ОҚушыныҢ сипаттамасы: дӘрменсіз ханна

Ханна жарты сағатқа жуық партаның басында отырды және мұғалімнің ойынша, ештеңе істемей бос отырды. Мұғалім Ханнаны ойланып жұмыс істеуді талап ететін бір сұрақты шешуге шақырмақ болды. «Мен жасай алмаймын» деді Ханна, тіпті мұғалім нұсқаған тапсырмаға қарамай тұрып-ақ. Ол: «Мен не істеу керек екенін де білмеймін» дегенді қосып қойды. Оның жауабына қанағаттанбаған мұғалім: «Жаңа ғана осыған ұқсас есепті тақтада шығардық емес пе? Сен тыңдамай отырғансың ғой?» дейді. «Мен түсінбеймін» деді Ханна. Мұғалім сұрақ қоя отырып, есепті шығару жолдарын түсіндірді. Ханна көп сұраққа дұрыс жауап берді. Оның есеп туралы аз да болса түсінігі бары айқын көрініп тұр. «Міне, сен бұндай есепті қалай шешуді білесің» деді мұғалім. «Өз қалауыңмен тағы біреуін неге шығарып көрмейсің?». «Мен қалай шығаруды білмеймін» деп айтқанынан қайтпады оқушы. Мұғалім: «Ал сен менің сұрақтарыма дұрыс жауап бердің ғой?». «Өйткені сіз маған көмектестіңіз» деп дереу жауап берді Ханна. Қыздың аздап қулық жасап тұрғанын түсінген мұғалім қатқыл дауыспен: «Мен білем, сен бұны шығара аласың және осы есептердің кейбірін өзің шешкенді қалаймын» деді.

Мұғалім Ханнамен әңгімесін осылай аяқтап, оны есепті шығаруға оңаша қалдырып, басқа оқушыға көңіл аударды. Шамалыдан соң Ханнаның партасы тұсынан өтіп бара жатып, есептің сол күйі шығарылмағанын байқады. Дәл осындай оқиға жылына бірнеше мәрте қайталанады, сондықтан ең соңында біз кейіген мұғалім мен мұғалімнің кейіген кейпін өзінің әлсіздігі деп ұғатын оқушыны көреміз.

Ханна зерттеушілер «жүре пайда болған қауқарсыздық» деп атаған құбылыстың классикалық үлгісі болып табылады. Оның сабақ үлгерімі үнемі төмен, сыныптастары оған «ақымақ» оқушы ретінде қарайды. Оның өзін кез келген жаңа оқу материалын игеруге қабілетсіз деген пікірі күн өткен сайын нығая берді. Сабақтағы «үлгермеушіліктен» бәрібір құтыла алмаймын, демек «тырысудың қажеті қанша» деп ойлайды ол.

Ханнаның үлгерімі нашар. Ол сыныпқа әлеуметтік тұрғыдан кірікпеген, сол себепті айналасымен қарым-қатынас жасау мүмкіндігі жоқ. Ханна агрессияшыл бала емес және қандай да бір тәсілмен өзіне назар аударудың немесе өз сыныптастарына кедергі жасаудың орнына уақытын кеңістікке көз тігумен бос өткізіп, тыныш отырады. Бұдан басқа оның мұғалімге қоятын еш талабы жоқ. Ханна сұрақ қоятын еш себеп көріп тұрған жоқ, себебі өзін бірдеңе түсінемін немесе жауапты пайдаланамын деп ойламайды.

Оқушылардың «жүре пайда болғандәрменсіздігінің» көптеген түрі бар. Өзінің академиялық сабақ үлгерімімен құрметке ие болудан бас тартқан кей оқушылар өзін таныту үшін энергиясын басқа салаға жұмсайды. Олар сыныпта сайқымазақ, бұзақы немесе сыныптастарын мазақтайтын оқушы болуы мүмкін немесе жасөспірім шағына қарай оның академиялық үлгерімін қабылдамайтын құрбылары арасында құрметке бөлену үшін қоғамға жат қылықтарды көрсете бастауы ықтимал. Әдетте бұл академиялық «дәрменсіздік» балалар үшін қабілетін спорт, музыка немесе басқа жұмыс түрлерімен айналысуға жұмсаудың заңды тәсілін пайдалану жат. Кей оқушылар үшін өзін қабілетсіз сезіну сезімінің тамыры тереңдегені соншалық, олар табысқа жететін басқа сала жоқ деп санайды.

Ханна сияқты оқушыларға мектепте онша қызық емес. Олардың күні сенімсіздікке, торығуға толы және сол себепті, олар тапсырмамен жұмыс істеуге аз уақыт бөледі, іші пысады. Сыныптастары да аулақ жүруге тырысады, тіпті кейде оған мұғалім де көңіл бөлмейді, осындай оқушылардың сөзге сараңдығы мен қауқарсыздығын ескерсек бұндай реакция түсінікті болады.

«Дәрменсіз» оқушылар бірдеңе істеуге сирек тырысатындықтан оқуда қандай да бір жетістікке сирек жетеді. Бірнеше сәтсіздігі өзін қабілетсіз оқушы ретінде сезінуіне ықпал етеді. Тіпті жетістікке қол жеткізген күннің өзінде, оған өзінің қатысы жоқ деп санайды. Олар өзінің сәтті ісін өзіне ешқандай қатысы жоқ уақытша бірдеңе деп немесе тапсырманың жеңілдігімен, мұғалімнің көмегімен шешкенін немесе әншейін сәттілік деп түсіндіреді. Олардың логикасы өте қарапайым, ал салдары өте ауыр болып жатады. Бақытына қарай, «жүре пайда болған дәрменсіздік» сирек кездеседі, көбіне бұның солғындау белгілері кең таралған. «Жүре пайда болған дәрменсіздікке» «шалдыққан» балаларды ынталандыру өте күрделі мәселе, ол өте ақылды және төзімді мұғалімдерге де қиын соғып жатады. Ең дұрысы оның дамуының алдын алу, болдырмау екені айқын. Алайда соңғы стадиялардағы осындай оқушы кездескенде мұғалімдер бұл оқушыда бұрын қалыптасып кеткен әдетті өзгерте алмайды.

Наши рекомендации