Ызылиектің жаралана қабынуы

Қызылиектің жаралана қабынуы немесе өліеттеніп-жаралана қабынуы (язвенный гингивит, язвенно-некротический гингивит Венсана) жасы 18-30 арасындағы жас адамдарда кездеседі. Бұл қабыну үрдісі қызылиек бүртіктерінің некрозға ұшырап, эрозиялы-жаралы ошақтардың пайда болуымен сипатталады және организмнің реактивтілігі төмендеген жағдайда қызылиек тіндерінің фузоспирилдік микробтар бірлестігімен (симбиозбен) сенсибилизациялануына гиперергиялық реакция (жауап) ретінде дамиды, таралымы 0,2-6% құрайды.

Қабыну үрдісінің туындауына жағдай туғызатын ықпалдар: жұқпалы вирустық аурулар, дененің суыққа шалдығуы, ұзақ жүйке күйзеістері, витаминдер жетіспеушілігі, ауыз күтімінің нашарлығы. Кейде қозғау салушы себептер (провокаторлар) қатарына қызылиек қалбағайының созылмалы қабынуымен (периконарит) жиі асқынатын ақыл тістердің қиындап шығуын жатқызуға болады.

Ағымына байланысты қызылиектің жедел және созылмалы жаралана қабынуын, ауырлығына байланысты жеңіл, орта және ауыр дәрежелерін ажыратады.

Қабынудың жедел ағымды түрінде науқас бойын билеген әлсіздікке, бас ауруына, асқа тәбетінің шаппауына, бұлшық еттерінің сыздап, сүйегінің сырқырауына, дене қызуының әртүрлі деңгейге жоғарылауына, жұмыс қабілетінің төмендеуіне, қызылиек аймақтарының қатты сыздап немесе солқылдап ауырып, ас шайнатпайтынына, аузынан нашар иіс шығып, сілекейі қойылып түкіре алмайтынына, аузын ашу да қиындағанына (тризмге байланысты) шағымданады.

Қарап тексергенде сырқатының ауырлығына қарай науқастың жалпы жағдайы әртүрлі болады. Қызылиектің жаралана қабынуының ауырлық дәрежесі қабыну үрдісінің аумағына ғана байланысты емес, организмнің уыттану белгілерінің дамуына да тәуелді болады.

Қабынудың жеңіл дәрежесінде науқастың жалпы жағдайы өзгеріске ұшырай қоймайды. Шағын аймақта қызылиек бүртіктері мен қызылиек жиегінің бөлігі некроздануға ұшыраған. Сондықтан түстері ақшыл-сұрланған немесе қоңыр-сұр кір түстенген белгілі құрылымсыз. Өліеттенген тін қабатын аспаппен ақырын қырып алған кезде орнында қанағыш келетін, беті жалаңаш эрозиялы немесе жаралы ошақтар ашылады.

Қабынудың орта дәрежесінде патологиялық үрдіс қызылиек бүртіктерін, жиегін және бекіген қызылиектің біраз бөлігін қамтиды,науқастың жалпы жағдайы да біраз зардап шегеді.

Қабынудың ауыр дәрежесінде науқастың жалпы жағдайы өзгереді; науқас енжа, көңіл-күйі төмен, бет терісі жер түстес, толық жаба алмағандықтан ауызы жартылай ашық және жұтына алмағандықтан сілекей ағады (көбінесе балаларда байқалады). Аймақтық лимфа түйіндері ұлғайған және ауырғыш келеді, дене қызуы 38-39° С дейін жоғарылаған. Қан құрамында лейкоциттер саны көбейіп, лейкоцитарлық формуланың солға ауытқуы, эритроциттердің шөгу жылдамдығының жоғарылағаны анықталады.

Қызылиегі қатты қызарып ісінген, екі жақ қызылиек бүртіктері өліеттеніп, қоңыр-сұр түсті борпылдақ тінге айналған, аршығышпен немесе ылғалданған мақта анжымен сүрткенде оңай алынады және оңай қанағыш жаралы ошақтар беті ашылып қатты ауырады, өліеттенген тіннен ажыраған кейібір жаралы ошақтар беті кір-сары-сұр түсті фибринді қақпен жабылған және ол қақ оңай алына қоймайды. Өліеттенген тін жойылғаннан кейін тістер мойыны ашылып, тістераралық кеңістіктер үңірейіп қалады. Тілдің үсті қатты өңезденген, тістер көп мөлшерде жұмсақ қақпен кейде қатты шөгінділермен жабылған.

Қызылиектің созылмалы өлі-еттеніп-жаралана қабынуы жедел қабынудың (ем жүргізілмеген немесе дұрыс емделмеген жағдайда) барысы ретінде дамиды. Бұл кезде науқас қызылиегінің аздап сыздап ауыратынына, толассыз қанайтындығына, ауызынан нашар иіс шығатынына, әлсіздікке шағымданады. Бұл кезде қызылиек домбыққан, іркілген қызыл-қошқыл немесе көкшіл-қызыл түстенген, өліеттенген бүртіктер жойылған, жаралы қызылиек жиегі білікке ұқсап қалыңдаған, тістераралық кеңістіктер ашылып үңірейген.

Аймақтық лимфа түйіндері ұлғайған, аздаған ауырғыштығы байқалады.

Созылмалы қабыну үрдісі көбінесе жеңіл және орта дәрежеде дамиды.

Альвеола өсіндісінің рентгенсуретінде тістер-аралық қалқандардың ұшында кеуектену белгілері және периодонт саңылауларының кеңейгені орын алады.

Қызылиектің өліеттеніп-жаралана қабынуы қан аурулары, жүйелі аурулар, организмнің жедел және созылмалы уланулары, жүре дамыған иммунитет тапшылығы синдромы (ЖИТС) кезінде де орын алуы мүмкін.

Патогистологиялық зерттеулер анықтаған өзгерістер: қызылиектің жоғарғы қабатында жаралы ақаулар анықталады. Өліеттенген тінде көптүрлі микроорганизмдер: коктар, таяқшалар, фузобактериялар, спирохеталар, көптеп кездеседі. Эпителий қабатында акантоздану, жартылай атрофиялану үрдістері орын алады. Эпителий астындағы тінде сегменттіядролы лейкоциттермен инфильтраттану ошақтары, дегрануляцияланған толықша клеткалардың көбейгені байқалады.

Дәнекертінді құрылымдардың құрылуы баяулаған, инфильтраттар аймағында коллагенді талшықтар бұзылған, қан тамырлары кеңеіп, төңірегіндегі тіндер домбыққан.

Қызылиек қабынуының әр түрлерін пародонт қабынуынан, қан ауруларынан (нейтропения, лейкоз, агранулоцитоз), аллергиялық аурулардан, ауыр металдар тұздарымен ұлану жағдайынан, герпестік қабынудан, адамның иммунитет тапшылық вирусы (ВИЧ) инфекциясынан ажырата білу керек.

Пародонт қабынуы

Пародонттың қабынуы (пародонтит) пародонт құрамына кіретін тіндер кешенінің қабынбалы-деструкциялануға ұшырауымен сипатталатын күрделі патологиялық үрдіс.

Пародонт қабынуы 11-12 жастағы жас өспірімдер арасында да кездеседі (8-10% жағдайда) және 30-50 жас арасында қарқынды дамып (таралуы 60-65%), жасы ұлғайған адамдар арасында (50 жастан кейін) таралуы жиілей береді (65-90% шамасында) құрайды.

Пародонт қабынуының жеңіл, орта және ауыр дәрежелерін ажыратады.

Ағымына байланысты жедел қабынуы, созылмалы қабынуы және созылмалы қабынуының өршуі, ремиссиялану кезеңі (қысқа уақытқа тұрақтануы) деп бөледі.

Пародонттың жедел қабынуы сирегірек кездеседі, инфекция және әртүрлі механикалық тітіркендіргіштер әсерінен (терең енгізілген және өте кең жасанды сауыттар, салбырай қойылған пломбылар, тістердің жанасу беттеріндегі тісжегі қуыстары, кламмерлер иығы, тіс тасы) шектеле дамиды (1-3 тістер аймағында).

Бұл кезде пародонты жедел қабынған науқас белгілі бір аймақта қызылиегінің қатты сыздап немесе солқылдап ауыратынына, ас шайнағанда ауыру сезімінің күшейетініне шағымданады. Қарап тексергенде себепші ықпал әсер еткен аймақта 1-2 қызылиек бүртігі мен жиегі домбығып, қатты қызарған, сипап басқан кезде қатты ауырады, қызылиек сайынан сарысулы немесеіріңді жалқық бөлінеді. Қызылиек бүртігіне сүңгі тиіп кетсе қатты қанайды. Тісті көлденең қағып байқағанда ауыру сезімі пайда болады, тіс қызылиек бекімі алғашқы кезде бұзыла қоймайды. Кейбір жағдайда терең отырғызылған жасанды сауыт бекім эпителийі мен айналма байлам талшықтарын сыдыруы нәтижесінде пародонталдық қалта пайда болады. Ықпал етуші әсерлер уақытында жойылмаса жедел ағымды қабыну созылмалы қабынуға ауысады, пародонталдық қалта тереңдеп, тістераралық қалқан сүйек қалтасы пайда болады, (сурет) сорыла басталуы нәтижесінде қабыну аймағындағы тістер қозғалмалы бола бастайды.

Клиникалық тәжрибеде пародонттың созылмалы қабынуы, жайылған түрі жиі орын алады, дамуы ондаған жылдарға созылып, тиімді ем жүргізілмеген жағдайда тістердің өз беттерімен түсуімен аяқталады. Пародонттың созылмалы қабынуының клиникалық ерекшеліктері, ауырлығы организмнің жалпы жағдайымен, оның реактивтілік деңгейімен тығыз байланысты.

Алғашында патологиялық үрдіс катаралды қабынудан басталады, одан әрі тіс-қызылиек бекімі, тістің тіреп-ұстаушы аппараты бұзылып, сүйек тіні сорылып, пародонталдық қалта пайда болады.

Пародонттың созылмалы қабынуының жеңіл дәрежесінде науқас қызылиегінің жиі, көбінесе тістерін тазалағанда қанайтынына, қызылиегінің қышуына немесе ыңғайсыздық сезіміне, аузынан нашар иіс шығатынына, тістерінің температуралық және химиялық тітіркендіргіштерден қақсап ауыратынына шағымданады.

Қарап тексергенде, қызылиекте созылмалы катаральды қабынуға тән белгілер анықталады және бұл үрдісті қызылиектің симптоматикалық қабынуы (симптоматический гингивит) деп атайды. Сонымен қатар тістер төңірегінде тереңдігі 3,5-4 мм пародонталдық қалталар анықталады. Патологиялық үрдіс көбінесе төменгі алдыңғы немесе азу тістер аймағындағы пародонтта орын алады.

Альвеола өсіндісінің қабыну аймағындағы рентген суретінде тістераралық қалқан сүйектер ұшы бөлігінде тығыз сүйек қабатының ошақты сорылуы нәтижесінде бүтіндігі бұзылған немесе ол толығымен сорылған (деструкцияланған), кейде қалқан ұшы түгелімен сорылып, сүйек биіктігі біраз (1/3 -ге) төмендеуі нәтижесінде алдыңғы тістераралық қалқандар пішіні кертілген конусқа (усеченный конус) ұқсап қалады, ал кемік сүйекте ошақты немесе жайыла кеміктену үрдісі орын алып, сүйек суретінің айқындылығы төмендейді. Тістер мойны бөлігіндегі периодонт саңылаулары кеңейгені байқалады (сурет). Бұл кезде тістердің орындарынан ауытқуы және қозғалмалылығы анықталмайды. Науқастың жалпы жағдайы өзгермейді.

Пародонттың созылмалы қабынуының орта дәрежесі кезінде қабыну үрдісі қызылиектің альвеолалық бөлігін де қамтиды және ағым ерекшелігіне байланысты (созылмалы немесе созылмалы қабынудың өршуі) қызылиектің катаральды, өсе немесе жаралана қабынуға тән белгілер анықталады. Тістер төңірегіндегі пародонталдық қалтаның тереңдігі 4 мм терең немесе 6 мм дейін.

Бұл кезде науқас қызылиегінің тістерін тазалағанда, қатты тағамды тістеп үзіп алған кезде және шайнағанда тұрақты түрде қанайтынына, бүртіктердің түсінің, пішінінің өзгергендігіне, кейбір тістерінің қозғалмалығына, тістер арасының ашылып, орындарынан ауытқи бастағанына, ауыздарынан нашар иіс шығып металл дәмін немесе қышқыл дәм сезетініне шағымданады.

Қарап тексергенде, қызылиек көкшіл-қызыл түстенген, бүртіктері мен жиектері қатты домбыққан, тістерге тығыз жанаспаған, қызылиек бүртіктерінің көлемдері әртүрлі болғандықтан оның жиегінің біркелкі иректігі бұзылған. Сүңгі тиіп кетсе қызылиек оңай қанайды, пародонталдық қалталардың тереңдігі 4-6 мм, қабырғаларын саусақпен сипай басқанда олардан сарысулы немесе іріңді жалқық бөлінеді. Тістердің желпіуішке ұқсап бір-бірлерінен қашықтай бастағанына байланысты араларындағы кеңістіктер ашылып (диастемалар, тремалар), тістем қатынастары бұзыла бастаған және жарақаттаушы түйісу ошақтары (травматическая окклюзия) пайда болған. Тіс беттеріне көп мөлшерде қызылиек үсті және қызылиек асты қатты шөгінділер құрылған. Кейбір тістер I-II дәрежелі қозғалмалылыққа ие болған, түбірлері әртүрлі дәрежеде ашылып жалаңаштанған.

Альвеола өсіндісінің рентген суретінде тістераралық қалқан сүйектер түбір ұзындығының 1/3-1/2 бөлігіне дейін көлденең сорылған, сақталған бөліктеріндегі кемік сүйекте жайыла кеуектену үрдісі орын алған. Қалқан сүйек қабырғаларының тік бағытта сорылуына байланысты периодонт саңылаулары кеңейіп, сүйек қалталары пайда болған (сурет).

Пародонттың созылмалы қабынуының ауыр дәрежесі кезінде аурудың барлық белгілері өріс алады және жиі-жиі өршу үрдісі қайталанып, қызылиек қатты қабынып, жекелеген немесе бірнеше абсцесттер пайда болады.

Пародонт қабынуы бар науқас қызылиегінің сыздап өз бетімен ауыратындығына, қанағыштығына, тістерінің қозғалмалығын тағам шайнаудың қиындағанына, тістерінің әртүрлі бағытта ауытқып (жоғары-төмен, алға-артқа), аралары ашылып, тістер қатарының біркелкілігінің бұзылып, косметикалық ыңғайсыздық туғызғанына, біраз тістерін жұлдыруға мәжбүр болғанына, аузынан нашар иіс шығатынына, осының бәрі көңіл-күйіне әсер етіп, ұйқысы қашып, уайымшыл ашуланшақ болғанына, бойын салғырттық, дымкәстік билегеніне шағымданады. Кейде қызылиегіне іріңді ісіктер шығатынын айтады.

Қарап тексергенде, көптеген тістер аймағында қызылиек қатты домбығып, қызыл-көкшіл немесе қою-қызыл түстенген, бүртіктері әртүрлі дәрежеде ұлғайып, қызылиек жиектері білікке ұқсап қалыңдап, деформациялануға ұшыраған. Көпшілік тістер орындарынан ауытқып, ІІ-ІІІ дәрежелі қозғалмалы болған, кейбір тістер түбірлері әртүрлі деңгейде жалаңаштанған. Тістердің қалыпты түйісуі бұзылып, патологиялық тістем (жарақаттаушы тістем) пайда болған. Көптеген тістердің төңірегінде пародонталдық қалталардың тереңдігі 6 мм асады және ішінде көп мөлшерде сарысулы немесе іріңді жалқық байқалады. Тістер бетінде көп мөлшерде жұмсақ және қатты шөгінділер (қызылиек асты және қызылиек үсті тасы) көп мөлшерде анықталады.

Пародонт қабыуы бар науқастың альвеола өсінділерінің әр аймағында пародонт қабынуының әртүрлі дәрежесі орын алады.

Альвеола өсіндісінің рентген суретінде тістераралық қалқандардың көлденең және тік бағытта сорылуға ұшырауына байланысты 1/2 бөлігі жойылғаны, тереңдігі әртүрлі (кейде түбір ұшына дейін жететін) 3 пародонталдық немесе сүйек қалталары пайда болғаны анықталады. Қалқандардың сақталған бөліктері жайылмалы кеуектенуге ұшыраған (сурет).

Пародонттың созылмалы қабынуының өршуі белсенді ағымдылықпен, қызылиектің қатты ауыруымен, пародонталдық қалталардан көп мөлшерде іріңді жалқық бөлінуімен сипатталады.

Қарап тексергенде, қызылиек қатты домбығып, қызарғаны байқалады, сипап-басып байқағанда қатты ауырады және пародонталдық қалталардан іріңді жалқық бөлінеді. Өршу үрдісі пародонттың созылмалы қабынуының орта және ауыр дәрежесі кезінде жиі орын алатындықтан, бұл кезде науқастың жалпы жағдайы да өзгереді: кейде дене қызуы көтеріліп, әлсіздік және дымкәстік, терлегіштік сияқты организмнің созылмалы уыттану белгілері көрініс береді. Пародонттың созылмалы қабынуының өршуі кезінде қызылиектің абсцестеннуі жиі орын алады. Пародонталдық абсцестің дамуына терең іріңді жалқықты қалтаның болуы және одан жалқық бөлінуінің қиындауы себепкер болады. Бұл кезде қалтадағы микроорганизмдер қызылиектің дәнекертін қабатына өтіп, шағын іріңді қабыну ошағын туындатады. Қалтаның тереңдігіне байланысты абсцесс қызылиекте тістің түбір ұшы проекциясында, түбірдің орта деңгейінде немесе қызылиек жиегіне жақын орналасады.

Абсцесс дамыған кезде қызылиек қатты ауырып, ол қалыптаса бастаған аймақта шектелген томпақ ісікке ұқсас ошақ пайда болады, тағам шайнау қиындайды, кейде дене қызуы көтеріліп (бірнеше абсцесс дамыған болса), аймақтық лимфа түйіндері ұлғаяды. Көпшілік жағдайда абсцесс жедел дамиды және орталық аймағы жұмсарып, қызылиек қабаты тесіліп, жыланкөз пайда болады. Сондықтан бұл жыланкөзді периодонттың соызлмалы гранулденіп қабынуы кезіндегі жыланкөзден ажырата білу керек. Ол үшін жарақат ошағы аймағының рентген суреті қажет болады.

Пардонттың созылмалы қабынуы кезіндегі патоморфологиялық зерттеулерге сүйенсек пародонттың барлық тіні патологиялық өзгеріске ұшыраған: жабынды эпителийде дистрофиялық өзгерістер дамып, жоғарғы қабатында өліеттену үрдісі байқалады. Қызылиек сайы эпителийі пролиферациялануға ұшырап, пародонталдық қалталар қабырғасымен түбір бойын қуалай өскені анықталады.

Аурудың орта және ауыр дәрежесі кезінде дәнекертінді қабатта құрамында лимфоидтерден, гистиоциттерден және аз мөлшерде плазматикалық клеткалардан тұратын инфильтрат ошақтары кездеседі. Толықша клеткалар көптеп дегрануляциялануға ұшыраған. Аргирофильді және коллагенді талшықтардың қалыңдап, жартылай ыдырауға ұшырағандығы байқалады.

Сүйек тінінде лакунарлы сорылу (ойықтанып сорылу) үрдісі басым, тістераралық қалқандар жіңішкеріп, пішіндері бұзылған, жиі-жиі бөлшектенуге (фрагменттациялауға) ұшыраған. Сүйек тіндерінің құрылу үрдісінен сорылу үрдісі басым болады. Түбір цементінде және дентиннің ұлпа жақ бетінде сорылу ошақтары анықталады. Қантамырларда да өзгерістер бар, олардың эндотелий қабаты өсе қалыңдаған, қабырғалары гиалиноздаға және склероздану әсерінен тарылған.

Қызылиектің, периодонттың, тіс ұлпасының, сүйек тінінің нерв талшықтары бөлшектенуге ұшыраған (фрагментацияланған), аурудың ауыр дәрежесінде шаңды ыдырау байқалады.

Пардонттың созылмалы жайыла қабынуы барысында көптеген асқынулар орын алуы мүмкін және оларды екі топқа бөлуге болады: жергілікті және жалпылай асқынулар. Жергілікті асқынуларға мойыны және түбірі ашылған тістің қатты тіндерінің жоғары сезімталдығын (гиперестезия), ұлпаның ретроградтық қабынуын, пародонтальдық абсцесті, пародонтальдық кистаны жатқызуға болады.

Пардонтальдық киста (пардонтальная киста) сирек дамитын құрылым және аурудың ауыр түрінде қызылиек сайы эпителийінің пародонтальдық немесе сүйек қалталарының барлық қабырғаларын төсей өсуі нәтижесінде пайда болады. Алғашқы кезде ксита ешқандай белгісіз дамиды, кейінірек ол орналасқан аймақта тіс орнынан ауытқи бастайды және қызылиекте сипап байқағанда домалақ пішінді тығыздау және ауырмайтын құрылым анықталады. Рентгенсуретте киста домалақ пішінді, шекарасы айқын, тіс түбірінің алдыңғы немесе артқы бетіне жанаса орналасқан, сорылған орнында сүйек пайда болған қара көлеңкелі ошақ түрінде көрініс береді (сурет). Түбірұшы аймағындағы пародонт тіндері өзгеріске ұшырамаған, тіс ұлпасының өміршеңдігі сақталған. Пародонталдық кистадан басқа жергілікті асқынулардың клиникасы арнаулы бөлімдерде берілген.

Жалпылай асқынуларға организмнің созылмалы уыттануын, және аллергизациялануын, әртүрлі жүйкелік күйзелістерді, жақсүйек майының жедел немесе созылмалы қабынуларын, жақсүйек аймағы жұмсақ тіндерінің абсцестері мен флегмоналарын, тістердің шайнау қызметінің төмендеуі нәтижесінде туындаған ас қорыту жолы аурулары жатқызады.

Пародонт қабынуының ремиссиялық кезеңі (аз уақытқа тұрақтану) тиімді және кешенді емдеу жүргізгеннен кейін байқалады. Бұл кезде қызылиектің қанағыштығы, ауыру сезімі басылады, тістердің қозғалмалылығы азаяды.

Рентгенсуретте сүйек тінідегі сорылу үрдістері тежелгені анықталады. Альвеола өсіндісі қырындағы кемік сүйектің тығызданғаны, кеуектену аймағында сүйек бағаналарының қалпына келгендігі, сүйек тінінің рентген көрінісінің айқындылығын анықтауға болады.

Пародонтоз

Пародонтоз – пародонт құрамындағы барлық тіндердің дистрофиялық өзгерістерге ұшырауымен сипатталатын ауру және 2-10% жағдайда орын алады.

Пародонтоздың негізгі белгілері: қызылиекте дистрофиялық үрдіс (қызылиектің атрофиялана қабыну), альвеола өсіндісінің көлденең деструкциялануға ұшырауы, тістер түбірлерінің ашылуы, мойын бөліктерінде сынаға ұқсас ақаулардың пайда болуы. Пародонттағы үрдіс толассыз және баяу дамиды. Емдеу шараларын жүргізбесе, патологиялық үрдіс тістердің байлам аппараттары мен тістераралық, түбірлераралық қалқандардың толық семіп жойылуымен аяқталады.

Науқастардың шағымы аурудың сатысына және ауырлығына байланысты. Бастапқы кезде оларды қызылиектің қышуы, шаншуы жақсүйектерінің сырқырауы, тістердің температуралық және химиялық тітіркендіргіштерге аса сезімталдығы мазалауы мүмкін. Қарап тексергенде, қызылиек түсі бозғылттау және аздап күңгірттенген, консистенциясы тығыз және қанамайды. Алдыңғы тістер аймағында қызылиек бүртіктерінің көлемі кішірейіп, қызылиек жиегі отыра бастағандықтан (ретракция) тістер мойыны ашыла бастағаны байқалады. Рентгенсуретте тісераралық қалқан ұштары доғалданып, қатты сүйек пластинасының рентгенайқыгдығы жойылған, кемік сүйекте кеуектену және склероздану үрдістері орын алған.

Пародонтоздың орта және ауыр дәрежелерінде қызылиектің семуімен қатар тістер мойындары толық ашылып, түбірлері әртүрлі деңгейде жалаңаштанады. Тістер желпуішке ұқсап бір-бірінен алшақтайды, араларында бос кеңістіктер пайда болады. Қарап тексергенде, қызылиек бозғылт-қызыл немесе ақшыл-қызғылт түсті, бүртіктері жартылай кейде толық атрофияланған, жиегі жұқа, тістер түбіріне тығыз жанасқан, пародонталдық қалталар жоқ, көпшілік тістердің мойын бөліктерінде сынаға ұқсас ақаулар бар.

Рентгенсуретте тістераралық қалқандар сүйегі әртүрлі деңгейде жойылған, кеуектену ошақтары бар, альвеола өсіндісінің суреті ұсақторлы көріністі, сүйек бағаналары склероздану әсерінен қалыңдаған.

Пародонтоз жеңіл дәрежесі деген диагноз тістердің мойын бөліктері ашылып, түбірлері ұзындығының 1/3 бөлігіне жалаңаштанса, рентгенсуретте тістераралық қалқандар түбірлер ұзындығының 1/3 бөлігіне төмендеген немесе қысқарған жағдайда қойылады.

Пародонтоздың орта дәрежесінде тістер түбірлері ұзындығының 1/2 бөлігіне дейін ашылады немесе рентгенсуретте тістераралық қалқандар биіктігі 1/2 төмендейді, тістер аздап қозғалмалы бола бастайды.

Пародонтоздың ауыр дәрежесінде тістер түбірлері ұзындығының 1/2 бөлігіне немесе оданда артық деңгейге ашылады, немесе тістераралық қалқандар биіктігі 1/2 бөлігінен аса төмендейді. Тістер әртүрлі дәрежеде қозғалмалы болады. Кейде тістераралық қалқандар толық жойылып, ауыру-сырқаусыз тістердің өз бетімен түсіп қалуы орын алады.

Пародонтоз кезінде патоморфологиялық өзгерістер пародонт тіндеріндегі дистрофиялық өзгерістермен, қантамырлық бұзылыстармен сипатталады. Қызылиек пен периодонттағы коллагенді тіндерде фиброздану мен склероздану үрдісі байқалады. Альвеола өсіндісінің сүйек тінінде жазық сорылу (гладкая резорбция) үрдісінің басымдығы тістераралық қалқандар сүйегінің толығымен жойылуына әкеліп соғады.

Пародонттың нерв тіндері алғашқы кезден бастап өзгеріске ұшырайды және ондағы дистрофиялану үрдісі біртіндеп үдей береді.

Наши рекомендации