Азақстанның шөлді аймақтарының мәселесі
Жалпы, шөлдену үрдісі қазіргі таңда – Азия, Африка, Америка құрлығының аридті белдемінде орналасқан бірқатар елдердің басты мәселесі. Шөлдену тек жекелеген елдердің ғана емес, әлемдік деңгейдегі шешуі қиын ғаламдық мәселеге айналды. БҰҰ-ның келтірген деректеріне сүйенер болсақ, бір жылда азық-түлікке жарамды 3 миллион гектар жер шөлденуге ұшырап, бұдан келетін экономикалық шығын 40 миллиард АҚШ долларын құрайды.Аталған мәселе дүниежүзілік және халықаралық маңызы бар конференцияларда кеңінен талқыланды. 1994 жылғы 17 маусымда Париж қаласында (Франция) Бiрiккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) Шөлейттенуге қарсы күрес конвенциясы қабылданды. Аталған құқықтық құжат негізінде көптеген елдер шөлейттенумен күрес бағдарламаларын қабылдады. Осы мәселе бойынша Қазақстан Республикасында шөлейттенуге қарсы күрес жөніндегі 2005-2015 жылдарға арналған бағдарлама жүзеге асуда. Бұл бағдарлама шөлейттенудің негізгі себептерiмен күрестi ұйымдастыру және оның салдарларын жою жөнiндегі негiзгі құжат болып табылады.Қазақ елінің шөл аймағы – табиғаттың физикалық-географиялық жағдайынан, сол сияқты адам әрекетінің нәтижесінен пайда болған ландшафт. Қазақстанның алып жатқан географиялық орны 4 табиғи аймақты қамтиды: орманды дала, дала, шөлейт, шөл. Бұл аймақтар жалпы география ғылымында қалыптасқан табиғи ландшафттық аймақ ретінде аймақтарға жатады. Аймақтың қалыптасуын В.В.Докучаев, Л.С.Берг сияқты ұлы ғалымдар зерттеген. Л.С.Берг осы зоналар аралығында өтпелі аймақтарды қарастырған және ендік бағыттағы зоналарды геологиялық, тектоникалық, орографиялық ерекшеліктеріне қарай провинцияларға бөлген. Осы айтылған аймақтар шекаралары бүгінгі таңда өзгеріске ұшыраған. Оның негізгі себебі қоғамның, экономиканың дамуымен, адам әрекетінің әсерімен тікелей байланысты. Адам әрекетінен пайда болған ғаламдық экологиялық мәселелер қоршаған ортаға техногендік жүктеменің артуынан туындайды. Осыдан келіп, шөлейттенудің көлемі ұлғаюда. Аумағының көп бөлігі жеткілiксiз ылғалдану аумағында орналасқан Қазақстан үшiн, елдiң үштен екiсi шөлейттену процесiнiң әртүрлі деңгейiне ұшыраған (барлық жердің 70%-ға жуығы). Мұның пайда болуына климаттың аридтылығы, топырақтың дефляцияға ұшырауы, топырақтың тұздануы, сол сияқты жердің әртүрлі химиялық заттектермен ластануы әсер етеді.
Шөлейттену әлемдік деңгейде бұрын да, қазір де және болашақта да болатын жаһандық табиғи өзгерістердің қатарына жатады. Ол – циклдық өзгерістердің туындысы. Оның әрі қарай дамуы, күрделенуі адамның іс-әрекетімен тікелей байланысты.Қазақстан жерінің шөлейттенген негізгі аймақтары Шығыс Қазақстан (Семей өңірі), Алматы облысы (Балқаш көлі маңы), Қызылорда облысы (Арал маңы), Маңғыстау облысы, Қарағанды облысы (Жезқазған аймағы) бүгінгі таңдағы адам мен қоғам арасындағы үлкен арақатынастың күрделенуіне әкеліп соғуда.
Шөлейттенуге ұшыраған өңірлерде балалар өлімі өте жоғары. Экологиялық-санитарлық қысым балалардың жалпы дамымай қалуының, қан аздығының, туа біткен ауытқушылықтардың, жүйке аурулары, жүрек-қан тамырлары аурулары туындауының негізгі көзі болып табылады.
Шөл далада орналасқан халық шаруашылық нысандары үнемі шөлейттену үрдістерінің әсеріне душар болуда және бұл Қазақстанның түгел экономикалық және әлеуметтік саясатына қатты әсер етеді. Сондықтан қоршаған ортаны қорғау, табиғатты тиімді пайдалану, атап айтқанда, жер ресурстарын тиімді пайдалану Қазақстанның мемлекеттік экологиялық саясатының басым бағыты болып табылады.
Қазақстанның барлық дерлік аумағы ежелгі дефляциялық-аккумулятивті үрдістерге белсенді жеткен ежелгі өзен арналарында пайда болған кең алқапты құмды шөл далаға жатады.Шөлге айналумен күресу бойынша іс-әрекеттердің ұлттық бағдарламасында төрт басым бағыт анықталған. Олар:
– көп жылдық жыл бойына созылатын жайылымдарды құру;
– шағын тұтынушыларға арналған күн энергиясы қондырғысын жасау және іске асыру;
– Арал маңында орналасқан халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту мақсатында Арал маңындағы экологиялық жағдайды сауықтыру;
– ең маңызды инженерлік құрылыстарды құм басудан және дефляциядан қорғау.Жоғарыдағы айтылған шешімі қиын мәселелерді шешу үшін жаратылыстану ғылымымен айналысатын ғалымдар біріге отырып, еліміздің болашақ ұрпақ алдындағы міндетін атқарудың жолдарын қарастыру керек. Орта Азия бойынша шөлденумен күрес жолындағы елеулі жұмыстармен Түрікменстандағы Ұлттық шөл институты айналысуда. Өткен ғасырдың екінші жартысында бізде де шөлдену мәселесімен айналысатын институт болған. Ол институт түрлі себептерге байланысты жұмысын тоқтатты. Қазіргі таңда сол институтты қайта жандандыру керек. Себебі, Қазақстан аумағында шөл жерлер күн санап ұлғаюда. Бұл еліміздің экономикасына және ауыл шаруашылығына үлкен соққы болмақ. Сонымен қатар, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажет. Шетел тәжірибесін ескере отырып, шөлденумен күрес жолдарының тетіктерін жетілдіру қажет. Әрбір жерді тиімді пайдалану – бұл уақыт талабы.