Сынып оқушыларының дайындық деңгейіне қойылатын талаптар

48. Пәндік нәтижелер бойынша 8-сыныптың соңында оқушылар:

1) синтаксистің тіл біліміндегі орны мен маңыздылығын;

2) сөз тіркесінің өзіне тән белгілерін, тіркесу тәсілдерін ажыратуды;

3) сөздердің байланысу тәсілдерін;

4) сөздердің байланысу түрлерінің ерекшеліктерін;

5) сөйлемнің мағынасына және құрылымына қарай бөлінуінің жолдарын;

6) сөйлем мүшелерінің түрлерін;

7) сөйлемнің бірыңғай мүшелеріне тән белгілерді;

8) төл сөз, төлеу сөз, автор сөзінің ерекшеліктері мен тыныс белгілерін;

9) сөйлемге синтаксистік талдау жасай алуы;

10) жай сөйлемдердің құрмаласу тәсілдерін ажыратуы;

11) құрмалас сөйлем сыңарларын байланыстыратын жалғаулық шылауларды айырып, оларды сөйлеу тілінде еркін қолдана білуі;

12) салаласа, сабақтаса байланысатын құрмаластың түрлерін меңгеріп, оларды қатыстырып мәтін құрай білуі;

13) аралас құрмаластың жасалу жолдарын түсіндіре білуі;

14) құрмалас сөйлемдерге байланысты қойылатын сызықшаны білуі;

15) әртүрлі жанрдағы мәтіндерге мазмұндық-құрылымдық талдау жасай білуі;

16) мәтіндерге кешенді тілдік талдау жасай білуі;

17) мәтіндегі сөздердің байланысын анықтай алуы;

18) мәтіндегі сөздердің стильдік бояуын мәтін ерекшелігімен байланыстырып түсіндіре алуы;

19) мәтіндегі авторлық көзқарасты білдіретін синтаксистік тілдік құралдарды дәйектей білуі;

20) тарихи, ғылыми-көпшілік сипаттағы ауызша және жазбаша мәтін құруда жай сөйлемнің түрлерін шығармашылықпен қолдана білуі тиіс.

Сынып оқушыларының дайындық деңгейіне қойылатын талаптар

49. Пәндік нәтижелер бойынша 9-сыныптың соңында оқушылар:

1) әдеби тілдің нормаларын меңгеруі;

2) стиль түрлері мен түрлі мәтіндерді өз бетімен оқи, түсіне, баяндай және интерпретациялай білуі;

3) сөйлеу мәдениетінің нормалары мен шешендікке қойылатын талаптарды меңгеруі;

4) ұжымдық қатынаста және мәтін түзуде сөз таңдай алуы;

5) мәтін талдауда оқу алгоритмін қолдана білуі;

6) тілдік құралдарды дәлдікпен қолдана отырып, түрлі стильде, жанрда мәтін құрауды білуі;

7) төл сөз бен төлеу сөздің ерекшеліктерін, төл сөздің орналасу тәртібін, тыныс белгілерінің қойылу себебін;

8) бірыңғай мүше, оңашаланған айқындауыш, қыстырма, одағайға байланысты тыныс белгілерінің қойылуын;

9) бастауыштан кейін қойылатын сызықшаны;

10) бірыңғай мүшелерден кейін қойылатын сызықшаны;

11) оңашаланған айқындауыштың сызықшамен ажыратылатын жағдайларын;

12) төл сөз бен автор сөзіне қойылатын сызықшаны;

13) сөйлемді ықшамдап қолдануға байланысты қойылатын сызықшаны;

14) қос нүкте, жақша, тырнақша қойылатын орынды;

15) ауызша және жазбаша қарым-қатынастарда дұрыс сөйлеп, дұрыс жаза білудің шарттарын білуі тиіс.

50. Тұлғалық нәтиже 5-9-сынып оқушыларының:

1) Қазақстан Республикасы Конституциясына құрмет көрсетуінен;

2) тілдің әлеуметтік-қоғамдық мәнін көрсетуінен;

3) тілді ұлттық құндылық ретінде тануынан;

4) жаңа әлеуметтік рөлдерді игеріп, қарым-қатынас мәдениетін көрсетуінен;

5) рухани-адамгершілік, азаматтық-елжандылық өмір салты қажеттіліктерін игеруінен;

6) құндылық ретінде өзі туралы және басқа адамның тұлғасы туралы ұсыныстар жүйесін меңгере білуінен;

7) қоғамдағы өзіндік әлеуметтік мәртебесіне саналы қызығушылығын көрсетуінен;

8) қазақ халқына және Қазақстанда өмір сүріп жатқан басқа да ұлыстардың тарихына, мәдениетіне, салт-дәстүріне және басқа да құндылықтарына құрмет көрсетуінен көрініс табуы тиіс.

51. Жүйелі-әрекеттік нәтижелер бойынша 5-9-сынып оқушылары:

1) нақты жағдаятқа талдау жасап, проблеманың пайда болу себептерін көрсетуі;

2) проблеманы шешуге бағытталған өз әрекеттеріне мақсат қоя отырып, әрекеттің жоспарланған өнімін бағалауы;

3) ұсынылған ақпаратты тапсырмаға сәйкес жіктеп, ұқсастықтары мен айырмашылықтарын көрсетуі;

4) қойылған міндеттерді шешу үшін іріктелген ақпараттардан қорытынды жасауы;

5) нақты міндеттерді шешу үшін белгілі әрекеттер технологиясын қолдануы;

6) туындаған мақсатқа сәйкес сөйлеу жанры мен мазмұнын анықтауы;

7) қарым-қатынас мақсатына сәйкес тілдік қатынасқа түсіп, мәтін құрауы;

8) көпшілік алдында сөйленетін сөздің құрылымын анықтап, өз ойын мазмұнды әрі әсерлі жеткізе алуы тиіс.

Наши рекомендации