Парникті эффект (жылу эффекті).

Жанғыш қазбаларды өртеу және басқа да өнеркәсіптік процестер әсерінен бөлініп, атмосферада жинақталатын көмір қышқыл газ (С02 ), көмірсутектер, яғни, метан (СН4), этан (С2Н6) және т.б. (жоғары концентрациясы болмаса бұл заттар жекелей аса қауіпті емес) газдары парникті эффектінің пайда болуына алып келеді. Парникті эффектінің механизмі қарапайым. Бұлтсыз ауа райы ашық кезде күн сәулелері Жер бетіне оңай жетіп топырақ, өсімдіктер жамылғысымен сіңіріледі. Жер беті қызған соң жылу энергиясын ұзын толқынды сәулелену түрінде атмосфераға қайта береді. Алайда бұл жылу энергиясы атмосферада шашырамай жоғарыда айтылған газдардың молекулаларымен сіңіріліп (С02 жылу энергиясының 18%-ын сіңіреді), молекулалардың қарқынды қозғалысына және температураның көтерілуіне алып келеді. Атмосфералық газдар (азот, оттегі, су парлары) жылу сәулелерін сіңірмей, керісінше оларды шашыратады. С02-нің концентрациясы жыл сайын 0,8-1,5 мг/кг-ға көтерілуде. Зерттеулер бойынша СО2-нің мөлшері ауада екі есе көбейсе, орташа температура 3°С-5°С-қа көтеріледі. Бұл өз кезегінде климаттың жаһандық жылуына, яғни, Антарктидадағы мұздықтардың жаппай еруіне, Әлемдік мұхиттың орташа деңгейінің көтерілуіне, көптеген жердің су астында қалуына және басқа да жағымсыз жағдайларға алып келеді.

Климаттың жаһандық жылуы — биосфераның антропогендік ластануының бір көрінісі. Бұл климаттың және биотаның өзгеруі: экожүйедегі өнімділік процестерінің, өсімдіктер қауымдастықтары шекараларының, ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігінің өзгеруінен білінеді. Әсіресе климаттық өзгерістер Солтүстік жарты шардың жоғары және орта ендіктерінде қатты байқалады. Бұл аймақтардың табиғаты әртүрлі әсерлерді қабылдағыш келеді, сондықтан да оның қайта қалпына келуі өте баяу жүреді. Болжамдар бойынша, температураның көтерілуі дәл осы жерлерде жоғары болады. Тайганың аумағы кей жерлерде солтүстікке қарай 100-200 км-ге, кей жерлерде одан азырақ жылжиды. Температураның көтерілуіне байланысты мұхиттардың деңгейі 0,1- 0,2 м көтеріледі. Бұл өз кезегінде үлкен өзен аңғарларының (әсіресе Сібір өзендерінің) су астында қалуына алып келеді.

Мәліметтер бойынша келесі ғасырдың басына дейін Жер бетінің температурасы 1,4°С-қа көтеріледі. 1997 ж. Киото хаттамасына сәйкес, өнеркәсібі дамыған елдер 2008-2012 жылдары 1990 жылмен салыстырғанда парникті газдардың атмосфераға бөлінуін 55%-ға дейін азайту керек. Алайда бұл хаттаманың шешімдері әлі күнге дейін күшіне енген жоқ. Өйткені дамыған елдер бұл шешімнің дұрыстығына күмәнмен қарауда. 2000 жылы Гаага қаласында өткен конференцияда әрбір индустриалды елде зиянды заттарды атмосфераға бөлуді азайтудың ұлттық саясаты жүргізілу керектігі туралы шешім қабылданды. Өкінішке орай, көптеген елдер көміртегінің атмосферадағы азаюын ормандар мен топырақтың сіңіруінен емес өздерінің іс-әрекеттері арқасында деп көрсеткісі келеді.

Ормандардың азаюы.

Жаңбырлы тропикалық ормандар оттегінің басты көзі және оттегі тепе-теңдігін сақтауда үлкен роль атқарады. Сондықтан тропикалық ормандарды «планетаның жасыл өкпесі» деп те атайды. Соңғы 50 жылда адамның қатысуымен Жер бетіндегі ормандардың 2/3 бөлігі, ал соңғы 100 жылда Жер бетіндегі орман массивтерінің 40% жойылған. Жыл сайын дүние жүзінде 15-20 млн гектар (Финляндия аумағындай) Спопикалы қ ормандар жойылуда. Соңғы 10 жыл ішінде ормандардың жойылу қарқыны 90%-ға өсіп, жылына 1,8%-ды құрайды. Ең көп шығынға ұшыр ап жатқан елдердің қатарына Бразилия , Мексика, Үндістан, Тайланд жатады. Егер тропикалық ормандар осындай қарқынмен жойыла берсе 30-40 жылдан соң Жер бетінде мұндай ормандар қалмайды. Тропикалық ормандар аумағының азаюы әсерінен атмосферадағы оттегінің мөлшері XX ғасырдың ортасымен салыстырғанда жыл сайын 10-12 млрд тоннаға азайып, ал көмір қышқыл газының мөлшері 10-12%-ға көбеюде, яғни, оттегі тепе- теңдігінің бұзылу қаупі бар.

Ормандардың жойылуының басты себептері: орман алқаптарының ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру үшін өңделуі, ағаш отындарға сұраныстың артуы, ормандарды өнеркәсіп қажеттігі үшін қырқу және дамудың үлкен масштабты жобаларының іске асуы.

Халықтың тропикалық аймақтарға көшуін мысалы, Бразилияда (Амазонияны колонизациялау жобасын іске асыру үшін) ауыл шаруашылығы үшін жаңа жерлерді игеру мақсатында кейде үкімет деңгейінде қолдайды. Латын Америкасы мен Кариб бассейні елдерінде экспортқа шығару үшін мал шаруашылығын дамыту саясаты тропикалық ормандарға үлкен зиянын тигізді. Дамушы елдердегі кедей халық санының өсуі энергетикалық кризиспен бірге ормандардың жойылуының тағы бір себебі болып табылады.

БҰҰ-ның мәліметтері бойынша, Азия, Африка және Латын Америкасы елдеріндегі ауыл тұрғындарының шамамен 90%, қала халқының 30% негізінен ағаш отындарды пайдаланады. Коммерциялық орман дайындау жұмыстары әдетте қырқылған ағаш орнына ағаш егілмей, экологиялық талаптар орындалмай жүргізіледі.

БҰҰ-ның Рио-де Жанейродағы конференциясынан (1992 ж.) соң дамушы елдер орман ресурстарын сақтау проблемасы бойынша халықаралық келісімге дайын екендіктерін растады. 1993 жылы Бандунг қаласындағы (Индонезия) кездесуде әлемнің барлық климаттық аймақтарында орман шаруашылығының дамуын қамтамасыз ететін бағдарламалар жасау және оны бақылау туралы халықаралық комитет құру жөнінде ойлар айтылды.

Қазақстан аумағының 3,2% ғана орманды алқап. Мамандардың пікірінше, еліміз орман қорғау ісі бойынша әлемдік тәжірибеден көп артта қалып қойған. Осы күнге дейін ұлттық орман саясаты қалыптасқан жоқ . Соңғы кездері ағашты заңсыз кесу әрекеті белен алды. Әсіресе еліміздің орман қорының 40%-ын құрайтын сексеуілді отау күшейіп барады. Ал сексеуілдің онсыз да эколоғиясы нашар, ылғалы аз, топырағы құнарсыз, құмды аймақтарда өсетіні бәрімізғе белгілі. Айта кетерлігі, 1992 жылы орман көшеттерін отырғызу ісі 80,7 мың гектар болса, он жылдан сон 2002 жылы бұл көрсеткіш 8,9 мың гектарға дейін қысқарған.

Су тапшылығын көптеген ғалымдар соңғы кездегі атмосферада көмір қышқыл газы мөлшерінің көбеюіне байланысты температураның көтерілуімен байланыстырады. Осыдан бірін-бірі тудыратын проблемалардың тізбегін жасау қиын емес: энергияның көп бөлінуі (энергетикалық проблемаларды шешу) — парникті эффект — су тапшылығы — азық-түліктің жетіспеуі (өнімнің болмауы). Соңғы 100 жылда температура шамамен 0,6°С-қа көтерілді. Әсіресе 1995-1998 жылдары температура қатты көтерілді. Көмір қышқыл газы, метан және басқа да газдар жылу сәулелерін сіңіріп парникті эффектіні (жылу эффектін) күшейтуде. Одан да маңызды фактор — тұрмыстық және өнеркәсіптік мақсатта су шығынының артуы. Осының әсерінен Үндістан, Қытай, АҚШ-тың кейбір аудандарында жер асты суларының деңгейі айтарлықтай төмендеді. Кейбір жерлерде суғару жұмыстары үшін жаңбыр суын емес, тереңде орналасқан қазба суларын пайдалануға мәжбүр.

Қытайдық ұлы өзендерінің бірі Хуанхэ бұрынғыдай Сары теңізге тек ылғалды жылдары ғана жетеді- АҚШ-тағы ірі Колорадо өзені де Тынық мұхитқа жылдағыдай құя бермейді. Амудария мен Сырдария өзендері де бұрынғыдай Арал теңізіне жете бермейді. Судың тапшылығы көптеген аймақтарда экологиялық ахуалды нашарлатып азық-түлік тапшылығына алып келуде.

Шөлейттену

Экожүйедегі тепе-теңдіктің бұзылуына және белгілі бір территориядағы органикалық тіршіліктің барлық формаларының деградацияға ұшырауына алып келетін табиғи және антропогендік процестердің жиынтығы, яғни, адамның қатысуынсыз табиғи экожүйенің орнына қайта келмейтіндей өсімдіктер жамылғысын жоғалтуы шөлейттену деп аталады. Шөлейттену негізінен ылғалы тапшы аудандарда табиғи және көбіне антропогендік факторлардың әсерінен (орман ағаштарын Қырқу, жайылымдарды үздіксіз пайдалану, суғару жұмыстары кезінде су ресурстарын үнемсіз пайдалану және т.б. пайда болады. Шөлейттену әлемнің барлық табиғи аймақтарында жүруде.

Қазіргі таңда әлемнің әртүрлі елдеріндегі шөлейттенудің басты себебі — табиғи ресурстарды шаруашылықта пайдалану құрылымының сол ландшафтың табиғи мүмкіншілігіне сәйкес болмауы, халық санының өсуі, антропогенді қысымның артуы, кейбір елдердің әлеуметтік-экономикалық жағдайының төмендігі. БҰҰ-ның 1985 жылғы мәліметтері бойынша, сол кездің өзінде антропогенді шөлейттенудің көлемі 9 млн км²-ге жеткен және жыл сайын 7 млн гектар жер пайдаланудан шығып қалуда. Шөлейттену процесі жалпы жер көлемінің Азияда — 19%, Африкада — 23%, Австралияда — 45%, Оңтүстік Америкада — 10%- ын құрайды. Сахара шөлі оңтүстікке қарай жылына орташа 6 км жылдамдықпен жылжуда.

Орта Азияның таулы аудандарында, Арал және Балқаш төңірегінде, Орта Азия мен Оңтүстік Қазақстанның биік зоналы геожүйелерін қоса (Тянь-Шань, Памир-Алай) шөлейттену процесі қарқынды жүруде. Амудария мен Сырдария өзендерінің суларын ауыл шаруашылығының қажетіне пайдалану Арал теңізінің сусыз жерлерінде сортаң, тақыр жазықтықтардың пайда болуына алып келді. Сондай-ақ Арал төңірегі ландшафтарының деградацияға ұшырауы көлді-батпақты және тоғайлы табиғи кешендердің тұздың жиналуы молая түскен гало-ксерофитті кешендерге алмасуда.

Наши рекомендации