Мемлекеттің көмегімен ақша жинаңыз, ата-ана! Әрбір ата-ана өз баласын биіктен көргісі келеді
Әрбір ата-ана өз баласын биіктен көргісі келеді. Мектепке барған бала тұрмақ, әлі туылмаған баласын «балам өскенде ғалым не дәрігер, ұшқыш болса екен» деп армандайтын ата-аналар бар. Бұл тек қазаққа ғана тән «синдром» емес. Әлемдегі барлық ата-ана өз баласының бақытты болашағын көзге елестетеді, көңілге түйеді. Сол үшін күні-түні тынбай еңбектенеді. Сөйтіп жүргенде әлгі балалардың да мектепті бітіретін, үлкен өмірге жолдама алатын шағы келеді. Сонда айлығы шайлығынан артылмайтын кейбір отбасылардың арманы күл-талқан болмай ма? Әйтсе де мемлекет ұсынып отырған бір жол бар екені әрбір ата-ананың қаперінде болуы тиіс.
Қоғамымыздың әрбір мүшесінің толыққанды білім алып, өмір көшіне ілесе алуы үшін мемлекет ұсынып отырған жол – баланың оқуына ақшаны ерте бастан жинау жолы. 2013 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы» заңға қол қойды. Заң күшіне енген соң елімізде Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі өз жұмысын бастады.
Атап өтер жайт, еліміз ТМД аумағында осы жүйені тұңғыш енгізді. Еуропа, Америка, Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде бұл жүйе табысты жұмыс істеуде. Олардың ішінде кейбір мемлекеттерде бұл салымдарды салықтан жеңілдік жасаумен, түрлі субсидиялармен марапаттап отырады. Мысалы Латвияда ата-аналар балаларының болашағы үшін арнайы депозит ашып, қаржы жинайды. Ал, оны мемлекет халықтың табыс салығын өздеріне қайтару арқылы марапаттайды.
Мемлекеттік беру жинақтау жүйесі бойынша Қазақстан Республикасының кез-келген азаматы не өзінің, не баласының атына ұзақмерзімді жинақтау салымын ашып, оны ары қарай баланың өз еліміз ішінде немесе шет елдерде кәсіби-техникалық не жоғары оқу орнына, сондай-ақ, магистратураға оқуға түсуіне пайдалана алады. Бұл салымға жыл сайынғы банк сыйақысы мен мемлекеттік сыйақы үстемеленіп отырады.
Білім беру жинақтау салымының басқа депозиттерден ерекшелігі, оның қаржылық түсімінің жоғарылығында. Бұл жыл сайын 19-21 пайызды құрайды. Жинақтау салымының бірегейлігі – мұнда жыл сайынғы банк сыйақысы 14 пайызды құраса, 5-7 пайызға дейінгі сыйақы мемлекет тарапынан көтермеленеді. Түсіндіре кетер болсақ, мемлекет тарапына белгіленген жыл сайынғы 5 пайыз сыйлықақы еліміздің барлық санаттағы азаматтары үшін, ал, 7 пайыздық сыйлықақыны жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, оның ішінде кәмелет жасқа толған балалар (23 жасқа дейін), мүгедектер, төрт немесе одан да көп балалы отбасыдан шыққан балалар мен аз қамтылған отбасыдан шыққан балалар иеленуге құқы бар. Ерекше атап өтер жайт, бұл жинақтау салымы тек білім алу мақсатына ғана ашылады. Егер салымшы ақшаны жинап алған соң басқа мақсат көздейтін болса, мемлекет тарапынан ешқандай сыйлықақы берілмейді.
Мемлекеттік білім беру жинақтау салымын ашу үшін еліміздің кез-келген азаматы осы жүйеге қатысушы банктердің біріне барып, өзінің немесе баласының атына салым ашудың шарттарын талқылайды. Тек талқылап қана қоймай, сол мезетте-ақ салым ашуына да болады. Білім беру жинақтау салымы баланың атына ашылса да, ата-ананың бірінің атына ашылса да екі-ақ түрлі құжат қажет: 1) Баланың Туу туралы куәлігі не паспорты; 2) Ата-ананың жеке куәлігі не паспорты. Салым ашушы өзінің қаржылық мүмкіндігінше ақша салуына мүмкіндік бар. Сондай-ақ, кез-келген салымшының алғашқы жарнасы не салымы - 3 айлық есептік көрсеткіштен (6363 тг) төмен емес, ал «Халық банкі» - 15 мың теңге болуы шарт.
Жоғарыда мемлекет тарапынан жыл сайын үстемеленетін сыйақы туралы айттық. Ол жиырма жылға дейін есептеледі. Одан ары төленбейді. Бұл сыйақының тағы бір артықшылығы – бұған жеке табыс салығы салынбайды. Сондай-ақ, кез-келген салымшының қаржысын жинақтау уақыты үш жылдан кем болмауы тиіс. Егер ата-ана өз баласының оқуына қажетті соманы жинай алмай қалса, бірақ кемінде оқу ақысының жартысы жиналған болса, Білім және ғылым министрлігі «Қаржы орталығы» акционерлік қоғамының 100 пайыз кепілдігімен банктен несие ала алады.
Кейде білім беру жинақтау салымына ақша жинап жатқан бала мемлекеттік грант иегері атануы мүмкін. Мұндайда салымшы өзіне тиесілі қаржыны қалай жұмсаймын десе де ықтиярлы. Сондай-ақ, ақылы оқуға түскен баласы үшін салымшы банк пен ЖОО арасында келісім-шарт жасанып, банк салымшы есебінен білім беру ұйымына қаржыны тікелей жөнелтеді. Оқу ақысын төлеп болған соң да, салымшы есебінде ақша қалған болса, салымшы оны қалай пайдаланамын десе де өзі біледі. Кейде өмір болған соң мынадай да жағдай орын алуы ғажап емес. Студент оқудан шығып қалуы мүмкін. Сол кезде білім беру қызметтеріне пайдаланылмаған сома оқудан шығару туралы бұйрық шыққаннан бастап 3 жұмыс күні ішінде салымшының білім беру жинақтау салымына аударылуы тиіс.
Салымшы өз атына не баласының атына ашылған білім беру жинақтау салымына ақша құю мерзімін және қанша ақша құятынын өзі анықтайды. Бұл дегеніміз, салымшының өзіне ыңғайлы уақытта, ыңғайлы жерде, кез-келген қалада (салым ашқан банктің филиалдары бар жерлер) ақша құю мүмкіндігі бар дегенді білдіреді. Сондай-ақ, оның депозитін үшінші тұлға да толтыра алады.
Ал енді оқырмандарда Мемлекеттік білім беру жинақтау салымын қандай банктерде ашуға мүмкіндік бар дейтін сауал туындауы мүмкін. Бұл орайда айтарымыз Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігіне қарасты «Қаржы орталығы» акционерлік қоғамы операторлық жасап отырған бұл бағдарламаға қатысушы банктер әзірге үшеу ғана. Олар – «Халық банкі» АҚ, «Нұрбанк» АҚ және «Цеснабанк» АҚ. Және бұл банктердегі салымшылардың депозиттері 10 миллион теңгеге дейін кепілдендірілген.
Әрине, бұл күнде қоғамымызда банктен несие алу үрдісі белең алып тұр. Кез-келген жағдайда несие алатын азаматтар кейіннен сол ақшаны үстеме ақысымен қоса қайтарады. Ал, Мемлекеттік білім беру жинақтау салымын ашудың бір пайдасы – үстемені азаматтарға банк пен мемлекет қоса береді. Салымды ашқан кез-келген ата-ана баласының оқуы үшін ғана ақша жинап қоймайды. Өзін қамқор ата-ана ретінде де сезінеді деп ойлаймыз. Балалары да болашаққа сеніммен қарайды. Өйткені жандарында қамқоры бар. Қорғаны бар.