Атмосфералық ауаны құқықтық реттеу негіздері
Атмосфералық ауаны бақылау
Атмосфералық ауаны реттеу және қорғау
Тақырып 14. Ерекше қорғалатын табиғи объектілердің құқықтық режимі
Мемлекеттік табиғи-қорық қорының түсінігі. «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» Қазақстан Республикасының заңы және осы саладағы басқа да заңдар.
Мемлекеттік органдарының ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы құзыреті. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды ұйымдастыру.
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың түрлері мен санаттары.
Мемлекеттік табиғи-қорық қорының түсінігі. «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» Қазақстан Республикасының заңы және осы саладағы басқа да заңдар.
1. Биологиялық ресурстар - экологиялық жүйелердiң адамзат үшiн нақты немесе ықтимал пайдасы немесе құндылығы бар генетикалық ресурстары, организмдерi немесе олардың бөлiктерi, таралымдары немесе кез-келген басқа биотикалық құрамдас бөлiктерi.
Ерекше қорғалатын табиғи аумақ - ерекше қорғау режимi белгiленген мемлекеттiк табиғи-қорық қорының табиғи кешендерi мен объектiлерi бар жер, су объектiлерi және олардың үстiндегi әуе кеңiстiгiнiң учаскелерi.
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жүйесi - өздерiндегi барлық географиялық аймақтардың табиғи кешендердiң репрезентативтiк өкiлдiгiн қамтамасыз ететiн санаттары мен түрлерi саналуан ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жиынтығы.
Мемлекеттiк табиғи-қорық қоры - табиғи эталондар, уникумдар мен реликтер, генетикалық резерв, ғылыми зерттеулер, оқу-ағарту, бiлiм беру, туризм және рекреация нысанасы ретiнде ерекше экологиялық, ғылыми, тарихи-мәдени және рекреациялық құндылығы бар мемлекеттiк қорғауға алынған қоршаған ортаны қорғау объектiлерiнiң жиынтығы.
Мемлекеттiк табиғи-қорық қорының объектiлерi - ерекше экологиялық, ғылыми, тарихи-мәдени және рекреациялық маңызы бар геологиялық, гидрогеологиялық, гидрологиялық, зоологиялық, ботаникалық және ландшафтық объектiлер мен олардың кешендерi, жануарлар мен өсiмдiктердiң жекелеген түрлерi (таралымдары) (соның iшiнде Қазақстан Республикасының Қызыл кiтабына енгiзiлген жануарлар мен өсiмдiктердiң сирек кездесетiн және жойылып кету қаупi бар түрлерi).
Мемлекеттiк табиғи қорық - табиғат қорғау және ғылыми мекеме мәртебесi бар ерекше қорғалатын табиғи аумақ, оның қызметiнiң мақсаты өзiнiң аумағындағы табиғи процестер мен құбылыстардың табиғи барысын, өсiмдiктер мен жануарлар дүниесi объектiлерiн, өсiмдiктер мен жануарлардың жекелеген түрлерi мен қауымдастықтарын, әдеттегi және бiрегей экологиялық жүйелердi сақтау мен зерделеу және оларды қалпына келтiру болып табылады.
Мемлекеттiк табиғи қорықтардың негiзгi қызметiне:
1) мемлекеттiк табиғи қорық пен оның күзет аймағының биологиялық саналуандығын қорғау және қалпына келтiру режимiн қамтамасыз ету;
2) Табиғат жылнамасын жүргiзудi қоса алғанда, мемлекеттiк табиғи-қорық қорының экологиялық жүйелерiн, объектiлерiн зерделеу және олардың мониторингi жөнiнде ғылыми зерттеулер ұйымдастыру және жүргiзу;
3) экологиялық-ағартушылық қызметтi жүргiзу;
4) мемлекеттiк табиғи қорықтың экологиялық жүйелерiне зиянды әсер етуi мүмкiн шаруашылық және өзге объектiлердi орналастыру жобалары мен схемалар мемлекеттiк экологиялық сараптамасына қатысу;
5) мемлекеттiк табиғи қорық пен оның күзет аймағының аумағын экологиялық-ағартушылық, ғылыми және шектеулi туристiк мақсаттарда пайдалануды реттеу жатады.
Мемлекеттiк табиғи қорықтың бүкiл аумағында қорықтық күзет режимi белгiленедi, ол бойынша:
1) аумақтың гидрологиялық режимiн өзгертетiн iс-әрекеттерге;
2) мемлекеттiк табиғи қорықтың жұмыс iстеуiмен байланысты емес үй-жайлар (құрылыстар және ғимараттар), жолдар, құбырлар, электр желiлерiн және басқа да коммуникациялар мен объектiлер салуға;
3) геологиялық-барлау жұмыстарына және пайдалы қазбалар өндiруге;
4) топырақ қабатын бүлдiруге, минералдар шығымын бұзуға және тау жыныстарын жалаңаштауға;
5) санитарлық мақсатта ағаш кесудi және күтiм жасау мақсатында ағаш кесудi қоса алғанда, орман пайдаланудың барлық түрлерiне, тағамдық, дәрi-дәрмектiк және техникалық өсiмдiктер, гүлдер, тұқымдар дайындауға, шөп шабуға, мал жаюға және өсiмдiктер қабатының бұзылуына әкеп соғатын өсiмдiктер дүниесiн пайдаланудың басқа да түрлерiне;
6) мемлекеттiк табиғи қорықтың күзет аймағында тұратын жергiлiктi халықтың мұқтажы үшiн арнайы бөлiнген учаскелерде уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен рұқсат етiлетiн, әуесқойлық балық аулауды қоспағанда, аң аулау мен балық аулауға;
7) жануарларды аулауға және жойып жiберуге, олардың мекендеу ортасы мен жағдайларын бұзуға;
8) жануарлар мен өсiмдiктердiң жаңа түрлерiн жерсiндiруге, жануарлардың жекелеген түрлерi санын жерлердiң табиғи сыйымдылығы бойынша жол берiлетiн мөлшерден артық көбейтуге;
9) мемлекеттiк табиғи қорықтың коллекцияларын қалыптастыруды қоспағанда, коллекциялық материалдар жинауға;
10) зиянкестерге, өсiмдiктер мен жануарлардың ауруларына қарсы, сондай-ақ жануарлар санын реттеу үшiн химиялық және биологиялық күрес әдiстерiн қолдануға;
1) үй жануарларын айдап өтуге;
12) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк органмен келiсiм бойынша уәкiлеттi орган белгiлеген нормадан асып түсетiн жасанды жолмен жасалатын у-шуға және өзге де дыбыстық әсерлерге;
13) егер қызмет қорғалатын ландшафтардың табиғи көрiнiсiн өзгертуге немесе экологиялық жүйелердiң орнықтылығын бұзуға әкеп соғуы мүмкiн болса, не ерекше құнды табиғи ресурстарды сақтауға және молықтыруға қатер төндiрсе, оған тыйым салынады.
Мемлекеттiк табиғи қорықтардың аумағында орман және дала өрттерiнiң алдын алу және сөндiру жөнiнде жердегi және авиациялық жұмыстарды жүргiзуге жол берiледi.
Мемлекеттiк табиғи қорықтарда ғылыми қызмет мемлекеттiк табиғи-қорық қорының табиғи кешендерi мен объектiлерiн зерттеу жөнiнде тұрақты жүйелi түрдегi байқаулар, Табиғат жылнамасын жүргiзудi қоса алғанда, табиғи процестердiң мониторингiн ұйымдастыру, сондай-ақ биологиялық саналуандықты сақтаудың және мемлекеттiк табиғи-қорық қорының экологиялық жүйелерi мен объектiлерiн қалпына келтiрудiң ғылыми негiздерi мен әдiстерiн әзiрлеу жолымен жүзеге асырылады.
Мемлекеттiк табиғи қорықтардың экологиялық-ағартушылық қызметi:
1) қорықтардың биологиялық саналуандықты сақтау функцияларын орындауының қажеттi шарты ретiнде қорық iсi идеяларын халықтың қалың топтарының қолдауын қамтамасыз ету;
2) экологиялық мәдениеттi қалыптастыру мен дамыту мақсаттарында жүзеге асырылады.
Мемлекеттiк табиғи қорықтарда экологиялық-ағартушылық шараларын жүргiзу үшiн мұражайлар, экспозициялар, көрсетiлiм жасау учаскелерi және басқа да объектiлер құрылуы мүмкiн.
М емлекеттiк табиғи қорықтардың күзет аймақтарында:
1) жаңа елдi мекендер құруға және бар елдi мекендердi кеңейтуге;
2) мемлекеттiк табиғи қорықтың экологиялық жүйелерiне зиянды әсер ететiн объектiлердi орналастыруға, жобалауға, салуға және пайдалануға, жаңа технологиялар енгiзуге;
3) жануарлар мен өсiмдiктер дүниесi үшiн зәрлi улы химикаттар, тыңайтқыштар мен гербицидтер қолданылатын ауыл шаруашылығы мен орман шаруашылығының интенсивтi нысандарын енгiзуге;
4) атмосфераға және ашық су көздерi мен рельефке ластаушы заттар шығаруға және сарқынды суларды төгуге, қалдықтарды орналастыруға;
5) пайдалы қазбалар өндiруге;
6) әуесқойлық (спорттық) және кәсiпшілік аң аулауға;
7) радиоактивтi материалдар мен өнеркәсiп қалдықтарын көмуге;
8) мемлекеттiк табиғи қорықтың экологиялық жүйелерiнiң гидрологиялық режимiн өзгертетiн қызметке (бөгеттер, дамбалар, гидротехникалық құрылыстар және табиғи су ағынын тоқтатуға немесе азайтуға әкеп соғатын басқа да объектiлер салуға);
9) жабайы жануарлар мен жабайы өсiмдiктердiң бөтен түрлерiн жерсiндiруге;
10) мемлекеттiк табиғи қорықтың экологиялық жүйелерiне зиянды әсер ететiн басқа да қызметке тыйым салынады.
Мемлекеттiк табиғи қорықтардың күзет аймақтарының аумағында қорықтың экологиялық жүйелерiнiң жай-күйiне терiс әсер етпейтiн шаруашылық қызметтiң мынадай әртүрлi нысандары жүзеге асырылуы мүмкін:
1) орман шаруашылығы қызметi;
2) мал жайылымы және шөп шабуды қоса алғанда, дәстүрлi жер пайдалану, сондай-ақ биологиялық саналуандықты ұзақ мерзiмдi сақтау мен оның берiктiгiн қамтамасыз ету шеңберiндегi өзге де қызмет;
3) туристiк және рекреациялық қызмет;
4) минералды суларды, жер астының жылы суларын және климаттық ресурстарды пайдалану;
5) кәсiпшілік және әуесқойлық (спорттық) балық аулау;
6) орман және дала өрттерiн сөндiру жөнiнде жердегi және авиациялық жұмыстарды жүргiзу;
7 ) бүлiнген жерлердi рекультивациялау;
8) орман және өзге де өсiмдiк қауымдастықтарын қалпына келтiру;
9) жабайы жануарлардың мекендеу ортасы мен санын қалпына келтiру;
10) жер учаскелерiн туристер болатын жерлердi жайластыру, өсiмдiктер мен жануарлардың эндемикалық, сирек кездесетiн және құрып бара жатқан түрлерiн жасанды жолмен көбейту, өсiру, өндiру үшiн питомниктер салу, мемлекеттiк табиғи қорық қызметкерлерiнiң тұруы үшiн қызметтiк үй-жайлар (кордондар) салу, оларға қызмет бабындағы жер үлестерiн беру үшiн пайдалану.
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы. Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 7 шілдедегі N 175 Заңыменерекше экологиялық, ғылыми, тарихи-мәдени және рекреациялық құндылығы бар, сондай-ақ ұлттық, өңiрлiк және дүниежүзiлiк экологиялық желiнiң құрамдас бөлiгi болып табылатын ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен мемлекеттiк табиғи-қорық қорының объектiлерiн құру, кеңейту, қорғау, қалпына келтiру, орнықты пайдалану және басқару жөнiндегi қоғамдық қатынастар реттеледі. Заң құрамы жағынан 18-тараудан және 85-баптан тұрады.
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен мемлекеттiк табиғи-қорық қорының объектiлерi саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жер қойнауын, суларын, ормандарын және өзге табиғи ресурстарын пайдалану және қорғау жөнiндегi қатынастар осы Заңмен реттелмеген бөлiгiнде Қазақстан Республикасының арнаулы заңдарымен реттеледi.
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы мүлiктiк қатынастар, егер осы Заңда өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасымен реттеледi.
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы негiзгi принциптер:
1) биологиялық саналуандықты, бiрегей және типтiк ландшафтарды сақтау мен қалпына келтiрудi қамтамасыз ететiн экологиялық желiнiң базалық құрамдас бөлiгi ретiнде ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жүйесiн дамыту;
2) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы мемлекеттiк реттеу мен бақылау;
3) мемлекеттiк табиғи-қорық қоры мен табиғи экологиялық жүйелердi сақтау;
4) ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды ғылымды, мәдениеттi, оқу-ағартуды, бiлiм берудi, туризмдi дамыту мақсаттарында пайдалану;
5) ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды пайдаланудың ақылы болуы;
6) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзғаны үшiн жауаптылық;
7) жеке және заңды тұлғалардың ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы мiндеттердi шешуге қатысуы;
8) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы ақпараттың қолжетiмдiлiгi;
9) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы халықаралық ынтымақтастық болып табылады.
Табиғи кешендер, оның iшiнде ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерлерi, сондай-ақ осы жерлерде және басқа санаттардағы жерлерде орналасқан мемлекеттiк табиғи-қорық қорының объектiлерi ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы қатынастардың объектiлерi болып табылады.
Жеке және заңды тұлғалар, сондай-ақ мемлекеттiк органдар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген өздерiнiң құзыретiне сәйкес ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы қатынастардың субъектiлерi болып табылады.
Мемлекеттік органдарының ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы құзыреті. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды ұйымдастыру.
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы мемлекеттiк басқаруды Қазақстан Республикасының Үкiметi, уәкiлеттi орган, қарауында ерекше қорғалатын табиғи аумақтар бар орталық атқарушы органдар және Заңмен және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актiлерiмен айқындалған өздерiнiң құзыретi шегiнде облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) өкiлдi және атқарушы органдары жүзеге асырады.
Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң құзыретi:
1) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы мемлекеттiк саясаттың негiзгi бағыттарын әзiрлеу;
2) республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен мемлекеттiк табиғи-қорық қорының объектiлерiн иелену, пайдалану және иелiк ету құқығы;
3) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы уәкiлеттi органды айқындау;
4) республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құруға және кеңейтуге байланысты жағдайларда барлық санаттағы жерлерден жер учаскелерiн беру және алып қою, соның iшiнде сатып алу арқылы беру және алып қою;
5) республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құру және кеңейту;
6) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы халықаралық ынтымақтастық жатады.
Уәкiлеттi органның құзыретi:
1) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы мемлекеттiк органдардың қызметiн үйлестiру;
2) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы мемлекеттiк саясатты iске асыру;
3) республикалық маңызы бар мемлекеттiк табиғи-қорық қоры объектiлерiнiң тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкiметiне бекiтуге енгiзу;
4) республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құру және кеңейту жөнiнде ұсыныстар енгiзу;
5) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласында нормативтiк құқықтық актiлердi әзiрлеу және бекiту т.б.
Қарауында ерекше қорғалатын табиғи аумақтар бар орталық атқарушы органдардың құзыретi:
1) мемлекеттiк табиғи-қорық қоры объектiлерiнiң тiзбесi, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жүйесi мен экологиялық желiлердi дамыту бағдарламалары бойынша ұсыныстар әзiрлейдi және оларды уәкiлеттi органға табыс етедi;
2) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құру және өздерiнiң қарауындағы осындай аумақтарды кеңейту жөнiндегi жаратылыстану-ғылыми және техникалық-экономикалық негiздемелердi, мемлекеттiк экологиялық сараптама жүргiзудi қамтамасыз етiп және осы негiздемелердi кейiннен уәкiлеттi органның бекiтуiне енгiзе отырып Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен әзiрлеудi ұйымдастырады;
3) уәкiлеттi органмен келiсе отырып, өздерiнiң қарауындағы ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың паспорттарын бекiтедi, паспорттардың уәкiлеттi органда тiркелуiн жүзеге асырады;
4) ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды басқару жоспарларын әзiрлеудi ұйымдастырады және оларды уәкiлеттi органмен келiсе отырып бекiтедi;
5) өздерiнiң қарауындағы ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға басшылықты жүзеге асырады, оларды күзетудi, қорғауды және қалпына келтiрудi, сондай-ақ ғылыми зерттеулер жүргiзудi қамтамасыз етедi;
6) ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың мемлекеттiк кадастрын жүргiзуге қатысады;
7) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен өздерiнiң қарауындағы мемлекеттiк табиғи-қорық қоры объектiлерiнiң жай-күйiне, күзетiлуiне, қорғалуына және пайдаланылуына мемлекеттiк бақылауды жүзеге асырады.
Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) өкiлдi органдары өз құзыретi шегiнде:
1) жергiлiктi маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құруға және олардың жұмыс iстеуiне жұмсалатын шығыстарды жергiлiктi бюджеттер құрамында бекiтедi;
2) өздерiнiң қарауындағы жергiлiктi маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жай-күйi мен олардың қызметi туралы, соның iшiнде мемлекеттiк табиғи-қорық қоры объектiлерiн сақтау мәселелерi бойынша атқарушы органдар басшыларының есептерiн тыңдайды.
Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) атқарушы органдары өз құзыретi шегiнде:
1) республикалық маңызы бар мемлекеттiк табиғи-қорық қоры объектiлерiнiң тiзбесi, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен экологиялық желiлер жүйесiн дамыту бағдарламасы, республикалық және жергiлiктi маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құру және кеңейту жөнiндегi ұсыныстарды уәкiлеттi органға енгiзедi;
2) жергiлiктi маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құру және кеңейту жөнiндегi жаратылыстану-ғылыми және техникалық-экономикалық негiздемелерiн әзiрлеудi ұйымдастырады және оларға мемлекеттiк экологиялық сараптама жүргiзудi қамтамасыз етедi;
3) уәкiлеттi органмен келiсе отырып, жергiлiктi маңызы бар мемлекеттiк табиғи-қорық қоры объектiлерiнiң тiзбесiн, жергiлiктi маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құру және кеңейту жөнiндегi жаратылыстану-ғылыми және техникалық-экономикалық негiздемелердi бекiтедi;
4) уәкiлеттi органмен келiсе отырып, жергiлiктi маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құру және кеңейту жөнiнде шешiмдер қабылдайды;
5) мемлекеттiк экологиялық сараптаманың оң қорытындысы болған жағдайда уәкiлеттi органмен келiсе отырып, жергiлiктi маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды функционалдық аймақтарға бөлудi түзету жобаларын бекiтедi;
6) уәкiлеттi органмен келiсе отырып, өздерiнiң қарауындағы ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды басқару жоспарларын әзiрлейдi және бекiтедi, оларды күзетудi, қорғауды және қалпына келтiрудi, сондай-ақ ғылыми зерттеулер жүргiзудi қамтамасыз етедi;
7) заңды тұлға мәртебесi бар жергiлiктi маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар көрсететiн қызметтер үшiн тарифтер мөлшерiн бекiтедi т.б.
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы мемлекеттiк бақылау жеке және заңды тұлғалардың, сондай-ақ мемлекеттiк органдардың ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтауын қамтамасыз етуге бағытталған.
Мемлекеттiк табиғи-қорық қорының объектiлерiн күзету, қорғау, молықтыру және пайдалану саласындағы экологиялық талаптардың сақталуына мемлекеттiк бақылауды қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган жүзеге асырады.
Ерекше қорғалатын табиғи аумақты құру немесе кеңейту туралы шешiм экологиялық сараптаманың оң қорытындысы болған жағдайда жаратылыстану-ғылыми және техникалық-экономикалық негiздемелердiң негiзiнде қабылданады.
Ерекше қорғалатын табиғи аумақты құрудың немесе кеңейтудiң жаратылыстану-ғылыми және техникалық-экономикалық негiздемелерiнiң жобаларын әзiрлеудi уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен мамандандырылған ғылыми (ғылыми-зерттеу) және жобалау (жобалау-iздестiру) ұйымдары екi кезеңде жүргiзедi.
Бiрiншi кезеңде ерекше қорғалатын табиғи аумақты құру немесе кеңейту жөнiндегi жаратылыстану-ғылыми негiздемесi (бұдан әрi - жаратылыстану-ғылыми негiздеме) әзiрленедi, онда:
1) зерттелiп отырған аумақтың табиғи кешендерiнiң және онда орналасқан мемлекеттiк табиғи-қорық қоры объектiлерiнiң бiрегейлiгi, маңыздылығы және репрезентативтiлiгi;
2) зерттелiп отырған аумақтағы әлеуметтiк-экономикалық жағдайлардың жай-күйiн бағалау;
3) зерттелiп отырған аумақтың мемлекеттiк табиғи-қорық қорының экологиялық жүйелерi мен объектiлерiнiң жай-күйi, оларды сақтау жөнiндегi тәуекелдер, қауiптер және оларды күзету, қорғау, қалпына келтiру және пайдалану жөнiндегi шаралар;
4) ерекше қорғалатын табиғи аумақтың ұсынылатын санаты мен түрі;
5) ұсынылатын шекарасы, ауданы, сондай-ақ функционалдық аймақтары және олардың қорғалу режимiнiң түрлерi және пайдалану айқындалады.
Екiншi кезеңде уәкiлеттi орган бекiткен немесе онымен келiсiлген жаратылыстану-ғылыми негiздеменiң негiзiнде ерекше қорғалатын табиғи аумақты құру немесе кеңейту жөнiндегi техникалық-экономикалық негiздеме (бұдан әрi - техникалық-экономикалық негiздеме) әзiрленедi, ол:
1) ерекше қорғалатын табиғи аумақтың шекарасы, координаттары сипатталған жерлердi бөлудiң жерге орналастыру жобасын, меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардың ерекше қорғалатын табиғи аумақтың құрамына алып қойылатын (сатып алынатын) жер учаскелерiнiң санаттары мен аудандарын, меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардың жер учаскелерiн алып қоймай олардың ерекше қорғалатын табиғи аумақтың құрамына қосылатын санаттары мен аудандарын, сондай-ақ күзет аймағының шекарасы мен аудандарын;
2) меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардан жер учаскелерiн сатып алуға және (немесе) оларды алу жөнiндегi залалдарды жабуға, қорғалу аймақтарында шаруашылық қызметтi шектеуге байланысты, сондай-ақ жердi алып қоймай, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құрған жағдайларда жұмсалатын шығындарды;
3) инфрақұрылым құруға және ерекше қорғалатын табиғи аумақты күтiп ұстауға, мемлекеттiк табиғи-қорық қоры объектiлерiн күзету, қорғау және қалпына келтiру жөнiндегi iс-шараларды орындауға жұмсалатын шығындарды;
4) аумақты белгiленген функционалдық аймақтарға бөлудi, қорғалу режимiнiң түрлерi мен рекреациялық жүктемелер нормаларын айқындай отырып, осы аймақтар шегiнде табиғи кешендердi реттелмелi туристiк, рекреациялық және шектеулi шаруашылық мақсаттарда пайдалану шарттарын;
5) экологиялық туризмдi дамытуды ескере отырып, ерекше қорғалатын табиғи аумақты жоспарлау жобасын және оның инфрақұрылымын (инфрақұрылымды дамытудың бас жоспарын), туристiк соқпақтарды, қарап көру алаңдарын, демалу алаңқайларын, көлiкке арналған тұрақтарды, кемпингтердi, шатырлы лагерьлердi, қонақ үйлердi, мотельдердi, туристiк базаларды, қоғамдық тамақтандыру, сауда және басқа да мәдени-тұрмыстық мақсаттағы объектiлердi, құбырларды, электр және байланыс желiлерiн, жолдарды қамтиды.
Техникалық-экономикалық негiздеме жер учаскелерiнiң меншiк иелерiмен және жер пайдаланушылармен, облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) атқарушы органдарымен, жер ресурстарын басқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi органның аумақтық органдарымен келiсiледi және Заңда белгiленген тәртiппен бекiтiледi.