Көркем шығармадағы мазмұн мен пішін мәселесі 3 страница

Біз діттеген мәселеге қатысты шағын болса да арнайы мақала жазған профессор Ә.Қоңыратбаев: “Баллада қандай жанр? Әрине, ол жай лирика емес, лирика мен эпос элементтершен құралған (курсив - С.М.) синтетиқалық форма (лиро-эпос)”**** деп балладаның әдебиеттің екі тегінің ерекшелігін қоса қамтыған аралас жанрға тән табиғатына баса көңіл аударған, З.Қабдолов оқулығындағы: “Лириканың ерекше бір түрі”, “Лиро- эпостық сипаттағы шағын сюжетті өлең”, “Мұндағы ақын өзінің көңіл-күйін, толғанысын жырлап қана тынбайды, сол сезімді туғызған себептерді оқиғаға айналдыра суреттеп көрсетеді”* деген тұжырымдар да жанр сипатын аша түседі.

Сонымен баллада белгілі бір оқиғаға (әдетте тарихи шындық, фантастикалық хал, оқиға, аңыз т.б.) құрылған сюжетті, лирикалық сарындағы орташа көлемді туынды. Баллада пішін (түрі) жағынан поэзиялық туынды болғанымен, мазмұнында эпикалық сипат, эпикалық элементтер (оқиға, сюжет, іс-қимыл т.б.) басым, онда кейіпкерлердің көңіл күй, сезімдерін суреттеу де бар, бірақ, шекті.

Негізінен баллада орта ғасырларда француз әдебиетінде пайда болған жанр. Романтизм дәуірінде (XVIII ғасыр) Еуропа елдері әдебиетінде ерекше қарқынды өрістеген.

Балладаға әдетте хальщ аңыздары, ел, ұлт тарихындағы даңқты адамдарға байланысты оқиғалар, жағдаяттар, сондай-ақ адамгершілік, махаббат, ерлік, елдік, ананы аялау, достық т.б. ұлы сезім-қасиеттер арқау болады. Бұл баллада жанрының тақырып аясының кеңдігін танытады.

Қ.Жармағамбетовтың кезінде “Мұғалима” балладасы көпке кеңінен мәлім болатын. М.Шахановтың алуан тақырыптардағы балладалары, А.Бақтыгерееваның “Ана жүрегі туралы” балладасы қазіргі оқырмандарға жақсы таныс.

Өлеңмен жазылған роман. Бұл өзі ерекше әрі эдебиетте сирек ұшырасатын жанрлық түр. Ағылшын әдебиетінде Байронньщ “Дон Жуаны”, орыс әдебиетінде Пушкиннің эйгілі “Евгений Онегині”, төл сөз өнеріміздегі С.Торайғыровтың “Кім жазықтысы” , мен С.Мұқановтың “Сұлушашы” осындай туындылар.

Ғ.Мүсіреповтің мына бір пікірі жанрдың өзіндік ерекшелігін түсінуге түрткі болғандай: “Өлеңмен жазылған роман дүниежүзілік әдебиетте де сирек кездеседі. Өйткені түр жағынан да, мазмұн жағынан да әрі тереңдікті, әрі кеңдікті талап етеді де, күшке тиетін еңбекке жатады. Сондықтан поэзиялық шығарманың мұндай түрі қай әдебиетте болса да елеулі орынға ие”.

Сонымен өлеңмен жазылған романның аралас жанрға тән ерекшеліктері қандай?

Біріншіден, өлеңмен жазылғандықтан, құрылысы мен стилі прозалық (таза эпикалық, мысалы, романнан) туындыдан өзгеше. Поэзиялық шығармаға тән құрылысы оның белғілі бір өлеңдік өлшемдерді (шумақтьщ-тармақтық, бунақтық-буындық) қатаң сақтап жазылғанына да, сондай-ақ өлең сөзге тән ырғақ пен ұйқасынан, дыбыстық үндестік-үйлесімінен де көрінеді. Екіншіден, қальшты романдағыдай мұнда да адам тағдыры, іс-әрекеті қоғам келбеті, оқиғалар тізбегі (сюжет) арқылы көрінгенімен (бұл эпосқа тән ерекшеліктер), бұған қоса лирикалық суреттеу тәсілдері де (кейіпкердің көңіл күйлері, сезім толғаныстары, лирикалық шегіністер т.б.) молынан қолданылады. Бұған шығарманың өлеңмен жазылғаны (өлеңдік түр) да үлкен септігін тиғізеді.

Өлеңмен жазылған романды оқып отырғанда оның өлеңдік пішіні (жоғарыда айтылған) бірінші кезекте сезіледі, байқалады. Ал, өлең тегінде көңіл күйді танытуға оңтайлы пішін екені белгілі, сондықтан да өлеңмен жазылған романда баяндаушы (әңгімелеуші) бейнесінен гөрі автор ұстанымын танытатын автор - лирикалық кейіпкер (дұрысы лиро-эпикальщ тұлға десек) тұлғасы айқындау танылады. Оқиғаларды баяндауда да байыптылықтан (эпикаға тән объективтіліктен) гөрі әсерлілік, лептілік, лирикалық шегіністер, толғаныстар мен сезім күйлерін таныту молынан араласып жатыр. Кейіпкер бейнесі мен автор сезімдерінің үйлесіп-үндесіп отыруы, кейіпкерлердің осындай тұлғалануы да жанр ерекшеліғінің бірі.

Сыншы В.Белинский Пушкиннің “Евгений Онегин” романын “орыс өмірінің энциклопедиясы” деп лайықты жоғары бағалағаны белгілі. Бұл өзі тегінде әдетте ең озық эпикалық туындыға (роман немесе роман-эпопеяға) берілетін жоғары баға (Қаныш Сәтбаевтың М.Әуезовтің “Абай жолы” роман-эпопеясын “XIX ғасырдағы қазақ өмірінің энциклопедиясы” деп бағалауын еске алыңыз). Сьшшының бұл пікірі “Евгений Онегин” романында орыс қоғамы өмірінің эпикалық тұрғыда жан-жақты, кең, көркем, шынайы көрініс тапқанының дәлеліндей. Екіншіден, романда Татьяна, Онегин, Ленский араларындағы сүйіспеншілік жайы, жалпы кейіпкерлердің түрлі психологиялық толғанысты күйлерінің, сезімдерінің суреттелуі, сондай-ақ туындыдағы жалпы оқырман көпшілікке белгілі әйгілі лирикалық шегіністер шығармаға өзіндік лирикалық сипат-жарасым дарытып тұр. Міне, осындай эпикалық жэне лирикалық суреттеу амал-тәсілдерінің қамшьшың қос өріміндей қатарласып жарасым-үндестік табу көріністерін С.Торайғыровтың “Кім жазықты”, С.Мұқановтың “Сұлушаш” атты өлеңмен жазылған романдарынан да көреміз.

Мысалға “Сұлушаш” романын алайық. Романда Тілеуберді байдың тұрмыс-дәулетін, саятшылығын, әулет тарихын, байдың үйлену салтанатын, Сұлушаштың дүниеге келуін суреттеген тараулардан, сондай-ақ Сұлудың атастырылған күйеуінің ұрын келуін, Шұнақ пен Тезектің ауыр тұрмысын, Ермек бала тағдырын т.б. бейнелеген көріністерден эпикалық сипат айқын аңғарылады. Ал Алтай мен Сұлушаінтың бір-біріне іңкәр сезімдерінің, әсем табиғат аясында кездесулерінің, уәделесулерінің, табиғат көріністерінің бейнеленуінен, Сұлушаштың қаздармен тілдесуінен екі жастың көңіл-күйлері, толғаныс - тебіреністері шынайы танылады. Бұл роман сюжетіндегі лирикалық суреттеу көріністері.

Роман-диалог - төл әдебиетіміздегі жаңа жанр. Бұл түр де белгілі орыс әдебиетшісі М.Бахтин айтқандай роман жанрының әлі қалыптасып болмаған, қалыптасу үстіндегі жанр екенінің бір айғағы іспетті.

Диалог формасына құрылған мұндай шығармада ең алдымен кейіпкерлердің (диалогқа қатысушы) көңіл күйлері, қоғамға, заманға, оқиғаларға, адамдарға беретін жекелік- субъективтік бағасы, пікірі, түсінік-танымы молынан аңғарылып түрады. Бұл туындьшың өзіндік лирикалық сипаты. Екіншіден, кейіпкер немесе кейіпкерлер (автор және кейіпкер) аузымен айтылған сыр, оқиғалар енді бір кезегінде байыпты баяндалған әңгімеге, өмір-тіршіліктің тынысын, қоғам шындығын жан-жақты суреттеуге ұласып кетеді. Бұл енді осы шығармадағы эпикалық белгі-ерекшеліктер.

Көрнекті қаламгер, майдангер, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ә.Нұршайықовтың “Аңыз бен ақиқат” туындысы төл әдебиетімізде әзірше дара роман-диалог, ұлттық сөз өнеріміздегі жаңа жанр үлгісі. Шығармада кейіпкер (Бауыржан Момышүлы) мен автор (Ә.Нүршайықов) диалогтарында жоғарыда жанрлық ерекшелігі ретінде аталып өткен екі сипат (лирикалық, эпикалық) өз жарасымдығын тапқан.

Роман-диалог болғандықтан, шығармада Бауыржанның даңқты өмір белестері, Кеңес жауынгерлерінің ерлігін көрсететін майдан оқиғалары, барлығы автор мен кейіпкер диалогтары (он бір диалог) арқылы танылады. Диалогтардың бәрі бір сарында емес, олардағы кейбір сұрақтар мен жауаптар шағын, ықшамдылығы мен журналистік сұхбатты еске салады. Енді бір диалогтар мазмұны мейлі ол Б.Момышұлының жеке өміріне немесе майдан жағдаяттарына қатысты болсын, бэрібір, кең өрісті эпикалық әңгімелеуге ұласьш, оларда батырдың балалық, жастық шақтарының өнегелі, ұмьггылмас көріністері, сондай-ақ соғыс кезеңінің талай оқиғаларының, қанды шайқастарының жай-жапсары, командирлер мен жауынгерлердің аты-жөндері, түр-түстері, іс-әрекеттері, мінездері жан-жақты сипаттальш, ашылады.

Кейіпкердің өзі де (Б.Момьппұлы) жазушы болғандықтан, бұл әңгімелеу, баяндаулардың тек фактілік-деректің, шынайьтлық ерекшеліктерімен ғана көрінбей, оқырмандарды үйіріп әкететін өзіндік көркемдік сипаттарымен танылуы да орынды жарасып тұр. Автор шығарма пішінін диалогқа құрғанымен, қалыпты диалогтың дәстүрлі шектеулі ая-ауқымын кеңейте отырып, кейіпкерінің көзімен көрген, басынан өткерғен сұрапыл соғыс жағдаяттарьш кеңінен әңгімелеуіне мүмкіндік туғызған. Тағы бір ескертетін нәрсе жалпы диалогтың көркемдік тәсіл-амал ретінде негізінен драмалық бейнелеу үрдісіне (драмалық жанрларға) тән екендіғі. Демек, роман-диалог пішіні жағынан драмалық, мазмұны тұрғысынан лирикалық һәм эпикалық сипаттарды қоса қамтыған туынды.

Эссе, жалпы алғанда, негізінен публицистикалық жанр, алайда4 оньщ түрленуі, Хализев айтқандай қазіргі шақта оның әдеби шығармашылықтьщ өте-мөте ықпалды саласына айналуы, сөйтіп, әдеби-көркемдік сипаты тұрғысынан заңды эдеби жанр ретінде мойындалуы, мойындалып отырғаны шындық.

Эссеистиканың бастау - негізін әдебиетші ғалымдар XVI ғасырдың II жартысында ғұмыр кешкен француз философы һәм қаламғері Мишель де Монтеннің “Тәжірибелер” (“Опыты”) деп аталатын туындысымен байланыстырады. Эссеистік форма үлгісіндегі туындыларда (Монтень, Достоевский (“Жазушы күнделіғі”) Хализев орынды атап көрсеткендей көркемдік кестесі автордың публицистикалық және философиялық ой-толғаныстарымен ешқандай қиындықсыз-ақ астасып, бірігіп кетеді. Осы арқылы жанрдың синкретизмі байқалады.

Ендіғі сөз, әрине, жалпы эсселік туындылар хақында емес, роман-эссе жайлы. Роман-эссе жаңа жанрлық түр.

Қазақ романының, кеңірек алсақ, ұлттық сөз өнеріміздің жанрлық тұрғыдан баюының, көркемдік жемісті ізденісінің жарқын үлгісі болып 1997 жылы көрнекті қаламгер, ғалым З.Қабдоловтың “Әуезов” (алғашқы атауы “Менің Әуезовім”) роман-эссесі жарық көргені мәлім. Тегінде бұл тағылымды туындыны талантты шәкірт З.Қабдоловтың М.Әуезовтей ұлы ұстазына асыл сөзбен сомдап орнатқан мәңгілік рухани ескерткіші деп бағалау орынды болмақшы.

Жаңа (біз үшін) жанрдың табиғатын тап басып қалай тануға болады? Бұл салмақты сауалдың бірқыдыру жауабы, біздіңше, автордың өзі туындысына эпиграф етіп берғен француз қаламгері Андре Моруаның мына бір толғамынан да танылатындай: “Это - жанр- гибрид. В этом романе нет ни строгости, ни... впрочем, он и не претендует на это, его характерная черта - интеллектуалъная игра ума”*. Автор ойының өрнегін сақтау үшін пікірді әдейі түпнұсқа тілінде беріп отырмыз.

Роман-эссе табиғатында дәстүрлі композициялық құрылым мен дәстүрлі сюжеттік желілер бола бермеуі әбден мүмкін. Автор мұнда қиялының қыран қанаты талғанша еркін шарықтайды, өмір-болмыс жырлары мен адамдар сырларын ешқандай шектеп-тежеусіз, еркін, сезім-эмоцияға, сипаттауларға толы толғамдары, көсемсөздік, философиялық- эстетикалық, этикалық таным-пайымдаулары, білім-білігі арқылы танытуға күш салады. Моруаның “ақыл-ойдың интеллектуалдық (ойшылдық) ойыны” деуінің мәнісі осы щығар бәлкім?!

Мұны жетімсіз десеңіз, аталған роман-эссе авторының (ЗДабдоловтың) баспагер С.Әбдірайымовпен сұхбатында қойылған сұраққа орай өз тұжырым-түсінігіне назар аударайық. Ол: “Ал “Менің Әуезовімді” роман деғеннен гөрі роман-эссе деу автордыц еркін көсілуіне ерік береді, шьігарманы шалқыма сипатына көшіреді, шоқ шашқан шабытқа, асқақ пафосқа бөлейді”. Сонда оның атына заты, затына аты сәйкес болып шығады”**.

Автордың өзі ағынан жарылып айтқан бұл әңгімесінен де роман-эссе табиғаты, ерекшеліғі, автрр болмысы жақсы аңғарылып тұр.

Шынында да “Әуезов” роман-эссесінен дәстүрлі композициялық құрылымды, дәстүрлі сюжеттік даму зандьшықтарын іздеу орынсыз. Кейіпкерлері жетерлік, бірақ жағдаяттар, кейіпкер жайы кейде нақтылы деректік сипатта баяндалып - айтыльш, енді бірде сырлы суреттеулерге, көркем сипаттауларға, мінездеулерге ұласьш, одан әрі негізгі тұлға (Әуезов) болмысына сай шешендік, даналық, ұлылық, кісілік, ғалымдық, ұстаздық жайлы автордын өзі айтқандай “шоқ шашқан шабытқа” толы шәкірттік, философиялық толғаныстарымен, Абайдың ақындық әлемі хақында ғылыми, эстетикалық пайымдауларымен әдемі ұштасып жатады.

Доцент С.Қалқабаева да өзінің осы туынды жайлы зерттеу мақаласьшда*** роман-эссенің жанрлық табиғатына, суреттеу амал-тәсілдерінің ерекшелігіне, қаламгер шеберлігіне қатысты ғьшыми мәнді, қызықты бірқыдыру байыптаулар жасаған. Мәселен, автордың роман-эссенің жаңа жанрға тән бірсыпыра жаңалықты сипаттарына тоқтала келе туындыда нақтылы деректік, өмірбаяндық, ғылымдық, зерттеушілік сипаттардың, әдеби, сыни-эстетикалық пайымдаулардың өзара сәтті тоғыса келіп шығарма шынайылығы, мен құндылығын арттыруға орайлы қызмет етіп тұрғаны жайлы қорытынды пікірі құнды. Біз де бұл пікірге толығынан қосыламыз.

Бұндай көркемдік-стильдік жаңалықтарды - түрлі жанрлық сипаттардың өзара кірігуін - 70-жылдардағы қазақ әдебиеті дамуы бағдарынан дер кезінде аңғарған акад. С.Қирабаев: “Қазақ әдебиетінің тарихи шындыққа тәнтілігі, көркемдікпен шешуге ұмтьшған проблемаларьшың молдығы мен тереңдігі прозада да түрліше стильді, формаларды туғызуда. Өмір шындығын пайымды да терең қамтитын эпикалық үлгілерге қоса, жеке адамның нақты өміріне құрьшған роман, повестер де, кейіпкердің монологына негізделген сыршыл лирикалық шығармалар бұл күнде жиі кездеседі. Публицистика. мен очерк романға да, повеске біртіндеп кіріп барады” (курсив біздікі - С.М.) деп жазған еді*. XX ғасырдың II жартысьшдағы, қазіргі әдебиет дамуы, жанрлар трансформациясы, жанрлар интеграциясының кең өрістеуі ғалымның айтқан пікірлерінің ақиқатын, өміршеңдігін нақтылы дәлелдеп отыр.

Түйіп айтқанда, әдебиет атты көрікті әлемде лиро-эпикалық жанрдағы немесе аралас жанрдағы туындылар орны ерекше. Бүл туындылар табиғатында лиризм де, эпикалық сипат та, драмалық детальдар да жарасымын талқан. Ал әдебиетте, жалпы алғанда прозадағы лиризм, драмадағы лиризм деген түсініктер, оң әдеби құбылыстар ежелден белгілі. Ғ.Мүсіреповтің “Кездеспей кеткен бір бейне” атты прозалық туындысының, сондай-ақ орыс әдебиеті алыптарының бірі Гогольдің “Өлі жандар” шығармасының (прозалық) поэма деп аталуында да үлкен мән бар. Бұл атау аталған туындылардың стильдік-тілдік, жалпы суреттеу ерекшелігіне байланысты. Аралас жанрдағы туындылардың ерекше бір шоғырын құрайтьш лирикалық проза дегеніміз осьшдай шығармалар. Тегінде: “Лирика әдебиеттің жеке бір тегі ретінде дербес өмір сүре отырып, екінші жағынан, бүл аталған жанрларға (яғни, эпикалық, драмалық) араласып, оларға жан бітіреді. Лиризм, лирикалық сипат болмаса, эпопеяның да, драманың да мазмұны салқын да мәнсіз болар еді”*: деп сьшшы В.Белинский тегін айтпаған.

Лиризм тек аралас жанрлардағы шығармаларда ғана кездесетін ерекшелік емес. Мәселен, әдебиетші ғалым, проф. Т.Сыдықов: “Тарихи романдарда лирикалық элементтер үш түрлі формада ұшырасады: соғыс картиналары, таза табиғат көрінісі, жеке адамдар тағдырына қатысты лирикалық шегіністер. Соғыс картиналары лирико-эпикалық сипатта келеді”** деп жазады. Жалпы прозадағы лиризм бұл әдебиет тарихы дәлелдеген, әдебиеттану ғьшымы мойындаған ерекше кұбьшыс, көркемдік заңдылық. Белгілі жазушы, әдебиетші Жайсанбек Молдағалиев 70-жылдары “Ғ.Мүсірепов прозасьшдағы лиризм” тақырыбында кандидаттық диссертациялар қорғағаны есімізде.

Лирикадағы (баллада, сюжетті өлең т.б.) эпикалық сипат мәселесі де бүгінгі әдебиеттану ғылымында түбірлі қарастыруды қажет ететін күрделі һәм өзекті проблеманың бірі.

Сонымен әдебиетті тектер мен түрлерғе (жанрларға) бөлу әдебиет, өнер туралы ғылымның тарихында ежелден, сонау Платон, Аристотель дәуірлерінен бері қалыптасқан үрдіс. Десек те, бұл өзекті мәселеге байланысты соңғы кезеңдерде (кейінгі отыз жылда) қалыптасқан пікірмен қатар басқаша көзқарас, ой-толғам, пайымдаулар да бар екенін айтуымыз абзал. Мәселен, поляктың көрнекті әдебиетші ғалымы Генрих Маркевичтің мәлімдеуінше*** бұл мәселеғе (яғни, әдебиетті текке бөлу жайына) ағылшындар мен француздар мүлдем басқаша көзқараста екен. Айталық, француздың мектеп оқулықтарында әдебиетті дәстүрлі үш текке бөліп қарастыру үрдісі жоқ. Оларда әдебиет поэзия мен прозалық туындылар больш екіге бөлінеді. Сондай-ақ прозаны іпггей тарихи, дидактикалық, шешендік және эпистолярлық деп жіктеу дағдысы қалыптасқан. Бұдан әрі Г.Маркевич өз еңбегінде орыс әдебиетшісі В.Днепровтің төртінші “әдебиеттің синтетикалық тегі” ретінде романды атауын, ал, Л.Тимофеевтің канондық тектер қатаын лирико-эпикалық тек (өлеңмен жазылған роман, роман, поэма, баллада, мысал тіпті ода жанры), тарихи-көркемдік тек (очерк, репортаж, күнделік секілді әдеби көркем бояуы жоқ туьшдылар және сатира деп толықтыруын келтірген*. Әрине, бұл біраздан айтыльш келе жатқан жеке ғалымдардың ғылыми болжамы, ойлары, ұсыныстары ғана.

Осындай көзқарастың салқыны болуы керек, В.Хализев те “Бүгінде платондық - аристотельдік - гегельдік триада (эпос, лирика, драма) байқауымызша белгілі дәрежеде беделін азайта бастады және нақтылауды қажет ететін сыңайлы”** деп жазып, бұған дәлел ретінде итальяндық философ жэне өнер теоретигі Б.Кроченің (“Әдебиетті үш текке бөлу ескірді”), орыс эдебиетшісі А.Беледкийдің (“Бұл жалғандьықтың ғылыми ғұмырын жалғастырудың қажеттілігі бар ма?” деген) қарсылықты пікірлерін келтірген. Сөзінің қорытындысында ғалым барлық дәуірлерде де (оның ішінде бүгінгі заманда да) әдеби шығармалардың айқындалған тектік ерекшелік-белгілерімен танылып келгенін, белгілі бір текке қатыстылық көркем туындының түзілісін, оның формальды құрылымдық ерекшеліктерін айқындайтынын айта кеп ойын төмендегіше тұжырымдаған: “Сондықтан да теориялық поэтика құрамьшда “әдебиеттің тегі” ұғымы ажырағысыз әрі соншалықты мәнді”***. Біз де осы дәстүрлі әрі тұрлауы түсінікке ат басын тірейміз.

Эпикалық тектің немесе эпостың жанрлық түрлері сан алуан: аңыз, ертегі, мысал, очерк, әңгіме, новелла, батырлар жыры, дастандар, поэма, повесть, роман және роман-эпопея.

Эпикалық туындылар көркем қарасөзбен де, өлеңмен де жазылады. Енді эпикалық шығармалардың негізгі жанрлық бірер түрлеріне тоқталайық. Академик З.Қабдолов өзінін “Сөз енері” (2002) атты окулығында эпикалық тектің үлгілерін шағын көлемді, орта көлемді, кең көлемді эпикалық түрлер деп үшке бөлген (1). Бул классификация эпикалық шығармаларды тек көлемдік жағына ғана емес, ең бастысы өмір шындығын қамту мен адам мінезін тұлғалау мүмкіндігіне байланысты жасалған. Алдымен шағын көлемді жанрларға тоқгалайық.

Әңгіме - эпикалық жанрдың шағын түрі, сондықтан онда көбіне көп адам өмірінің жекелеген сәтін танытатын бірер оқиға ғана баяндалады. Осы мақсатына сай әңгіменің көлемі шағын, кейіпкерлер саны да мейлінше шақтаулы болып келеді. Әңгімеде баяндалатын оқиғаның шағындығы, кейіпкер санының аздығы, құрылысының жинақылығы бұл жанрдың жеңілдігін емес, қиындығын көрсетеді. Автор уақыт жағынан мейлінше қысқа мерзім ішінде кейіпкерлер өміріндегі біреу де болса бірегей оқиғаны баяндау арқылы оқырманға оның адамдық болмыс-бітімін айқындап беруі керек. Айтылған жайлар әңгіменің шеберлікті, талғамды талап ететін қиын да кірпияз жанр екенін айғақтайды. Тегінде “шынында жазу өнеріне шағын әңгіме арқылы төселу керек, өйткені, шағын әңгіме авторды сөзді үнемдеп қолдануға, оқиғаны қою етіп көрсетуге үйретеді” деп Горький өте білікті айтқан. Горький пікірін У.Фолькнердің “Қысқа әңгімеде әр сөз өз орнымен, мейлінше нақты болуы керек. Романда басы артық сөз, детальдар бола береді, ал әңгімеде болмауы тиіс. Оның көлемінің өзі мол сөзділікті көтере бермейді” деген тұжырымы толықтыра түседі. Бұған әйгілі А.П.Чеховтың “Қысқалық - талантгылық тәлімі” деген белгілі сөзін қоссақ, мұның бәрі әңгіме жанрының ерекшеліктерін айқындай түсетіні ақиқат.

А.П.Чеховтың “Хамелеон” әңгімесін мысалға алайық. Автор талап еткен қысқалық- нұсқалықты да, жанрдың басқа да ерекшеліктерін әңгімеден толық көруге болады. Сюжетке, негіз болған жай - біреу, ол - Хрюкинді иттің қабуы мен күшік иесін анықтау оқиғасы. Осы елеусіз оқиға барысында надзиратель Очумеловтің құбылмалы мінезі қандай ғажап ашылған! Әуелде жэбірленушіні жақтап, итті де, оның белгісіз иесін де айыптай бастаған Очумелов әлдекімнің ит генералдікі болуы мүмкін деген болжамынан соң іле сөзі де, өзі де өзгеріп шыға келеді. Енді ол каһарын жәбірленушіге төгеді. Хрюкин көпшілік алдында күлкіге қалады. Небәрі екі жарым бетке жетер-жетпес әңгімеде бір оқиға (дұрысы бір эпизод) арқылы өмір шындығының күрделі сыры, коғам, адам болмысы осылай шебер кестеленген.

Қазақ көркем қара сөзінің айтулы өкілі Б.Майлин қаламынан көптеген әсем, шынайы әңгімелер туғаны белгілі. Жазушының “Талақ” атты әңгімесіне негіз .болған оқиға - Айдарбек есімді отағасының ашу үстінде зайыбын талақ етуі. Кейіпкерлер характерінің сыры да, жалпы әңгіменің барлық түйіні де осы оқиғаға негізделген. Айдарбектің ұр да жық мінезі мен еркексіп байқамай айтқан бір сөзінен тартқан өкініші, Зейнептің көнбістігі мен сезімталдығы, екеуінің бірде тату, бірде араз қоңырқай тірлігі, бар адамдық болмысы шағын әңгімеде бір оқиға құраған екі эпизод (ренжісуі мен татуласуы) барысында өте нанымды да әсерлі бейнеленген. Кейіпкерлердің белгілі бір қалыптасқан мінезбен, әдет-дағдымен көрінуі - әңгімеге тән тағы бір ерекшелік десек, Бейімбет туындысында екі кейіпкер де (Айдарбек, Зейнеп) төл мінезімен, қалыптасқан өмір салтымен табиғи көрінген.

Наши рекомендации