисығының бойында өзгеріс орын алып, нәтижесінде ол ұсыныс көлемін өзгертеді (сурет 2.5 a). Ал бағадан тыс факторлардың өзгеруі салдарынан ұсыныстың өзі өзгереді де, нәтижесінде ұсыныс қисығы толығымен оңға және солға жылжиды. Мысалы, өндіріс факторларына деген бағаның өсуінен ұсыныс қысқарады және қисық S жағдайынан S1 жағдайына солға ығысады, және керісінше, өндіріс факторларының бағасы төмендегенде ұсыныс артады да қисық S жағдайынан S2 жағдайына оңға жылжиды (сурет 2.5 ә).