Ормандар динамикасын классификациялау
Орманды классификациялауда оның динамикасын есепке алу өте қиын, бірақ қажет.
Б.П. Колесников өзінің ұстазының Б.А. Ивашкевичтің жұмысын жалғастырды. Б.А. Ивашкевич Шығыс Қытайдың, Байкалдың, Теңіз маңайының ормандарын зерттеген. Б.А. Ивашкевич бойынша, орман типі екпе ағаштардың көптеген типтерін біріктіреді. Мұндағы орман типі деген түсініктің көлемі В.Н. Сукачевтың типінен кеңірек. Орман типі өскен ортасы жағдайымен және даму ерекшеліктерімен сипатталады.
Б.П. Колесников Приморьеде кедр формациясы орман типтері жүйесін жасады. Бұл ормандар бір ұрпақ тіршілігі барысында 8 стадиядан немесе екпе ағаштар типінен өтеді. Б.П. Колесников «орман түзуші процесс» деген түсінік енгізді; оның көрсеткіші ретінде өсімдіктердің алмасуының келесі түрлерін келтіруге болады:
1) жастық (возрастные), бір ұрпақтың онтогенезі мерзімінде байқалады;
2) қалпына келу, күшті стресс фактор әсері салдарынан (өрт, кесіп алу, насекомдардың эпзогиясы (ауру);
3) аллювиальдік – өзеннің гидрологиялық режимі өзгеруінің салдары;
4) ғасырлық. Екпе ағаштар типі ең төменгі бірлік болып саналады, ол жастық және қалпына келу алмасуларының бір атты стадияларына жататын орманның біркелкі учаскелерін біріктіреді.
Шаруашылық бірлігі болып екпе ағаштар типі емес, орман типі саналады.
Әрине Ивашкевич – Колесников ұсынған идеялары сөзсіз соны және қызығушылық туғызады. Бірақ та оларды іске асыру үшін көптеген стационарлық базалар керек және ұзақ жылдар бойы бақылау жұмыстарын жүргізу керек. Әйтпесе практика жүзінде ормандар классификациясын жасау көбінесе орындаушылардың фантазияларының жемісі болып кетеді және басқа кемшіліктер бар.
И.С. Мелеховтың динамикалық типология принциптерінде Б.П. Колесниковтың классификациясындағы кейбір кемшіліктер жоқ деуге болады.
И.С. Мелеховтың ойынша, орман типіне ұйып, қатып қалған нәрсе сияқты қарауға болмайды. Кесілген учаскелерде пайда болған бүтін ағаштар бұрынғы құрамда болуы мүмкін, бірақ оның сапасы басқаша болады.
И.С. Мелехов бойынша, орман типі – биогеоценотикалық деңгейде динамикалық жүйе немесе дамушы биогеоценоз.
И.С. Мелехов орманнның дамуын кезеңдерге бөледі:
1. орманның пайда болуы алдында болып өткен кезең (кесу, өрт типтері);
2. орманның қалыптасу кезеңі (аралық және өтпелі типтер);
3. қалыптасқан орман кезеңі (пісіп жетілген жасында);
4. келесі кезеңдер жаңа орман типіне ауысу мүмкіншілігімен.
Өзгерудің анықталып, негізделген жобасы берілмейді.
Даму барысында породалардың (тұқымдардың) ауысуы мүмкін, басты породаны сақтағанда бүтін ағаштар өнімділігі өзгеруі мүмкін.
И.С. Мелехов ұсыныстарында дұрыс нәрсе ретінде антропогендік фактордың маңызын мойындағанын, яғни оны даму жобасына кіргізгендігін айтуға болады. Өте күшті әсер ететіндер: түгел кесу және құрғату мелиорациясы, кесу жасын азайту, химикаттар қолдану және т.б. Егер де мұның бәрін ескермесе, онда топологиялық жобаның пайдасы шамалы болады.
И.С. Мелехов алдыңғы және болашақтағы орман типтерімен байланысты кесіліп қалған ағаштар классификациясын ұсынды.
Шетелдерде ормандарды классификациялау тәсілдеріне Г.Ф. Морозовтың және В.Н. Сукачевтың идеялары айтарлықтай әсер етті. Оксфордта (Англия) болған орман конгресінде (1956) В.Н. Сукачевтың ормандар типін бөлу тәсілін мойындады және оны таратуға шешім қабылдады.
Көптеген елдерде ағаш өсірушілер геоботаникалық классификацияны пайдаланады, традициялық мектептерге сәйкес (Швеция, Швейцария, Браун-Бланке және т.б.). Сонымен өсімдіктер классификациясымен қатар әдетте орманды жерлердің потенциалдық құнарлылығының классификациясы қолданылады.
Әдебиеттерде жиі классификация жасауда сандық тәсілдерді қолдану туралы мәліметтер келтіріле бастады, ерекше факторлық және дискриминанттық талдау тәсілдері туралы.
Орман типологиясының барлық бағыттарын талдап әр қайсысынан тиімді негіздерін алып біріктіруге болады деген көзқарастар бар. Бірақ та методологиялық тәсілдерінің айырмашылықтарына және ішкі қарама-қайшылықтарына байланысты мұны іске асыру қиын (Сенов, Грязькин, 2006).
Бірыңғай ормандар классификациясын жасауға кедергі келтіретін қарама-қайшылықтар мынадай себептермен түсіндіріледі:
1. Классификация объектісінің күрделілігімен – флоралық құрамының және орман өсімдіктері жағдайының, олардың климатқа, тарихи және басқа себептерге бағыныштылығымен;
2. Экожүйелер компоненттерінің өзгерулерінің әртүрлі жылдамдықта кеңістіктің және уақыттың әртүрлі масштабында болатындығымен;
3. Кеңістікте орман өсімдіктерінің үзілмелілігімен (дискреттігі) үздіксіздігінің (континуум) қосылуы;
4. Табиғи ормандардың өзіндік құрамы, құрылысы және динамикасы бар жасандылармен немесе шаруашылықта қайта жасалғандармен алмасуы;
5. Классификация міндетін әр түрлі түсіндірумен.