Сақтандыру мәселелері жөнінде түсініктемелер
Азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті
сақтандыру мәселелері жөнінде түсініктемелер
Автокөлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996 жылғы 31 қазандағы № 1319 қаулысымен бекітілген осылай аталатын Ережемен реттеледі.
Міндетті сақтандырудың осы түрін Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі берген тиісті лицензиясы бар сақтандыру ұйымдары жүзеге асыруға құқылы.
Сақтандырудың көрсетілген түрінің негізгі мақсаты жол-көлік оқиғасы (ЖКО) салдарынан автокөлік құралының иесі зиян келтірген үшінші тұлғалардың мүліктік мүддесін қорғауды қамтамасыз ету болып табылады, яғни егер зиян келтіруші өз жауапкершілігін сақтандырған болса, онда зардап шегушінің шығындары өтеусіз қалмайды.
Осыған байланысты әрбір автокөлік құралының иесі оны пайдалана отырып, автокөлік жоғары қауіп көзі болып табылатындықтан, өзінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыруға міндетті.
Ережеге сәйкес автокөлік құралдарына: жеңіл, жүк, жүк-жолаушы автомобильдері, шағын автобустар, автобустар, троллейбустар, трамвайлар, мотокөлік, сондай-ақ олардың тіркемелері жатады.
Сақтандыру сақтандырушы (сақтандыру ұйымы) мен сақтанушы арасында сақтандыру шартын жасау арқылы жүзеге асырылады.
Сонымен бірге, сақтанушы сақтандыру шартын жасағысы келген жағдайда: сақтандырушыда автокөлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыруды жүзеге асыру құқығына Ұлттық Банк берген лицензиясының бар екендігі туралы ақпаратты; бірінші басшы және бас бухгалтер қол қойған балансты, қаржылық жағдайы мен төлем жасау қабілеттілігін растайтын қаржылық және өзге де есепті; сақтандыру шарттарының жан-жақты түсініктемесін (жоғарыда аталған Ереженің, сақтандыру шартының және сақтандыру полисіне қосымшалардың талаптарын қоса алғанда, сонымен бірге сақтандырушы мен сақтанушының құқықтары мен міндеттеріне ерекше көңіл бөлу керек, бұның тараптар арасында даулы қарым-қатынастар туындаған кезде маңызы бар); сақтандыру ұйымында (сақтандыру агентінде) сақтандыру ұйымының атынан сақтандыру шарттарын жасау жөніндегі өкілеттігін растайтын құжаттың (сенімхаттың) бар екендігі туралы ақпаратты немесе құжаттарды сұратуға құқылы.
Шарттың жасалуы сақтанушыға сақтандыру полисін ресімдеп беру арқылы куәландырылады. Сақтандыру полисімен бір уақытта сақтанушыға көліктің әрқайсысына сақтандыру полисінің нөміріне сәйкес келетін нөмірі бар, белгіленген үлгідегі сақтандыру талоны беріледі.
Көлік құралдарының тіркемесін сақтандыруға қатысты оларға бөлек сақтандыру полистері және оған қоса талондар берілетінін түсіндіру қажет деп есептейміз.
Сонымен бірге, тәжірибе көрсеткендей, көбінесе міндетті сақтандыру бойынша шарт жасаған кезде жекелеген жағдайларда сақтандырушы клиентке сақтандыру сыйлықақысынан бірге жеңілдіктер ұсынады. Осыған байланысты сақтандырушының бұл жеңілдіктерді жыл сайын міндетті түрде Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкімен келісетіндігін сақтанушы білуі қажет.
Сақтанушылар назарда ұстауы үшін мынаны хабарлаймыз, 01.07.2002 жылғы жағдай бойынша сақтандыру сыйлықақылары жөніндегі жеңілдіктер мынадай сақтандыру ұйымдарымен келісілген: «ТрансОйл» СК ААҚ - 45 проценттен аспайды, «БТА Иншуренс» СК ААҚ, «Мұнай сақтандыру компаниясы» ААҚ, «Коммеск-Өмір» АСК ААҚ, «Қазақшетсақтандыру» ЖАҚ, «Алтын-Полис» СК ЖАҚ, «Қазақмыс» ККСК ЖАҚ, «KBS Garant» СК ААҚ - 50 проценттен аспайды.
Сақтандыру шартын жасау мерзімдері мен сақтандыру сыйлықақыларын төлеу тәртібіне келетін болсақ, міндетті сақтандыру шарты бір күнтізбелік жылға (қолданылу мерзімі: 1 қаңтардан бастап 31 желтоқсанды қоса алғандағы аралықта), ал 1 қаңтардан кейін сатып алынған автокөлік құралдары бойынша – сатып алынған кезден бастап 31 желтоқсан аралығына жасалатынын Сіздердің естеріңізге саламыз. Сонымен бірге алдағы жылға сақтандыру шарттары жасалып, сақтандыру сыйлықақылары ағымдағы жылдың 1 қазанынан бастап 31 желтоқсаны аралығындағы кезеңге (бірден немесе бөліп-бөліп) төленеді.
1 қаңтардан кейін сатып алынатын автокөлік құралдары үшін сақтандыру сыйлықақысы жылдың аяғына дейін қалған айларға теңбе-тең бөлініп төленеді (мөлшерлері Ережеде көзделген). Мұндайда толық емес ай толық деп есептеледі.
Бір жылдан аз мерзімге жасалған сақтандыру шарттары бойынша сақтандыру сыйлықақысы бірден төленеді.
Сақтандыру сыйлықақыларын төлеу мерзімін кешіктіргені үшін сақтанушыдан әрбір кешіктірген күн үшін Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде көзделген мөлшерде (жалпы бөлім, 353-бап), бірақ белгіленген сақтандыру сыйлықақысының жалпы сомасынан аспайтын мөлшерде өсімпұл алынады.
Көлік құралын апатқа ұшыратпай пайдаланған жағдайда сақтанушыға мөлшері жоғарыда аталған Ережеде көзделген сақтандыру сыйлықақысынан жеңілдік беріледі.
Сондай-ақ белгіленген сақтандыру сомасының 50 проценті мөлшеріндегі жеңілдіктер автокөлік құралдарын әлеуметтік қамсыздандыру органдары арқылы тегін алған азаматтарға, көлік құралдарын өзі жүргізе алатын 1 және 2-топтағы мүгедектерге, сондай-ақ Ұлы Отан соғысына қатысушыларға және оларға теңестірілген адамдарға беріледі.
Сақтандыру жағдайы деп сақтанушының иелігіндегі автокөлік құралы арқылы үшінші тұлғаға зиян келтіргені үшін сақтанушы жауап беретін оқиғаны айтады. Әдетте, мұндай оқиға ретінде сақтанушының шартында көрсетілген автокөлік құралының қатысуымен болған ЖКО танылады. Осының салдарынан адамдар қайтыс болса немесе жарақат алса, автокөлік құралдары, ғимараттар, жүктер бүлінсе немесе өзге де материалдық шығын келтірілсе - бұл оқиға болып есептеледі.
Сақтандыру жағдайлары басталған кезде кейде «жол» ұғымына қатысты, яғни қандай да болмасын белгілі бір жер участогі жол болып санала ма деген даулар туындайды. Осыған байланысты 01.01.1998 жылы қолданысқа енген Қазақстан Республикасының жол қозғалысы ережесіне сәйкес көлік құралдарының қозғалысына арналып ыңғайлы етіп жасалған жол немесе жер тілігі не тегістелген жасанды құрылыс жол болып табылатынын түсіндіре кеткіміз келеді.
Осыған байланысты, егер көлік құралының қатысуымен болған оқиға автомобиль тұрағының аумағында, май құю станциясында, техникалық тексеруден өткізу станциясында, үйлердің, зауыттардың, фабрикалардың аулаларында және өзге де жабық аумақтарда болса, жол-көлік оқиғасы болып табылады, өйткені ол көлік құралы қозғалысының барысында және оның қатысуымен пайда болды (бұл түсініктемелерді Жол полициясы басқармасы берді).
Сақтандыру жағдайы басталған кезде сақтанушы Ережеде баяндалған талаптарды сақтауға тиіс. Атап айтқанда, бұл жөнінде сақтандырушыға 3 тәуліктен кешіктірмей (демалыс және мереке күндерін есептемегенде) сақтандыру жағдайы болған орынды, уақытын және барлық жай-жапсарды (сақтанушы, зардап шегуші немесе олардың мұрагерлері сақтандыру жағдайының басталғаны туралы хабарлай алмаса, бұл ақпаратты сақтандырушыға Жол полициясы органдары хабарлайды), сондай-ақ қажет болған жағдайларда - басқа тиісті қызмет орындарына (ішкі істер және мемлекеттік өрт қадағалау органдарына, апат қызметіне, жедел жәрдемге және т.б.) хабарлау керек.
Сонымен қатар, сақтанушы мүмкіндігінше ең қысқа мерзімде сақтандырушыға барлық қажетті құжаттарды: зардап шегушінің жазбаша шағым-талабын, ЖКО туралы хаттаманы, сақтандыру полисін, оның талонын және сақтандыру жағдайы басталуының жай-жапсары мен шығынның мөлшерін анықтауға қажетті басқа да құжаттарды ұсынуға міндетті.
Сақтандырушы өз кезегінде сақтандыру жағдайы туралы хабарды алғаннан кейін үш күндік мерзімде акт жасауға міндетті. Сонымен бірге, қажет болған жағдайларда сақтандырушы мүліктің бүліну себептерін, дәрежесін және құнын анықтау үшін тиісті құзыретті ұйымның мамандарын (сарапшыларын) шақыруға міндетті. Мұндай жағдайда, егер үшінші тұлға (зардап шегуші) сақтандырушы сарапшысының қорытындысымен келіспесе, онда ол өзіне келтірілген шығынды бағалау үшін маманды өзі таңдауға құқылы.
Ережеге сәйкес сақтандыру талаптарында көзделген барлық құжаттар болған жағдайда сақтандырушы сақтандыру төлемдерін 7 банктік күннен кешіктірмей жүзеге асыруға міндетті, бұған сот тәртібімен қаралатын сақтандыру төлемдеріне байланысты даулар кірмейді. Сақтандырушы сақтандыру төлемдерін уақтылы жүзеге асырмағаны үшін сақтанушыға әрбір кешіктірген күн үшін Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде (жалпы бөлім) көзделген мөлшерде өсімпұл төлейді.
ЖКО салдарынан зардап шегушіге келтірілген зиян үшін сақтандыру төлемі келтірілген зиянның дәрежесіне қарай жүзеге асырылады, егер үшінші адамның өмірі мен денсаулығына зиян келтірілсе: қайтыс болғанда – 600 айлық есептік көрсеткіш (АЕК), І топтағы мүгедектігіне – 500 АЕК, ІІ топқа – 400 АЕК, ІІІ топқа – 300 АЕК; жалпы еңбек ету қабілетінен уақытша айырылғанда - әрбір емделу күні үшін 1.5, бірақ 200 АЕК-тен аспауы керек; үшінші тұлғаның мүлкінің жойылғаны және бүлінгені үшін – келтірілген шығынның мөлшерінде, бірақ 400 АЕК-нен аспауы керек.
Ережеде сондай-ақ міндетті сақтандыру бойынша сақтандыру төлемі ерікті сақтандыру шарттары бойынша тиесілі төлемдерге қарамастан жүзеге асырылатыны көзделген, алайда зардап шегушінің барлық сақтандырушылардан алған сақтандыру төлемдерінің жалпы сомасы нақты шығыннан аса алмайды.
Сақтандыру төлемі заңдарда белгіленген шектен асып кеткен жағдайларда, зардап шегуші зиян келтірген автокөлік құралының иесіне зиянға қосымша өтем жасау туралы сотқа тікелей шағым беруге құқылы.
Егер міндетті сақтандыру туралы заң актілерінде немесе шартта басқаша көзделмеген болса, Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне сәйкес алғашқы басталған сақтандыру жағдайы бойынша сақтандыру төлемі жүзеге асырылған кезден бастап сақтандыру шартының қолданылуы тоқтатылады.
Сақтанушы сақтандыру шартының талаптарын бұзған жағдайда сақтандырушының сақтандыру төлемін жүзеге асырудан бас тартуға құқығы бар.
Сақтандырушы мен сақтанушы арасында сақтандыру шарты бойынша даулар туындаған жағдайда, олар қолданылып жүрген заңдарға сәйкес сот тәртібімен шешілетін болады.
Сақтанушыларға автокөлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру мәселелері бойынша түсініктеме бере отырып, мына жағдайларға назар аудару керек.
«Сақтандыру қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында автокөлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру сақтандырудың ерікті түрі ретінде де көзделген.
Сақтандырудың көрсетілген түрімен қатар міндетті және ерікті нысандарының болуы сақтанушылардың жиі қателесуіне әкеп соғады.
Автокөлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру бойынша сақтандыру сыйлықақыларының және сақтандыру төлемдерінің мөлшерін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен.
Ерікті сақтандыру түрі бойынша ережелер (талаптар) әзірленуде және тарифтерін (негіздемелеріне сілтеме жасала отырып) сақтандыру ұйымдары белгілейді және Ұлттық Банкпен келісіледі.
Автокөлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы ереже күшіне енген кезден бастап бес жылдан астам уақыт өтті.
Тәжірибе сақтандырудың осы түрі бойынша қазір қолданылып жүрген заңдар базасын жетілдіре түсу қажеттігін көрсетіп отыр.
Қазіргі кезде Ұлттық Банк Автокөлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы заңның жобасын әзірлеуде.
Қорытындылай келе, бұл түсініктемелердің автокөлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандырудың кейбір ережелері, көбінесе жекелеген сақтандыру ұйымдарының сақтандыру шарттарының талаптарын орындау жөніндегі төрешілдік және жөнсіз іс-әрекеттеріне қатысты мәселелер бойынша азаматтардың Ұлттық Банкке жиі өтініш жасауына байланысты дайындалғанын айта кеткен жөн.