Асхабы кәхф” деген кімдер?

Асхабы кәхф” деген кімдер? - student2.ru

Қасиетті Құран Кәрімде «Кәхф» сүресі бары белгілі. Осы сүреде айтылатын «Асхабы Кәхф» деп аталғандар кімдер? Олар несімен ерекшеленген? Оқиға желісі қалай өріледі?

Құрандағы жүз он төрт сүренің он сегізіншісі «Кәхф» деп аталатыны мәлім. «Асхабы Кәхф» – бір топ жас жігіттердің атауы. «Үңгірдегі жігіттер» немесе «үңгірде ұйықтағандар» деген мағынаға келетін бұл атау өз дәуірінде патшаның кәрінен қорықпастан иман еткен жастарға байланысты айтылады. Бұл өзі христиан діні кең тарағанға дейінгі уақытта орын алған оқиға. Алланың бұйрықтарына ғана мойынсұнып, ақыреттің болатынына, қайта тірілудің ақиқат екеніне бек иланған жас жігіттер қоғамды кең жайлаған пұтқа табынушылықтан саналы түрде бас тартады. Бұл жігіттердің императорға жақын қызметшілер болғаны да айтылады. Бірақ, осы әрекеттері үшін Рим императоры тарапынан қысымға ұшырап, аяусыз жазалану қаупі төнеді. Осы уақытта бұл жастар жасырын түрде қаладан қашып шығып, жақын маңдағы бір үңгірді паналағанды жөн санайды. Бұл оқиға Рим империясына қарасты елде, милади үшінші ғасырдың екінші жартысында Тарсус маңында орын алған көрінеді. Сәл ғана уақыт бұрын Рим императорларының бірі (Диоклетиан (284-305), Домитиянус (271-272), Декиус (249-251) – қайсысы екендігінде талас бар) оларды шақырып, жаңа сенімдерінен бас тартуға күштейді. Алайда, мүмін жастар пұттарға табынбай, өз сенімдерін қорғаштап бағады. Тіпті, императордың өзін пұтқа табынушылықтан бас тартуға шақырады. Император оларға бұрынғы сенімдеріне қайту үшін белгілі бір мерзімге уақыт белгілейді. Жас жігіттер болса, бір тауды бетке алып қаладан жылыстап кетеді. Деректерге қарағанда, жолда оларға бір малшы да қосылады. Малшының Қытмир атты күшігі де жандарына ереді. Бәрі бірге малшы көрсеткен қала маңындағы бір үңгірге барып жасырынады. Үңгірге келген соң қол жайып, осы жағдайдан құтқарса екен деп Алладан рақым тілеп жалбарынады. Бұл дұғалары «Кәхф» сүресінің оныншы аятында айтылған. Бір деректерде Ардақты елшіміз хазреті Мұхаммед те (с.ғ.с.) хижрет кезінде Сәуір үңгіріне барып жасырынғанда, осы дұғаны оқып, өзіне медет тілеген делінген.

Кейін император оларды сұрап, іздестіре бастайды. Қашып кеткендік-тері анықталғанда, олардың үңгірге жасырынғанын біліп, іште жатып өлсін деген пиғылмен адамдарына үңгірдің аузын жабуды бұйырады. Алайда, Құдайдың құдіретімен жас жігіттер қанша жатса да өлмейді. Құранда олардың қанша уақыт үңгірде болғандығы жайында мынандай нақты мәлімет кездеседі: «Олар үңгірде тоғыз жыл артығымен үш жүз жыл жатты» («Кәхф» сүресі, 25-аят). Жалпы есепте үш жүз тоғыз жыл қалың ұйқыға кеткен бұл жігіттер Алланың қалауы әрі мұғжизасымен есендікте болған. Мәулана Жалаладдин Руми бұл туралы «Надандардың арасын-да жүріп, солардың азабын тартқанша ұйықтаған әлдеқайда артық. Алла тағала асхабы кәхфты пасықтардан бөліп әкетіп, жүректерін ғапылдықтан сақтаған», – деп пікір білдірген.

Осы айтылған 309 жыл мерзім өткенде, бір күні олар екінті уақытында оянады. Өздерінің сонша жыл қалың ұйқыда жатқандарын білмеді. Бір ұйықтап тұрғандай ғана сезінді. Бұл уақыттарда арада талай оқиғалар болып, ел оларды әлдеқашан ұмытып кеткен еді.

Ұйқыдан оянып, қарындары ашқанын байқаған олар араларындағы бір жігітке ақша ұстатып, қалаға барып жейтін нәрсе сатып әкелуге жұмсайды. Ямлиха атты бұл жігіт қалаға жақындаған сайын көп өзгерістерді көріп таңғалады. Жолдар да тым өзгеріп кетіпті. Өз кезеңінде христиандарға көп қысым жасаған Декиус (Дакиянос) патшаның дәуірінің өткеніне көп болған еді. Ямлиха қалаға келіп, нан сатып алмақ болғанда, нан пісіруші оның киімі мен берген көне ақшасына қарап, оны қазына тауып алған екен деп ойлайды. Сол себепті оны тиісті кісілерге айтады.

Үш ғасыр бұрынғы ақшамен базарға келген кісіні көргендер оны императордың алдына апарады. Ол кезеңнің билеушісі Теодаиус болғандығы айтылады. Ямлиха өз білгенінше өздері тап болған оқиғаларды баяндап береді. Алайда бұл кезең пұтқа табынушылық жойылып, христиандық сенім кең өріс жайған бейбіт заман еді. Бұқара өлгеннен кейін тірілуге бек сенетін. Ямлиханың сөзіне таңғалған қала халқы ол жігітке еріп, үңгірді көруге келеді. Алайда үңгірге барған кезде ондағы жігіттер мен күшікті көре алмайды. Ямлиха да олармен бірге сол мезет ұшты-күйлі көзден ғайып болған-ды. Билеуші үңгір аузында бір ғибадатхана салдырып, сол орынды қасиетті деп жариялайды. Осы оқиғадан кейін халықтың ақыретке деген сенімі күшейеді. Адамдардың көбі қияметке, өлгеннен кейін қайта тірілуге нық сенеді.

Алайда, бұл жігіттердің нақты саны қанша болғандығында талас бар. Деректерде ол жігіттердің есімдері былай болып келеді: Ямлиха, Мекселина, Меслина, Мернуш, Дебернуш, Сазенуш, Кефетатайюш. Оқиға Тарсус қаласы маңында орын алған делінсе де, нақты орны турасында талас жоқ емес.

Ғалымдар мәселе бұл оқиғаның нақты қайда орын алғандығын білуде емес, Құранда айтылған бұл оқиғадан сабақ алу, ақыретке деген сенімді күшейтуде деп кеңес береді. «Кәхф» сүресінің артықшылығы ретінде хадистегі мына мәліметті келтіруге болады: «Кімде-кім жұма күні осы сүрені оқыса, келесі жұмаға дейінгі кішігірім күнәлары кешіріледі» (Суюти, әл-Жамиус-сағир, I, 98).

Үнділердің қасиетті санайтын кітаптарының бірі – Махабхаратада да Қытмир атты күшікті ерткен жеті кісінің патшаның дүние байлығын тәрк етіп, үңгірді паналап риязат жасаған оқиғасы кездеседі. Христиандықта да бұл оқиға «Ұйықтаған жеті кісі» деген атпен ұшырасады. Аталмыш мәліметтің Құранда да айтылуы сондай ерекше оқиғаның нақты орын алғандығына шүбә қалдырмайды.

Тағы бір көңіл бөлетін тұс, Асхабы Кәхфқа ерген күшіктің де жақсылықтан құр қалмауы. Ізгі кісілердің жанына еріп, қастарынан айырылмай, адалдықпен үңгірдің аузын күзетуі себепті оның да жұмаққа баратындығы айтылған. «Лұттың (ғ.с.) әйелі пасықтарға еріп, солармен бірге құрдымға кетті. Ал асхабы кәхфтың Қытмиры болса, жақсыларға еріп, соларды күзеткені үшін игілікке кенелді», – деп шейх Сади ескерткендей, бұл жағдай кейінгілерге әрқашан ізгі, тақуа кісілермен бірге жүру керектігін ұқтыруда.

Асхабы Кәхфтан түйетін тағы бір ғибрат – құдіретке шәк келтірмеумен қатар иман еткеннен кейін сол жолда табандылық таныта білу. «Аққа Құдай жақ» демекші, ақиқаттың түбі жеңері анық.

Құдайберді БАҒАШАР,

Дінтанушы

Наши рекомендации