Ойлаудың психологиялық, физиологиялық ерекшеліктері

АСТАНА ҚАЛАСЫ ГУМАНИТАРЛЫҚ КОЛЛЕДЖІ

Филология бөлімі

Азақ тілі мен әдебиеті кафедрасы

Курстық жұмыс

«Оқушыларда ойлаудың ерекшелігі және логикалық даму сатылары»

Оқу жылы

МАЗМҰНЫ

I КІРІСПЕ...............................................................................................................3

II НЕГІЗГІ БӨЛІМ..................................................................................................5

1.1 Ойлаудың физиологиялық, психологиялық ерекшелігі.................................................................................................................6

1.2 Логика туралы түсінік.......................................................................................8

1.3 Логикалық ойлау және тіл..............................................................................12

1.4 Логикалық ойлау жүйесі.................................................................................14

1.5 Бала логикасын дамытужолдары..................................................................................................................18

III ІС-ТӘЖІРИБЕ...................................................................................................21

IV ҚОРЫТЫНДЫ..................................................................................................27

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ....................................................28

ГЛОССАРИЙ.........................................................................................................29

КІРІСПЕ

Қазақстан Республикасындағы қазіргі болып жатқан әлеуметтік-экономикалық және саяси өзгерістер білім саласын жетілдіруді талап етеді. Әсіресе, гуманитарландыру мен демократияландыру процестері, ең алдымен, оқу-ағарту, білім беру салаларының қазіргі заман талаптарына сәйкес болуын қажет етіп отыр.

Мектептің алдында тұрған негізгі мақсат – оқушыларға білім бере отырып ойлау қабілетін дамыту, қызығушылығын арттыру, оқуға ынтасын ояту. Мектепте алған білімін бала өз іс-әрекетінде қолдануға машықтанады және ой қорытынды жасай алу, себеп-салдарды анықтау, түсінік беру, ойлау қабілетінің дамуы анық көріне бастайды және осы кезеңде оқушының ойлауы нақты-бейнеліден абстрактылы ойлауға қарай дамиды, заттарды тиісті ұғымдарға жатқызып, өзінің ойын дәлелдеуге үйрене бастайды.

А. Байтұрсынов ұғымдарды қалыптастыру үшін ойлау заңдарын, ережелерін дұрыс пайдалану керектігін айтады.

Қ. Жарықбаевтың еңбектерінде «Баланың логикалық ойлауын дамыту, ұғымдарын өсіру – науқандық жұмыс емес. Ол әрбір сабақ үстінде, мектептегі барлық тәлім-тәрбие үдерісінің барысында ұдайы жүргізілетін жұмыс. Мұнда оқушылардың жас ерекшелігі де қатты ескеріледі» - делінген.

Оқыту үдерісінде логикаға көңіл бөлген чех педагогы Я. А. Коменский оқушыларды ой тұжырым жасауға үйретіп, оларды өмірмен байланыстыра білуге ары қарай логикалық ойлауын жетілдіру керектігін айтқан. Ол қандай пән болмасын ойлаудың формалары талдау, жіктеу және салыстыруға көп көңіл бөлген. Бұл көзқарастар әрі қарай ұлы педагог К. Д. Ушинскийдің еңбектерінде көрініс тапты. «Баланың логикалық ойлау қабілетін дамыту – бастауыш сыныпты оқытудың басты мақсаты. Бастауыш сынып оқушыларының логикалық ойлау қабілетін дамыта оқытудың негізгі ерекшелігі – айнала қоршаған орта және табиғатты бақылау және көрнекі оқыту болу керек» – деп құнды пікір айтады.

Кіші мектеп жасындағы балалардың ойлауын дамыту туралы Н. А. Менчинскаяның еңбектерінде ойлауды дамыту оқытумен тығыз байланысты екені айтылған.

В. Давыдовтың «Бастауыш сынып оқушысының психологиялық даму» еңбегінде: «Оқыту үрдісіндегі оқушылардың логикалық ойлау қабілетін қалыптастыру өзіндік мақсат емес, ол – белсенді тұлғаны тәрбиелеу құралдарының бірі» делінген.

«Ойлау логикалық заңдылықтары мен формаларына бағынады. Көптеген адамдар логикалық ойлайды, бірақ өздерінің ойлауы логика заңдылықтары мен формалары арқылы болып жатқанын білмейді» – дейді В. Кириллова.

Психолог – ғалымдар: Н.Н. Поспелов, Ю.А.Петров, А.Н.Леонтьев, «логикалық ойлау» ұғымына нақты анықтама берген. Олардың пікірінше «логикалық ойлау» дегеніміз логика заңдылықтарын пайдалана отырып ой-пікірлерді, тұжырымдарды қолдануға негізделген ойлаудың бір түрі.

Оқушылардың логикалық ойлау қабілеттерін дамыту жөнінде А.В.Запорожец, Л.Н.Венгер, И.С. Якиманская еңбектері жарық көрді.

«Логикалық ойлау – логикалық сөйлеудің негізі, ал мұны – логикалық сөйлеуді ұстаз дамытуға тиіс», деп көрсетті К.Д.Ушинский.

Ойлау мен логикаға қатысты зерттеу жұмыстарының аз еместігіне қарамастан, берілген жұмыстың өзектілігі айтарлықтай маңызды болып келеді. Мұнда ойлау мен логикалық ойлаудың әдістері, даму сатылары, заңдары қарастырылумен қатар, балалардың логикасын айтарлықтай дамытатын тапсырмалар түрлері, олардың логикалық ойлауына әсер ететін құбылыстар анықталған.

Зерттеудің мақсаты – мектеп оқушыларының логикалық ойлау қабілетін дамытудың ерекшеліктерін айқындап, балалардың логикалық ойлауын дамыту жолдарын анықтау.

Зерттеу мақсаты жұмыс барысында шешілуге тиіс міндеттер ауқымын анықтады:

- ойлаудың психологиялық, физиологиялық негіздерін және ерекшеліктерін анықтау;

- логикалық ойлау жүйесін зерттеу, оның даму сатылары мен заңдарын қарастыру;

- ойлау және логиканың тілмен бірізділігін анықтау;

- балалар логикасын дамыту жолдарын анықтау.

Зерттеу нысаны – мектептегі оқу-тәрбие үдерісі.

Зерттеу базасы: Астана қаласының Жамбыл Жабаев атындағы №4 мектеп-лицей.

Зерттеу пәні – мектеп оқушыларының логикалық ойлауын дамыту жүйесі.

Зерттеу болжамы: егер мектеп оқушыларының логикалық ойлау қабілетін дамытудың жүйесі іс жүзінде тиімді іске асатын болса, онда оқушылардың логикалық ойлау қабілеттері артқан сайын олардың білімдері де жоғары сатыға өтудің негізі қаланады.

Ойлаудың психологиялық, физиологиялық ерекшеліктері

Адамның дүниетану процесі нақты қарапайым пайымдаудан бірте бірте дерексіз ойлауға көшіп отырады. Адамның ойы ақиқатты тпнуға болмыстың өзара байланыстарын, қарым-қатынастарын ашуға бағытталған В. И. Лениннің айтуынша, ой нақты нәрселерден дерексіз нәрселерге көшкенмен, егер ол ой дұрыс болса, ақиқаттан қашықтамайды, қайта оған жақындайды. Ойлау процесінде адам айналасындағы дүниені дұрысырақ, толығырақ, тереңірек танып, жан-жақты сәулелендіреді.

«Адам ойлау арқылы ғана заттар мен көріністердің арасындағы өзара байланысты белгілеп, олардың себептерін, келешекте не болатынын бөлектейді. Бұл адамның өмір шындығында өзін-өзі тануға ұмтылуы, ізденуі. Өмірде дұрыс жол табу үшін адам дұрыс ой түйіп, өздігінен сапалы дәлелді шешімдер қабылдай білуге үйрену керек», – дейді М. Жұмабаев.

М. Жұмабаевтың адамның ойлау қабілетінің жетік болуы туралы тұжырымы профессор Т. Т. Тәжібаевтың ойлаудың негізгі сипаты туралы айтқандарымен жалғасын табады. «Егер адамның ойы айналасындағы дүниемен, адамның тәжірибесімен байланыссыз болса, – деп жазды Т. Т. Тәжібаев – олармен үйлеспесе, ондай ой керексіз, құрғақ ой болып табылады. Адам ойлаған уақытта оны жеті рет өлшеп, бір рет кескені абзал. Егер адам мәселе шешуде объективтік жағдаймен санаспаса, онысы ақиқатқа қайшы келсе, онда ол алдына қойған мақсаттарды, міндеттерді дұрыс шеше алмайды».

Л. С. Выготский төменгі сынып жасында интеллект дамуы қарқынды түрде дамитындығын, оқу процесінің әр түрлі кезеңдерінде ойлаудың әр түрлі сипатын байқауға болатындығын айтады. 7-8 жастағы бала нақты ұғымдар арқылы ойлай алады, белгілі бір заттар мен құбылыстардың көрнекілік қасиеттеріне сүйенеді. Швейцария психологы Ж. Пиаже: «7-10 жастағы оқушының ойлауы нақты операцияларға сүйенеді, заттық тәжірибеге сүйенген, қасиеттер жүйесіне мән береді» - дейді.

Ал К. Д. Ушинский баланың ойлауы оның шындықпен ара жігі ажырамас дей отырып, бала жанының тым әсершілдігі, өмір құбылыстарын ажырата алмауы т.б. себептерін көрсетеді.

Ойлаудағы адамның ерекшелігі ақыл сапасының ерекшелігі арқылы білінеді. Жаңалықты білуге құштарлық, әрекетшілдік (нәрсенің себеп-салдарын талдауға ұмтылушылық), ептілік пен бейімділік, логикалық тереңдік, ойлаудағы терең мәнділік пен сын көзбен саралай білушілік – ақыл санасының басты белгілері.

Дүниедегі заттар мен құбылыстар еш уақытта жеке-дара ұшырамайды. Олар бір-бірімен тығыз қарым-қатынаста, байланыста болып отырады, бірақ осы байланыс, қарым-қатынастың барлығы бірдей әр уақытта адам санасында сәулелене бермейді. Егер адамның қабылдауы дүниедегі жеке-жеке нақты заттарды ғана қабылдайтын болса ойлауда кісі олардың арасындағы қатынас, байланыстарды танып-білуі керек. Сөйтіп, ойлау деп ақиқат дүниені өзара барлық байланыс, қатынастарымен сәулелендіретін психикалық процесті айтады.

Ой әр уақытта алға мәселе қойып, соны шешуге бағытталады. Басқа психикалық функциялармен салыстырғанда, адамның ойы ерекше белсенді процесс. Ойдың белсенділігі мына төмендегі жағдайлармен байланысты: 1) ой адамның айналасындағы дүниемен байланыспайынша өздігінен пайда болмайды, ойдағы негізгі мақсат – сұраққа жауап беру, мәселені шешу; 2) алға қойған мақсатты шешуге қажетті әдіс жолдар қарастыру; алға мақсат қоюмен ғана тынбай, ол мақсатты қандай жолдармен жүзеге асырып, мәселенің шешуге болатындығын ерте бастан белгілеп отыру; 3) мәселені шешу үшін ой әрекетінің жоспарын сызу, оның жорамалын (гипотезасын) белгілеу; 4) ойдың дұрыс-бұрыстығын тәжірибеде сынап көру: адам ойдың дұрыс не бұрыс екенін білу үшін оны әр түрлі жолмен шешіп, тәжірибесімен салыстырып, тексеріп отыруы тиіс.

Мағжан Жұмабаев ойлауды заттарды ұғу үшін жұмсалатын жан көрінісі деп тұжырымдайды. Ол ойдың сөйлеумен қатысы қатар алынатынын, ойлау қашанда белгілі қасиетке байланысты адамға әзірше белгісіз жәйтті іздестіруден туындайтынын атап өткен болатын. Ойдың елеулі белгілері ұғымнан басталатындығы оның «Педагогика» еңбегінде толық көрініс тапқан. Ал бір зат туралы мақұлдап не оны бекерге шығаратын ойдың келесі түрін хүкм деп берген. Ойлаудың күрделі формасын – ой қорытындыларын Мағжан «ой шығару» немесе «ұйғару» деп атайды. Екі атаудың да мағыналық мәні жуық.

Ал К. Д. Ушинский баланың ойлауы оның шындықпен ара жігі ажырамас дей отырып, бала жанының тым әсершілдігі, өмір құбылыстарын ажырата алмауы т.б. себептерін көрсетеді десе, Мағжан «бала үшін болмауы мүмкін нәрсе жоқ», - деп түйіндейді.

«Адам ойлау арқасында ғана заттардың, көріністердің араларындағы байламды белгілеп, оларды бар қылған себептерді таба алады. Келешекте оларға не болатынын ойлап шығарады, келешекті болжай алады. Қысқасы, ойлай білетін адам – шын мағынасындағы адам».

Ойды байқау және эксперимент әдістерімен зерттеуге болады. Адам қалайша ойлайды, ұғымдар қандай жолмен жасалады, міне осылардың қай-қайсысын да зерттеуге болады. Ойды зерттеуде ақыл-ой, оның нәтижесіне ерекше көңіл бөлінеді.

Адамның ақыл-ой процесі өте бай, күрделі болып келеді. Адамның ойы бір жолмен, бір ағыммен ғана жүрмей – бірнеше жолдармен, тәсілдермен әрекет етіп отырады. Ой тәсілдеріне анализ, синтез, абстракция, жалпылау, нақтылау, жүйелеу, топтастыру т.б. өніп отырады.

Анализ деп бүтін нәрсені жеке бөлшектерге ажыратуды айтады. Адам өзінің күнделікті әрекетінде заттар мен нәрселерді алдымен бөлшектеп, талдап отырады. Бұл күрделі құбылыстарды танып-білуді жеңілдететін тәсіл. Адам нәрсені бөлшектеумен ғана тынбайды, кейін бөлшектеген заттарын қайта қосып, тұтас затқа айналдырып отырады. Синтез деп ой арқылы бүтіннің бөлшектерін біріктіріп, оны бүтінге айналдыруды айтады.

Анализ бен синтез тұтас нәрсенің қарама-қарсы екі жағы болып табылады. Анализсіз синтез, синтезсіз анализ болмайды, сондықтан ой тәсілінің осы екі түрін қатарынан қарастыру керек.

Адам ой арқылы заттар мен құбылыстарды бөлшектеп не одларды біріктіріп, құрастырумен ғана тынбай, дүниедегі жалқы заттарды жалпы заттарға көшіріп, жалпы құбылыстарды, жалпы байланыстарды жалқы фактілер арқылы дерексіздендіріп отырады. Абстракциялау дегеніміз – ұғымдардың кездейсоқ белгілеріне көңіл аудармай, тек маңызды ерекшеліктерін оқшаулап бөліп алу. Нақтылау – жалпыдан жалқы ұғымды шығару, яғни жалпы ұғымдардан жалқы, нақты ұғымдарға көшу.

Ойлау формаларының ең қарапайым түрі – ұғым. Бұл заттар мен құбылыстардың елеулі, мәнді белгілері туралы ой. Адам ұғым арқылы дүниедегі заттар мен құбылыстарды (жеке, дара, жалпы жинақтай) өзіне тән белгілерін, байланыстарын, қатынастарын миында сәулелендіреді. Ұғымда адам жеке заттардың ғана бейнелерін елететумен тынбайды, ол сол заттардың мазмұнын ашып, ішкі байланыстарын танып-біліп отырады. Ұғым елестетулерге қарағанда мағыналы, терең және ықшам болып келеді.

Ұғым әр уақытта жалпылау элементі, өйткені әрбір ұғым заттар мен құбылыстарды жалпылап отырады.

Ұғымдарды жеке, аталас, жинақтаушы деген ұғымдарға бөлуге болады. Аталас ұғымдар жеке ұғымдармен салыстырғанда мазмұны кеңірек болып келеді. Мысалы, «ағаш» деген ұғым аталас ұғым болса, «қайың», «терек», «емен» деген ұғымдар жеке-дара болып табылады. Жеке ұғымдар аталас ұғымға бағынышты болып отырады. В. И. Ленин әрбір ұғым барлық басқа ұғымдармен белгілі қатынаста, белгілі байланыста болып отырады деп айтқан болатын. Ұғымдар жеке түрде өмір сүрмейді, олар бір-бірімен байланыста болып, бір-біріне ауысып отырады.

Әрбір ұғымның маңызы талқылау арқылы белгіленіп отырады. Талқылау арқылы ғана адам дүниедегі заттардың бір-бірімен байланысын, қатынастарын аша алады. талқылаусыз заттардың байланысын, қатынасын еш уақытта ашуға болмайды. Адам талқылау арқылы ған бір ұғымғы келе алады.

Ақыл-ой процесінде талқылау бір-біріне көшіп отырады. Талқылау әр уақытта белсенді ой әрекеті болып табылады. Онда мақұлдау, не мақұлдамай, дұрыстау, не бұрысқа айналдыру пайда болу керек. Талқылау арқылы адам өзінің талқылайтын заттарға қатынасын белгілеп отырады. Талқылау үшін адам фактілерді, заттарды бір-бірімен салыстырып, оларды бөлшектеп, не болмаса бір-біріне қосып, оларды абстракцияға айналдырып, не болмаса нақтыландырып, бір-бірінің ұқсастығын, айырмашылықтарын белгілеп отыруы тиіс.

Сонымен, ойлау – аса күрделі психикалық процесс. Осы зерттеумен бірнеше ғылымдар айналысады. Солардың ішінде логика мен психологияның орны ерекше. Бірақ екі осы ғылымның ойды зертеудегі әдіс–тәсілдерінде өзіндік айырмашылықтары бар. Мысалы, егер психология әр түрлі жас шамасындағы адам ойлауының пайда болуы, дамуы мен қалыптасу жолын, яғни тұлға ойлауының даму ерекшеліктері мен заңдылықтарын қарастыратын болса, ал логика бүкіл адамзатқа ортақ ойлау іс-әрекетінің заңдары мен формаларын айқындайды, адам ойлауының нақты нәтижесі болып табылатын ұғым, пікір, ой, қорытындылары сиқяты ойлау формаларының табиғатын зерттейді.

Ойлаудың физиологиялық негіздері И.П. Павловтың бірінші және екінші сигнал жүйесі жөніндегі іліміне байланысты түсіндіріледі. Ойлау–ми қыртысының күрделі формадағы анализдік–синтездік қызметінің нәтижесі, мұнда екінші сигнал жүйесінің уақытша жүйке байланыстары жетекші рөл атақарады. Екінші сигнал жүйесінде жүйке қызметінің өз алдына дербес заңдары бар деуге болмайды. Сигнал жүйелерінің мидағы заңдылықтары бірдей. Бірақ олардың айырмашылықтары мынада: егер бірінші сигнал жүйесіндегі реакциялар нақтылы құбылыстарға байланысты туса, екінші сигнал жүйесі оларды жалпылап отырады.

Наши рекомендации