Параграф. Зертханаларға қойылатын жалпы талаптар
Quot;Ықтимал қауіпті химиялық және биологиялық заттарды пайдаланатын зертханаларға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар" санитариялық қағидаларын бекіту туралы
Азақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің м.а. 2015 жылғы 15 сәуірдегі № 338 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 20 мамырда № 11099 тіркелді
«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Кодексінің 144-бабының 6 тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған «Ықтимал қауіпті химиялық және биологиялық заттарды пайдаланатын зертханаларға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрықты мемлекеттік тіркелгеннен кейін он күнтізбелік күн ішінде оның мерзімді баспасөз басылымдарына және «Әділет» ақпараттық – құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберілуін;
3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Ұлттық экономика
министрінің міндетін атқарушы М. Құсайынов
«КЕЛІСІЛГЕН»
Қазақстан Республикасының
Денсаулық сақтау
және әлеуметтік даму министрі
____________ Т. Дүйсенова
15 сәуір 2015 ж.
Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрінің
2015 жылғы 15 сәуірдегі
№ 338 бұйрығымен бекітілген
Ықтимал қауіпті химиялық және биологиялық заттарды пайдаланатын зертханаларға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар
Тарау. Жалпы ережелер
1. Осы «Ықтимал қауіпті химиялық және биологиялық заттарды пайдаланатын зертханаларға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» (бұдан әрі – Санитариялық қағидалар) адамның өміріне немесе денсаулығына, сондай-ақ аурудың пайда болу және таралу қаупін тудыратын органолептикалық, токсикологиялық, санитариялық-химиялық, микробиологиялық, бактериологиялық, вирусологиялық, паразитологиялық, молекулярлық-биологиялық (полимеразды тізбекті реакция), иммундық-биологиялық (иммундық-ферментті талдау және басқа серологиялық зерттеулер) зертханалық зерттеулерді, шуды, дірілді, электромагниттік өрістерді және физикалық факторларды өлшеуді, радиометрия мен дозиметрияны қамтитын радиациялық зерттеулерді орындайтын зертханаларға (бұдан әрі – зертхана) қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды белгілейді.
2. Санитариялық қағидалар:
1) зертхана ғимаратының(тарының) құрылысына жер учаскесін таңдауға, жобалауға, салуға, қайта жаңартуға және пайдалануға беруге;
2) зертханаларды күтіп-ұстауға, пайдалануға және жұмыс жағдайларына;
3) материалдарды (микроорганизмдерді) сақтауға және тасымалдауға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық;
4) радиациялық, химиялық, микробиологиялық, вирусологиялық, токсикологиялық, паразитологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге (оның ішінде аварияларды жою кезінде);
5) сумен жабдықтауға, су бұруға, жарықтандыруға және желдетуге талаптарды да белгілейді.
3. Санитариялық қағидалардың талаптарын сақтау меншік нысанына қарамастан жеке және заңды тұлғаларға міндетті болады.
4. Санитариялық қағидаларда мынадай терминдер мен анықтамалар пайдаланылды:
1) авариялық жағдай (бұдан әрі – авария) – биологиялық материалмен жұмыс істеу кезінде, өндірістік аймақтың ауасына, қоршаған ортаға патогенді биологиялық агенттің бөлінуінің немесе персоналға жұқтырудың нақты немесе әлеуетті мүмкіндігін тудыратын, зертханада туындаған жағдай;
2) бактериологиялық зертхана – биологиялық материалдан және қоршаған орта объектілерінен бактерияларды бөлу, антигендерді және антиденелерді анықтау бойынша зерттеулерді орындайтын зертхана;
3) бақылау-өткізу пункті (бұдан әрі – БӨП) – адамдардың және көлік құралдарының рұқсат етілген түрінің өтуін қамтамасыз етуге арналған арнайы үй-жай;
4) биологиялық агенттер немесе уыттар – адамның немесе жануарлардың организміне түскен кезде немесе олармен, сондай-ақ өсімдіктермен жанасқан кезде олардың сырқаттануын немесе өлім-жітімін тудыруға қабілетті микроорганизмдер және бактериялық, өсімдіктен немесе жануардан шығатын белоктық күрделі қосындылар;
5) биологиялық қауіпсіздік – жұмыс істейтін персоналды, тұрғындарды және қоршаған ортаны биологиялық агенттердің (бұдан әрі – БА) әсерінен қорғауға бағытталған медициналық-биологиялық, ұйымдастыру және инженерлік-техникалық іс-шаралар жүйесі;
6) биологиялық қауіпсіздік боксы (бұдан әрі – БҚБ) – персоналдың жұқтыруын және жұмыс аймағы мен қоршаған орта ауасының ластану мүмкіндігін болдырмау мақсатында микроорганизмдерді физикалық оқшаулау үшін (жұмыс аймағына енгізбеу және оны бақыланатын шығару) пайдаланылатын конструкция;
7) биологиялық қорғаныш (бұдан әрі – биоқорғаныш) – БА және уыттарды жоғалтуды, ұрлатуды, дұрыс пайдаланбауды, диверсиясын, рұқсат етілмеген қол жетімділікті немесе алдын ала жоспарланған рұқсат етілмеген таралуын болдырмау мақсатында оларды қорғауды, бақылауды және есепке алуды қамтамасыз ету;
8) боксталған үй-жай (бұдан әрі – бокс) – тамбуры (боксқа кіреберісі) бар оқшауланған үй-жай;
9) виварий – тәжірибелер үшін пайдаланылатын зертханалық жануарлардың алуан түрлері ұсталатын ұйымның бөлімшесі;
10) вирусологиялық зертхана – биологиялық материалдан және қоршаған орта объектілерінен вирустарды бөлу, антигендерді және антиденелерді анықтау бойынша зерттеулерді орындайтын зертхана;
11) дезактивация – қандай да бір беттен немесе қандай да бір ортадан радиоактивті ластануды жою немесе азайту;
12) дезарлар – ультракүлгін бактерицидті сәулелегіш, үй-жайлардағы ауаны дезинфекциялау үшін қолданылады;
13) демеркуризация – сынапты төгіп алған жағдайда оны жинау бойынша іс-шаралар кешені;
14) ДНҚ – дезоксирибонуклеин қышқылы;
15) диагностикалық зерттеулер – қоздырғышты, оның антигенін немесе оған антиденені анықтау және сәйкестендіру мақсатында өткізілетін шығу тегі биотикалық және абиотикалық объектілерді зерттеу;
16) ЖИТС – жұқтырылған иммун тапшылығы синдромы;
17) жұқпалы аймақ – патогенді биологиялық агенттермен немесе ықтимал жұқтырған патогенді биологиялық агентпен материалмен әрекеттер және оларды сақтау жүзеге асырылатын зертхананың үй-жайы немесе зертхананың үй-жайлар тобы;
18) зертхана – органолептикалық, токсикологиялық, санитариялық-химиялық, микробиологиялық, бактериологиялық, вирусологиялық, паразитологиялық, молекулярлық-биологиялық, иммундық-биологиялық зертханалық зерттеулерді, шуды, дірілді, электромагниттік өрістерді және физикалық факторларды өлшеуді, радиометрия мен дозиметрияны қамтитын радиациялық зерттеулерді орындайтын ұйым немесе оның құрылымдық бөлімшесі.
19) инфекциялық материал – құрамында инфекциялық аурулардың қоздырғыштары бар екені белгілі немесе негізді болжанатын заттар;
20) иммундық-ферментті талдау (бұдан әрі – ИФТ) – ферментті белгіні қолдана отырып, антигеннің антиденемен өзара әрекеттесуіне негізделген әртүрлі биологиялық молекулаларды анықтау әдісі;
21) инсектарий – тәжірибелік мақсатта қолдану үшін жәндіктерді күтіп-ұстауға, шығаруға немесе көбейтуге арналған ұйымның бөлімшесі;
22) микробиологиялық зертхана – биологиялық материалда және қоршаған орта объектілерінде микроорганизмдерді анықтау бойынша зерттеулерді орындайтын зертхана;
23) микробиологиялық зерттеулер бактериологиялық, вирусологиялық, паразитологиялық, молекулярлық-биологиялық, иммундық-биологиялық зерттеулерді қамтиды;
24) микроорганизмдер – бұл белгілі бір жағдайларда және белгілі бір шоғырлануда адамның денсаулығына әсер етуі мүмкін шығу тегі белоктық күрделі қосындылар бактериялар, вирустар, микоплазмалар, риккетсийлер, хламидийлер және грибоктар;
25) отқа қауіпті заттар – тұтанудың сыртқы көзінен жанатын, жеңіл тұтанатын заттар мен жанғыш сұйықтықтар;
26) объектінің (үй-жайдың) техникалық нығайтылуы – ғимараттың, үй-жайлардың, олардың периметрлерінің, күзеттің арнайы техникалық құралдарының (күзет, қауіп-қатер дабылы; қол жетімділікті бақылау жүйесі; теледидарлық бақылаудың бейнебақылау және бейнекүзет жүйелері; радиоактивті, химиялық және өзге де уландырғыш заттарды анықтау детекторлары; қаруды, жарылғыш заттар мен құрылғыларды анықтау детекторлары) және өрт дабылы жүйесінің, оның ішінде өртті автоматты түрде анықтау және өшіру жүйесінің конструкциялық элементтерін инженерлік қорғау жиынтығы;
27) патогенді биологиялық агент (бұдан әрі – ПБА) – адамдар үшін патогенді микроорганизмдер (бактериялар, вирустар, риккетсийлер, хламидийлер, қарапайымдылар, грибоктар, микоплазмалар, эндо- және эктопаразиттер), гендік-инженерлік түрлендірілген микроорганизмдер, биологиялық және өсімдік тектес улар (уыттар), гельминттер, сондай-ақ құрамында санамаланған агенттердің болуы ықтимал материал (қанды, басқа да биологиялық сұйықтықтарды және организмнің нәжістерін қоса алғанда);
28) паразитологиялық зертхана – биологиялық материалда және қоршаған орта объектілерінде гельминттерді және қарапайымдыларды анықтау бойынша зерттеулерді орындайтын зертхана;
29) периметр – қоршайтын құрылыс конструкцияларымен (тосқауылдармен) және бақылау-өткізу пункттерімен жабдықталған күзетілетін аумақтың (аймақтың) шекарасы;
30) полимеразды тізбекті реакция (бұдан әрі – ПТР) – зерттелетін микроорганизм геномының ерекше учаскесін анықтауға мүмкіндік беретін, ДНҚ-РНҚ (амплификация) фрагменті көшірмелерінің санын көп еселеп көбейтуге негізделген реакция;
31) радиологиялық зертхана – әр түрлі объектілерде радионуклидтің болуын анықтау бойынша радиациялық бақылау, радиологиялық зерттеулер жүргізетін, сонымен қатар, дозиметриялық, радиометриялық, спектрометриялық өлшеулер жүргізетін зертхана.
32) РНҚ – рибонуклеин қышқылы;
33) тәжірибелік зерттеулер – шығу тегі биологиялық микроорганизмдерді, гельминттерді, уыттар мен уларды пайдаланатын жұмыстардың барлық түрлері;
34) тәуекелді бағалау – БА-ның ену және таралу ықтималдығын және онымен байланысты әлеуетті әлеуметтік, медициналық-биологиялық, фито-ветеринариялық, экологиялық және экономикалық салдарларын ғылыми негізделген бағалау;
35) таза аймақ – зертхананың БА-мен әрекеттер жүргізілмейтін үй-жайы немесе үй-жайлар тобы;
36) улы және қатты әсер ететін заттар – организмге аз мөлшерде және аз шоғырлануда түскен кезде патологиялық өзгерістер тудыратын химиялық қосындылар;
37) уақытша зертханалар (эпидемиологиялық жасақтар, экспедициялар) – эпидемиялық белең алулар пайда болғанда ұйымдастырылатын мерзімдік жұмыс істейтін зертханалар;
38) шартты жұқпалы аймақ – жұқпалы аймақ шегіндегі үй-жай немесе үй-жайлар тобы;
39) штамм – микроорганизмнің таза өсіріндісі;
40) эпидемиологиялық маңызды объектілер – өндірілетін өнімдері және (немесе) қызметі халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұзған жағдайда, тұрғындар арасында тамақтан улануды және инфекциялық аурулардың белең алуын тудыруы мүмкін объектілер.
Тарау. Ғимараттың(тардың) құрылысына жер учаскесін таңдауға, зертханаларды жобалауға, салуға, қайта жаңартуға және пайдалануға беруге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар
5. Мынадай:
1) бұрын мал өлексесін және уытты қалдықтарды көму орындарына пайдаланылған;
2) жер учаскесінде күйдіргі бойынша стационарлық қолайсыз елді мекен орналасқан жағдайларда жер учаскелерінде құрылысты жобалауға және жүзеге асыруға жол берілмейді.
6. Зертханалардың ғимараттары дербес жер учаскелерінде орналасуы немесе құрамына кіретін ұйымның жер учаскесінде орналасуы тиіс.
7. Зертханаларды орналастыруға қойылатын талаптар:
Зертхананы дербес ғимаратта орналастыруға жол беріледі, жеке кіретін есігі бар кіріктірме-жапсарлас салынған өндірістік үй-жайларда, өндірістік ғимараттардың, жеке кіретін есігі болғанда бейінді ұйымдардың бөлек қабаттарында, клиникалық-диагностикалық зертханаларды жеке кіретін есігі бар емдеу-профилактикалық ұйымдарда орналастыруға жол беріледі.
8. Микробиологиялық патогендігі III-IV топтағы зерттеулерді орындайтын зертханалар тұрғын үй және қоғамдық ғимараттардан кемінде 30 метр (бұдан әрі – м) қашықтықта орналасады.
9. Зертхананың аумағы, ғимараттары Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкес болуы және Санитариялық қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес үй-жайлар жиыны мен аудандары болады.
10. Микробиологиялық зерттеулерді орындайтын зертханалардың: қызметкерлер үшін санитариялық өткізгіші бар және материалды зерттеуге жеткізуге арналған кемінде кіретін екі есігі болуы тиіс. Зерттеуге арналған материалды арнайы беретін терезе арқылы алуға жол беріледі.
11. Патогендігі I-II топты ПБА-мен немесе патогендігі I-II топқа жататын ПБА жұқтыруы ықтимал материалмен жұмыстар жүргізілетін стационарлық зертханалардың қоршаулары күрделі болуы және типтік жобалар бойынша салынады.
12. Сыртқы қоршауда жабылмайтын есіктің, қақпаның, қақпалы есіктің, сондай-ақ ойылған жерлердің және басқа да бұзылулардың болуына жол берілмейді.
13. Қоршауға оның периметрінің бір бөлігі болып табылатын ғимараттан басқа жапсарлас құрылыстар жанасып салынбауы тиіс, бұл ретте күзетілмейтін аумаққа қараған ғимараттың бірінші қабатындағы терезелер металл торлармен жабдықталады.
14. Аумақ қоршауының периметрі бойынша жарық орнатылады.
15. Зертхананы бірінші қабатқа орналастырған жағдайда барлық бөлмелердің терезелерінде темір торлар орнатылады.
16. Уақытша зертханалар қауіпсіздік талаптарын сақтаған кезде жеткілікті сумен, электр қуатымен, кәрізбен қамтамасыз етілген жағдайда бейімделген ғимараттарда, үй-жайларда орналасады.
17. Қоршау үшін қарапайым қоршауларды (ағаш, металл, тор, керегекөз) пайдалануға жол беріледі.
18. Зертханада өндірістік қуаттылығына және орындалатын зерттеулер номенклатурасына сәйкес жұмыс бөлмелер және басқа үй-жайлар жиыны болуы керек. Зертхананың үй-жайлары өзінің тікелей мақсатына қарай пайдаланылуы тиіс. Қызметтік міндеттерді орындауға байланысты емес жұмыстарды жүргізуге жол берілмейді.
19. Зертханалар үй-жайларының конструкциялық сәулет-жоспарлау орындалуы және кіруден қорғауды бірігіп қамтамасыз ететін техникалық қауіпсіздік жүйелерімен жарақталады.
20. Тәжірибелік, диагностикалық және өндірістік жұмыстар жүргізумен, сондай-ақ патогендігі I-II топты ПБА сақтаумен айналысатын объектілерде рұқсат беру режімі белгіленеді.
21. Үй-жайлардың ішкі әрлеуі олардың функционалдық мақсатына сәйкес орындалады.
Зертханалық үй-жайлардың едені, қабырғасы, төбесі тегіс, саңылаусыз, оңай өңделетін, дезинфекциялау және жуу құралдарының әсеріне төзімді болуы тиіс, едені тайғанақ болмайды.
22. Патогендігі I-IV топты микроорганизмдермен жұмыс жүргізуге арналған «жұқпалы» үй-жайларда еден жабынының шеттері көтеріліп, қабырғаның бетімен бірдей болып бекітілуі тиіс. Траптар болған жағдайда еденде еңіс болуы тиіс. Жұқпалы аумақтың үй-жайларында аспалы төбелелер салуға рұқсат етілмейді.
23. Санитариялық-химиялық зертханада еден қышқылға төзімді материалмен жабылады.
24. Радиологиялық зертхананың едені, төбесі және қабырғасы жуу құралдарына төзімді, нашар сіңіретін материалмен жабылады.
25. От-жарылыс қаупі бар заттармен жұмыс істейтін үй-жайларда екі шығатын есік көзделеді.
Жұмыс үстелдері жанбайтын, тотығуға төзімді материалмен қапталады, қышқылдармен және сілтілермен жұмыс істеу үшін ернеу құрылғысы болады.
26. Улы заттармен жұмыстар бөлек үй-жайларда (бөлмелерде) немесе бөлек сору шкафында жүргізіледі.
27. Бокстардың және басқа бөлмелердің есіктері мен терезелері саңылаусыз тығыз жабылуы тиіс. Желдеткіштер жәндіктерден тормен қорғалады. Бокста және бокс алды бөлменің есігі әйнекті, көрінетін болады.
28. Барлық бокстарда бокс кіреберісі болады, онда қол жууға арналған раковина (қол жуғыштар), айна және дезинфекциялау ерітінділері бар сыйымдылықтар орнатылады. Қол жуғыш болмаған жағдайда қолдану нұсқаулығы бойынша тері антисептиктерін пайдалуға болады.
29. Микробиологиялық зертханалардың үй-жайларын жоспарлау таза және жұқпалы ағындардың қиылысуын болдырмайды. Кіре беріс есікте зертхананың атауы және «Биологиялық қауіптілік» халықаралық белгісі болуы керек. Үй-жайлардың есігінде олардың тағайындалуы көрсетілген тақта ілінеді.
30. Сынамаларды алуға және тіркеуге арналған үй-жайлар зертханаға кіре берісте орналасады. Зертханада материал алуға арналған пункт болған жағдайда персонал және тексерілетін адамдар үшін бөлек дәретханалар көзделеді.
31. Жұмыс орындарына өтетін негізгі жолдардың ені немесе екі қатар орналасқан жабдықтардың арасы шығып тұратын конструкцияларды есепке алғанда 1,5 метрден кем болмайды.
32. Өрт болған жағдайда патогендігі І-ІІ топты ПБА-сы сақталатын тоңазытқыштар (термостаттар, сейфтер) шығарылмайды.
33. ПБА-мен жұмыс жасау үшін қауіптілігі 2-сыныпты БҚБ пайдаланылуы тиіс, ПБА-мен жұмыс жүргізілетін үй-жайлар бактерицидті сәулелегіштермен жабдықталады. Әрбір сәулелегіштің жұмыс уақытын есепке алу журналда белгілеу арқылы жүргізіледі.
34. Зертхана жұмысында қолданылатын аспаптар, жабдықтар және өлшеу құралдары аттестатталуы, тексерілуі, техникалық жарамды болуы тиіс, техникалық паспорты және қауіпсіздік талаптары ескерілген пайдалану жөніндегі жұмысшы нұсқаулығы болады.
35. Зертханалық жабдықтарды және бөлімшенің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін инженерлік жүйесін жөндеуді инженерлік-техникалық қызметтер және мамандар өндірістік қажеттілікке сәйкес жүзеге асырады.
Тарау. Зертханадағы сумен жабдықтауға, кәріз жүргізуге, жарық беруге және желдетуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар
36. Зертхананың орталықтандырылған ыстық және суық сумен жабдықтау, кәріз жүргізу, электрмен жабдықтау, жылыту жүйелері болады.
37. Елді мекенде орталықтандырылған су құбыры және кәріз жүргізу болмаған жағдайда, автономды сумен жабдықтау және кәріз жүйелері орнатылады.
38. Зертханада персоналдың қолдарын жууға арналған раковина және араластырғыш арқылы ыстық және суық су келтірілген ыдыстар мен мүкәммалды жууға арналған ванналар жабдықталады. Қолды жуу диспенсордан сұйық сабын берілуімен жүзеге асырылады және бір жолғы сүлгімен кептіру арқылы жүргізіледі.
39. Зертхана жабдықтары жасанды іске қосылатын ішке сору-сыртқа шығару желдеткішімен және сыртқа шығару шкафтарынан ауаны соруға арналған жеке (автономды) желдеткіш құрылғыларымен жабдықталады, аудандық деңгейдегі зертханалар үшін механикалық іске қосылатын желдеткіш рұқсат етіледі.
40. Жұмысшы үй-жайлары ауасында жарылыс қаупі бар және улы газдардың, булардың және шаңның болуы рұқсат етілген шекті шоғырланудан аспайды.
41. Зиянды және ыстық булар мен газдар бөлетін заттармен жұмыстар жүргізілетін сыртқа шығару шкафтары будың тығыздығына байланысты автоматты іске қосылатын жоғарғы және төменгі сорғыштармен және сұйықтықтың еденге ағып кетуін болдырмайтын ернеулермен жабдықталады.
42. Сыртқа шығару құрылғылары 15-20 сантиметрге (бұдан әрі – см) ашық тұрған шкафтардың қайырма жақтауларында ауаны сору жылдамдығы секундына шамамен 0,5-тен 0,7 метр ( бұдан әрі – м/сек) дейін жылдамдықты қамтамасыз етуі тиіс. Қауіптілігі 1 және 2 сыныпқа жататын аса қауіпті заттармен жұмыс істеу кезінде ауаның жылдамдығы 1 м/сек дейін көбейтіледі.
43. Сыртқа шығару шкафтарының жүйесін ажыратқыштар оларға жақын орналасады, шкафтарда орнатылған аспаптарды қосатын розеткалар сыртқы панелінде, газ шүмектері алдыңғы ернеуінде, штепсельдік розеткалар сыртқа шығару шкафынан тыс жұмыс үстелінің бүйірінде немесе шкафтың ішінде орналастырылады.
44. Сыртқа шығару шкафтарының және БҚБ-ның желдету жүйесінің ажыратқыштары оларға жақын орналасуы тиіс, шкафтарда және БҚБ-да орнатылған аспаптарды қосатын розеткалар сыртқы панелінде; газ шүмектері алдыңғы ернеуінде; штепсельдік розеткалары сыртқа шығару шкафтан немесе БҚБ-дан тыс жұмыс үстелінің бүйірінде орналасады.
45. Сыртқа шығару шкафтарының жақтаулары (есіктері) жұмыс кезінде төменгі жағында кішігірім саңылаумен жабылады. Көтеріңкі жақтаулары олардың құлап кетуін болдырмайтындай құрылғылармен мықтап бекітіледі.
46. Зертхана үй-жайларындағы жұмыс бөлмелерінде ауаның температурасы плюс 18-21 градус Цельсий (бұдан әрі - оС) шамасында, салыстырмалы ылғалдығы 40 пайыздан (бұдан әрі - %) 70 %-ға дейін ұсталады, егер зерттеу әдістемесінде басқасы көзделмесе, температуралық режімді және ылғалдық белгісімен құжаттаманы жүргізу қажет.
47. Үшінші және төртінші климаттық аймақ аудандарында орналасқан ғимараттарда жазғы кезеңде ауа баптағыштар, микробиологиялық зертханаларда қосымша дезарлар орнатылады. Жұқтырылған материалмен жұмыс істеген кезде ауа баптағыш ажыратылады. Ауа баптағыштардың сүзгілеуші элементтері механикалық бөлшектерден тазартылып тұрады(үш айда кемінде 1 рет) және дезинфекцияланады.
48. Зертхана үй-жайларының табиғи және жасанды жарығы болуы тиіс. Жұмыс бөлмелерінің терезелері оңтүстікке бағытталған кезде жұмыс үстелдері мен оптиканың күн сәулесінің тікелей түсуiнен қорғалуы дезинфектанттарға төзімді күн көзінен қорғайтын үлдiр, жалюзи пайдалану арқылы қамтамасыз етіледі.
49. Люминесцентті микроскоппен жұмыс жүргізілетін үй-жайда, фото бөлмеде, себезгі бөлмелерінде, санитариялық тораптарда және қойма үй-жайларында табиғи жарықты көздемеуге жол беріледі.
Тарау. Зертханаларды күтіп-ұстауға, пайдалануға, ондағы жұмыс жағдайларына және радиациялық, химиялық, токсикологиялық, бактериологиялық, вирусологиялық, паразитологиялық қауіпсіздікті (оның ішінде аварияларды жою кезінде) қамтамасыз етуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар
параграф. Зертханаларға қойылатын жалпы талаптар
50. Жұмысқа кіріскенде және әрі қарай тоқсан сайын барлық зертханалардың жұмыскерлері үшін нұқсаулар жүргізілуі қажет.
51. Зертхана бекітілген номенклатура және өткiзiлетiн зерттеулердiң көлеміне сәйкес жеткiлiктi саны зертханалық ыдыспен, жабдықпен, шығын материалымен жасақталуы керек. Зертханада тиісті нормативтік техникалық құжаттамаларға сәйкес анықталған зерттеулердің сапасын бақылау жүйесінің талаптары орындалуы қажет.
Зертхана жиһазы бактериологиялық зертханада ашық түсті болуы керек. Жиһаздың ішкі және сыртқы қабаты өңдеуді қиындататын тесік және ойықтар болмауы керек және химиялық реагенттердің және дезинфеккциялау құралының әсеріне төзімді болады.
52. Зертхана үй-жайында:
1) арнайы киімсіз жұмыс істеуге;
2) бұзылған желдеткішпен жұмыс жүргізуге;
3) жұмыс үй-жайларында темекі шегуге, тамақты сақтауға және ішуге;
затбелгісі жоқ реактивтерді сақтауға және қолдануға;
5) жылыту құралдарында қандай да бір нәрсені кептіруге;
6) улы, қатты әсер ететін, жарылыс қауіпті заттар мен ерітінділер қорын жұмыс орындарында және сөрелерде сақтауға жол берілмейді.
53. Баллондарда қысыммен тұрған газ тәрізді заттармен жұмыс істеу кезінде:
1) баллонның вентильдерін тез ашуға;
2) вентильді ашу кезінде вентиль штуцерінің белағашын бағыты бойынша редуктордың алдында тұруға;
3) оттегі бар баллон үшін "Оттегі" деген жазуы жоқ редукторды қолдануға;
4) оларды жұмыс үй-жайында сақтауға;
5) талап етілетін реттеусіз балонның қондырғысымен қосылуын тексерусіз газды шығаруға;
6) таңбаланбаған баллонды пайдалануға жол берілмейді.
54. Жұмыс уақытында сыртқа шығару шкафтарының жақтаулары жабық болуы тиіс, көтеріңкі жақтаулары құрылғылармен мықты бекітіледі.
55. Сыртқа шығару шкафында жұмыс кезінде соратын тесіктің астына басын тосуға, тез буланатын сұйықтық қайнап жатқан кезде немесе құйылған ыдыстың үстінен еңкеюге жол берілмейді.
56. Тез тұтанатын сұйықтықтарды 100оС дейін жылыту сулы моншаларда, 100оС жоғары - май моншаларда жүргізілуі тиіс. Тез тұтанатын сұйықтығы бар біртіндеп жылытусыз ыстық суға салуға жол берілмейді.
57. Спирттік шаммен немесе тез тұтанатын сұйықтармен жұмыс істеуде авариялық жағдай болғанда отты сөндіру үшін жұмыс орнында тығыз мата болуы қажет.
58. Шыны аспаптармен жұмыс істеген кезде:
1) қыздырылған ыдыс салқындатылғаннан кейін берік кептелген тығынмен жабу;
2) шыны түтікшелерді немесе термометрді тесілген сынамаға орнатқан кезде соңғысын алақанмен тіремеу, ал бүйір жақтарынан ұстау қажет;
3) шыны аспаптарды жинау немесе оның жекелеген бөліктерін көксағыз көмегімен қосу кезінде – қолды сүлгімен қорғау, шыны түтікшелер сынған кезде түтікшені кесіндінің маңынан ұстау керек.
59. Сұйықтықтарды ауыстырып құю кезінде (құрамында инфекциялық аурулардың қоздырғыштары бар сұйықтықтардан басқа) құйғышты қолдану қажет.
60. Жұмыстарды жүргізуде шыны аспаптардың қызуы кетуі немесе оның сынуы мүмкін сыртқа шығару шкафтарында қаңылтыр табаларда көзілдірік, қолғап және резеңке алжапқыш киіп орындау қажет.
61. Спирт, бензол, ацетон, бром, йод құйылған құтылар берік кептелген шыны тығындармен, сілті құйылғандары бұрандалы тығындармен жабылады.
62. Зертханада: жедел көмек қажеттілігі және авариялық жағдайға дәрі қобдишасы болуы тиіс. Ботулиндік уыттармен жұмыс жүргізу кезінде – уытқа қарсы сарысулар болады.
63. Зертхана қызметкерлері арнайы киіммен және жеке қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етіледі.